Жаңалықтар

Қазақстанға елеулі еңбегі сіңген поляктар

Патша үкіметі қазақ өлкесіне жер аударған поляк көтерілісшілері Қазақстан аумағында алғаш рет XVIII ғасырда пайда болды.
01.03.2014 10:51 10103
Патша үкіметі қазақ өлкесіне жер аударған поляк көтерілісшілері Қазақстан аумағында алғаш рет XVIII ғасырда пайда болды. Жергілікті өкімет билігі оларды өз еріктерінен тыс Жайық және Сібір қазақтарының қатарына зорлықпен тіркеп жіберген болатын. Олардың едәуір бөлігін поляктардың таңдаулы тобы – дворяндар құрады. Поляктардың қатарында ақын-жазушылар, суретшілер мен дәрігерлер, инженерлер және заңгерлер көп болды. Поляктардың басым бөлігі қалада тұрды. 1897 жылы өткен халық санағы бойынша Қазақстанда 1200-ден аса поляк тұрған. Олардың басым көпшілігі Орал, Семей, Ақмола және Сырдария облыстарында қоныстанған.
1839 жылы патшалы Ресей Польша патриоттарын Сібірге, Қазақстанға жер аудартты. Сондай жер аударылғандардың бірі поляк жазушысы  – А. Янушкевичтің өмірімен таныс болайық. Янушкевич Адольф  1803 жылы Минск губерниясы Несвиж қаласында ақсүйектер отбасында дүниеге келген.  Поляк халқының көрнекті демократ -революционері, көсемсөзші. Вильно университетінің филология факультетінде білім алған. Ақын Мицкевич басқарған ұлт-азаттық қозғалыстың жасырын мүшесі болған.  Қызмет ету жолында мұғалім де, қалалық депутат та болып жұмыс істеген. 1830 жылы өткен ұлт - азаттық көтеріліске қатысып жүріп, қатты жараланып, қолға түседі. 1831 жылы Брест, Мәскеу арқылы Вяткаға, кейін Киевке жіберіледі. Бір жыл өткен соң әскери сот үкімімен ақсүйек атағынан айырылып, 25 жылға Сібірге жер аударылады. Янушкевич айдаудың алғашқы 12 жылын Сібірде өткізсе, 1832-1844 жылдар аралығында Тобыл, Омбы, Ақмола өңірінде айдауда болады. А.Янушкевич айдауда болған жылдарында ақын Г.Зелинскиймен танысады. Нәтижесінде Зелинский  қазақ елі туралы “Қазақ” және “Дала” атты дастандарының тууына ықпал етті. Ол Омбыдағы шекара басқармасына ауысуға рұқсат алады. Қазақ даласына жиі сапарға шығатын экпедиция құрамына енгізіледі. Сапар барысында көргендері мен білгендерін күнделігіне жазып, Польшада тұратын жақындарына хат арқылы жолдап отырады. Ол қазақтың тұрмыс-салты, өлең-жыршылығы, қонақжайлылығы, қазақтың Құнанбай, Батыр Барақ, Шөже сияқты атақты адамдары жайында ой қозғайды. 1857 жылы Янушкевич қайтыс болады. Өзге елдерге қоныс аударылған туыстары оның күнделіктері мен хаттарын Париж, Берлин қалаларында “Адольф Янушкевичтің өмірі” деген атпен басып шығарады.  Қазақстан жерінде 16 жыл айдауда болып өзінің қазақтар жөніндегі жазған еңбегі «Күнделіктер мен хаттар» деп аталады. 1966 жылы кітап Алматы қаласында орыс тілінде, ал 1979 жылы қазақ тілінде басылып шықты. 2003 жылы Янушкевичтің туғанына 200 жыл толуына орай оның кітабы Астанада “Қазақ даласындағы сапардың жазбалары” деген атпен екінші рет қазақша аудармада жарық көреді. Сол жылы Янушкевичтің есімімен пошта маркасы шығарылады. Астана, Семей және Аягөз қалаларындағы көшелерге Янушкевич есімі беріледі. Оның «Қазақ» және «Дала» атты еңбегі орыс, ағылшын, француз, неміс тілдеріне аударылып дүниежүзіне тарады.
