БАҚ және қазақ тілі
«Қазақ тілі 2025 жылға қарай
өмірдің барлық саласында үстемдік етіп,
кез келген ортада күнделікті қатынас
тіліне айналады».
Н.Ә. Назарбаев
Бүгінгі күннің күнтізбесінде тұрған, ең өзекті, ең маңызды мәселелердің бірі – қазақ тілінің өз деңгейінде қолданылуы. Қазақ тілінің техникалық тіл еместігін алға тартып, оның техникалық сөздік қоры бүгінгі ақпараттық технологиялар заманында жоққа жақын деп байбалам салушылар оның мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесіне кір келтіріп бағуда. Қазақ тілді ақпарат құралдары – Қазақстандағы халықтардың, қазақ ұлтының дамуына, оның тілі мен дінінің өркендеуіне, әдет-ғұрыптарының насихатталуына, бір тұтас ұлттық мемлекет межесіне жетуге қызмет етуі керек. Сондықтан, баспасөз саласындағы қоғаммен байланыстың негізгі міндеті – билік пен халықты жақындастыру, биліктің саясатын бұқара халыққа, халықтың үнін басшылыққа жеткізуге міндетті. Осындай мүдделік аясында, өткен он жылдың ішінде еліміздегі қазақ тілді БАҚ-тың жайы біртіндеп өзгере бастады. Яғни, ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдденің ұштасқан тұсы ақпарат құралдарында жиі көрініс табуы шартқа айналды. Сондықтан, біз еліміздегі тәуелсіз арналардағы қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналып, «бір тіл, бір ту, бір діл – қағидатының» жүзеге асу барысындағы телеарналардың қазақ тілді аудиториямен байланысын талдамақпыз. Бұл үлкен жақтан алып айтқанда, мемлекеттің негізін қалаушы қазақ ұлты екенін өзге ұлт өкілдеріне ұғындыру, қазақтың тілінің кең етек жаюына үгіт-насихат арқылы бір ұлтты – PR жасау дегенді білдіреді.
2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы есеп бойынша, республикада 2697 БАҚ әрекет етеді. Қазақтілді БАҚ үлесі қолданыстағы БАҚ жалпы санының 19,1%-ын құрайды, орыстілді – 33,4%, бұқаралық ақпараттық құралдары қазақ және орыс тілдерінде 35% (таратылады) басылады, 12,5% – қазақ, орыс және басқа да тілдерде. Олар еліміздегі қоғамдық сананың қалыптасуына, халықтың рухани сұраныстарымен қажеттіліктерін қанағаттандырып, демократиялық азат журналистиканың негіз қалануына қызмет атқарып келеді. Қазақ елі үшін БАҚ жүйесі қоғам өмірінің дамуын, саяси ойдың деңгейін анықтайтындай жүйеге жеткен. БАҚ-тың қоғамдағы сан түрлі оқиғалар, саяси жағдайлар және өзге де өзекті мәселелерге өз көзқарасын білдіріп, осы арқылы қоғамда бір бағыттағы пікір білдіруде де ықпалы зор. Диалектикалық сипаттағы қоғамдық ерекше институт ретінде журналистика саласы үздіксіз дамып отырады және қоғамдық санаға айырықша әсер етеді. Сондықтан БАҚ қоғамдық дамулар мен қозғалыстардың бейнелеушісі, өмірдің айнасы іспетті, сол өзгерістерге сай өзі де өзгеріп, жаңарып отырады. Шынында да, «қазір ақиқатты іздеу жалпыхалықтық іс болды. Баяғыдай жоғарыдан біреу немесе бірнешеу ақиқатты тап басып айтып, қалған бұқара халық оны жүзеге асыруға тұра ұмтылатын заман өткен».
Мемлекеттік тілді отандық БАҚ-та насихаттау мәселесі көптен өз шешімін таппай келе жатқан, мемлекеттік, ұлттық деңгейдегі маңызы бар, осыған дейін ұлт зиялылары тарапынан аз қордаланбаған мәселе екені белгілі. Себебі, тілі болмаған ұлт еш заманда, еш дәуірде жеке ұлт ретінде өз орнын таппаған. Тілі құрып біткен ұлттардың жер бетінен жойылып кеткенін әлем тарихынан оқып та, біліп те жүрміз. Ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда тәуелсіз телеарналардың басым бөлігі дерлік қазақ көрерменінің мүддесін қорғамады. Бұл ең бірінші түйткілі көп қазақ тіліне қатысты еді. Алғашқы жылдары заңмен бақыланбаған тәуелсіз телеарналар өзгесін айтпағанда, тәулік бойы орыс тілінде хабар тарату арқылы мемлекет құраушы ұлттың негізгі ұстанымдарына қайшы келді.
“Демократиялық үрдістерді мұрат тұтқан шақта эфирді жайлаған көрерменді рухани аздыратын, зиянкес мазмұнмен ұлттық болмысымызға қауіп төндіріп отырған “КТК”, “НТК”, “31-арна”, орыстілді телеарналар тілді келеке жасай бастады” деген дабылдың қағылуы да бекер емес.
Эфирлік уақыттың 80%-ға жуығы орыстілді телебағдарламалар мен орыс тіліндегі өзге де көрсетілімдермен толтырылуы ұлттық мүддеге қайшы.
Бірнеше жыл бұрын телеарналарда көрініс тапқан осы келеңсіздікті ауыздықтауға талпынған үкімет “елу де елу” қағидасын ұсынғанымен, телеарналардағы мемлекеттік тіл мәселесі бірден толық шешімін тапты деу қате. Бастапқыда бұл шешім мемлекет құраушы ұлттың құқын аяққа таптағандай болды. Олай дейтініміз, барлық дерлік тәуелсіз арналар қазақ тілінде жаңа бағдарламалар дайындаудың орнына, мұрағатта сақталған концерттер мен бразилиялық сериалдарды қазақ тіліне аударып беру арқылы заңға бағынғандай сыңай танытты. Түн ортасы ауғанда эфирге шығатын қазақ тіліндегі жоғарыда айтылғандай өнімдер қазақтілді ортаның наразылығын тудыратыны да белгілі еді. Жекелей тоқталар болсақ, “Еуразия” арнасы бұл талапқа тосылып қалған жоқ. Бұл арна “Қазақстан” ұлттық арнасы мен “Хабар-2” арнасы дайындаған ақындар айтысын, “Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ” телебағдарламасын, “Қас қағым сәт және бүкіл ғұмыр” ретрохабарын, бірнеше жылдар бұрынғы “Республика сарайында” өткен концерттерді түнгі он екіден кейін ретронсляциялау арқылы эфирлік уақытты толтырып отыратын. Соңғы уақытта қазақтілді көрерменнің наразылығынан кейін мемлекеттік тілде бір де бір бағдарлама дайындамайтын бұл телеарна өз өнімдерін қазақшаға аударып қайта ұсыну және қазақша КТК (КВН) ұсыну арқылы жоғарыда аталған заңды белінен баспауға талпынды.
“Елу де елу” қағидасы қолға алынғаннан кейін тәуелсіз телеарналардағы мұндай әдіс кең таралып кетті. Бұл мысал “НТК”, “Рахат”, “Таң”, “31” сынды тәуелсіз телеарналарда да қайталанды. Бұл арналарда түнгі он екіден таңға дейін бұрын өткен концерттер жиі қайталанып беріліп отырды. Қазақтілді көрермен арасында сынға ұшыраған жоғарыда аталған телеарналар бекітілген қағидаға қайшы келмеу үшін бұдан өзге де әдістер ойлап тапқанын көзіқарақты көрермен талай мәрте көзі жетті. Ресейдің, түріктің, корейдің ұзын-сонар телесериалдарының субтитрын қазақшалау арқылы эфир уақытын толтыру үрдісі кең етек жайған, яғни отандық телеарналардың рейтингін ұстап отырған негізінен шетелдік телехикаялар болды. Алайда, бүгінде, қоғамда бұл мәселе кеңінен талқыланып, үлкен бір негативті қоғамдық пікір қалыптаса бастағаннан соң, аталған олқылықтардың орны толтырыла бастағанын көптеген арна бағдарламаларынан байқап та, көріп те жүрміз. Бұл телеарналардың мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының пайыздық көрсеткіші 63% екенін ескергендіктерінің белгісі.
Бағдарламалардың 2013 жылғы үлес салмағын өзіміз есептеп көруді жөн көрдік. Мәселен, КТК коммерциялық телеарнасының бағдарламалар тізіміне назар аудардық. Онда бір аптадағы қазақ тілінің үлес салмағы 21,7 пайызды құрап көңілімізді түсірсе, «Хабар» арнасындағы қазақ тілінің үлесі 58 пайызға тең болды. «Қазақстан» ұлттық арнасы 2011 жылдан бастап 100 пайыз қазақ тіліне көшті. «З1 арнадағы» қазақ тілінің үлесі 31,2 пайызға сәйкес келіп, ал «Ел Арнадағы» қазақтілді хабарлардың үлесі 59,9 пайыз болды.
Десек те, қазақтілді көрерменге бағытталған ұлттық арналардың бұл көрсеткіші көңілімізді бір қуантып тастағанымен, өзге де коммерциялық арналардың тілін қазақыландыруымыз керектігі күнтізбедегі мәселе болып қала береді. Бұл тізімдегі телеарналардың кейбірінің алыс ауылдарға тарайтынын есепке алғанның өзінде 100 пайыз қазақ тілінде эфирге шығатын «Қазақстан» ұлттық арнасынан өзге, бір де бір телеарнаның болмауы елдігімізге сын екені бұқаралық ақпарат құралдарында жиі талқыға түсетін мәселелердің бірі болып қала беретініне көз жеткіземіз.
«Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетіле бастаған, Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» ток-шоуы, «Алаң» бағдарламасы, «Жұлдызды сәт», «Айгөлек» шоулары, «Хабар» арнасындағы Нұрсұлтан Құрман жүргізетін «Орталық Хабар», Мейрамгул Мәделінің бастапқыда «Сонымен, солай дейік» деп аталып, кейіннен атауы «Біз» болып өзгерген бағдарламасы, «Жігіт сұлтаны» телебайқауы, сондай-ақ «Еларна» телеарнасынан көрсетіліп жүрген «Махаббатқа он қадам» шоуы да қалың қазақ көрермендерінің көзайымына арналған, ұлттық мүддені көздейтін, ұлтым дейтін журналистер тізгініндегі бағдарламалар.
Республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында «Еларна» телеарнасының директоры Айгүл Мүкей былай дейді: “Бізде қазіргі көрсеткіш «60 та 40». Біз тілдік талаптарды да орындаумен қатар, қазақша хабарларды түнде көрсетпейміз. Яғни, күндіз – орысша, түнде – қазақша хабар тарату деген атымен жоқ. Бізде 4 сағаттық блоктар бар, мәселен, сағат 12-ден 5-ге дейінгі уақыт аралығын біз екіге бөлеміз. Тілдік пропорция осылайша сақталуы керек. Біз Ақпарат министрлігіне бұл жөнінде есеп те беріп тұрамыз. Мұндай пропорциялар барлық арналарда сақталуы тиіс. Сондықтан бізде күйіп тұрған мәселе жоқ. Егер де бізде барлық хабарлар қазақша болса да, біз бұған налымаймыз. Өйткені, біздің «Ел Арна» телеарнасының аудиториясы – қазақ көрермені. Біздің негізгі аудитория – ауылда. Әрине, қала тұрғындары да көреді, бірақ бізге негізгі рейтингті жасайтын – ауыл тұрғындары. Егерде бізге «бүгіннен бастап, 100 пайыз қазақша хабар таратыңдар» десе, мұнда ешқандай да қорқынышты нәрсе жоқ. Олар қазақша хабар тарата береді. Бұның заң талаптарына қайшы ештемесі де жоқ».
“Бүгін біз өзімізді Қазақстанның жаңа астанасымен сабақтастырамыз, онда ел өміріндегі басты мәселелер шешімін табады, және біздің басты кеңсеміз де сонда орын тепкен. Сол себепті СТВ – астаналық (орысша – столичное) телевидение дегенді білдіреді”, – деп хабарлаған “Рахат” телеарнасы 2009 жылдың қыркүйек айынан СТВ деген жаңа атаумен хабарлар тарата бастады.
“31” телеарнадағы бағдарламалардың беті де қазақ тілі – мемлекеттік тілге бұрылып келе жатқан сыңайлы. Бұған дейін Берік Уәли көрігін қыздырған “Дода”, ақпаратты шынайы әрі өткір жеткізетіндігімен көрермен ықыласына бөленген “Информбюро” ақпарттық-сараптамалық бағдарламасы сынды көрсетілімдерімен саяси-қоғамдық мазмұнда қалыптасып келе жатқан бұл арнаны 2008 жылдың наурыз айында Ресейдің СТС телекомпаниясы сатып алған болатын. Сол жылдан бері арна бастапқы қалпын өзгертіп, СТС-тің ойын-сауықтық форматына көшкені мәлім. Алайда, көптеген қазақтілді көрермендерінің тарапынан айтылған сын-пікірлер мен наразылықтар өз діттеген мақсатына жетіп, қазақтіді бағдарламалар да эфирден өз орнын тауып жатыр. Жылдық бюджеті 68 миллион теңгені құрайтын, жаңарған «Информбюро» бағдарламасының эфирдегі орны ерекше. Арна жаңалықтарын қарайтын көрермендердің қатары күн санап көбейіп келеді. Қазақ тіліне қатысты үлес салмағын арна жоғарыда аталған ойын-сауықтық бағдарламалармен қатар, СТС-тің дайын өнімдерін, балаларға арналған түрлі мультфильмдерді, телехикаяларды аударып беріп, қазақ тілінің эфирдегі үлесін біршама арттыруға өз үлесін қосуда.
“КТК” коммерциялық арналардың ішіндегі көшбасшылардың бірі саналғанымен, тұңғыш қазақ тіліндегі ақпараттық бағдарлама “Бір күн” деген атпен 1998 жылдың тамыз айында ғана шыға бастағаны белгілі. Бір айдан кейін бұл бағдарлама “Күндерек” деп аталды. 2000 жылдан бастап “Күндеректің” сапасы арта түсіп, телекеңістікке жаңадан “Шарайна” ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы келіп қосылды. Бұл хабардың сол кезде жаппай шығып жатқан апталық сараптамалық телебағдарламалар арасында өзіндік ерекшелігі болды.
2007 жылғы жаңа телемаусымда Срайыл Смайылдың жетекшілігімен жаңа бағдарламалар жарық көре бастады. Олардың алғашқысы – “Алаң жұрт” ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы. Одан кейін “Өз сөзім” авторлық хабары шықты.
«Таң-тамаша», «Жүрекжарды», «Кейіпкер», «Қыз қылығы мен былығы» атты бағдарламалар қазақ көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді. Алайда, КТК арнасында екі жыл бойы шығып тұрған «Наша казаша» телевизиялық жобасы көрермен тарапынан үлкен наразылыққа ұшырады. Тележурналда қазақ тілін шұбарлаушыларды шала қазақтар деп атап, олардың екі тілді шұбарлап сөйлеуін шалақазақ тілі деп атауы қазақтілді көрерменнің қытығына тие түсті. Қоғамдық пікір дәл осы бағдарламаның жарық көруіне қарсы болды.
КТК-ның бірегей жобасы – “Репортер” бағдарламасының жүргізушілері Гүлмира Әбіқай және Асқар Махмұтұлы 2008 жылы Қазақстан журналистер одағының сыйлығына ие болды.
“Күндерек” ақпараттық бағдарламасы 2009 жылдың басынан “Жаңалықтар” деп аталды. КТК “Жаңалықтары” ұжымының басты ұстанымы – көрерменге елде және әлемде болып жатқан оқиғалар жайында нақты, жан-жақты әрі объективті ақпарат жеткізу.
