Ел ертеңі білімді ұқпақ қолында
«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім»
М.О.Әуезов
...Білім мен ғылым биікте ғана қанат қағатын қыран құстың қос қанаты іспеттес. Оның неғұрлым берік әрі мықты болғаны сайын жоғарыда қалықтау күші артады...
Тәуелсіздіктің тынысымен тыныстап, егемендігіміздің жемісін көріп отырған шақта, еліміздің әрбір перзенті ғылым мен білімді меңгеріп, елдігімізді ардақтап қызмет етуі тиіс. Жарқын болашақтың жарық сәулесіне ұмтылған жастарға білімді де сауатты болу керектігін Елбасымыз міндет етіп қояды. Елбасымыз биылғы жолдауда тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерімізге сараптама жасай отырып, білім саласына ерекше мән береді. Жолдауда, сонымен қатар білім беру салаларын жоғары деңгейге көтеру, оны жаңғырту үшін жаңа өзгерістер енгізу керктігі қарастырылды. Білім беру талабы мектептен емес, балабақшадан күшейтілді. Мектепалды оқуын дұрыс жүргізу үшін, арнайы кітаптар шығарылып, сол бойынша әліпбимен, санау жүйесімен таныстыру балабақшадан бастау алуды. Мектептегі жағдайлар жақсартылып, мұғалімдерге қояр талап күшейтілді. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында оқу курстары жүргізілуде. Бұл үрдіс 2015 жылға дейін жүргізіп, барлық мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру – елбасымыздың білім беру саласында қойған міндетінің бірі. Сонымен қатар барлық мектеп компьютерлендіріліп, элетронды оқулықтармен жабдықталуда. Жолдауда атап көрсетілгендей, электронды оқу құралдарын пайдаланатын оқу орындарының үлесі 2015 жылы 50 пайызға, 2020 жылға дейін 90 пайызға жеткізілетін болды. Бұның барлығы оқушыларды жаңа технологиямен таныстыра отырып білім беру ісін көздейді. Бүгінде өз қабілетін көрсетем деген балаға түрлі мүмкіндіктер туып отыр.
Оқушылардың халықаралық олимпиадалар мен конференцияларда алдыңғы қатарда болуының өзі мемлекеттің білім берудегі басымдылық танытуын дәлелдейді. Ғылыми тұжырым жасауды мектеп қабырғасынан бастаған оқушы ертеңгі күні ғылымға үлкен жаңалықтар әкелері ақиқат. Биылғы жылы халықаралық жарыстардан 900-дей оқушы жүлдегер болуы еліміздегі білім беру ісінің игі нәтижесі болып отыр. Ғылымның алға жылжуы ғалымдар еңбегінің құндылығымен қатар ғылыми жаңалықтардың ашылуымен ерекшеленеді. Ғылым әрқашанда жаңаша жаңалықтармен толысып отыруы қажет.
«Мектепте оқу керек, ал мектептен шыққан соң, онан да көп оқу керек» деп Д.И. Писарев айтып өткендей, мектептен кейінгі білім ордаларында білім мен ғылымға одан сайын тереңірек енетініміз шындық. Жоғарғы оқу орындарындағы білім беру үрдісі халықаралық жүйелерге негізделген. Мемлекет тарапынан білім саласын қаражаттандырылғандықтан, университет жанынан түрлі ұйымдар, ғылыми орталықтар құрылып, ғылыми конференциялар өткізілуде. Онда тың идеялар айтылып, жаңаша бастамалар бой көтеріп жатыр. Елімідегі жоғарғы оқу орындарының көпшілігі кредиттік жүйе негізінде білім береді. Бұл жүйенің студенттер үшін тиімділігі – өз бетімен ізденіс жұмысын жүргізуі. Оқытушы – тек бағыт-бағдар беруші адам. ал, студенттер өз еңбегіне сәйкес тиісінше балл алады. Барлық студент бірдей баға алмайды. Әрбір студент өз деңгейіне сәйкес баллдық жүйемен бағаланады. Магистратурада оқитын студенттерге келісім бойынша шет елдермен білім алмасу жүзеге асуда. Өз білімін дәлелдей алатын адам үшін бұл да үлкен мүмкіндік болып отыр. Соңғы жылдары жоғарғы оқу орындары тексерістен өтіп, тек үздік білім беретін оқу орындарын ғана қалдыру жоспарға қойылып отыр. Елбасы жолдауында Назарбаев Университеті мен зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту керектігі де айтылған. Еліміздің жарқын болашағы үшін барлық білім ошақтары тек жоғары деңгейде білім беру қажет. Өйткені жоғары деңгейде білім алған жастар білгенін өз ісінде қолданып, елімізге жоғары деңгейде қызмет етпек. «Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым» деген әл-Фарабидің сөзіне жүгінер болсақ, ел ертеңі тек білімді ұрпақпен ғана өлшенбек.
Айжан Жамбылбаева