Жаңалықтар

Қазақ жеріндегі неміс ұлтының тарихи-мәдени мұралары

Қазақ жерінде достық қарым-қатынаста тұрып жатқан неміс ұлтының өкілдері орталықтар мен ұйымдар құрып, мәдениетіміздің дамуына кішкене болса да өз үлестерін қосып жатыр. 
01.03.2014 10:53 11135
Қазақ жерінде достық қарым-қатынаста тұрып жатқан неміс ұлтының өкілдері орталықтар мен ұйымдар құрып, мәдениетіміздің дамуына кішкене болса да өз үлестерін қосып жатыр. 
 
Немістер қоғамы – 1989 жылы құрылған неміс диаспорасының қауымдастығы. Президенті ретінде Е.В. Шефер тағайындалған. Ұйымның басты мақсаты – немістердің ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін өркендету және неміс тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру. Тараз қаласында немістер қоғамының атсалысуымен неміс мәдениеті орталығы, неміс жастарының клубы, кәсіпкер немістер клубы, неміс кітапханасы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Немістер қоғамы неміс жастарын Германияда оқытуды көздейтін «Графис» бағдарламасын жүзеге асыруға белсене атсалысады. Қазақстан қалалары мен облыс көлемінде өткізілетін мәдени іс-шараларға қызу араласады.
 
 "Видергебурт" неміс орталығы 1989 жылы құрылған Қарағанды облыстық қоғамы, ол облыс аймағында және Қазақстанда пайда болған мәдениетті жаңғыртудың алғашқы орталықтарының бірі. Оның атауына ерекше маңыз берілген. Неміс тілінен "Видергебурт" сөзін аударғанда "жаңғыру", сонымен қатар "қайта туу" деген мағынаны береді. Орталықтың басты мақсаты - неміс халқының салт-дәстүрін қайта жаңғырту, олардың өзіндік ерекшелігін сақтау болып табылады. Қазақстанды өз Отаным деп санайтын немістер өздерінің тарихи құндылықтарын барынша сақтап қалған. 
Орталық мәдени және білім беру кешені, жастар клубы, еңбек армияшыларын қорғау қоры, әлеуметтік медициналық көмек, кеңес беру және аударма бөлімі сияқты бірнеше бөлімшеден тұрады. Бұл бөлімшелер дерлік Германия мен Қазақстан бірлесе отырып бекіткен бағдарламалар бойынша жұмыс істейді, Қазақстандағы немістердің этникалық жаңғыру бағдарламасындағы міндеттерді орындайды. Еліміздегі шикізаттан дәрі жасайтын заводқа фармацевт мамандарды даярлау қолға алынған. 2002 жылы компьютерлік технология мамандарын даярлайтын бөлімше жұмыс істей бастады. Ондағы студент жастар Германияның есебінен грантқа ие болып, стипендия алады. 
 
Қарағанды қаласында"Эрфольг" оқу орталығы ашылған. Мұнда жеті бөлімшеден құралған кездесулер орталығы жұмыс жасайды. Базалық орталық Қарағанды қаласында, оның филиалы Саран, Абай, Теміртау, Шахтинск, Сәтбаев, Балқаш қалаларында. Кездесу орталықтарының мүшелері көптеген республикалық, облыстық және қалалық шараларға тұрақты қатысып тұрады. Олардың "Наурыз" мерекесіндегі мерекелік концертке, сондай-ақ ұлттық мәдени фестиваліне қатысқандағы өнерлерін көпшілік естерінде сақтады. Қазақстандағы неміс балалары қазақ балаларынан кем білім алып жатқан жоқ, олардың өздері қызығатын түрлі үйірмелерге, спорттық шараларға, ал ересектер курстарға қатысуға толық мүмкіндіктері бар. 
 
Елімізде қазақ азаматтарымен қатар өзге ұлттың өкілдеріне атқарған еңбектері үшін ескерткіштер қойылып жатады. Сондай ескерткіштердің бірі Қарағанды қаласында атақты суретші, антифашист Генрих Фогелерге арналып, бой көтерді. Суретшінің Отаны Ворпсведе қаласы мен Қарағанды қалаларының достық қарым-қатынасының арқасында тұрғызылды. 
 
Неміс орталығының аясында "Видергебурт" әлеуметтік бөлімшесі қызмет көрсетеді. Бөлімше 36-ға жуық ауыл мен серіктес қалаларды қамтиды. Есепке алынған 3000-ға жуық қариялар мен жағдайы нашар адамдарға материалдық және медициналық көмек көрсетеді. Жылына екі мәрте Қарағанды қаласы мен облыстағы еңбек армияшыларының денсаулығын жақсартуға негізделген кешенді шараларды іске асыру әдетке айналған. 
 
Қазақстандағы неміс жастары да өз белсенділіктерін мықтап арттыруда. Жастар клубының арқасында лингвистикалық жастар лагерінің, сонымен қатар халықтық ұжым атағына ие болған "Фольксквелле" хореографиялық ансамблінің жұмыстары алға жылжуда. Би тобы тек Қазақстанда ғана емес, Германияда да баршаға танылып, өнерлерін асқақтатуда. Саран қаласындағы неміс орталығының филиалы да белсенді жұмыс істейді. Олардың би мен вокальдық ұжымдары, КВН командасы көптеген фестивальдарға, шығармашылық шараларға қатысып жүлделі орындарды иеленіп жүр. 
 
"Эрфольг" орталығы – Қарағанды қаласындағы балабақша, жалпы білім беретін мектеп, балалар мен ересектер орталығы, жексенбілік мектеп, неміс тілін оқытатын курстарды қамтитын  кешен болып табылады.  Курсты тек қана неміс ұлтының адамдары ғана емес, сонымен қатар неміс халқының тіліне қызығушылық білдіретін кез-келген азаматтың қатысуына болады. "Эрфольг" мектебінде 200-ге жуық бала 9 сыныптық білім алуда, болашақта 12-сыныптық сынып құру міндеті қолға алынған. Жалпы білім берумен қатар ағылшын, неміс тілдері тереңдете оқытылады. Сыныптан тыс түрлі шаралардың ұйымдастырылуының арқасында балаларға жан-жақты болуға мүмкіндік жасалған. Спорт жағынан да қалыс қалып жатқан жоқ. Мектептегі спорт секцияларына белсене қатысып, жас күнінен шымыр да сымбатты болып өседі. Неміс халқының әдет-ғұрпы, мәдениетімен таныстыратын арнаулы бөлімше жұмыс жасайды. 4 деңгейлік оқу жүйесі мектепте кеңінен қолданылады. Бірінші деңгейде мектепке дейінгі тәрбие мен даярлық бөлімінде бүлдіршіндер оқу процесіне әзірленіп, шет тілдерін оқуға ерте бастан даярланады. Екінші деңгейде бастауыш сынып бағдарламасымен бірге неміс пен ағылшын тілін тереңдетіп оқып, жалпы мәдени білім беріледі. Үшінші кезеңде - мемлекеттік стандартқа сәйкес жалпы біліммен бірге өзі тілін үйреніп жүрген елдің салт-дәстүрін қоса үйренеді. Төртінші деңгей бойынша жоғарғы сынып оқушыларын белгілі мамандықтарға даярлайды. 
 
1975 жылдың 6 ақпанында Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің бұйрығымен Теміртау қаласында алғашқы неміс театрының іргесі қаланды. Театрдың көздеген мақсаты қазақ жерінде өмір сүретін неміс халқының рухани құндылықтары мен тарихи-мәдени мұрасын сақтап, оны әрі қарай дамыту болды. 1980 жылдың 26 желтоқсанында Александр Райменгтің  «Алғашқылар» пьесасымен театрдың сахнасы ашылды. Ресейден білім алған 29 жас әртіс Қазақстанға келіп, театрда еңбек етті. Театр репертуарында тек неміс емес, орыс классиктерінің шығармаларынан спектакльдер жүріп отырды. Немістердің өзге елге көшіп келгендегі бастан кешірген хикаялары, қуаныштары мен қасіреттері, жаманы мен жақсысы және қазақ халқымен қарым-қатынасы пьесада айқын бейнеленді. Театрдың өркендеуіне, дамуына ақын-жазушылардың еңбегі зор болды. Театрдың труппа құрамы артып, гастрольдік сапарларға шыға бастады. Уақыт өте театрдың ұлғаюына байланысты Теміртаудағы театр ғимараты оларға тар бола бастады. Сөйтіп 1989 жылы театр әсем қала Алматыға көшірілді. Дәл осы жылы немістердің өз Отанына оралу науқаны басталып, Лидия Ганнан басқа әртістердің бәрі көшіп кетеді. Театр құрамы өзге ұлт өкілдерімен толығып, үлкен өзгеріске ұшырады. Ұлыбритания, Германия, Литва, Франция елдерінен шақырылған режиссерлер жаңа бағыттағы жаңа спектакльдерді алып келіп, театрдың дамуына өз үлестерін қосты. Олар: Джеффри Черч, Фредерике Фельбек, Арна Арлей, Кристоф Фетрие, Джеймс Джойс, Катарина Шмеер, Ирина Симонова. Шығармалар: «Макбет», «Немецкий как иностранный», «Миры в переходах», «Дай жару», «Войцек», «Девушка и Смерть», «Оскар и Розовая Дама», «Дон Жуан приходит с войны», «Счастливый Ганс», «По одежке протянешь ножки», «Свобода»  т.б. 
 
Театрдағы қойылымдар орыс және неміс тілдерінде жүргізіледі. Неміс тілін меңгермеген көрермендерге неміс тілінен орыс тіліне тікелей синхронды аударма ұсынылып, қойылымдарды түсінуге септігін тигізеді. 
 
Республикалық Неміс Драма театры өз ұлтының мәдени мұрасын сақтауды, оны әрі қарай дамытып, келер ұрпаққа жеткізуді көздейді. Уақытпен бірге театр репертуары жаңартылып, толығып, өзге елдердің сазгерлері мен режиссерлері келе бастады.
2010 жылдың 21 желтоқсан айында Астана қаласында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында неміс тіліндегі Абайдың өлеңдері мен «қара сөздері» топтастырылған  жинақ жарық көрді. «Аманат» журналының бас редакторы «Абай» халықаралық клубының президенті, Бүкіләлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі Роллан Сейсенбаев Абайдың шығармаларын неміс тіліне аудару үлкен қажырлы еңбекпен келгендігін, оны басып шығаруға 15 жылдан астам уақыт кеткендігін атап айтты.  Қазақтың бұл қуанышты ісіне немістің атақты ақыны Лео Кошут Абайдың өлеңдерін аударып өз еңбегін қосты. Қазақстандағы Германия жылы аясында басылған жинақтың таралымы 1000 дананы құрайды.
 
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға