Жаңалықтар

"ҮШТҰҒЫРЛЫ ТІЛ" МӘДЕНИ ЖОБАСЫНДАҒЫ ТІЛДЕРДІҢ ҚАЗАҚСТАН КЕҢІСТІГІНДЕГІ ҮЙЛЕСІМДІ ҚЫЗМЕТІ

Мақалада көтерілмекші мәселеге тоқталмас бұрын, қазіргі Қазақстан үшін “Үштұғырлы тіл” мәдени жобасында ұсынылып жүрген үштілділіктің маңыздылығы мен тиімділігін
03.03.2014 03:34 24969

 Мақалада көтерілмекші мәселеге тоқталмас бұрын, қазіргі Қазақстан үшін “Үштұғырлы тіл” мәдени жобасында ұсынылып жүрген үштілділіктің маңыздылығы мен тиімділігін, ондағы тілдердің Қазақстандағы рөлінің теріс түсінілуі салдарынан болған асырасілтеушіліктің қауіптерін де анықтап алу қажет. Себебі бұл жобаны Қазақстанда әртүрлі топтар әрқалай түсініп, ал функционерлер оны әртүрлі мәнмен алуан түрлі жолдар арқылы қолданысқа енгізіп жатқаны баршаға аян.

Енді жобаның қоғамдағы оң бағалаулары мынадай десе болады:

—  Қазақстанның рухани және экономикалық жағынан стратегиялық дамуы үшін маңызды;

—  Елдің адам капиталының дамуы мен сапасының артуы үшін маңызды;

Бұл жобаның қоғамдағы теріс бағаларына негізінен мыналарды келтіруге болады:

—  Елдегі онсыз да осал позициядағы мемлекеттік тілді әлемдік және халықаралық беделді тілдермен бәсекеге бірдей ортаға салып жіберу оның жағдайын одан әрі әлсірете түседі;

—  Қазақ тілін үйренуге құлықсыздардың сылтауы бірінші кезекте ағылшын тілін үйрену болып, олардың мемлекеттік тілді үйрену уақыты алыс болашаққа шегеріле береді (қазақтілділердің пікірі бойынша);

—  «Қазақ тілі мен орыс тілі» сияқты қостілділіктің екінші компонентінің орнын ағылшын тілі басып, «қазақ тілі мен ағылшын тілі» қостілділігі орнығады да, орыс тілінің Қазақстандағы беделі мақсатты түрде осы жоба арқылы төмендетіліп, қолданыс аясы тарылып отыр (орыстілділердің пікірі бойынша).

Осы сипаттағы теріс пікірлердің ушығуына сонымен бірге ел ішінде, саяси ортада осы жоба туралы ортақ, бірізді түсініктің жоқтығы да себеп болып отыр, әсіресе мынадай мәселелер басы ашық, анық емес:

—  Мәдени жобадағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің ҚР Конституциясына қатысты мәртебелері, олардың ашық насихатталмауы, соған сәйкес қолданылмауы;

—  Жобадағы орыс және ағылшын тілдерінің мемлекеттік және ұлттық тіл ретіндегі қазақ тілімен арақатынасы;

—  Мемлекетқұрушы ұлттың бар болу/жойылу; тоқырау/даму; бірегейлену/ыдырауында шешуші рөл атқаратын түрткі жайттардың бірі ретіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі тұрғысынан мәдени жобадағы ағылшын және орыс тілдерінің Қазақстан кеңістігіндегі, білім беру жүйесіндегі қызметтері мен таралу көлемі мен тереңдігінің ғылыми негіздері;

—  ҚР-дағы қоғамдық деңгейдегі үштілділіктің айқын моделі.

«Үштұғырлы тіл жобасындағы» тілдер мәртебесіне тоқталған болса, ең алдымен олардың тек екеуінің Конституцияда көрсетілгені белгілі. Ең алдымен бұл – қазақ тілі (мемлекеттік тіл) болса, екіншіден, орыс тілі (ресми қатынаста мемлекеттік тілмен бірге қолданылатын тіл, байқасаңыз: «ресми тіл» емес, «ресми қатынаста мемлекеттік тілмен қатар қолданыла алатын тіл»). Ал ағылшын тілі ешбір конституциялық мәртебеге ие емес. Олай болса, оның мемлекеттік мекемелерден, жеке тұлғалардан ресми орындармен талап етілуі – заңсыз. Алайда бұған қарамастан, осындай заңсыздыққа кейбір шенеуніктер жол беріп жатқаны туралы фактілер жиілеп кеткені алаңдатады.

Ал енді осы тілдердің қоғамның ең ірі әлеуметтік топтары арасындағы қолданыс мәртебелеріне назар аударса, төменде сипатталғандай бірнеше көрініс байқалады.

Мемлекетқұрушы ұлттың басым бөлігі (қазақтілділер) үшін:
           
қазақ тілі – ана тілі, мемлекеттік тіл, ел аумағындағы басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас тілі, БАҚ арқылы ақпарат алу тілі, орыс және ағылшын тілдерін үйрену үшін базалық тіл;


            орыс тілі – ресми қатынаста мемлекеттік тілмен қоса қолданылатын тіл (нормативтік бекітіліген функция), қазақ тілімен бірге Қазақстандағы ең көпсанды диаспора және басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас тілі, қазақ тілімен бірге БАҚ арқылы ақпарат алу тілі, көп жағдайда ағылшын тілін үйрену үшін аралық тіл болып табылады;
            ағылшын тілі – жаңа ақпараттық, инженерлік-компьютерлік технологиялар тілі, әлемдік қарым-қатынас тілі, кейбір мамандық бойынша білім алу тілі, жастар арасында беделді тілге, БАҚ, әсіресе Интернет арқылы ақпарат алу тіліне айналып келеді.

Мемлекетқұрушы ұлттың шағын бөлігі (орыстілділер) үшін:
           
қазақ тілі – генетикалық жағынан өз ұлтының тілі, мемлекеттік тіл;
            орыс тілі – ана тілі ретінде қалыптасқан бірінші тіл, ресми қатынаста мемлекеттік тілмен қоса қолданылатын тіл (нормативтік бекітілген функция), отбасында және Қазақстандағы орыс диаспора өкілдері және басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас тілі, БАҚ арқылы ақпарат алу тілі, басқа тілдерді үйрену үшін аралық тіл болып табылады;
            ағылшын тілі – жаңа ақпараттық, инженерлік-компьютерлік технологиялар тілі, әлемдік қарым-қатынас тілі, кейбір мамандық бойынша білім алу тілі, жастар арасында беделді тілге, БАҚ, әсіресе Интернет арқылы ақпарат алу тіліне айналып келеді.

Қазақстандағы ірі диаспора (орыс этносы) өкілдері үшін:
           
қазақ тілі – мемлекетқұрушы ұлт тілі, мемлекеттік тіл, ішінара өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынас және БАҚ арқылы ақпарат алу тілі;
            орыс тілі – ана тілі, ресми қатынаста мемлекеттік тілмен қоса қолданылатын тіл (нормативтік бекітілген функция), қазақ тілімен қатар Қазақстандағы басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас тілі, БАҚ арқылы ақпарат алу тілі, қазақ, ағылшын, басқа тілдерді үйрену үшін базалық тіл;
            ағылшын тілі – инженерлік-компьютерлік технологиялар тілі, әлемдік қарым-қатынас тілі, кейбір мамандық бойынша білім алу тілі, жастар арасында беделді тілге, БАҚ, әсіресе Интернет арқылы ақпарат алу тіліне айналып келеді.

Қазақстандағы басқа ұлт өкілдері үшін:
           
қазақ тілі – мемлекетқұрушы ұлт тілі, мемлекеттік тіл, ішінара басқа ұлт өкілдерімен және өзара қарым-қатынас тілі, БАҚ арқылы ақпарат алу тілі, ішінара басқа тілдерді үйрену үшін базалық тіл;
            орыс тілі – ресми қатынаста мемлекеттік тілмен қоса қолданылатын тіл (нормативтік бекітілген функция), қазақ тілімен қатар Қазақстандағы басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас тілі, БАҚ арқылы ақпарат алу тілі, көп жағдайда ағылшын, қазақ тілін үйрену үшін базалық тіл;
            ағылшын тілі – инженерлік-компьютерлік технологиялар тілі, әлемдік қарым-қатынас тілі, кейбір мамандық бойынша білім алу тілі, жастар арасында беделді тілге, БАҚ, әсіресе Интернет арқылы ақпарат алу тіліне айналып келеді.

Сонымен, Қазақстандағы осындай әртүрлі тілдік қауымдастық негізінде мемлекеттік бірегейлік қалыптастыру үшін “үштұғырлы тіл мәдени жобасын” қалай пайдалану тиімді болмақ, қазіргі қолданылып жүрген көптілді білім беру тұжырымдамасы ел тұтастығы, титулды ұлт тұтастығы мен ұлттық тілдің өміршеңдігіне нұқсан келтірмейді ме деген сұрақтарға жауап беру аса маңызды.

Ең алдымен, үштұғырлы тіл мәдени жобасының әлемдік ақпарат легін игеру үшін маңызы жоғары екенін қазіргі Қазақстандағы ақпараттық кеңістіктің мынадай бейнесінен Wikipedia мысалынан көруге (12.12.2011 жылғы ақпарат бойынша) болады.

 

 

Сызбадан байқап отырғандай, қазіргі жағдайда қазақ тілді ақпараттық кеңістік орыс тілді және ағылшын тілді кеңістікпен жұтылып кетпес үшін өзіне тиесілі орынды өз ақпараттарымен иеленіп алуы аса қажет, бұны бастапқы кезеңде орыс және ағылшын тілін біліп, солар арқылы қазақ тіліне ақпараттарды аударумен де жүзеге асыру тиімді. Алайда осы тілдерді тек ақпарат көздерінен қазақ тіліне ақпарат аудару деңгейінде білу, пайдалану бір басқа да, өз мәдени-тілдік кеңістігін жаулатып, өз мәдениеті мен тілін ығыстырып шығатындай деңгейде білудің жөні мүлде бөлек. Сондықтан Мәдени жобадағы тілдерді білу керек, қолдану керек, бірақ қаншалықты ол тілдер қазақ тілді орта өкілдері санасына дендеп енуі қоғам бірегейлігі үшін қауіпті болмайтынын да ойланған абзал.

Осымен байланысты Қазақстанда соңғы жылдары ғылыми негіздемесі зерттеліп, ұсынылып жүрген ЖОО-на дейінгі көптілді білім берудің төмендегі кестеде көрсетілген құрылымы (авторы Жетпісбаева Б., автордың нұсқасы бойынша кесте орыс тілінде өзгертілмей берілді) ойландырады.

 

 

Сызбадан анық байқалады, көптілді білім беру тұжырымдамасы бойынша орта мектеп деңгейінде оқушыларға Қазақстан кеңістігінде қазақ тілінде қазақ тілі, тарих, география оқытылу керек те, ал шет тілі арқылы оқушылар шет тілі мен шетел әдебиетін ғана емес, сонымен бірге математика, химия, физика мен әлемдік тарихты танып, меңгереді.

Бір алаңдататыны, осы тұжырымдама бойынша 2008 жылы ҚР БжҒМ министрлігі бірнеше қазақстандық мектептерде тәжірибелік сыныптар ашып, көптілді білім берудің теориялық-әдістемелік орталығы ретінде Алматыдағы Абылай хан атындағы Шет тілдер және халықаралық қатынастар университеті мен Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы университеттерді белгілегені, сонымен бірге осы жүйеге сүйеніп көптілді білім беруге бейімделген көптеген жеке мектеп, тіпті балабақша мен мектепке дейінгі дайындық орталықтарының ашылуы болып отыр [1].

Егер жасөспірім, балдырған дүниені, болмыстың заңдылықтарын, сандар әлемін, әлемдік тарихты, жалпы жаратылыстану туралы алғашқы білімдерді өз ұлтының ғасырлар бойы жинақтаған білімдері негізінде, өз ана тілінде емес, өзге тілде танып-білетін болса, онда оның санасында ана тілінің осы білімдерді жеткізуге дәрменсіздігі туралы жаңсақ пікір берік орнығатыны анық. Сонымен бірге ана тіліне де нұқсан келеді. Себебі осы тілдің құралдары арқылы жаратылыстану салаларындағы ойдың даму желісін көрсете алатын, оны дамытып, түрлендіріп, сол арқылы ана тілін де байытатын тілдік тұлғалар саны кемиді, сан жоқ жерде сапа да ойсырайтыны белгілі болса, бұндай білім беру қазақ тілі үшін де, қазақ тілді қауымдастық үшін де нұқсанды екені анық.

 Демек бұндай көптілді білім беру тұжырымдамасы бойынша шет тілі – ағылшын тілі орта және жоғары білім беру жүйесінде қатынас құралы, яғни шет тілі пәнінің объектісі ретінде емес, өз алдына жеке объект ретінде, яғни жаратылыстану пәндері негізінде оқытылады. Нәтижесінде ағылшын тіліндегі мол ақпарат арқылы кәсіп немесе пәннен заманауи білім алған тұлға қалыптасады, алайда салдарынан сол кәсіп немесе пән бойынша ана тіліндегі заманауи білім алған, болмаса ғылымиға дейінгі (донаучные) білімдерді өз бетінше жүйелей алатын шығармашылық тұлға қалыптаспайды. Қауіптер: ұлттық тілдің игерілмеген нишасы көбейеді, ұлттық сананың бір бөлігі - ғылыми сананы құрайтын білімдер жүйесі жетілмейді, ұлттық бірегейлікке нұқсан келеді, тілдік қауымдастықтың әрбір мүшесінің өз тілінде кемелденуі мен жетілуі, заманға ілесіп дамуына кедергі келтіріледі, тілдік қауымдастық тұтастығы бұзылады, ішкі қауіпсіздік бұзылады.

Міне, осымен байланысты «Үштұғырлы тіл мәдени жобасын» Қазақстан кеңістігінде тиімді қолданудың шешімдері ретінде мыналарды ұсынамыз:

Қазақтілділер (мемлекетқұрушы ұлт үшін)

- ана тілін құндылық ретінде тану;

- қазақ тіліндегі ақпараттық кеңістікті кеңейту;

- ана тілінде сөйлейтін тілдік тұлғалардың саны мен сапасын арттыруға бағытталған бағдарлы шараларды мемлекеттік деңгейде жүзеге асыру;

- шет тілін оқытуды бастаудың жасын лингвопсихологиялық негізде дәлелдеу және жаппай ұстану;

- шет тілдерін ақпарат алудың, өз тілінің құндылықтық жүйесін салыстыра, салғастыра отырып танудың құралы ретінде (дүниені танудың құралы емес) оқыту;

- шет тілін орыс тілі арқылы емес, ана тілі (қазақ тілі) негізінде оқытуды қамтамасыз ету;

- Қазақстан мемлекетінде оқытылатын кез келген оқу пәнінің тұжырымдамасын (мазмұнын) ұлттық тұтастық, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қазақстандық мәдени кеңістік реалийлері мен қатынастары негізінде әзірлеу.

Орыстілділер (оның ішінде мемлекетқұрушы ұлт үшін)

- ана тілін құндылық ретінде тану;

- Қазақстан кеңістігінде тілдік комфортта өмір сүру үшін мемлекеттік тілді үйрету стимулын, уәждерін, жағдайларын тудыру, себебі қазақтілділердің басымы қостілді, ал орыстілділер біртілді;

- мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін арттыру, ақпараттық кеңістігін кеңейту;

- шет тілін оқытуды бастаудың жасын лингвопсихологиялық негізде дәлелдеу және жаппай ұстану;

- өз тілінің құндылықтық жүйесімен салыстыра, салғастыра отырып, мемлекеттік тілдің құндылықтық жүйесін, мәдениетін кеңінен ғана емес, тереңінен де меңгеру деңгейінде оқыту;

- Қазақстан мемлекетінде оқытылатын кез келген оқу пәнінің тұжырымдамасын (мазмұнын) ұлттық тұтастық, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қазақстандық мәдени кеңістік реалийлері мен қатынастары негізінде әзірлеу, сол арқылы осы кеңістіктегі әртүрлі тілдік қауымдастықтарда ортақ мемлекеттік бірегейлік қалыптастыру.

Осы шешімдердің әрқайсысына тоқталғанда, мыналарға ерекше назар аудару керек.

1)   Ана тілі – құндылық. Күні бүгінге дейінгі «тіл – қатынас құралы» деген тілдің бағасы оның қоғамдағы объективті болмысы мен рөлін толық аша алмайды, қазіргі заманғы лингвистикалық зерттеулер оның тек қатынас құралы ғана еместігін, одан зор қызметтерін көрсетіп берді, алайда осыны қоғамға жеткізу, түсіндіру әлдеқашан керек іс еді, әсіресе тіл саясатына жауапты ресми құрылымдар мен тұлғалар үшін осындай білімдердің маңызы зор.

Ана тілін құндылық деп көрсеткен батыс ғалымдары неогумбольдтшылдар мен қазақстандық ғалымдар (Н.Уәли) бойынша ана тілі теориясы жасалды. Осы теорияның негізгі қағидаты мынаған саяды: ана тілі – өз халқының тынымсыз еңбегі мен тарихының ұзақ ғасырлық жемісі ретіндегі өз тілдік қауымдастығына тән дүниенің тілдік бейнесі, сондықтан ана тілін үйрену – өз халқына тән дүниенің тілдік бейнесіне байлану, соны игеру арқылы ұлтының рухани дүниесіне қатыстырылу, сол арқылы өзі де толысу; ешкім өз ана тілін түбегейлі меңгере алмайды, тіпті ең шығармашылық деңгейі жоғары тілдік тұлға да оның тек бір пұшпағын ғана меңгереді. Тіл – тірі ағза іспетті, өзінде сақталған білімдер жүйесі, дүниенің тілдік бейнесі арқылы сананы, рухты қалыптастырады. Әркім өзінше ана тілін байытады, бірақ оның үлесі ана тілінің әрбір тілдік тұлғаға беретінімен салыстырғанда мардымсыз; ана тілі – әркімнің баға жетпес капиталы, пайдалана білсе, қауымдастықты және оның әрбір тұтынушысын зор мақсатқа жеткізетін құрал; әрбір ұлттың ана тілінде оның жеке иелерінен тыс әлеуметтік негізде қалыптасқан объективті жоғары мақсаты болады [2; 3].

2) Қазақ тіліндегі ақпараттық кеңістікті кеңейту. Бұл үшін ең алдымен жаңа ақпараттық технологияларды қазақ тілінде сөйлетуге бағытталған ғылым салаларын дамыту және оның ғылыми кадрларын дайындау ісін жолға қою; Интернеттегі қазақ тіліндегі ақпараттар технологиясына бағытталған  бастамаларды мемлекеттік деңгейде ғана емес, жеке бизнес деңгейінде де қолдаудың тетіктерін жасау мен дамыту; қазақтілді мерзімді БАҚ саны мен сапасын арттыру тетіктерін жолға қою; қазақ тілінің үш киті: ақпарат, басқару, ғылым (Н.Уәли) салаларындағы тілдің қолданысына ерекше мән беру маңызды деп санаймыз.

3) Ана тілінде сөйлейтін тілдік тұлғалардың саны мен сапасын арттыруға бағытталған бағдарлы шараларды мемлекеттік деңгейде жүзеге асыру үшін қазақтілді балабақшалар; ана тіліндегі интерактивті, инновациялық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу; қазақтілді мульфильмдер мен кинотуындалыр шығару; жаратылыстану ғылымының қазақ тілінде жасалуы және т.б көптеген шаралардың іске асқаны аса қажет.

4) Ұлттық бірегейлік тұрғысынан шет тілін оқытуды бастаудың жасын лингвопсихологиялық негізде дәлелдеу және жаппай ұстану «Үштұғырлы тіл мәдени жобасындағы» тілдердің Қазақстан кеңістігінде үйлесімді қолданысына негіз болады, олардың арасында шиеленісті (конфликтілі) жағдай тудырмайды.

Осы мәселені зерттей келе, қазіргі кезде әлем бойынша көптілділік проблемасының әртүрлі және мүлде бір-біріне қарама-қайшы әдістер, жолдармен шешіліп отырғанын байқауға болады. Мәселен, Литва, Эстония сияқты посткеңестік кеңістіктегі тәуелсіздігін жаңа алған мемлекеттер өз елдерінде мемлекеттік тілдерімен қатар орыс, т.б. тілдердің қолданылуын «көптілділіктің қаупі» деп бағалап отыр. Ал еуропалық мемлекеттер көптілділік адамның бәсекеге қабілеттілігін арттырады десе, Америка мен Еуропадағы орыс ұлтының өкілдері үшін көптілді ортада беделді тілдердің әсерінен өз ана тілі – орыс тілін сақтап қалу проблемасы жиірек айтылады. Осыны талдай келе бәріне ортақ тұғырды аңғару қиын емес, көптілділік әр елде сол елдің титулды ұлтының мүддесі тұрғысынан бағаланады. Мәселен, балтық елдері үшін көптілділіктің қауіп болатын себебі, тілдік қауымдастығының саны жағынан аздығымен, әрі экономикалық жағынан бақуатты көршілес мемлекеттердің тілінің ықпалы мен кезінде отарлаушы болған Ресейдің боданына қайта түсіп қалмаудың өз тілдерінің тағдыры үшін аса маңыздылығымен тікелей байланысты болса керек. Ал еуропалық елдер үшін бір роман-герман тілдер тобына жататын туыстас, әрі бір экономикалық-қаржылық, діни-мәдени ортақ кеңістік – еуроодақтың мүдделес көршілес елдерінің тілін білу олардың әрқайсысының ана тілі үшін соншалықты қатер тудыра қоймайды. Сонымен бірге шетелге кеткен орыс тілі мен мәдениеті өкілдері үшін көптілділік мәселесін көтеру, ең алдымен сол елдің тілімен қатар өз ана тілін – орыс тілін де ұмыттырмай, үнемі үйретіп отыру дегенге саяды. Демек, көптілділіктің әртүрлі жолдармен шешіліп, әртүрлі бағалануының қай елде болмасын ортақ негізі – ол ұлттық мүдде. Олай болса, Қазақстандағы көптілділіктің моделін де ұлттық мүддемен тығыз байланыста, соған тәуелді түрде шешу тыңнан жол табу емес, әлемдік тәжірибеде қалыптасқан дәстүр.

Осымен байланысты ең өзекті мәселенің бірі – шет тілін оқытуды бастаудың жасын психологиялық негізде анықтап, Қазақстандағы жалпы білім беру жүйесінде қатаң ұстану.

Бұл ғалымдарды ертеден алаңдатқан проблема болғаны байқалады. Осының психологиялық негіздерін зерттей келе, төмендегі авторлардың еңбектеріне сүйене отырып, әлемдік тәжірибе негізінде қазақ баласының ұлттық бірегейлігі дұрыс қалыптасуы үшін, шет тілін оқытуды 10-11 жастан ерте бастамау керек деген тұжырым жасалды:

Л.Выгодский: “Процессы овладения родным и неродным языками разделяет в первую очередь элемент осознанности и преднамеренности, характерный для овладения вторым языком и отсутствующий при овладении родным языком” [4].

Ж.Пиаже: “...в младшем подростковом возрасте (10-11 лет) этническая идентичность формируется в полном объеме” [5].

Й.Л.Вайсбергер: “В силу действия закона родного языка и важности формирования родной картины мира до начала овладения чужой целесообразно начинать преподавание иностранных языков только с 11 или 12” [2, 285].

З.Ахметжанова: «Наблюдаемый в настоящее время перекос в обучении иностранным языкам, когда ребенка начинают учить английскому языку чуть ли не с детского сада, а во многих школах с 1-2 класса, мыс считаем опасным явлением. Уже сейчас родители бьют тревогу по поводу того, что на 2-3 году обучения дети стараются больше говорить на английском, чем на родном языке» [6, 235]

5) Шет тілін оқытудың жаңа тұжырымдамасы. Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, Қазақстандағы полилингвалды білім беруге альтернатива керектігі, яғни шет тілдерін қазақ мәдени кеңістігінде оқытудың жаңа тұжырымдамасы қажеттігі анықталды. Өзге ұлт өкілдеріне өз тілінің құндылықтық жүйесімен салыстыра, салғастыра отырып, мемлекеттік тілдің құндылықтық жүйесін, мәдениетін кеңінен ғана емес, тереңінен де меңгеру деңгейінде оқыту және керісінше шет тілдерін ақпарат алудың, өз тілінің құндылықтық жүйесін салыстыра, салғастыра отырып танудың құралы ретінде (дүниені танудың құралы емес) оқыту осы тұжырымдаманың басымдығы болуға тиісті деген қорытынды шығады.

6) Сонымен бірге Қазақстан мемлекетінде оқытылатын кез келген оқу пәнінің тұжырымдамасын (мазмұнын) ұлттық тұтастық, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қазақстандық мәдени кеңістік реалийлері мен қатынастары негізінде әзірлеу де жүзеге асырылуы тиісті күрделі шаралардың бірі. Бұл үшін қазақ тілі пәні мен басқа да пәндер мазмұнын байытатын мынадай тілтанымдық жаңартпалар <лат. innovation> көздерін анықтап, оларды оқыту үдерісіне, оқулықтарға енгізу ұсынылып отыр:

            - тілтаным, гуманитарлық ғылымдар бойынша іргелі зерттеулер нәтижелері;

            - тілтаным, гуманитарлық ғылымдар бойынша қолданбалы зерттеулер нәтижелері;

            - лингвистика және қоғамдық ғылымдар бойынша қорғалған диссертация нәтижелері;

            - “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы нәтижелері;

            - Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы, басқа энциклопедиялар мен сөздіктерде, т.б. деректерде жинақталған қазақтың ұлттық ғылыми деңгейге дейінгі (донаучные системы знаний) білімдер жүйесі.

Мысалы, Он бес томдық “Қазақ әдеби тілі сөздігі” бойынша алынған Қазақ тілі пәні мен басқа да пәндер мазмұнын байытатын тілтанымдық жаңартпалар ретінде мыналарды көрсетуге болады:

- энциклопедиялық сипатты ақпаратты қоса беру үрдісінің артықшылығы, басқаша айтқанда тіл иесінің санасындағы сөз туралы жалпы тілдік білімдермен қоса сол сөз бейнелеп тұрған зат немесе құбылыс туралы мамандардың білімдер жүйесінде бар ақпараттың берілуі. Мысалы, БАҒА сөзі семаларының дефинициялары және оның ұясындағы лексикалық және фразеологиялық тіркестерде тек жалпы жұртшылыққа ғана емес, сондай-ақ арнайы экономист, қаржыгер мамандарға белгілі, бірақ қазіргі нарық заманы заңдылықтарына байланысты коғамдық-әлеуметтік өмірде жиі қолданылып, белсенділік танытып отырған ақпараттың да берілуі.

- сөздік мақаланың дефинициялық аймағында (зона) берілетін ақпараттың тек лингвистикалық ақпаратпен шектелмей әмбебаптандырылу, яғни сөз таңбалап тұрған реалий немесе дерексіз құбылыс туралы, оның қасиеттері мен байланыстары туралы ақпараттардың көрсетілуі. Мысалы, БӘЙБІШЕ – ер адамның бірінші алған әйелі ғана емес, САРЫ ҚАРЫН БӘЙБІШЕ тіркесінде ер адамның бағы, отбасының құты, ұрпағының жалғастығының кепілі ретіндегі қадір тұтатын отбасы мүшесі деген ұлттық танымдық ақпарат ашылды;

- этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика сияқты салалар бойынша зерттеу жаңалықтары мен ғылыми нәтижелер пайдаланылды. Қазақ халқының рухани және материалдық мәдениетіне қатысты атау-ұғымдар мен реалийлердің дифинициясын көрсетуде, олардың үстірт лексикалық мағынасына қоса астырт мағынасы қоса берілді.
Мысалы, АҚҚУ сөзінің тек қана зоологиялық түр особі немесе қазақ үшін киелі саналған құс, оның тіркестер құрамында, ерекше поэтикалық қолданыста ашылатын сұлулық символы, тазалық, пәктік сияқты концептілерді құраушы элемент  ретіндегі семантикасы да көрсетілді.
Тағы да, мысалы, ЖОМАРТ – көңілі дарқан, қолындағысын аямайтын адам болса, ҚАСЫМ ЖОМАРТ – қолында бар болса, ешкімнен аямайтын, ал  АТЫМТАЙ ЖОМАРТ – жоқ болса да, іздеп тауып әкеп беріп, сұраған адамды ешқашан бос қайтармайтын, тумысынан, табиғатынан жомарт, Алланың жаратуымен дарқан болған адам;

- терминдік мағына алған, алайда о бастан жалпы лексикалық мағынасы болған сөздердің бұл екі мағынасы да алғаш рет екі бөлек ашылып берілді, мысалы, БОРСЫҚ сөзінің күнделікті адамдардың қарапайым қатынасындағы қолданысында оның аң деген жалпы лексикалық мағынасы берілсе, мамандардың қолданысында оның терминдік мағынасы пайдаланылатындықтан, зоология саласының атауы ретіндегі дифинициясы, содан кейін барып, бейнелі қолданыстардығы ауыспалы мағынасы (семіз, тойымсыз және т.б.) көрсетілді, яғни тіл иелерінің санасындағы қандай да бір ұғым не құбылыс туралы тұрмыстық, қарапайым түсінікпен бірге оның сол тілдік ұжымда мамандар қалыптастырған күрделі, ғылыми түсінігі де сөздікте айқындалып беріліп отырды. Мысалы, ИЗЕН, ЖУСАН – тек қана далалы жерде өсетін шөптесін өсімдік немесе ботаникалық түр атауы ғана емес, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық танымында қойдың етін дәмді қылушы ащы шөптердің бірі, мал ащылайтын кермек иісті, құнарлы малазықтық өсімдік, қазақ даласының иісін келтіріп тұратын, туған жердің бір белгісі ретіндегі қасиетті шөп;

- әртүрлі ғылым салаларында қолданылатын қазақ атауларының терминдік әлеуетін, олардың халықаралық терминдермен сәйкестігін көрсетіп, сондай-ақ әдеби тілдегі нұсқасын орнықтыру мақсатында, бұл сөздердің сөздік мақаласында өздері сәйкес келетін халықаралық терминдердің этимологиясы, яғни қай тілден шыққаны туралы ақпарат алғаш рет беріліп отырды, мысалы, АТБҰРШАҚ  з а т. ө с. <лат. ficia vaba>; САБАНШЫ – қамыс мысығы емес, ИМАНЖАПЫРАҚ – жолжелкен емес, ТҮБЕК – жартылай арал емес, т.б.

- сөздік мақалалар бір концептінің төңірегіндегі бүкіл білімдер жүйесін білдіретін, яғни семантикалық өрісті бейнелейтін тіркестерді мейлінше толық қамтыды: мәселен, қазақ тіліндегі «ИТ» концептісінің элементтері оның негізінде құрылған лексикалық тіркестер, фразеологиялық тіркестер, терминдік атаулар, терминдік тіркестер, прецедентті сөздер, прецедентті мәтіндер негізінде толық ашылады (берілген мысалда сөздік мақаладағы иллюстрациялық материал алынып тасталды): ҚЫТЫМЫР ҚЫЗЫЛ ИТ, ДҮРЕГЕЙ ИТ, ИТ АТЫМ ЖОҒАЛМАСЫН ДЕП ПАЙҒАМБАРҒА ҮРІПТІ.

Қытымыр деген қызыл ит. д і н и. Мүшіріктердің қудалауынан үңгірге тығылып, ұйықтап қалып, үш жүз жылдан кейін оянған алты мүміннің жанындағы ит [Діни аңыз бойынша алты мүбарак жан, қастарында бір ит бар Рим әміршісінен қашып үңгірге тығылып, Алла тағаланың құдіретімен 300 жыл ұйықтап оянған. Бұл үңгір Түркияның Тарсус қаласының оңтүстігінде орналасқан].

АҚҮЙЛІ: ақүйлі [ақүй] аманат. к ө н е. т а р. Ежелгі қыпшақ заманынан қазақ хандығы жойылғанға дейінгі дипломатикалық қатынасты білдіретін ұғым: жеңілген елдің басшысының жеңген жақтың қоластына туған ұлын үй мүлкімен кепілдікке жіберетін аманаты. А қ ү й л і  а м а н а т қ а кіретін міндеттемелер: соғыстың шығынын төлеу, бұдан былай қару көтермей, жауласпай, бейбіт отыру (ҚСЭ). Бұған кепіл ретінде жеңілген елдің басшы адамы қасына кішігірім ру, қыруар жасау, мал-мүлік, топтаған қыз қосып, ақ үй тігіп, өзінің бір ұлын аманатқа береді. Мұны «а қ ү й л і  а м а н а т» деп атаған. Патриархатық-феодалдық қауым тұсында Ақүйлі  аманат жеңудің зор салтанаты болып көрінген (ҚСЭ). Олардың кейі Көктің ұлына көтеші болып істесін деп балаларын а қ ү й л і  а м а н а т қ а берді, кейі кепшір тапсырып, таралғы ұсынды. Бұл заманда, сағысқанда ғана біліп, біраз жеңісті жорықтар жасалса да, бұрынғы патшалықтардың маңқарасын көре алмады («Жалын») [7].

Сонымен, бұндай білімдер жүйесін енгізу үшін қазақ тілі пәнін оқытудың мақсатын қайта қарап, жаңаша қою керек. Мәселен, кеңестік кезеңде оның мақсаты «қазақ тілінде сөйлей (ойын жеткізе) алатын тұлға – тілдік тұлға қалыптастыру» болса, тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқыда «қазақ тілінде дітін орындата алатын тұлға – коммуникативтік тұлға қалыптастыру» еді. Ал қазіргі кездегі мақсаты – «қазақ тілінде ойлайтын, қазақ мәдениетін меңгерген тілдік шығармашылық тұлға – тілдік-мәдени тұлға қалыптастыру» болуға тиісті.

Мұндағы тілдік-мәдени тұлға тілдің бірліктерін тек құрылымдық бірліктер немесе қатынас құралдары ретінде емес, мәдениеттің бірліктері ретінде оқытқанда ғана қалыптаса алады. Қазіргі тілдік бірліктердің семиотикалық деңгейлері ажыратыла зерттелген:

—  1. Тілдік семиотикалық бірлік: Дастарқан з а т. 1. Үстіне тағам және тағамдар салынған ыдыс-аяқ қою үшін жайылған асжаулық. 2. Ішіп-жем, ризық.

—  2. Мәдени семиотикалық бірлік: Дастарқанбелгілі бір қоғамдастықтағы мәдениетке тән үй мүлкі.

—  3. Лингвомәдени семиотикада Дастарқан қасиетті мүлік. Мысалы, дастарқан аттамайды; дастарқанға бата береді; дастарқан үстінде дастарқанды куәға тартады [8].

7) Үштұғырлы тіл мәдени жобасы бойынша мектепте, ЖОО-да оқытылуға ұсынылатын пәндер. Үштұғырлы тіл мәдени жобасындағы әрбір тілдің Қазақстанның мәдени кеңістігінде үйлесімді қызметін жүзеге асыру үшін білім беру жүйесіне мынадай бірқатар пәндер және оларды оқыту тілдерін енгізу ұсынылып отыр:

- басқа тілді мектептерде қазақ тілі мен әдебиетімен бірге Қазақстан тарихы мен географиясын мемлекеттік тілде оқыту;

- қазақ мектептерінде барлық пәндер, соның ішінде жаратылыстану пәндері түгелдей қазақ тілінде оқытылады;

- барлық мектептерде түркі дүниесінің тарихы (бастапқыда - спецкурс);

- ЖОО барлық мамандықтарында латын тілі;

- ЖОО Гуманитарлық факультеттерінде көне түркі тілі;

- барлық жаратылыстану факультеттерінде Қазақстантану (мәдениеттану) гуманитарлық пәнін енгізу (гуманизация)

 

Әдебиет:

  1. http://www.automan.kz/54956-v-rk-budet-razrabotana-strategija-razvitija.html;
  2. Радченко А.О. Язык как миросозидение. Лингвофилософская концепция неогумбольдианства. М.: КомКнига., 2006 – 312 c.
  3. Уәли Н. Қазақ тілі қандай тіл?//Тілтаным, 2004. №3, 156-163 бб.
  4. Выготский Л. С. Избранные психологические исследования. М., 1956. 486 с.
  5. Пиаже Ж. Избранные труды. Психология интеллекта. Генезис числа у ребенка. Логика и психология. – М.: Просвещение, 1964. – 659 c.
  6. Ахметжанова З.К. К вопросу о трехъязычии // Қазақ тілінің тарихы мен түркітану мәселелері. А.: 2011- 296 с.
  7. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. А., Арыс, 2006 І-VІІ томдар.

8.      Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация, А., 2007 ж.

 

 

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, ф.ғ.к.,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға