Ұлттық мұрасын насихаттаған алматылық қырғыздар
Этникалық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық. Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін туған шаңырағына айналды. Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған.
Нұрсұлтан Назарбаев
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» жолдауында мақтанышпен айтылатын осындай жолдар кездеседі. Ынтымағы жарасып бейбіт тіршілігін кешіп жүрген жүз қырық ұлт өкілдерінің қай-қайсысының да өз еркін өмір сүріп, ұлттық өнерін, дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін дамытуға, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Осылайша, келешек жастарға үогі-өнеге көрсетіп, өз ұлтының туған тілімен, рухани мұрасымен, салт-жоралғыларымен сусындатып жатқан өзге ұлт өкілдерінің ішінде қырғыз бауырларымыз да бар. Олардың осы бағыттағы мақсаттарын жүзеге асыруға Алматы қаласының «Достық үйі» этносаралық қатынастар проблемаларын зерттеу орталығы ұйытқы болып отыр. Бұл мекеменің қарамағында айыр қалпақты ағайындарымыз 1996 жылы «Мекен» атты Қырғыз ұлттық мәдени орталығын ашып, кейін орталық мүшелері ақылдаса келе «Мурас» деп өзгерткен екен. «Мурас» деген сөзді қазақшаға аударғанда «мирас» болады, ал мағынасына жүгінсек атадан әкеге, әкеден балаға қалатын мұра дегенді білдіреді. Атадан қалған мұраның қатарында «Манас» дастаны, фольклорлық туындылар, әр түрлі жанрдағы вокалдық және аспаптық музыкалық шығармалар кіреді. Осы ұстаныммен ата баба дәстүрін мирас етіп алған «Мурас» орталығының мүшелері қазақ жерінде қызмет етіп, өз өнерлері мен дәстүрін насихаттап келеді. Туған мекенінде тұрған барлық ұлттарды бауырына басып келе жатқан қазақтың мұндай ниет танытуын бұл қырғыз этномәдени бірлестігінің жетекшісі Руслан Мамыров та ауызға алып отыр. «Қырғыз елі думаншыл, бүкіл әлем халқы көз тіккен халық ауыз әдебиетінің кесек туындысы, тарихи эпос – «Манас» дастанын, халық музыкасы мен би өнерін, ұлттық музыка аспаптарын, яғни қомыз, қыл-қыяқ, чоор, керней, сурнай, добулбас және т.б. көзінің қарашығындай мирас етіп сақтап келеді. Осының бәрі ата-бабамыз арқылы қанымыздаға берілген қасиеттің бірі болар», – дей келе Руслан Мамыров, қырғыз орталығының атқарған жұмыстарын айтып өтті. Яғни, Этномәдение бірлестіктің мүшелері «Түркі әлемі мәдени қорымен» бірлестікте Наурыз мерекесінде киіз үй құрып, ұлттық тағамдар көрмесін жасағанын, Алматы қалалық алаңында халықтар достығы күніне орай ұйымдастырылған көрмеге атсалысып, сол күні М.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында мерекеге арналған кеште өнер көрсеткенін, «Тілдерді қорғау және дамыту» аясында өткен Алматы қалалық ұйымдар байқауында Ұлттық бұйымдар көрмесінен 3 орынға иеленгендерін мақтанышпен баяндады.
Күрделі іс-шаралардың қатарында «Мурас» орталығы – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлестікте Ш.Айтматов пен М.Әуезов шығармашылығына арналған дөңгелек үстел, Қызғызстан республикасының 21 жылдық егемендік күніне орай мерекелік жиын, Шыңғыс Айтматовтың рухына арналған еске алу кешін ұйымдастырып, Бішкекте және Ыстық көлде қырғызстандықтардың және мекендестердің 1-дүниежүзілік форумына Қазақстан қырғыздары атынан қатысқан.
Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында өткен, яғни Қ.И.Сатбаев атындағы ҚазҰТУ «Қазақстан − татулық бесігі!» және Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде «Тіл күніне арналған» іс-шараларда Қырғыз этномәдени бірлестіктің мүшелері ұлттық дәстүрді, тағамдарды, аспаптарды, өнерді биік деңгейде көрсеткен жетістіктерімен бөлісті.
Осылардың біріне тоқталып өтсек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы бойынша Алматы қаласының «Достық үйі» этносаралық қатынастар проблемаларын зерттеу орталығының қолдауымен «Мурас» Қырғыз этномәдени бірлестігі ұйымдастырған кезекті салтанатты мерекеде Алматы қаласында тұратын қырғыздар бас қосты. Мерекелік іс-шара ресми және бейресми түрде өтті.
Ресми бөлім «Мурас» Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Руслан Мамыров кіріспе сөз сөйлеп: «Қазақ пен қырғыз бауырлас халық. Бұл ұлттардың дәстүрі де, тілі де ұқсас. Сондықтан біздің ынтымағымыз баянды болсын» – деп, екі елдің ән-ұранымен ашты.
Бұл басқосуда баяндама оқып, пікір білдіргендердің қатарында − Алматы қаласындағы Қырғыз Республикасы Консулдығының бас өкілі Э.К.Насиров, Қазақстан халқы Ассамблея хатшылығының төрайымы М.А.Абдралиева, «Мурас» Қырғыз этномәдени орталығының қалыптасып, дамуына үлесін қосқан, ҚБ мүшелері С.Шамыратова, Р.Акматов және т.б. болды. Іс-шарада көтерілген мәселелердің ішінде − Қырғыз елінің тәуелсіздігі, өткені мен болашағы, қазақ пен қырғыз елдерінің мәдени және тарихи байланысы, дәстүр жалғастығы және т.б. болды. Осы ретте әлемнің 38 мемлекетінде қырғыздар мекен ететінін айтып «Аспанда жұлдыз көп пе? Жерде қырғыз көп пе?» − деп мақалдап, мақтан ететіндері де көрінеді.
Ресми бөлімнің соңында талай жылдар бойы осы бірлестікте қызмет атқарып келген, қырғыздың мәртебесін биіктетіп көрсеткен, елін сүйген, жерін сүйген ақсақалдарын және ежелерін мақтау қағаздарымен марапаттап, дастархан басында өтетін концертке шақырды.
Екі бөлімді басынан аяғына дейін жүргізген осы бірлестіктің ең жас мүшесі Тілек Сұлтан бұл кешті қырғыз елі ғасырлар бойы кешкен тарихи уақиғалардан мысалдар келтіріп, халық даналығынан нақыл сөздер, мақал-мәтелдер арқылы көркейте білді.
Бұл концерттік бағдарламаның тосын, әрі үлкен жаңалығы – ата салтынан мұра болып қалған «Манас» эпосын қазақстандық қырғыздың қайта жаңғыртуында еді. Халықтың дүниетанымын, тарихын, дәстүрін, рухани байлығын танытатын «Манас» эпосын орындаған «Хабар» теле-арнасының режиссері Қанатбек Усубалиев. Жастайынан «Манас» дастанынан нәр алып, сусындап өскен Қанатбек, «Манасты» оқыса да, орындаса да өзін дастанның негізгі кейіпкері ретінде сезінетінін ашып айтты. Театрлық элементтермен бірге ұштасатын, көркемдік проза, поэзия, вокалдық музыканың негізінде құралған «Манас» дастанын орындау барысында жоғары дәрежедегі шеберлікті танытып, речитативті әуен басталғанда қолын сермеп жіберіп, арасында соғып қойып, мимикалық-жесттік қимыл тәсілдердің болмысын сақтай отырып, театралдық, әуендік-декломациялық, актерлік көріністің барлық шарттарын көрсете білді.
Бұл кеште қырғыздың кең танымал ырлары, көне ұмыт қалған әндері және жаңадан насихатталып жүрген туындылары да шырқалды. Мийзаев Алмазбек аккордеонның сүйемелдеуіменен «Бұл менің жүрегімнің өтініші», «Қызыл өрік» әндерін орындаса, Еркин Абдилдаев халық ыры «Ала-тоо», Жібек Әділхан халық ыры «Қайдасың?», Жүніс Османов «Жаңбыр төкті», «Арман», Марат Кулманбетов 1990 жылдары қазақ тойланырының хитіне айналған Ибрагим Жунусовтың «Еламан» әнін салды.
Кештің қонағы ретінде арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова қырғыздың «Қырғыз жері», «Жүрегім сенің қолыңда» деген ырларымен бірге қазақтың «Тулайды жүрек» атты әнін тарту етті. Жұрттың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген әншінің орындауындағы туындыларды халық үлкен ықыласпен қабылдап, орнынан тұрып, арқасы қыза түсіп, тіпті билеп те кетті.
Әңгіме арқауына айналған «Мурас» қырғыз этномәдени орталығының ендігі жоспарлап отырғаны жексенбілік мектеп ашып, көркемдік ұжым ұйымдастырсақ дейді. Себебі, өскелең ұрпақтың болашағын ойлап, олар өз тілдерін, өнерін, мәдениетін, дәстүрін ұмытпас үшін мұндай әрекеттердің жасалу керектігін мойнына алып отыр. Алдыға қойған мақсатқа жетуді көздеген «Мурас» этномәдени орталығы атадан балаға мирас болып қалған алтын қазынасын насихаттауда елеулі еңбек етіп, алыста болса да халқына адал қызметтерін атқарып жүргенін байқаймыз.
Артта қалған тарихымызға көз жүгіртсек қазақ елі қай кезеңде де қонақжай болып, сырттан келген жолаушыны құшақ жайып қарсы алған. Ал ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қырғыз бауырларын бауырына басып, қиын-қыстау кезеңде қол ұшын беріп, әрдайым қолдап, сүйеп жүрген қазақ халқының кең пейілін бүгініміз бен кешегіміз дәлелдейді. Бүгінімізді – көпұлтты мемлекеттің ауызбіршілігін арттырып, берекесін келтіріп отырған Елбасының ерен еңбегі мен салиқалы-салдарлы саясатының арқасында жеткен татулық пен бірліктен көрсек, кешегімізді – «Манас» дастанында көрініс тапқан жолдар баяндайды деп, ойымызды осы үзіндімен тұжырымдаймыз:
Қалың қазақ тілдесіп,
Жер қайысып ду есіп,
Алмамбетті көруге
Келді бәрі гулесіп,
Керней даусы аңқылдап,
Жыршылары саңқылдап,
Аспандаған ала ту
Алдарынан жалтылдап,
Алмамбет пен Мәжікті,
Алды қарсы шуменен,
Ақ боз бие сойдырып,
Той жасады тойдырып,
Тарқасты жұрт думенен...
«Манас» дастаны.
Айнұр Қазтуғанова
өнертану кандидаты,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының аға ғылыми қызметкері
«Манас» дастанынан үзінді жырлаған Қанатбек Усубалиев және «Мурас» Қырғыз этномәдени орталығының мүшелері Жібек Әділхан, Тілек Сұлтан
|
«Мурас» Қырғыз этномәдени орталығының төрағасы Руслан Мамыров
|
«Манас» дастанынан үзінді жырлаған Қанатбек Усубалиев