“Жүрекжарды” – халқымыздың танымал тұлғаларын көрермен қауымға жаңа қырынан таныстыру мақсатымен дайындалған жоба. Ол саясат сахнасындағы қоғам қайраткері, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген өнер адамы немесе еліміздің байрағын өзге елде желбіретіп жүрген спорт шебері болсын – барлығы да нағыз тұлғалар. “Жүрекжарды” жобасы елдің ерекше назарын аударған осындай есімдері аңызға айналған жандардың басындағы шаттығы мен мұңын, қуанышы мен өкінішін барынша ашып көрсетеді. Тележурналист Гүлмира Әбіқай, кейін Дина Төлепберген жүргізген “Кейіпкер” хабары да көрерменді тарта білген, тартымды және осы арнадағы ерекше атап өтерлік жобалардың бірінен саналды.
Ресей арналарынан көшiрме хабарларды көп көрсететiн «ЭРА», кейiннен «7» арнасы мен бiрiккелi өз өнiмдерiн жасауға ендi ғана мән бере бастады. Көрермен назарына ұсынылғалы көп бола қоймаған «Нысана» хабарында журналистiк, режиссерлік, операторлық жағынан iзденiстер бар. Монтаждау әдiстерi де түзеле бастады. Бiрақ бiр арнаға бiр-екi ғана хабар аздық ететiнi сөзсiз.
Егемен ел атанғанымызға жиырма жылға жуық уақыт болса да, мемлекеттік тіл мәселесі өз деңгейіне лайық шешімін таба алар емес деген пікірлер бүгінде жетіп артылады. Алайда, егер жан-жағымызға зерделей көз тастасақ, бүгінде елімізді мекендейтін өзге ұлт өкілдері тарапынан мемлекеттік тілге деген қызығушылықтың артып келе жатқандығын байқау қиын емес. Қазақ мектептерінде орыс, украин, күрд, түрік, ұйғыр т.б. халық өкілдерінің балалары білім алып жатқандығы да белгілі. Дәл осы балалар кейіннен қазақ тілінің мерейін үстемдетіп, сойылын соқпайтынына кім кепіл? Сөзсіз, олар кейін өз елінің, мемлекеттік тілді тұғырға отырғызатын азаматтары болады. Мемлекеттік тіл саясатын жолға қою мақсатында қабылданған түрлі бағдарламалар мен қолға алынған іс-шаралардың оңды нәтижесі күннен-күнге айқынырақ біліне бастады. Осы тұрғыда ақпарат құралдарының еліміздің, ұлтымыздың даму жолындағы қосар үлесі зор. Әсіресе, ұлттық жадымызды жаңғыртып, іргелі ел болудағы ақпарат құралдарының рөлі аса ауқымды. Ақпарат кеңістігінің иесі мемлекет болғандықтан, ондағы ақпараттар легі сол мемлекет азаматтарының сұранысына сай және оны толыққанды қанағаттандыратын болуы тиіс. Сонда ғана, қоғамдық ортаны қалыптастырып отырған қазақ ұлтының мемлекеттегі рөлі нығайып, қоғамдық байланыстың маңызы артады. 24 сағат бойы мемлекеттік тілде хабар тарататын 3 телеарнаның дүниеге келуі қазақтілді БАҚ-ң дамуына игі әсер еткен үлкен бастама болды.
ТNS Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының 2013 жылдың 1 қаңтары мен 10 ақпаны аралығында жүргізген зерттеуінің нәтижесінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тұрғындары 100 мыңнан аспайтын елді мекендер (шағын қалалар, аудандар мен ауыл тұрғындары) арасында 23,3 пайыз орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынға шықты. Осылайша, алты жастан жоғары қазақ және орыстілді көрермендер арасында Ұлттық арна қазақтілді аудиторияда ғана емес, барлық телевизиялық аудитория бойынша да үздік. Зерттеу басталғалы (2012 жылдың сәуір айынан бері) алты жастан жоғары тек қазақтілді көреремендер саны бойынша, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 30,6 пайыздық орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орында келеді. Айта кетерлігі, 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендердегі алты жастан жоғары қазақ және орыстілді көрермендер арасында да 23,2 пайызбен биылғы жылдың басынан «Қазақстан» ұлттық арнасы өзге хабар таратушылардың алдына шығып, жетекші орынға тұрақтады. Аталмыш зерттеу компаниясының мәліметтері 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасының өзге ұлттар арасында да үлкен сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасын онлайн-режимінде де көруге мүмкіндік бар.
Гауһар Кеңесханқызы