Поляктардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы
01.03.2014 10:43
17091
Қазақ елі мен жерінің қоғамдық-әлеуметтік ортасында тату-тәтті өмір сүріп жатқан поляк ұлтының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бір жағынан біздікіне ұқсас келеді. Әрине өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтары да жеткілікті. Алғаш рет жер аударылған поляк революционерлері қазақ халқының мәдениеті мен рухани байлығына үлкен баға берген болатын. Олар қазақ халқының тарихы мен дәстүріне аса мән беріп, қазақтың түрлі саласында құнды еңбектер қалдырып кеткен.
Қиын-қыстау кезде ұлт, дін айырмашылығына қарамастан бір-біріне көмектесіп, басқа түскен қайғы-қасіретке ортақтасуы, бостандықты аңсаған қазақ пен поляк халықтарының жақындаса түсуіне септігін тигізді. Алайда бұл келеңсіз оқиғалар салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұмытыла бастауына себеп болды. Қазіргі таңда еліміздегі поляк жұртшылығы қоғамдық бірлестіктер құрып, атадан-балаға мирас болып келе жатқан рухани мәдениеті мен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сақтап қалып, әрмен қарай дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді.
Поляқтар 31 желтоқсан, яғни Жаңа Жыл мен Рождество мейрамдарын өткізуді асыға күтеді. Бұл мейрам кезінде бар дәмділерін дастарханға қойып, карнавал, көрме өткізеді, бір-біріне жылы лебіздер айтады.
Поляктарда Мажаннаны суға батыру дәстүрі бар, ол қыстың бейнесін айқындайды. Бұл ескі дәстүр қазақ жерінде тұратын поляктарға да әлі күнге дейін танымал. Көбінесе оны балалар жақсы көреді. Оқушылар 21 наурызда өзенге барып қыстың тұлыбын батырады. Осы дәстүрден кейінгі күндерді көктемнің алғашқы күні деп есептейді.
Поляктар тамақ ішер алдында бір-біріне жақсы ниеттер айтады. міндетті түрде бірінші наннан дәм татады. Астан кейін діни, тұрмыстық, сәуегейлік, тілектестік және әзілқойлық сипаттағы жарапазан, өлең айту жосықтары басталады. Жыл сайын қыс мезгілінің 25 желтоқсанында католиктердің Рождество Христовоның Бірінші күні мейрамын тойлатады. Мейрам күні көңіл-күйлерінің көтеріңкі, ақ ниетті болып жүруі үшін тырысады. Ондай күйді жақсылықтың нышанына балап, жыл бойына сол қалыпта қалатындарына сенеді. Поляктардың қыз-келіншектері түні бойы жұмыртқа, бәліш түрлері, тәттілер тағы да басқа тағамдар дайындайды. Отбасы мүшелері бірін-бірі Христовоның дүниеге келген күнімен құттықтап, Рождество мейрамындағы басты әрі міндетті түрде жасалатын кутья тағамынан дәм татады. Кутья – бал, мейіз, көкнәр т.б қоспалар қосылып, қант қайнатпасында бидайдан пісірілетін тағам түрі.
Кутьянын дәмін татқан соң ғана майлы қайнатылған, пісірілген ет және одан жасалған әр түрлі тағамдарды жеуге болады.
Қазақстанда өмір сүретін христиандар үшін тойланатын тағы бір мейрам – Пасха. Пасха десе көз алдыңа аса шеберлікпен салынған суреттерімен ерекшеленетін, әдемілеп әрленген жұмыртқа және куличтер елестейді. Азандағы ас мәзірі боялған жұмыртқалардың кішкене бөлігін болса да татып көруден басталуы керек. Поляктар олай істеудің мақсатын ұзақ ғұмыр мен молшылыққа балайды. Дәмді астан кейін балалар мен жастар далаға шығып, боялған жұмыртқаларды жарудан жарыс өткізеді. Жеңген адам жарылған жұмыртқаны алып кетуге құқылы болады.
Поляктар Жаңа Жылда күн шықпастан көршілерінің үйіне барып, бар ізгі тілектерін айтады екен. Шын жүректен білдірген ниеттері үшін үй иесі ақша немесе тәтті-дәмділерден беруге міндеттенеді. Бұл ырымды қазақтың жарапазан айту мейрамына ұқсастыруға болады.
Поляктар қарашаның бірінші жұлдызында Барлық әулиелер күнін атап өтеді. Өлгендерді еске алу поляк ұлты үшін маңызды күндердің бірі болып табылады. Олар зират басына барып, онда еске алу шырақтарын жағады.
Жалпы Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері үшін елде тойланатын мейрамдар ортақ. Олар да ат салысып өз өнерлерін көрсете алады. Наурыз мейрамы кезінде киіз үй тігіп, бауырсақ пісіріп, қымыз бен шұбаттан сіміріп, наурыз көже дайындауды да біледі. Өзге ұлт өкілдерінің қазақтың ұлттық киімдерін киіп жүргендерін көргенде тамаша күйге бөленетініміз ақиқат.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Бағдарлама нақтылығымен құнды болмақ
Келесі жаңалық
Заттыбек Көпбосынұлы туған күнін дүркіретіп атап өтті