Бронислав Залесский - поляктің революционері, саяхатшы, атақты суретші.  1837 жылы Дерпт университетінде білім алған. 1846 жылы төңкерісшіл жастар ұйымына қатысқаны үшін екі рет тұтқындалған. Тергеу аяқталғаннан кейін сот шешімімен 1847 жылы Орынбор корпусында қатардағы солдат қызметін атқарған. А.И. Бутаков басқарған Арал экспедициясына суретші ретінде, А.И. Антипов басқарған Маңғыстау экспедициясына, Ресей империясы әскерінің Ақмешітке (Қызылорда) жасаған жорығына қатысқан. Ғылыми экспедиция кезінде Т. Г. Шевченкомен танысады. 1865 жылы айдаудан Парижге қайтып оралғаннан кейін, ХІХ ғасырдың орта тұсындағы қазақтардың әлеуметтік жағдайы, өмір сүру салты, этнографиясы, экологиясы және табиғи ерекшелігін қамтыған альбом-кітапты жарыққа шығарады. Поляк баласының қазақ халқы туралы айтқан ой-пікірі, салған суреттері әрдайым құнды болып қала бермек. Ащысай, Қайыңды, Атжақсы, Қайрақты, Темір өзендерін айқын суреттеген. Мұғалжар тауында жүрген кезінде жабайы өрік ағашын көргенін және бұл жемісті қазақтар киелі деп санағанын айтады.  “Қазақтардың қасиетті жерлері”, “Ақтау сілемі”, “Маңғыстаудағы Ақеспияр бейіті”, т.б шығармалары біз үшін құнды мирас.  Қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, фольклорын  бүкіл Еуропаға паш еткен Бронислав Залесскийге  алғысымыз шексіз. 
Қазақ еліне еңбегі сіңген адамдардың тағы бірі - өлкетанушы, Жетісу облысы мұражайының негізін қалаушы Владимир Недзвецкий. Ол заң факультеті бойынша Қазан университетінде білім алған. Студент кезінде Ресейден Сібірге жер аударылған. 1882 – 84 жылы Омбыдағы Батыс Сібір Бас басқармасында қызмет атқарады.  1884 жылы  Г.Колпаковскийдің ұсынысымен Жетісу облысында тұрақтап, сол жердің облыс басқармасында қызмет атқарады. Недзвецкий өлке тарихы туралы құнды деректер жинақтаған. “Жетісу облысының естелік кітапшасы және адрес-календары” атты еңбегінде сол кезеңдегі өлкенің қоғамдық-мәдени өмірі, әлеуметтік, экономикалық тұрмысы жайында мол мағлұмат береді. Недзвецкийдің басшылығымен 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан азаматтардың қару-жарақтары Жетісу облысы мұражайына жеткізілген.  Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қызметтен босатылады. Недзвецкий есімімен  Іле Алатауында ғана өсетін, өте сирек кездесетін кекіренің және алманың сұрыпы  аталады.  
Қазақстанға жер ауған поляк дәрігерлері Цезарь Тарасович, Людвиг Мацеевский, Юзеф Костелковский, Яна Сикорскийлердің қазақ халқы үшін атқарған еңбектері зор. Мысалы Семейге жер аударылған Северин Гросс «Қырғыздардың тұрмысын заңдық тұрғыда зерттеуге арналған материалдар» деген тамаша кітап жазған. 
Кең байтақ Қазақстан жерінде поляк азаматтары түрлі зерттеулер жүргізіп қазақ этнографиясы жайында жазбаларын мирас етті. Халқымыздың мәдениеті, әні мен күйі және поэзиясы  туралы поляктардың жазған еңбектері молшылық. Поляк ұлтының маман кадрлары да еліміз үшін аянбай еңбек етті. Эдуард Любчанский Қазақ ССР тамақ өнеркәсібінің жанындағы Жобалау институтына басшылық жасаған. Қазақстанда архитектура өнерінің дамуы үшін атсалысқан. Село еңбеккері, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған азаматтар мен қыз-келіншектер Валентина Домалевская, Теофиля Островская, Феликс Поляковский, Генрих Левандовский, көрнекті малшы және механизатор Галина Новаковская, Кардоши мен Ливицкий, Чернецкий мен Гольшевский, оқу-ағарту ісіне еңбегі сіңген Эдуард Гузовский, Вильгельм Витковский, Станислав Туровский, СССР суретшілер Одағының мүшесі А.Кулаковский, дәрігер Янковский, Олег және Сергей Коперский, Юрий Пузанов, екі мәрте социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Н.Н.Головацкийлерді ауыз толтырып айтуға болады. Н.Н.Головацкий  бұрынғы Талдықорған облысы, Панфилов ауданына қарасты Октябрьдің 40 жылдығы деп аталатын  колхоздың бастығы қызметін атқарған. Атақты механизатор Болеслав Гольшевскийдің есімімен Талғар ауданының Нұра селосындағы көше аталады. Елімізде поляк азаматтары Станислав Лучинский, Олег Пузанов, Сергей Юельбас, Иван Зинкевичтер ғылым кандидаттары атағына ие болған. 
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға