Тіл менеджментін меңгергенсіз бе?
Бір тышқанның мұрны иісі аңқыған тәтті ірімшікті сезді. Иістің қай тұстан шығып жатқанын барламақ боп басын інінен енді ғана қылқитып шығара беріп еді, бұрышта отырған мысықтың мысынан жеңіліп, қайта жасырынып қалды. Ертесіне тағы да талпынды. Мысықтың мырылын сезген соң, жүрексініп қалды. Үшінші күні тышқанның жүрегі саза бастады. Ет дегенде бет бар ма, тәуекелдің кемесіне мініп інінен енді шыға беріп еді, құлағына мысық мырылы емес, иттің үрген үні келді. Тышқанның қорқынышы басылып: - Үй иесі мысық орнына ит асырап алған екен! - деп ойлады. Қуанышы қойнына сыймай, иіске ілесіп жүре беріп еді, бұрышта тығылып отырған мысық лезде шап беріп ұстай алды.
Анасының әрекетін қызықтап отырған марғауына қарап: «Көрдің бе, шет тілін білмеген соң, шеңгеліме ілініп, шерменде болды» - деді мысық.
Тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ дегендей, тіл меңгерген адамның мүмкіндіктерінде еш шектеу болмайды. Елбасымыздың жолдауында «Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін» деген жанды сөздер бар. Тіл үйрену – жаһандану үрдісі етек алған уақытта сән үшін емес, білген-түйгенімен бөлісіп, білмегенін сұрап, өзін-өзі жетілдіру үшін қажетті талап болғандықтан шет тілін үйренуді қолға алмаған адам аз шығар. Себебі өмірден өз жолын тауып, беделді де бәсекеге қабілетті, өзгелерге үлгі болар тұлға болу үшін жан-жақты болу заман талабы. Тіл меңгерудің барлық пайдалы тұсын түгендеп жатпай-ақ, оны даналарымыздың «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген қанатты сөзімен-ақ астын сызып өтейін.
Экономика саласының менеджмент термині өміріміздің кез келген тұсын басқару, меңгеру немесе ұйымдастыруда белсенді қолданыста екені белгілі. Мен ой бөліскелі отырған мәселе – тіл менеджменті. Мұны меңгеру шет тілдерін үйренгісі келетін, үйреніп жүрген және тіл курстарын оқып бітірген әрбір адам үшін артық болмайды. Тіл мен менеджменттің қандай байланысы бар?
Тіл менеджменті тілдің дамуын саналы түрде реттеп, саналы түрде тілге өзгеріс енгізіп, әлеуметтік деңгейде тіл мәселесін қарастырумен айналысатын тілдік жоспарлаудың аясында 1960-70 жылдары туындады. Оның пайда болуына әлеуметтік лингвистер Jiří V.Neustupný және Björn H. Jernudd-тың зерттеулерінің нәтижесі ықпал болды. Алғашында бұл мәселемен жай ғана зерттеу тақырыбы ретінде айналысқан зерттеушілер оның лезде өз қолдаушысын тауып, бұқараның күнделікті өміріне сіңіп кетерін мүлдем күтпеген еді. Тіл менеджменті ұғымын ғалым Neustupný тіл маманы Joshua Fishman-ның сөзіне сүйене отырып, «Тіл менеджменті адамның тілге деген қарым-қатынасына қарай дамиды» деп түсіндіреді. Яғни, тіл үйренуші қандай да бір тілді үйрену барысында және меңгеріп болған соң, оны күнделікті қолданып отыруы керек. Өйткені, тіл – қоғамдық құбылыс, ол қоғам бар жерде туып, қоғаммен бірге дамиды. Егер тіл қолданысқа ие болмаса, нәтижесінде ұмытылып қаларына дау жоқ.
Есіңізге түсіріңізші, әріптесіңізден немесе танысыңыздан «Ағылшын тілін білу деңгейің қандай?» деп сұрағанда, - «Екі жыл бұрын курсқа барғам, upper-intermediate деңгейін меңгергенімді растайтын сертификатым бар» деп жауап береді. Егер үйренген тілді жұмыс бабымен немесе кітап оқып қолданып жүрген болса, тамаша! Ал күнделікті қайталап отырмаса, оның тіл білу деңгейі құлдырай береді, сертификатқа мөр басылған кездегі деңгейде сақталып қалмайды.
Бұған жол бермеу үшін біз өзімізді қарапайым тіл үйренушіден тіл менеджері ретінде қалыптастыруымыз керек. Ол үшін бізде қазір барлық мүмкіндік бар. Тілдік менеджменттегі ең маңызды шарт – оқып-үйренуге деген ынта-жігер мен бастаған істі жарты жолда қалдырмайтындай табандылық қалыптастырып, оны дағдыға айналдыру. Уақыт бөлу. Дұрыс жоспар жасап, соған сәйкес іс-әрекет ету.
Жоғарыда аталған талаптармен танысқан соң, тіл менеджері болу үшін қатал тәртіппен өмір сүру қажет екен деп қорқып қалмаңыздар. Бәрі де өте қарапайым әрі қызықты!
Сонымен, тіл менеджменті шамамен төмендегідей тармақтарды қамтығаны жөн, «шамамен» деп алып отырған себебім – тіл үйрену мен дамыту әдістері таңдалған тілдің өзіндік ерекшеліктеріне қарай өзгешеленуі мүмкін:
1. Таңдаған тілде КҮН САЙЫН кем дегенде 1-2 сағат дайындалыңыз.
2. Осы уақыт аралығында негізгі 4 компонент – тыңдау, қайталау, жазу, аударуға уақыт белгілеңіз. Аударма жасағанда өз ана тіліңізден үйреніп жатқан шет тіліне аударыңыз.
3. Сіз таңдаған шет тілінде сөйлейтін адаммен хат алмасып, сөйлесіп тұрыңыз.
4. Тіл үйретуші сайттардың біріне тіркеліп, мүмкіндіктерін барынша пайдаланыңыз.
5. Аптасына 1-2 рет шет тілінде фильм қарау уақытын белгілеңіз.
6. Соңынан фильмнің мазмұнын шет тілінде қағазға жазып, досыңызға немесе бауырыңызға баяндап беріңіз.
7. Тілді тез жаттап үйреніп алып, қайталамай қоя салсаңыз, соғұрлым жылдам ұмытасыз. Сондықтан аз-аздан бірақ күн сайын дайындалу дағдыға айналсын, достар.
Елбасы биылғы халыққа Жолдауында тапсырғанындай, «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады».
Технология мен инновацияның шарықтап тұрған шағында тілді дамытудың мың сан жолы бар. Қаласаңыз онлайн күнделік жазыңыз, форумдар жүргізіңіз, қаласаңыз тілді телебағдарламалар т.б. құралдар арқылы жетілдіріңіз. Ал сіздің тілдік менеджментіңіз аужайы қалай?
Жадыра Байсейітова