Қазақ тілінің дамуын қарқындататын жаңа әліпбиді қалай таңдаймыз?
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасының 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы «Қазақстан – 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында жүйелі түрде сипатталып көрсетілген дамыған 30 елдің қатарынан орын алу идеясы қазақстандық жалпы ұлттық идеяға айналып келеді [1]. Әсіресе осы Жолдаудағы қазақ жазуын латын графикасына көшіру туралы алға тартылған мақсат тиімді жолдармен жүзеге асырылса, Қазақстанның өркениетті болашағы үшін жасалған маңызды қадам болар еді. Сондықтан да болар мұны түсінген зиялы қауым арасында осы мәселеге қатысты ізденістер бірден басталып кетті. Бүгінгі күнге дейінгі аз уақыт аралығында Қазақстанның БАҚ-нан, ғылыми басылым беттерінен, теле-радиоарналарынан латын графикасына көшіруге қатысты берілген ақпараттан сарапшылар мен ғалымдарымыздың, қоғам қайраткерлеріміз бен мемлекет қызметшілерінің, жалпы жұртшылықтың көтерген мәселелерін былай топтастыруға болады:
· әліпби ауыстыруда басқа емес, латын графикасының таңдалуын негіздеу [2];
· латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшудің, оны қолданудың отандық тәжірибесі: әліпби ауыстырудың тілтанымдық, ұйымдастырушылық, ақпараттық, әлеуметтік мәселелері бойынша атқарған іс-шаралар т.б. [3];
· шетелдік, оның ішінде гетерогенді [4] және гомогенді [5] қатынастағы басқа тілдердің латындану тәжірибесі: әліпби ауыстырудың тілтанымдық, ұйымдастырушылық, ақпараттық, әлеуметтік мәселелері бойынша атқарған іс-шаралары, т.б.;
· жаңа әліпби жобасы: графемалар жүйесі, олардың фонетика-фонологиялық мазмұн межесі, графемалардың тұрпат межесі, әліпбидегі әріптердің құрамы, т.б. [6; 7; 8];
· жаңа қазақ әліпбиіне қатысты орфограммалар: шет тілінен енген сөздерді таңбалау принциптері, фонетикалық игеруді графикада берудің типтік принциптері, қазақ сөзіндегі кейбір фонемалар мен фонема тіркестерін графикада таңбалау принциптері, т.б. [8];
· жаңа әліпбиге көшіру процесін ұйымдастырудың проблемалары: кезеңдерін анықтау; бұған жауапты органдар мен ведомстволарды белгілеп, олардың атқаратын жауапты функцияларының хронологиялық алгоритмін жасау; бұлардың жұмысына құзырет беретін нормативтік актілер желісін әзірлеу; қоғамның жаңа әліпбиде сауаттануын жүзеге асыратын институттар мен кадрлар дайындау ісінің өту барысын, оған жауаптыларды белгілеу, жаңа әліпбиге үйрететін оқу құралдарының түрлі форматтарын дайындап, олардың қоғамға қолжетімділігін қамтамасыз етуге жауапты құрылымдарды белгілеп, олардың жұмысын жоспарлау, т.б.
Осылардың қатарына алынуға тиісті өзектілігі жағынан аса маңыздыларға жататын мынадай мәселелер алдағы уақытта талқыға салынуы керек деп ойлаймыз:
1) ұсынылған жобалардың ішінен жаңа тиімді әліпбиді таңдап алудың объективті процедурасын анықтау;
2) кирил немесе орыс жазуын қолданған кезеңдегі тілтанушылық оң тәжірибелердің ішінде латынға көшкенде пайдалануға болатындарын анықтау, оларды ескеру;
3) жаңа жазуға көшудің ғылыми негіздерін зерттеу қандай болу керек?
Әрине, біздің ұсынып отырған мәселелер қатары бұл күрделі процесті жүзеге асыру барысының барлық қырларын қамтымайтыны белгілі. Сонымен қатар әлі басы ашық мәселе қатары да біз көрсеткеннен әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл мақаламызда осы қаралмай жатыр-ау деген үш проблеманың алғашқысына қатысты өз ойларымызбен бөліспекбіз. Ал соңғы екеуіне қатысты ізденістерімізді алдағы жарияланымдарымызда жарыққа шығару жоспарланып отыр.
Ұсынылған жобалардың ішінен жаңа тиімді әліпбиді объективті түрде таңдап алу үшін оның процедурасы қандай болу керек? Латын графикасына көшіп үлгерген посткеңестік кеңістіктегі түркітілдес мемлекеттер – Әзербайжан мен Өзбекстан тәжірибелерінен жаңа әліпбиді таңдау процедурасы алқалық ұйымның жұмысы арқылы жүзеге асқаны белгілі. Яғни бұл мемлекеттерде латын негізіндегі жаңа әліпбидің нұсқасы түрлі деңгейдегі комиссиялардан өту арқылы таңдалып алынды, соңғы шешімді республика үкіметтері жанындағы комиссия мүшелері қабылдағаны белгілі. Әрине, бұл дәстүрлі жол. Әліпби жобасын анықтаудың соңғы инстанциясына келгенге дейін де жобалар басқа төменгі деңгейдегі комиссиялардың қарастыруынан өткізілді.
Бұндай жол бойынша таңдау кезінде жобалардың ішінен сұрыпталып алынғандары комиссия мүшелерінің талқысына ұсынылады, сонымен қатар қоғамдық талқының нәтижелері де ескеріліп, жобаның артық кем тұстары көрсетіледі. Келесі кезеңге өткен жобалардың кемшін тұстары жөнделіп, тағы қарастырылады, сөйтіп соңында ең жоғары комиссия тарапынан «оң» деп табылған нұсқа қабылдануға ұсынылады. Міне, бұл әліпби таңдау процедурасының жалпылама түрдегі қарапайым алгоритмі. Мұның кейбір детальдары түсіп қалуы әбден мүмкін. Алайда негізгі принцип – алқалық ұйымның жұмысын басшылыққа алу. Біздің ойымызша, әліпби жобасын таңдаудың мұндай процедурасы субъективті фактордың, сонымен бірге қазақстандық саяси-мәдени кеңістікке тән болып отырған кейбір кері (саяси-әлеуметтік, экономикалық, интеллектуалдық бедел иелеріне көзсіз иек арту, мамандардың пікіріне құлақ аспау, т.б.) құбылыстардың да әсеріне шалдығу қауіптерінен толықтай сақтай алмайды. Мұндай теріс тәжірибелер, бір өкініштісі, әсіресе Өзбекстандағы латындандыру үдерісінде кездескені көпшілікке мәлім. Сондықтан әліпби таңдаудың өзіне латынға көшірудің арнайы кезеңі ретінде ерекше ықтияттықпен қарау керек.
Осымен байланысты жұмыста әліпби таңдау процедурасын ұйымдастырудың басқа да тиімді жолдарын да іздестіріп, мүмкіндігінше оны комиссияларды жұмысы сияқты дәстүрлі жолмен үйлестіре қолданған абзал деп санаймыз. Осындай бір тәсіл ретінде эксперимент әдісін ұсынуға болады.
Біздің ойымызша, эксперимент арқылы артықшылығы мен кемшілігі анықталған жобаны жетілдіру де оңай болады, сонымен бірге олардың ішіндегі жазуға, оқуға, компьютерлік техникада қолданып, жедел ақпарат алмасуға қолайлысын объективті жолмен таңдауға мүмкіндік туады. Сондықтан да негізгі жобаны таңдауда субъективті факторлардың араласуына тосқауыл қойылады.
Эксперимент жайында. Тәжірибеге өздерінің кәсіби қызметінде негізінен жазба мәтінмен жұмыс істейтін және оны тудыратын мамандық иелері – журналистер, жазушылар, мемлекеттік қызметшілер, ІT мамандары, ғалымдар, ЖОО оқытушылары, мұғалімдер, докторанттар, магистранттар сарапшы ретінде қатысады. Сарапшыларға лингвистикалық комиссияның әрбір кезең сайынғы жұмысының нәтижесінде жарамды деп тапқан қазақ жазуының жаңа әліпби жобалары тексеруге беріліп отырады. Әрбір жобаны тексеру мерзімі, біздің ойымызша, 10 күннен кем болмауы тиіс.
Тексерудің мәні: сарапшылар берілген мерзім уақытында пайдалануға берген жобамен оқу, жазу, ұялы телефон, компьютер арқылы ақпарат алмасады. Әрбір қызмет түріне қатысты осы әліпби негізінде орындалатын жұмыс көлемі (мәтін көлемі) алдын ала сарапшылар алдына міндетке тартылады, яғни сарапшылар оқу бойынша сынаққа алынғалы отырған әліпбимен терілген міндетті көлемдегі мәтіндерді тәжірибе мерзімінде оқып шығуы тиіс. Мұнда белгіленген көлемдегі мәтін сынақ мерзімінің әр күніне теңдей бөлініп беріледі және оқылған сайын осыған жұмсалған уақыт өлшеніп отырады. Соңында бір минутте қанша сөз оқылғаны әр сарапшыдан тіркеліп, алынады; Дәл осы ретпен жазуға арналған аудио (дыбысталған) мәтін ұсынылады. Мұнда да сарапшылар бір күн ғана жазып қоймайды, олар тәжірибе кезеңінің бар күнінде де осы әрекетке тартылады, себебі жазуға ұсынылған мәтін теңдей порциялармен ұсынылып отырады. Жазған сайын осыған жұмсалған уақыт өлшеніп отырады. Тәжірибе соңында бір минутте жазылған мәтін көлемі анықталады. Осы қатарда қолтелефон, компьютер арқылы терілетін мәтіндер көлемі де сынақ мерзімінің әр күніне теңдей бөлінеді. Бұнда да тәжірибе соңында бір минутте терілген мәтін көлемі анықталады. Мұның сыртында сынаққа қатысушыларға тәжірибені ұйымдастырушылармен (яғни тілтанушылармен) болатын барлық коммуникацияда тек тексерілгелі отырған әліпбиді пайдалану ұсынылады. Тәжірибені өткізушілер де өз кезегінде сарапшылармен барлық қатынасты сыналып отырған әліпби негізінде жүргізеді.
Сөйтіп, тәжірибе мерзімі аяқталғанда сарапшылардан фокус-группа өткізу және сауалнама алу әдістері арқылы жобаға қатысты барлық ақпарат жинақталады. Бұл ақпаратты тәжірибешілер алдына ала белгіленген критерийлер бойынша талдап, қорытынды шығарады. Қорытындыда қолданыста болған әліпби жобасының мынадай бірнеше белгілерге қатысты бағасы шкала бойынша анықталады:
Оқу бойынша:
1) Көзшалымға қандай? оңтайлы +10-нан +100 баллға дейін; нашар -10-нан -100 баллға дейін;
2) Оқылуы қандай? Тез оқылады +10-нан +100 баллға дейін; баяу оқылады -10-нан -100 баллға дейін;
3) Оқу барысында қандай сөздердің жазба образын тану қиынға соқты?
4) Оқу барысында қандай әріптерден қиналдыңыз (немесе шатастыңыз)?
5) Тәжірибе барысында оқуға ұсынылған мәтіннің барлығын оқып шығуға кеткен жалпы уақытты көрсетіңіз.
6) Бір минөтте қанша сөз оқыдыңыз?
Жазу бойынша:
7) Қолшалымға (күш жұмсалымы: әріптерді жазуда қол күші көп кетеді ме, әлде олай емес пе) қандай? оңтайлы +10-нан +100 баллға дейін; нашар -10-нан -100 баллға дейін;
8) Жазылуы қандай? Тез жазылады +10-нан +100 баллға дейін; баяу жазылады -10-нан -100 баллға дейін;
9) Аудиомәтінді тыңдағанда қандай сөзді әріптермен таңбалап хатқа түсіру қиын соқты?
10) Аудиомәтінді тыңдағанда қандай дыбысты әріппен таңбалап хатқа түсіру қиынға соқты?
11) Тәжірибе барысында жазуға ұсынылған мәтіннің барлығын жазып шығуға кеткен жалпы уақытты көрсетіңіз.
12) Бір минөтте қанша сөз жаздыңыз?
Қолтелефонмен хабар жазысу арқылы ақпарат алмасу:
1) Жазылуы қандай? Тез жазылады +10-нан +100 баллға дейін; баяу жазылады -10-нан -100 баллға дейін;
2) Қандай сөзді телефон пернетақтасынан теру қиынға соқты?
3) Қандай әріпті телефон пернетақтасынан теру қиынға соқты?
4) Тәжірибе барысында теруге ұсынылған мәтіннің барлығын теріп шығуға кеткен жалпы уақытты көрсетіңіз.
5) Бір минөтте телефон пернетақтасынан қанша әріп тердіңіз?
Компьютермен мәтін теру арқылы ақпарат алмасу:
1) Терілуі қандай? Тез теріледі +10-нан +100 баллға дейін; баяу теріледі -10-нан -100 баллға дейін;
2) Қандай сөзді компьютер пернетақтасынан теру қиынға соқты?
3) Қандай әріпті компьютер пернетақтасынан теру қиынға соқты?
4) Тәжірибе барысында теруге ұсынылған мәтіннің барлығын теріп шығуға кеткен жалпы уақытты көрсетіңіз.
5) Бір минөтте компьютер пернетақтасынан қанша әріп тердіңіз?
Міне, осындай бірнеше сұраққа жауаптар алынған соң, бұл материал тілтанушылардың, педагогтар мен психологтардың зерделенуіне (интерпретациясына, термин проф. Н.Уәлидікі) тапсырылады. Сөйтіп, лингвистикалық комиссия қарап эксперимент арқылы тексеруге ұсынылған үміткер жобалардың ішінен сарапшылар жоғары бағалаған біреуі таңдалып алынады.
Тәжірибе ашық (прозрачный) болуы үшін оның барысы жайында арнайы ашылған сайтта, БАҚ-та ақпарат, хабар беріп отыру абзал болар еді.
Әдебиет:
1. Н.Назабаев. Қазақстан халқына жолдауы. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты.
2. Н.Уәли. Жаңа әліпбидің (көне түркі, кирилл және т.б. емес) латын графикасы негізінде таңдалу себептері // Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы ғылыми зерттеу материалдары (Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан және басқа да елдердің латын әліпбиіне көшу тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшіру жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу). А., 2007-194;
3. Н. Әміржанова. Латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуының графикасы мен орфографиясы. канд. дисс. Алматы, 2010
4. M.Әбусейітова, т.б. Төл жазулары бар Армения, Грузия, Үндістан, Қытай, Корея, Жапония сияқты елдерде ұлттық тілдің латын графикасы негізіндегі әліпбиінің қолданыс тәжірибесі // Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы ғылыми зерттеу материалдары (Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан және басқа да елдердің латын әліпбиіне көшу тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшіру жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу). А., 2007-194;
5. А.Фазылжанова. Латын әліпбиіне көшу: Түркия, Әзербйжан, Өзбекстан елдерінде қалай жүргізілді? // «Ана тілі» . - 2013. - 24-30 қаңтар
6. Ә. Жүнісбек. Әліпби ауыстыруды жазу реформасына айналдыру керек. Орал, 2007.–32 бет
7. З. Базарбаева. О переходе казахского алфавита на латинскую графику // «Казахстанская правда», 29.01.2013 г.
8. Қ. Күдеринова. Латын қарпі: сарабдалдық қажет // «Ана тілі», 4-9 қаңтар, 2013 ж.;
Фазылжанова Анар Мұратқызы
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты директорының орынбасары,
филология ғылымдарының кандидаты