Жаңалықтар

Ана тілдің мәртебесі әрқашанда биік болуы тиіс

Тіл - халықтың рухы, тірегі, айнасы. Адам баласы өмірге шыр етіп келіп, дүние есігін ашқаннан бастап алғаш рет айтылатын бесік жыры мен ана әлдиін де өз ана тіліңде тыңдап, мәңгілік жадыңа сіңіріп аларың сөзсіз.
01.03.2014 11:53 11756

Тіл - халықтың рухы, тірегі, айнасы. Адам баласы өмірге шыр етіп келіп, дүние есігін ашқаннан бастап алғаш рет айтылатын бесік жыры мен ана әлдиін де өз ана тіліңде тыңдап, мәңгілік жадыңа сіңіріп аларың сөзсіз. Сол сияқты біздің де құлағымызға сіңіп өскен, ана сүтімен тең дарыған туған тіліміз ол - қазақ тілі. Қазақ тілі қазақ халқының мемлекеттік тілі және оның алар орны әрқашан биік, мәртебесі үстем болып қала береді. Еліміз егемендік алып, дербес мемлекет болып қалыптасқалы бері туған тіліміз де өз тәуелсіздігін алған болатын. Сол уақыттан бері ана тіліміз біраз сынға ілініп, тіпті осы күнге дейін мерейін үстем ету үшін айтылып жатқан мәселелер де жетерлік. Қоғамның қай саласында болсын сөздің шыны керек, әлі күнге дейін мемлекеттік тіліміз өз деңгейіне жете қойған жоқ. Бірақ бұл көпке топырақ шашқанмен тең емес. Айта-айта жауыр болған мәселенің бірі деп айтсақ артық болмас. «Көш жүре келе түзеледі» демекші соңғы жылдары қазақ тілінің жан-жақты дамуына, өз деңгейіндегі мемлекеттік тіл болып қалыптасуына арнайы бағдарламалар жүргізіліп жатыр. Осы жерде мемлекеттік тілдің бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзіндік орны мен үстемі жайлы тілге тиек етіп отырғанды жөн санадым. Яғни, теледидар, газет-журнал, радио, интернет порталдары т.б. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші БАҚ өкілдері ана тілімізге арнайы ден қойған тәрізді. Оған дүңгіршектегі қазақ тілінде жарық көріп жүрген газет-журналдар, телеарналардағы қазақ тілді бағдарламалардың саны жағынан күрт арта түсуі, ғаламтор бетіндегі қазақша сайттардың таралуы бірден-бір дәлел болып табылады. Бұл үлкен мақтанышпен айтып, қуанарлық жағдай. Мысалы, өзіміздің төл телеарнамыз «Қазақстан» ұлттық арнасын дөп басып айтуға болады. «Қайырлы таң қазақ елі» деп халқын тәтті ұйқыдан оятып, жақсы көңіл-күй сыйлаудан басталатын шығармашылық топтың жұмысы күні бойы қазақ халқына жақсы әсер қалдыруға аянбай ат салысады. Әр түрлі бағдарламалар, арнайы жобалар, жаңалықтар, мерекелік концерттер, тіпті телехикаяларына дейін қазақ тілінде сайрап тұрады. Бұл басшылық пен ұжымның бірлесе істеген жұмыстарының нәтижесі деп білемін.

 

Сондай-ақ, осындай телеарналардың қатарына «Хабар» агенттігін, «Мәдениет», «Балапан» сынды телеарналарды да айта кетуімізге болады. Сол сияқты дүңгіршектегі қаптап тұрған қазақ басылымдарын көрген сәтте қуанып қалып жатамыз. Газет-журналдың осындай көп таралымды болғанының бір себебі, яғни қазақ тілінде оқырман қауымның арта түскенімен тұспа-тұс келіп тұр деп айтса болады. Және ғаламтор бетінде де өзіңе керек ақпарат іздеген кезде түрлі қазақша сайттарды жиі кездестіріп жатамыз. Бұл да мемлекеттік тілдің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

 

Елбасымыз өзінің соңғы Жолдауында: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз... Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек... Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі» деп атап көрсетті.

 

Иә, расында осы қарқынмен ілгері жылжитын болсақ мемлекеттік тіліміз әрқашан биіктерден көрінері сөзсіз. Халықпен күнделікті тығыз қарым-қатынасқа түсіп жатқан ол бұқаралық ақпарат құралдары екені даусыз. Сондықтан телеарналарды қазақ тілінде естіп, қазақша басылымдар оқып, қазақ тіліндегі сайттарды жиі пайдаланып, осы тұрғыдан өзімізді де патриот қазақ болуға тәрбиелейік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей ана тілімізді биіктерге асқақтату ол әрбір қазақ баласының қолынан келетініне кәміл сенемін. Елбасымыз атап көрсеткендей 2025 жылы қазақ тілі өмірдің барлық саласында күнделікті қарым-қатынас құралына айналатыны сөзсіз. «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз».

 

Гүлзат Ғабитқызы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға