Автордың елдік, ұлттық, халықтық мәселені бәрінен жоғары қоятыны, бүкіл саналы тіршілігінің осы іске
Осындай толғаныс, халқының бүгіні мен ертеңіне алаңдаушылық, ұлттық сананы қалыптастыруда, тілді дамытуда, дінді насихаттауда, республиканы мекендеген басқа халықтармен қарым-қатынаста атқарылып жатқан істер, оларды жетілдіре түсудің жолдары, республиканың, ұлттың ілгерілеуіне өзге елдердің оң тәжірибесін тиімді кіріктіру мәселелері, ортаға тасталатын және басқа ойлар, пікірлер, тұжырымдар ғалымның "Ел боламыз десек…" деген келесі бір публицистикалық толғамдарының басын біріктірген қомақты кітапта топтастырылған.
Бұл кітабында да автордың елдік, ұлттық, халықтық мәселені бәрінен жоғары қоятыны, бүкіл саналы тіршілігінің осы іске бағындырылғаны бірден аңғарылады. Кітап төрт тараудан тұрады. "Ұлы арман", "Тіл тағдыры – ұлыс тағдыры", "Мұраттастар мәжілісі", "Ел қазынасы – ескі сөз" деген тараулардың әрқайсысының өзіндік көтерер жүгі бар. Басқаша айтқанда, әрбір тарау жеке кітаптың рөлін атқаратындай әсерге бөлейді. Ең бастысы - бұларда айтылатын әңгімелер ғалымның елге, оның бүгіні мен болашағына қатысты оқырманмен ой бөлісулерін қамтиды, автор қайтсек көшімізді түзейміз деген беймаза да қамқор көңілінің алаңдаушылықтарын білдіреді.
Кітаптың беташарында "Ұлт тағдыры туралы толғау" деген тақырыпшаның берілуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің кітапты әлеуметтік маңызды әдебиет тізіміне енгізуі де шығарманың көкейкестілігін көрсетеді. Бұған еңбекпен танысу барысында оқырманның өзі де көз жеткізеді.
Мұнда да автор қандай тақырыпты әңгіме арқауына айналдырмасын, - фольклор мұрасы жөнінде айтса да, газет тілшісімен әдебиет жөнінде сұхбаттасса да, экология, тіл, дін мәселелерін қозғаса да, халық музыкасын сөз етсе де, қазақ мектебінің мәселесін көтерсе де, қазақтың арғы-бергі көрнекті мәдениет, ғылым қайраткерлері туралы ой өрбітсе де, - барлығында да оларды ұлт тағдырымен, ұлтты өркендету жолдарымен шендестіріп, ұсыныстар айтып отырады. Егер ғалымның осы кітаптағы және басқа еңбектеріндегі, күнделікті баспасөзде жиі жарық көріп тұратын мақалаларындағы ұлттың дәстүріне, тарихына, тіліне, әдебиеті мен өнеріне, мәдениетіне қатысты айтқан ұсыныстарын тізімге алып, оның маңыздылығына мән берілсе, ұлттың өркендеуіне қосылған өлшеусіз үлес болар еді. Өкінішке қарай, ғалымның құнды ұсыныстарының кейбіреуі ғана жүзеге асырылып, көпшілігі айтылған жерінде, қағаз жүзінде қағажу қала береді.