Жаңалықтар

Асылдың сынығы

Қазақта «Асылдың сынығы» деген ұғым бар. Ол әдетте ұлағатты өмір сүрген адамның ұрпағына арнап айтылады. Оған былайғы жұрт сол асыл бейненің көзі ғой деп құрметпен қарайды. Ал егер осы қалыптасқан ұғымға өзгешелеу қырынан келер болсақ, әрбір адамды асылдың сынығына теңеудің еш сөкеттігі жоқ. Өйткені Алла-тағала әу баста адам баласына өзге тіршілік иелерінен ерекше болмыс-бітім берген, айрықша ақыл иесі етіп, басқаның бәрін оның алдына бас июге мәжбүрлеген. Сондықтан әрбір адам өзін асылдың сынығындай сезінуге, мақтаныш тұтынуға толық құқылы деген ойдамыз. Алайда, алмақтың да салмағы бар, өзінің осы асыл тегіне лайықты тірлік істеу адам баласына зор жауапкершілік жүктейді. Бірін-бірі аялап, ардақтап, құрметтеу де сол тегін мәпелей білудің бір парасы. Өкінішке қарай, адамдардың шайтан тіліне ілесіп, асылынан, абыройдан жұрдай болатын сәттері көп. Бұл оның қасіреті, әрине. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Ал бүгінгі сөз сол адамның асыл тегіне лайықты ғұмыр кешіп, елу деген ердің жасына жетіп, жарты ғасырлық ғұмыр биігінен жер шолған әріптесіміз туралы болмақ. Бір қарағанда өзің күнде аралас-құралас жүрген адам туралы әңгімелеу оңай да сияқты. Өйткені сен оны бір адамдай жақсы білесің ғой. Оның үстіне ол өз ісін жетік меңгерген білікті маман, жолдас-жораларына сыйлы қадірлі азамат болса, жүгің тіпті де жеңілдей түспей ме! Ал кейіпкерің қаламы ұшқыр журналист-жазушы, әмбебап аудармашы болса, домбыраға қосылып ән салса, құйқылжытып күй тартса, жұртты еліктіріп, баурап алатын сері, бұған қоса ағаштан түйін түйген шебер, әрі баспадан шығатын кітаптарын өзі безендіретін суретші, ол аз болса күнделікті тіршілікте жарасымды әзіл-қалжыңға ұста әңгімешіл болып шықса ше! Онда тіпті сен айтар ешнәрсе қалмағандай-ау! Мен бұрыннан білетін Махамбет Жәмекұлы дәл осындай жан. Сондықтан да оны танитын алыс-жуықтарға ол туралы тәптіштеу артық. Атын айтпастан әңгіме бастасаң, ол Махамбетке қатысты болса, жұрт салған жерден жазбай танып: «Оу, ол өзіміздің Махаң емес пе!?» дейді. Өз ортасына қадірлі осындай жігіт ағасы туралы сөз қозғағандағы мақсатымыз – жақсының жақсылығын айт нұры тасысын дегендей, азаматты жұртшылық таныған үстіне тани түссін деген ізгі ниет еді. Әрине, қалауын тапсаң қар жанар демекші, қиюын тауып мақтай білсең, қатарда жүрген қарапайым пендеңнің өзіне жел бітіріп, желпіндіруге болады. Діттегеніміз ол емес. Діттегеніміз – бітіргені де аз емес, бітірері де бар азамат жөнінде ой бөлісу.
23.07.2013 03:05 12908

Қазақта «Асылдың сынығы» деген ұғым бар. Ол әдетте ұлағатты өмір сүрген адамның ұрпағына арнап айтылады. Оған былайғы жұрт сол асыл бейненің көзі ғой деп құрметпен қарайды.

Ал егер осы қалыптасқан ұғымға өзгешелеу қырынан келер болсақ, әрбір адамды асылдың сынығына теңеудің еш сөкеттігі жоқ. Өйткені Алла-тағала әу баста адам баласына өзге тіршілік иелерінен ерекше болмыс-бітім берген, айрықша ақыл иесі етіп, басқаның бәрін оның алдына бас июге мәжбүрлеген. Сондықтан әрбір адам өзін асылдың сынығындай сезінуге, мақтаныш тұтынуға толық құқылы деген ойдамыз.

Алайда, алмақтың да салмағы бар, өзінің осы асыл тегіне лайықты тірлік істеу адам баласына зор жауапкершілік жүктейді. Бірін-бірі аялап, ардақтап, құрметтеу де сол тегін мәпелей білудің бір парасы. Өкінішке қарай, адамдардың шайтан тіліне ілесіп, асылынан, абыройдан жұрдай болатын сәттері көп. Бұл оның қасіреті, әрине.

Ол өз алдына бөлек әңгіме. Ал бүгінгі сөз сол адамның асыл тегіне лайықты ғұмыр кешіп, елу деген ердің жасына жетіп, жарты ғасырлық ғұмыр биігінен жер шолған әріптесіміз туралы болмақ.

Бір қарағанда өзің күнде аралас-құралас жүрген адам туралы әңгімелеу оңай да сияқты. Өйткені сен оны бір адамдай жақсы білесің ғой. Оның үстіне ол өз ісін жетік меңгерген білікті маман, жолдас-жораларына сыйлы қадірлі азамат болса, жүгің тіпті де жеңілдей түспей ме! Ал кейіпкерің қаламы ұшқыр журналист-жазушы, әмбебап аудармашы болса, домбыраға қосылып ән салса, құйқылжытып күй тартса, жұртты еліктіріп, баурап алатын сері, бұған қоса ағаштан түйін түйген шебер, әрі баспадан шығатын кітаптарын өзі безендіретін суретші, ол аз болса күнделікті тіршілікте жарасымды әзіл-қалжыңға ұста әңгімешіл болып шықса ше! Онда тіпті сен айтар ешнәрсе қалмағандай-ау!

Мен бұрыннан білетін Махамбет Жәмекұлы дәл осындай жан. Сондықтан да оны танитын алыс-жуықтарға ол туралы тәптіштеу артық. Атын айтпастан әңгіме бастасаң, ол Махамбетке қатысты болса, жұрт салған жерден жазбай танып: «Оу, ол өзіміздің Махаң емес пе!?» дейді. Өз ортасына қадірлі осындай жігіт ағасы туралы сөз қозғағандағы мақсатымыз – жақсының жақсылығын айт нұры тасысын дегендей, азаматты жұртшылық таныған үстіне тани түссін деген ізгі ниет еді.

Әрине, қалауын тапсаң қар жанар демекші, қиюын тауып мақтай білсең, қатарда жүрген қарапайым пендеңнің өзіне жел бітіріп, желпіндіруге болады. Діттегеніміз ол емес. Діттегеніміз – бітіргені де аз емес, бітірері де бар азамат жөнінде ой бөлісу.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға