Жаңалықтар

Оқтай зулаған уақыт-ай!

Оқтай зулаған уақыт-ай! Ардақты Сәкеңді – Сайлаубек Естайұлы Жұмабек пен аяулы ұлы Санжарды қайтпас сапарға шығарып салғанымыз күні кеше сияқты еді. Күйбең тіршілікпен жүріп, содан бері бір жылдың бір күндей де болмай өте шыққанын байқамай да қалыппыз. Қанша қимағаныңмен, қанша қабырғаң қайысқанымен тірі адам тіршілігін жасайды деген өмірдің бұлжымас қағидасымен салпаңдап жүргенімізбен, жаныңа жақын тұтар, жанашыр адамның бейнесі бәрібір көкейіңнен кетпей, қимас көңіл анда-санда аһ ұрып, қайран Сәкең-ай деп қалатыны бар. Ондайда сонау балалық шақтан бастау алатын өмір тізбектері ойға оралып, Сәкеңнің алғырлығын, зеректігін, адамгершілігін, досқа адалдығын, ағайынға қамқор көңілін, қажет кезіндегі адуындылығын, етжеңділігіне, арсың-гүрсің жүріс-тұрысына кереғарлау жанының нәзіктігін көрсететін небір суреттер көз алдыма келеді. Сәкең екеуміз бір мектепте оқыдық. Оның менен үш-төрт жас үлкендігі бар. Үй-ішімізбен аралас-құралас болатынбыз. Бала емеспіз бе, бұған онша мән бермейтінбіз. Ауылдағы көп таныстардың бірі сияқты көрінетін. Менің қызығатыным бір-ақ нәрсе – ол Сәкеңнің есепке жүйріктігі. Түрлі себептермен үйге келе қалса, алгебраны жаңғақша шағып, шеше алмай отырған талай есебімнің жауабын тауып беріп, қарқ қылып кететін. Мен сонда Сәкеңнің есеп шығарғыштығына таң қалатынмын. Алматыға алғаш табан тірегенімде де іздеп жүріп тапқаным осы Сәкең еді. Ол кезде Сәкеңнің үйленгеніне әлі көп бола қоймаған. Жеңгеймен, тұңғышы Барласпен, қарындасы Күнсұлумен аядай ғана пәтер жалдап тұрады. Өзі студент. Белгілі жай ғой. Тақұл-тұқыл тіршілік. Соған қарамастан, көңілдері көл-көсір. Қашан барсаң дастархан жаюлы. Бұл аңғалдықты қойсайшы. Сол аядай пәтерге кейде қасыма адам ертіп барып, шай ішіп кететін едім. Сонда не Сәкеңнің, не жеңгейдің қабағынан селт еткен кірбің байқалмайтын. Не деген кеңпейілділік! Кейде тіпті азын-аулақ қуанышымды да атап өтетін. Бірде «Жыл он екі ай» деген жинаққа өлеңімнің кіргенін айтып қалған едім, Сәкең мұны елеусіз қалдыруға болмайды деп, жеңгейге дастархан жайғызып, дүкеннен «Портвейн» шарабын әкеліп, кәдімгідей тост көтеріп, тілек білдіргені күні бүгінгідей есімде. Бұл оның үлкен демей, кіші демей адам көңілін аулай білуге бейім тұратын адамгершілігінің көрінісі.  Жалпы Сәкеңнің табиғатынан зерек екендігін көп жылдар өткеннен кейін аңғардым. Мысалы, үй-ішіміздің аралас-құраластығын, ағайын екенімізді есіме салған да Сәкеңнің өзі. Ол әкесі Естай көкеміздің менің әкемнің туған жиені екенін айта келіп, сен менің түпнағашымсың ғой деп бауырына тартқан еді. Қазақтың қанында бар бауырмалдықты бойына қапысыз сіңірген қайран Сәкең!
23.07.2013 04:16 3694

Оқтай зулаған уақыт-ай! Ардақты Сәкеңді – Сайлаубек Естайұлы Жұмабек пен аяулы ұлы Санжарды қайтпас сапарға шығарып салғанымыз күні кеше сияқты еді. Күйбең тіршілікпен жүріп, содан бері бір жылдың бір күндей де болмай өте шыққанын байқамай да қалыппыз.

Қанша қимағаныңмен, қанша қабырғаң қайысқанымен тірі адам тіршілігін жасайды деген өмірдің бұлжымас қағидасымен салпаңдап жүргенімізбен, жаныңа жақын тұтар, жанашыр адамның бейнесі бәрібір көкейіңнен кетпей, қимас көңіл анда-санда аһ ұрып, қайран Сәкең-ай деп қалатыны бар.

Ондайда сонау балалық шақтан бастау алатын өмір тізбектері ойға оралып, Сәкеңнің алғырлығын, зеректігін, адамгершілігін, досқа адалдығын, ағайынға қамқор көңілін, қажет кезіндегі адуындылығын, етжеңділігіне, арсың-гүрсің жүріс-тұрысына кереғарлау жанының нәзіктігін көрсететін небір суреттер көз алдыма келеді.

Сәкең екеуміз бір мектепте оқыдық. Оның менен үш-төрт жас үлкендігі бар. Үй-ішімізбен аралас-құралас болатынбыз. Бала емеспіз бе, бұған онша мән бермейтінбіз. Ауылдағы көп таныстардың бірі сияқты көрінетін. Менің қызығатыным бір-ақ нәрсе – ол Сәкеңнің есепке жүйріктігі. Түрлі себептермен үйге келе қалса, алгебраны жаңғақша шағып, шеше алмай отырған талай есебімнің жауабын тауып беріп, қарқ қылып кететін. Мен сонда Сәкеңнің есеп шығарғыштығына таң қалатынмын.

Алматыға алғаш табан тірегенімде де іздеп жүріп тапқаным осы Сәкең еді. Ол кезде Сәкеңнің үйленгеніне әлі көп бола қоймаған. Жеңгеймен, тұңғышы Барласпен, қарындасы Күнсұлумен аядай ғана пәтер жалдап тұрады. Өзі студент. Белгілі жай ғой. Тақұл-тұқыл тіршілік. Соған қарамастан, көңілдері көл-көсір. Қашан барсаң дастархан жаюлы. Бұл аңғалдықты қойсайшы. Сол аядай пәтерге кейде қасыма адам ертіп барып, шай ішіп кететін едім. Сонда не Сәкеңнің, не жеңгейдің қабағынан селт еткен кірбің байқалмайтын. Не деген кеңпейілділік! Кейде тіпті азын-аулақ қуанышымды да атап өтетін. Бірде «Жыл он екі ай» деген жинаққа өлеңімнің кіргенін айтып қалған едім, Сәкең мұны елеусіз қалдыруға болмайды деп, жеңгейге дастархан жайғызып, дүкеннен «Портвейн» шарабын әкеліп, кәдімгідей тост көтеріп, тілек білдіргені күні бүгінгідей есімде. Бұл оның үлкен демей, кіші демей адам көңілін аулай білуге бейім тұратын адамгершілігінің көрінісі. 

Жалпы Сәкеңнің табиғатынан зерек екендігін көп жылдар өткеннен кейін аңғардым. Мысалы, үй-ішіміздің аралас-құраластығын, ағайын екенімізді есіме салған да Сәкеңнің өзі. Ол әкесі Естай көкеміздің менің әкемнің туған жиені екенін айта келіп, сен менің түпнағашымсың ғой деп бауырына тартқан еді. Қазақтың қанында бар бауырмалдықты бойына қапысыз сіңірген қайран Сәкең!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға