Жаңалықтар

Жаңа технологияны енгізу – жетістікке жетудің жолы

Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының белсенділігін арттыру, сапалы білім беру көкейкесті мәселе болып отыр. Егеменді еліміздің тірегі, болашағы – білімді ұрпақ.
01.03.2014 11:41 18626

Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының белсенділігін арттыру, сапалы білім беру көкейкесті мәселе болып отыр. Егеменді еліміздің тірегі, болашағы – білімді ұрпақ. Қазіргі мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған басты міндет – оқушыларды бәсекеге қабілетті, жан-жақты тұлға ретінде қалыптастыру.

Әр елдің болашағы сол халықтың білім, ғылым деңгейімен анықталатындықтан, оқу жүйесін неғұрлым тиімді құра білу қажеттілігі қай кезде де өзекті мәселе болып қалмақ. Қазақ білім беру саласының шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақша оқу жайы» еңбегінде: «... әуелі бізге елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек. Неге десек, болашақ та, билік те, халық та оқумен түзеледі» деген пікір айтқан болатын. Бұл ұлағатты ойдың құндылығы бүгінгі таңда күн сайын айқын сезілуде. Еліміздегі білім беруді дамытудың қазіргі кезеңін – дәстүрлі оқыту түрінен инновациялық әдістерге ауысатын өтпелі кезең деп сипаттауға болады.

Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында қазіргі кезде Қазақстанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіне нақты өзгерістер енгізумен елімізде болып жатқан түрлі Осы орайда инновациялық үрдістің кең тараған түрі технология термині. «Технология » ежелгі гректің «techno» - өнер, шебер, білгір және «logos» - ілім, ғылым деген сөздеріне шыққан. Сонымен технология – шеберлік, өнерлік, білгірлік туралы ғылыми ұғым. Көптеген уақыттар желісінде «технология» түсінігі педагогикалық ұғымдар қорынан тыс қалып келді. Шынайы мəні («шеберлік жөніндегі ілім») педагогикалық міндеттерге: педагогикалық процесті сипаттау, түсіндіру, болжау, жобалау – сай келсе де, ол технократиялық тіл элементі ретінде қарастырылды. Педагогикалық əдебиеттерде қандай да технологиялар сипатын айқындаушы көптеген терминдер ұшырасады, мысалы: оқу-үйрену, тəрбиелеу, оқыту технологиялары, білімдендіру жəне дəстүрлі технологиялар, бағдарламаластырылған жəне проблемді оқу технологиялары, авторлық технология.

Қазіргі кезде оқу-тәрбие процесін үйлестіруге бағытталған және сонымен қатар, психологиялық-педагогикалық ғылымды тұтасымен қарқынды дамуға жетелейтін алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибенің көптеген жетістігі белгілі. Сондықтан, еліміздегі барлық мектептегі мұғалімдер жаппай жаңа технологияларға көшкені жөн.

«Қазақстан 2030» атты еліміздің стратегиялық бағдарламасында айтылғандай – жоғары интеллектуалды жастарды жан-жақтылыққа тәрбиелеу, олардың  потенциалдық деңгейін көтеру бүгінгі күннің негізгі жаңа оқыту технологиясымен  жүзеге асады. Сонымен бірге, оқушыларды ақпарат құралдарымен жұмыс істей білуге үйрету керек.

Оқушылардың ойлау қабілетін дамытып, өз бетінше жұмыс жасауға дағдыландыру үшін жаңа технологияларды қолданғанымыз дұрыс.

Менің ойымша, оқыту технологиясының тұлғалық сипаты үйретушілердің кәсіби маңызды қасиеттерін қалыптастыруға және дамытуға бағдарланады. 

Әрбір педагогтың жаңа ақпараттық кеңістікте жұмысқа дайын болуы, оның көзқарасының жоғарғы сатыға көтерілуі – білім беру ісінің жаңа формалары мен технологияларын жасау мен соларды өмірге енгізуінің басты шарты болуы тиіс.

Бәріміз де мектептен білім алып, әріп-танып, үлкен өмірге жол бастадық. Жалпы білім беретін пәндерді тиісті деңгейде меңгердік. Дегенмен, көп сабақтар дәстүрлі жүйе бойынша, күнделікті мұғалімнің бағдарлама бойынша теорияларды сұрауымен ғана бағаланды. Мектепте интерактивті тақталар келгенмен, оны пайдалануды көпшілік мұғалімдер білмеді. Осы орайда, бір ғалымның: «Естіген нәрсемді ұмытып қаламын, көрсем есімде сақтаймын» деген сөзі еске түседі. Расымен де, көзбен көріп, қолмен ұстаған нәрсе оңай есте қалатыны рас...

Жаңа технологияны енгізу – халықаралық қауымдастық элементі ретінде тарихи үрдіс болып саналады. Бұл үрдіс техника құралдарын адамзат өмірінің бар саласында қолдануын қарастырады. Жаңа оқыту технологиясын еншізу үшін біліктілік, ойлау, басқаша айтқанда, компьютерлік сауаттылық керек. Бізде бұрынғы жүйемен оқыған оқытушылар жетерлік, ол кісілердің кезінде комптьтерлер болмады. Сондықтан, жасы үлкейгендерге техниканы меңгеру қиынға түсетіні анық. Осы ретте, әрбір мектепте компьютерді үйретуге байланысты курстар болса, мәселенің шешімі оңай табылатын еді деп ойлаймын.

Бүгінде ақпараттық технологиялар күннен-күнге дамып келеді. Бүгінде қазақ интернетінде көптеген сайт, порталдар ашылуда. Мұның бәрі де ақпарат кеңістігінің кеңейгенінің дәлелі. Сондықтан, менің ойымша әрбір мұғалім өз сабағында жаңа технологияларды меңгеріп, қолданысқа енгізуі қажет. Оқытушының өз сабағында интерактивті тақтаны, ғаламтор желісін пайдалануы – оқушылардың жан-жақты білім алуына ықпал етеді. Осы ретте, оқушының болашақта қазақтілді контенттің дамуына үлес қосатын азаматтарды қалыптастыруы керек деп ойлаймын. Сонда, еліміздегі интернет саласы дамып, пайдалы ақпараттар көбейетін еді.

Ақпаратты жедел табу, талдау, тиімді пайдалануда оқушыларға электрондық кітапхананы қолдану ұсынылады. Қажетті ақпараттың ізденісін өзіндік жүзеге асыру үшін ғаламтор, автоматтандырылыған оқу, сілтеу жүйесі арқылы қажетті ресурстарға сүйену жүктеледі.

Қазіргі кезеңде ақпараттық технологиялардың дамуының негізгі бағыты «мультимедиа» жүйесі болып табылады. «Мультимедиа» терминін ағылшын тілінен сөзбе-сөз аударғанда «көп орталық», яғни электрондық ақпаратты тасушы, құрамына бірнеше түрде мәтін, сурет, бейне және т.б. топтаушы деген мағынаны береді.

Жаңа технологияының білім саласына енуі мұғалімдерге оқытудың формасын, әдестерін, мазмұнын сапалы өзгертуге мүмкіндік береді. Жаңа технологияны білім саласында қолдану оқушылардың танымдық қабілетін қалыптастыруға, өзін-өзі жетілдіруді талпындыруға, болмыс құбылыстарын кешенді зерттеуді қамтамасыз етуге, жаратылыстану, техника, гуманитарлық ғылымдар және өнер арасындағы байланыстардың үздіксіздігіне; оқу мен тәрбиелеудің әдістері мен формаларын тұрақты динамикалы жаңаруына мүмкіндік туғызады.

Мектеп өмірінің айналасына шоғырланған білім жүйесінің орталығы – оқушылар меңгеруге қажетті оқу пәндерінің объективті мазмұны болып саналады. Бала бұл жүйеге бүтіндей дамыған тұлға емес, таным субъектісі ретінде танылады.

Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық үрдістің қарқыны білім беру жүйесінің алдына мүлде жаңа міндеттер қойып отыр. Ол – өз жұмыс орнында және бүкіл техникалық тізбекте технологиялардың үздіксіз өзгерістеріне бейімделе алатын орындаушының тұлғасын қалыптастыру. Ал, оларды дайындау үшін қазіргі дидактикалық мүмкіндіктерді, жаңа идеяларды және білім беру технологияларын пайдалана білгеніміз абзал. Жалпы, мектеп тәжірибесінде жаңа технологияны енгізу – оларды қолдануға қажеттіліктен туындайды. Қысқаша айтқанда, жаңа технологияны енгізу – жетістікке жетудің бірден-бір жолы.

 

Назира БУРХАНОВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға