Поляктардың тарихи-мәдени мұрасы
01.03.2014 10:54
10062
«Наның бар болса, жаныңдағымен бөліс» демекші, Қазақстанда тұратын ұлттар қазақ жұртымен бірге суық пен ыстықты бөлісіп келеді. Соның арқасында елімізде тыныштық, бейбітшілік орнап отыр. Мәдени орталықтар ашып, кітап-журналдар шығарып, елімізге еңбектерін аянбай атқарып жүрген қаншама өзге ұлттың Қазақстан азаматтары бар. Қонақжай қазақтың төрінен орын алған сондай ұлттардың бірі – поляктар.
Жалпы поляктар - Польшаның байырғы және негізгі халқы. Әуелгі атауы да поляктар. Олар славян тілдерінің батыс тармағына жататын поляк тілінде сөйлейді. ТМД елдерінде, АҚШ, Франция, Канада, Бельгия, Бразилия, Аргентина, т.б. мемлекеттерде де тұрады. 2003 жылғы санақ бойынша поляктар 45 млн адамға жеткен. Христиан дінінің католик бағытын, ал солтүстік аудандары протестант тармағын ұстанады. 10-11 ғасыр аралығында Поляк мемлекеті құрылған соң ұлт ретінде қалыптасқан. Мал шаруашылығы және теңіз шаруашылығымен айналысады.
Тарих деректері бойынша поляктардың алғашқы бейресми бірлестіктері қазақ жерінде XVIII-XIX ғасырлардың 80 жылдарының аяғына таман Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Алматы қалаларында пайда бола бастаған.
1936 жылғы жер аудару науқаны, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тұрмыс ауырлығы қазақ пен поляк халқын еріксіз жақындастырды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 250 мыңға жуық поляк ұлтының азаматтары жер аударылған. Алматы облысының көпті көрген ақсақалдары әлі күнге дейін қазақтардың қамқорлығын ерекше атап, сөз етіп отырады. Жергілікті қазақтар жер ауып келген поляктарға шамалары келгенше көмек беруден аянбады. Ауыл-селоларға қоныс аударған поляктарға кейбір қазақтар өз үйлерінен орын тауып, кейбіреулері қораларына шейін мүлде босатып берді. Қос халықтың қиын-қыстау күні мен түнінде жасаған жақсылықтары ұмытылмай, ұлт достығының нышанына айналды. Жер аударылып келген өзге ұлт өкілдері сияқты поляктарға да білім алуға, мамандығы бойынша қызмет атқаруға, мемлекеттік басқару орындарында қызмет етуге шектеулі құқық берілді.
Егемендікке қол жеткізген Қазақстан «Саяси қуғынға ұшыраған халықтарға бостандық беру» туралы заң қабылдады. Осы заң бойынша қазақстандық поляктардың алдынан бостандық есігі ашылды. Бұл мәселені Қазақстандағы поляк диаспорасының мүддесін қорғаушы поляк қоғамы, оның Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шымкент облыстарындағы қауымдастықтың мәдени орталықтары да қызу қолдады.
Қазақстанда өткізілген санақтың қорытындысы бойынша 1999 жылы 47 297, соның ішінде Қарағанды облысында 5572 поляк ұлтының өкілдері тұрса, 2009 жылғы санақ бойынша 39 869 поляк тіркелген, яғни бұл ұлт өкілдерінің саны бірнеше мың адамға азайған болса, қазіргі таңда шамамен 50 000-ға жуықтап қайта көбейген.
Қазақ елінің қалаларында поляк ұлтының өкілдері өз қоғамдарын құра бастады. Соның бірі Қарағанды облыстық "Полония" қоғамы 1991 жылы құрылған. Қоғамға алғаш төрағалық жасаған Франц Николаевич Богусловский болған. Бұл қоғамының негізгі қызметі білім беру, мәдени-ағарту жұмыстары, поляк салт-дәстүрлерін жаңғырту, көрме, концерт, конкурс, кештер өткізу, көркем өнерпаздықты дамыту, Польшаның жоғары және орта оқу орындарында оқуға жастарды даярлау болған. "Полония" мүшелері облыс көлемінде өткізілген шараларға белсене қатысқан. "Веспульнота Польска" гуманитарлық акциясының арқасында оқушылар жазғы демалыс кезінде Польшаның лагерлеріне барып білім алуға мүмкіндік алды. Жыл сайын Қарағанды облысы бойынша 20-25 бала тарихи Отандарымен етене танысып келеді. Сонымен бірге "Веспульнота Польска" тілді тез үйрену курсын ұйымдастырып, оның барысында экскурсиялар өткізіліп отырады. Э.Надобко басщылығымен құрылған "Сковронки" әйелдер вокальдық тобы облысқа танымал болды.
1992 жылы Павлодар қаласында да "Полония" атты поляктар қоғамы құрылды. 1996 жылдан бастап қоғамның төрағасы Свинцицкий Виталий Зифридович болып сайланды. 2000 жылы ол Қазақстандағы поляктар Одағы төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Поляк ұлтының мәдениеті мен тілді насихаттау және жаңғырту, ұлтаралық келісім мен достықты нығайту үшін «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталды. Поляктар Одағының мақсаты ұлттық салт-дәстүрді қайта өрлетуге, ана тілі мен тарихын зерттеуге, мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізуге, тарихи отанмен қарым-қатынас орнатуға және дәстүрді сақтауға бағытталған. Қоғам мүшелігіне Фомина Мария Брониславовна және Панасенко Алла кіріп, ардагерлер кеңесі мен жастар бірлестігіне жетекшілік жасап келеді. "Полония" поляктар қоғамы ұлттық-мәдени орталығының өкілдері Қазақстандағы ассамблея ұйымдастыратын барлық облыс, қала ұлттық және мемлекеттік мейрамдарына қатысып, өз өнерлерін көрсетіп атсалысуда. Басқа ұлттық-мәдени орталықтармен тығыз араласып, достық қарым-қатынастарын арттыруда. Орталықта көркемдік жетекші Лариса Самонович жетекшілік ететін «Бір отбасы» вокалды топ поляк халық әндері мен эстрадалық әндерді орындайды. Павлодар облысының поляктары өз Отаны - Қазақстан Республикасының дамуына өз үлестерін қосуда.
Қазақстан мен Польша білім беру министрліктерінің арасындағы арнайы келісім бойынша Республиканың қалалары мен ауылдарында он алты орта мектепте поляк тілінде оқыту мектептері ашылған, жиырма екі жексенбілік мектептері жұмыс істейді. Соңғы он жылдан бері Қарағанды мектептеріндегі Польшадан келген ұстаздар ересектер мен оқушыларды ана тілінде оқытады. Қарағанды қаласының үш бірдей орта мектебінде және Теміртау қаласындағы гимназияда поляк тілінің курсы құрылған. Жыл сайын Польшаның жоғарғы оқу орындарына жүзден аса қазақстандық жастар құқық пен медицина тәрізді дәрежелі факультеттеріне тегін оқуға қабылданады. Қазақ студенттердің көбісі Краков университетін таңдайтындары анықталған. Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «поляк тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бөлім ашылған. Польшадан бөлінген қаражат есебінен оқу бөлімдері компьютерлік және лингафондық техникамен жабдықталған.
Кітап – сарқылмайтын қазына, тұнып жатқан білім. Қазақстанда тек қазақ ақын-жазушылардың кітаптары ғана жарық көріп жатқан жоқ, сонымен қатар өзге ұлттың кітаптары біздің тілге аударылып, кітап қорымыз артып жатыр. Халықтарды мәдени жақындастырудың бірден-бір жолы – кітап шығару деген мақсатты ұстанған Варшавадағы Қазақстан Елшілігі мемлекетіміздің ұлттық салт-дәстүрлерін, тарихын таныстыру үшін кітап басып шығару арқылы өзара байланысын нығайтуда да осы жолды таңдады. Бұл елшілік қазақ және поляк тілдеріндегі кітаптардың тұтас сериясын шығарумен айналысып келеді. Соның бірі поляк ақыны әрі классик Болеслав Лесьмяннің шығармасы - «Сиқырлы тұлпар туралы ертегі». Польшадағы Қазақстан Елшілігінен «Қазақ даласының аңыздары» атты халық ертегілері жинағы, «Қазақстандағы поляктар тарихынан: 1936-1956», ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы», «Қазақстан – халықтар мен діндердің ортақ үйі» т.б. кітаптары жарық көрді. Бұл кітаптардың барлығы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына өткізіледі.
«Полония» және басқа да орталықтарда білім алатын оқушыларға жазғы демалыста Польшаның лагеріне барып демалуға жағдай жасалған. Еліміздегі поляк ересектері мен балаларды ана тілімен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен жақын таныстыру мақсатында ұлттық мәдени бөлімше ашылған. Мұндағы сабақтарды Польшадан келген мұғалімдер береді. Бұл мектеп шәкірттерінің көбі Польшаның жоғарғы оқу орындарында білім алады. Екі ел арасында «көпір» болып, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытып отырған Польшаның Быдгош және Қазақстанның Павлодар қалалары. Соңғы жылдары еліміздің қалалары мен ауылдарында ондаған костелдер салынды.
"Полония" қоғамы мен облыстық білім департаменті "Қазақстанда қазақ тілін оқыту мен перспективасы" атты тақырыпта поляк мұғалімдерінің арасында конференция өткізді. Білім министрлігінің келісіміне сәйкес Польша мемлекеті Қазақстандағы мәдениет орталықтарын оқытушылармен қамтамасыз етіп отыруы қажет. Атқарылып жатқан бұл игі істер екі мемлекеттің білім бағдарламасының дамуына септігін тигізеді.
1996 жылы Теміртау қаласында "Nadzieja" деген поляк ұлттық-мәдени орталығы құрылды (поляк тілінен аударғанда "Үміт"). Оған Петр Бернардович Яворский басшылық етті. "Үміт" поляк ұлттық-мәдени орталығы аймақтың өміріне белсене араласып, қоғамдық ұйымдармен, мәдениет және білім мекемелерімен жемісті қарым-қатынас жасайды. Шығыс Қазақстан облысындағы халықтар Достық үйінде 25 тамыз Тілдер күні «Тіл –достық кепілі» атты мерекелік салтанаттың ашылымы болып өтті. Бағдарламаға сәйкес әдеби көрме ұйымдастырылды, Қазақстанда тұратын ұлттардың халық әндері айтылып, өлеңді мәнерлеп оқу шеберлерінің байқауы ұйымдастырылды. Поляк мәдени орталығы «Үміт» балалар үйінде ашық сабақ өткізілді. Тарихи-өлкетану мұражайы мен қорыққа саяхат жасау шаралары ұйымдастырылды.
Польшаның мемлекет қайраткерлерінің Қазақстанға ресми сапарларында олардың диаспора өкілдерімен кездесулері дәстүрге айналды. Польша Президенті Квасьневскиймен, Премьер-министр Миллермен, Сенат мүшесі Пастусякпен, Сейма және Сенат делегациясымен, Сыртқы істер министрі Тимошевичпен кездесулер өткізіліп тұрады. Мыңдаған Қазақстандық поляктар өздерінің тарихи отанына тегін барып және ондағы тұрмыс-тіршілікпен, адамдармен және мәдениетпен жақынырақ танысады. Поляктар одағына ұлттық көркем, тарихи, діни және оқу әдебиеттері, бейнетаспалар, компакт-дискілер, компьютерлік программалар жеткізіліп тұрады.
Қазақстандық поляктар өздерінің туысқандары, достары, жақындары өмір сүретін, және әртүрлі ұлт өкілдері біртұтас тату отбасына айналған Қазақстанды өз Отаны ретінде мақтанышпен, сый-құрметпен қабылдайды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақ жеріндегі неміс ұлтының тарихи-мәдени мұралары
Келесі жаңалық
Заттыбек Көпбосынұлы туған күнін дүркіретіп атап өтті