Ас – адамның арқауы
01.03.2014 10:32
10065
Қазақстанда тұратын поляктар осында тұратын 120-дан аса ұлттың тамағымен қоса өздерінің ұлттық тағамдарын тамаша пісіреді. Әсіресе поляк асханасы кондитерлік тағам – торунь печеньесі, пончиктері, түрлі бәліштер мен орамаларымен танымал. Сиыр, қой сүттерінен «гурали» деп аталатын ірімшік әзірлейді. Қырыққабатты ашытып квасница, қызылшаны ашытып борщ пісіреді. Дәнді-дақылдардан быламық, ет, шұжық және көкөністерден жасалатын бигос тағамын дайындайды. Қазақ ауылдарында тұратын поляктар қоймен қатар шошқа өсірумен айналысатындықтан шошқа етінен жасалатын тағамдардың да тізімі көп. Оның етінен шұжық пісіреді, сиыр, қой етін сарымсақ қосып тұздайды.
Поляктар Рождество Христово және Пасха діни мейрамдары кезінде түрлі тағамдар пісіреді. Ең қызығы кіші пост – Сочельниктің соңғы күніне арнап он екі етсіз тамақ пісіреді екен. Оның ішіне міндетті түрде балықтан әзірленетін тағам түрлері, қолдан пісірілген тәтті бәліш түрлері, міндетті түрде сочельник борщы, салат және ботқа түрлері, үзбе кеспе және кутья пісіреді.
Самсаны картоп, орамжапырақ, саңырауқұлақ, тіпті алма мен шие салып та пісіреді. Қызылша көжесі мен пісірілген тұқыны сүйіп жейтіндер де осы поляктар. Бал мен қантты көп пайдаланады. Бірінші және екінші тағамдарды, салат түрлерін даярлау барысында қош иісті өсімдік майларын қосады. Майшабақтан – поляк майшабағы, маринадталған майшабақ, майшабақ салаттарын жасайды. Кисель мен компотты даярлауда түрлі жемістерді қолданады.
Діни мейрамдарда даярланатын міндетті тағамдардың бірі кутья. Оны бал, мейіз, көкнәр тағы да басқа қоспалар қосып, қант шырынында тазартылған бидайдан ерекше әдіспен пісіреді.
Бигос рецептурасы – поляк дастарханында күнделікті және мерекелерде көруге болатын дәстүрлі тағам. Бигосқа ет түрлерін, шұжық өнімдерін, көкөніс пен саңырауқұлақ түрлерін қосып, қырыққабатты бұқтыру арқылы жасайды. Бұл тағам түрін жылы күйінде, нанмен бірге ұсынады.
Жүректен жасалған сорпа – діни мейрамдар кезінде даярланатын поляктардың сүйсініп ішетін тойымды сорпасы. Шұжық, көкөніс түрлері және дәмдеуіштер қосылған сорпаны суға піскен жұмыртқа тілімімен ыстық күйінде ұсынады.
Көкөністі салатты поляктар сүйсініп жейді. Төртбұрышты етіп туралған көкөністерге жұмыртқа қосып, үстіне майонез бен қыша қосып жасайды. Жаңа піскен күлшемен жесе тойымды әрі дәмді болады.
Майға піскен майшабақты поляктардың асханасынан жиі кездестіруге болады. Пиязы бар өсімдік майында тұздықталған тұзды теңіз балығы өте дәмді әрі адам ағзасына өте пайдалы болып келеді.
Поляктар басқа ұлттар сияқты котлеттің бірнеше түрін пісіріп, гарнирге пюре немесе суға піскен күріш, макарон немесе қарақұмық береді.
Жеуге жарамды саңырауқұлақтарды көже, тұздық, тартылған ет сияқты тамақтарға және қуырылған жұмыртқаға қосымша ретінде қосса өте дәмді болады, сондықтан поляк асханасында жиі пайдаланылады. Қазақстанда тұрып бешбармақ, палау пісіруді де үйренген.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Неміс ұлтының асхана мәзірі
Келесі жаңалық
Биыл жол апатынан зардап шеккендер саны екі есеге өсті