Латын әліпбиі мәселесі: әлеуметтік институттар қоғамдық сананы қалай өзгертеді?
Кезінде халқымыздың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының өзі мынадай пікір білдірген екен: "Латын әрпін алу деген тіршілік мұқтаж қылғаннан ділгерлік қысып туғызып отырған мәселе емес... Әліппеде бірден мәдениет түрінің төбе басына шығарып жіберетін адам білместей айрықша қасиет те, жасырын сыр да болмасқа тиіс".
Бүгінгі күні қазақ қоғамында, ұлт зиялыларының алдында туындап жатқан мәселелердің ішіндегі ең маңыздысы, әрі өзектісі қолданыстағы қаріпті кириллицадан латын әліпбиіне көшіру тақырыбы болып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел жұртшылығына жолдаған Жолдауында: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деген болатын. Жалпы, латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бастап көтеріліп келеді. 2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», – деген еді. «Қазақстан-2050» стратегиясында латын тіліне 2025 жылы толық көшетініміз туралы кесімді сөз айтылды. Жалпы осы мәселеге байланысты отандық БАҚ пен түрлі әлеуметтік институттар пікірі сан-саққа бөлініп, шешілмес дауға айналғанын қоғамдағы пікірлерге қарап-ақ білуге болады. Қоғамдық пікір қоғамдық сананың қалыптасуы арқылы туындайтыны белгілі. Жалпы, бүгінде қоғамдық сананы көптеген шетел ғалымдары әлеуметтік институт ретінде қарастырып жүр. Әрине, кез келген бір арнаға тоғысып, ортақ бір мақсат-мүдделерге ие топтардың барлығы да әлеуметтік институт аталуға қақысы бар. Ал бірақ мен өз зерттеуімде қоғамдық сананың, яғни, әліпби мәселесі жөніндегі қоғамдық сананың қалыптасуындағы әлеуметтік институттардың рөлін қарастырмақпын. Бұл үшін, ең алдымен жалпы қоғамдық сананың не екенін пайымдап алсақ деймін. Ол үшін әуелі қоғамдық сана деген тіркестің мәнін түрлі сөздіктер мен анықтамалықтар арқылы түсіндіруге ұмтылып көрелік. Мәселен, «Орысша-қазақша түсіндірме сөздікте» қоғамдық санаға мынадай анықтама берілген екен: «Қоғамдық сана қоғамның рухани өмірінің, адам ойында шындықтың бейнеленуінің барлық түрлерін қамтитын философиялық категория; әртүрлі әлеуметтік қауымдастықтардың өмір сүруі процесінде пайда болатын адамдардың әлемге және өздеріне деген қатынастарының рухани тәсілдерінің жүйесі. Оған қоғамдық идеялар, теориялар, саяси, құқықтық, адамгершілік, эстетика, философия және діни қозғалыстар, ғылыми білімдер, т.б. жатады. Қоғамдық сана әлеуметтік сезімдер мен көңіл-күйлерді, әдет-ғұрыптар мен мінез-құлықтарды, қалыптасқан дәстүрлерді, ұлттар мен халықтардың психикалық кейіп ерекшеліктерін де қамтиды. Қоғамдық сана қоғамдық болмыстан туып, соның бейнесі мен туындысы болып табылады. Сана болмыстың бейнесі болғандықтан, қоғамдық болмыс өзгергеннен кейін сана да өзгереді. Бірақ қоғам мүшелерінің санасы белгілі бір мерзімге дейін өзгерген болмысқа сәйкес келмеуі, яғни артта қалуы мүмкін. Қоғамдық сана болмысты бейнелеп қана қоймайды, ол бейнеленген нысанды қозғайды, оны өзгертіп, дамытады. Оның күрделі ішкі құрылымдарының деңгейі мен түрлерін ашып көрсетуге болады. Қоғамдық сананың деңгейлеріне тікелей бұқараның, жекелеген әлеуметтік топтар өмірінің күнделікті жағдайларынан туатын қарапайым, эмпирикалық сана және қоғамдық топтардың түпкілікті мүдделерінің рухани көрінісі ретінде ғылыми-теориялық сана жатады. Қоғамдық сананың түрлері объективтік дүние мен қоғамдық болмыстың адам санасында бейнеленуін көрсетіп, адамның тәжірибелік іс-әрекеттерінен байқалып, қоғамның рухани мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналады. Қоғамдық сананың тарихи қалыптасқан түрлері: саясат, құқық, философия, мораль, өнер қоғамдық болмысты бейнелей отырып, оған белсенді түрде ықпал етеді. Оның әрқайсысының өз нысанасы мен бейнелеу тәсілінің болуына қарамастан, болмыс пен адам санасына өзіндік әсерін тигізіп, идеялық-саяси күресте ерекше рөл атқаруымен сипатталады. Қоғамдық таптар – ортақ мүдделері және құндылықтары бар әлеуметтік тұрақты (салыстырмалы) топтар (мысалы, шаруалар, жұмысшы табы, буржуазия, орта тап және т.б.). Таптар мен тап күресі тұжырымдамасы XIX ғ. Еуропада кеңінен таралды (К. А. Сен Симон, О. Тьерри, Ф. Гизо және т.б.). Карл Маркс пен Ф.Энгельс таптардың болуын қандай да бір өндірістік әдістермен байланыстырды, таптар күресін тарихтың қозғаушы күші ретінде санады және пролетариат буржуазияны күшпен төңкеріп тастау және тапсыз қоғам құру тапсырмасын жүктеді. Әлеуметтануда қоғамды тапқа және әлеуметтік топтарға (жастық, экономикалық, кәсіби, құқықтар мен міндеттер жүйесі, әлеуметтік мәртебе) бөлу орын алған. Қазіргі қоғамда қоғамдық еңбек бөлінісі, жекеменшік қатынастары, басқа да факторларға сай әлеуметтік жіктелу және ықпалдасу процесіне орай араларында әріптестік, бәсекелестік немесе қақтығыс туындайтын, дегенмен, демократиялық принциптер негізінде реттелетін әртүрлі жіктер мен топтар қалыптасады.
Осылайша, тақырыпқа қатысты зерттеулер жүргізу барысында, әліпби мәселесі жөніндегі сананың қалыптасуына бірқатар әлеуметтік топтар, яғни институттардың да тигізіп жатқан әсері бар екендігін білуге болады. Түрлі-түрлі пікірлер тоғысы, мың түрлі уәждер, шешімі жоқ даулар, жүз бір себеп пен орын алуы мүмкін салдарлар – мұның бәрі осы мәселе төңірегінде жинақталған пікірлердің бір бумасы ғана. Бір тарап қарсы шықса, бір тарап қос қолын көкке көтеріп қолдады. Осылайша, қазақ қоғамы екіге жарылды. Мұхтар Шаханов бастаған бір топ қарсы шықса, тіл білімі институтының осы мәселені жілігін шағып тұрып, зерттеп жүрген ғалымдар тобы тіпті латын қарпінің осы жарар деген 5 түрлі нұсқасын дайындап та үлгерді. Бір жақ, бұл көшу қазақты екіге бөледі десе, екінші жақ біртұтастандырады деген өзіндік уәждерін айтып жүр. Осыған байланысты да қоғамдық пікір де біржақты болмай тұр. Сонымен қатар, қарсы шыққандардың көбі орыс тілді Қазақстан халқы болса, қазақ тілінің қамын күйттеп жүргендер «латын әліпбиіне толықтай көшу – қазақ тілін ұшпаққа шығарып, оның өз тұғырына жайғасуына септігін тигізеді» дегенді алға тартты. Бірақ бұл тұста бір нәрсе айдан анық – 2025 жылға қарай қазақ елі тұтастай латын қарпіне көшеді. Және бұл ешқандай талқылауды қажет етпейтін дүние секілді. Алайда, қоғамда туындап жатқан түрлі пікірлер осы тақырыпқа қайта-қайта айналып келуге себепші болды. Зиялы қауым мен қоғамның бетке ұстар қаймақтарының ұшы-қиырсыз тайталасы етектен тартып әлек. «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады» деген пікірді ҚР Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраев айтты. Ол «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси апталығына берген сұхбатында әліпбиді латын қарпімен алмастырғандағы ұтатын және ұтылатын тұстарды былайша тұжырымдап берді: «Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирилл, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді».
Осылайша, қоғамда түрлі пікір қайшылықтары орын алып отыр. Дегенмен, соған қарамастан әлеуметтік институттар Елбасының 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу керек кере деген мақсатын орындауға кірісіп кетті. Мәселен, ҚР Ұлттық ғылыми порталы латын қарпіне көшудің үш түрлі кезеңін ұсынып отыр. Қаріп ауыстыру реформасын сәтті жүзеге асыру үшін мемлекетке экономикалық ауыртпалық түсірмеу үшін, үш түрлі кезең бойынша жұмыс жасау керектігін айтады. Бұл қаріп ауыстырған елдердің бәрінде бар тәжірибе. Мемлекеттік іс-қағаздар, жарнама, басылымдар мен маңдайшадағы жазулар, кітаптар мен құжаттардың қарпін өзгерту оңай шаруа емес екендігін түсінген Ұлттық ғылыми порталының мамандары осылайша болашақ қамына араласып кетті. ҚР Ұлттық ғылыми порталының ұсынып отырған үш кезеңнің бірінші – дайындық кезеңі, екіншісі – өту кезеңі, үшіншісі – нығайту кезеңі; Дайындық кезеңінде бағытымызды айқындап, латын қарпінің үлгісін жасап, латын қарпіне көшу туралы тұжырымдаманы бекітіп, мемлекеттік бағдарлама қабылдауымыз қажет. Өту кезеңінде қазақ тілі пәнінің мұғалімдері мен оқушыларды дайындауға, заң шығару, мемлекеттік және атқару органдардағы қызметкерлерді дайындауға, нормативтік құжаттарды қайта басып шығаруға, жаңа қаріпке байланысты технологиялар мен құрылғыларға, латын қарпіне байланысты оқулық, сөздік секілді кітаби өнімдерге қаржы бөлуді жүзеге асыру қажет. Ал, үшінші кезеңде ұлттық валютамызды латынша таңбаланған төл теңгемізбен айырбастап, жеке куәліктерімізді, құжаттарды ауыстыра бастауымыз қажет. Егер, латын қарпіне көшкен елдердің тәжірибесіне сүйенер болсақ, олар екі кезеңді артқа тастап, қазіргі уақытта үшінші кезеңде жұмыс жасап жатыр. Кітаптардың барлығы латын қарпіне ауыстырылып біткен жоқ. Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіне көшу мәселесін көтергеннен бастап, бұл түйткіл бүкіл ел азаматтары үшін бас сақинасына айналды. Республиканың аймақ-аймағында, өңір-өңірлерде түрлі семинарлар, басқосулар, дөңгелек үстелдер өтіп, мамандар өз пікір ұсыныстарын айта бастады, көптеген сайттар мен әлеуметтік желілерде осы мәселе барынша кеңінен сарапталып, қарапайым халық та өз ойын қосудан қалыс қалмады. Барлық дерлік ұлттық порталдар мен газет-журналдар халық арасында сауалнамалар жүргізді. Бірқатар лингвистер латын әрпіне 10-15 жылдың ішінде көшу қажет дейді. Олар түркі халқы үшін ортақ әліпбидің болуы - ақпарат алмасуда және ағылшын тілін үйренуде жеңіл болады деп есептейді. Алайда кейбір ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері көне түркі жазбасына көшуді ұсынады. Олардың айтуынша, көне түркі жазбасы – қазақтың төл жазбасы.
Әлеуметтанушылар латын әліпбиіне көшу туралы мәселе көтерілген уақыттан бастап бұл мәселені зерттей келе, халық арасында сауалнама жүргізген. Олар сауалнама барысында латын әрпіне көшуге тұрғындардың 45 пайызы қарсы болса, тек 11 пайызы ғана қолдау танытты дегенді айтады. Алайда лингвисттер шетелде 5 миллионға жуық қазақ тұрып жатқанын ескере келе, олармен тығыз байланыс орнату үшін латын әрпін үйренген жөн дейді.
Лингвист Шерубай Құрманбайұлы латын әрпіне көшудің өз қиындықтары болғанымен, ол уақытша құбылыс дей келе, латын әрпіне көшу уақыт талабы екенін айтады. Оның айтуынша, кейінгі ұрпақ қазіргі 42 әріпке қарағанда 33 таңбадан тұратын латын әліпбиін тез үйреніп алады. Ал «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси апталығының жүргізген «Латын алфавитінің қашан қабылданғанын қалайсыз?» деген сауалнамасы арқылы қоғамдық пікір төмендегідей нәтижеге қарай ойысты: барлығы 1882 дауыстың 1087-і, яғни 58 пайызы 2015 жылы латын әліпбиіне көшкенін қалайтының айтса, 155 адам 2017 жылы көшсе ләзім болар еді деген, 104 дауыс 2025 жылы десе, тек 3 пайызы ғана 2020 жылы көшкенін жөн көреді екен. Бүгінде қоғамдық пікірдің қалыптасуы әлеуметтік институттар қатарын толықтыратын әлеуметтік желілер арқылы да қалыптасып жатады. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың тең жартысынан көбі жастарды құрап отырғаны да белгілі. Сондықтан, әліпби мәселесі отандық БАҚ-тағы талқылаулардан кем емес ортаға салынған жер ол ғаламтор аймағы болды. Онда түрлі ұйымдар мен институттар өз пікірін ашық айта отырып, өзін қолдайтын пікірлестер тауып жатты. Сондықтан бүгінде латын және кирилл әліпбиі жөнінде біржақты пікірлер таба алмайсыз. Сіз бен біз пікірлер аламанына тап болар медиажурналистика қоғамдық пікір тудырушы, қалыптастырушы құралдардың ішіндегі негізгісі болып саналады бүгінде.
Гауһар Кеңесханқызы