Жаңалықтар

Тұңғыш елші

Елбасымыздың «Қазақстан-2050 Стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында  «Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие...
01.03.2014 11:30 12288

Елбасымыздың «Қазақстан-2050 Стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында  «Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие... Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек. Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс» деп айтылған басымдықтары бүгінгі интеллигенцияға үлкен жауапкершілік артқандай. Біз өткенімізбен құндымыз. Бүгінгі интеллигенция соны ұмытпауы керек. Тарих өткелдерінде қазақ елін өркендетуге өз үлестерін қосқан зиялыларымызды да ұмытпауымыз керек. Сондай ауыз толтырып айтатын мақтанышымыз, тұңғыш елші, дипломат, қоғам қайраткері, Алаш ардақтысы – Нәзір Төреқұлов туралы болмақ.

«Елдестірмек елшіден» деген қазақ мәтелі, елші болудың екінің бірінің қолынан келе бермейтінін, оның оңай шаруа емес екенін аңғартады. Елшіге бірнеше тілді жетік меңгерумен қатар, терең білім, мол тәжірибе, мұқалмас қажыр-қайрат қажет. Елімізде ұлт пен ұлысты ұйыстырған, ел мен елді елдестірген, ұлт қайраткері дәрежесіне көтерілген елшілер аз болмаған. Соның бірі, әрі бірегейі – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби елші, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш ардақтыларының бірі – Нәзір Төреқұлов.

Нәзір Төреқұлұлы 1892 жылы Түркістан өңірінде, кей мәліметтерге жүгінсек, Қоқан қаласында қарапайым шаруа шаңырағында өмірге келген. 1904 жылы мектепті тәмамдап, 1906 жылы шет аймақтағы өзге ұлт өкілдеріне арналған орыс училищесін аяқтайды. Көп ұзамай 1914 жылы Қоқан қаласында 8 сыныптық коммерциялық училищеде оқып, оны үздік үлгеріммен бітіріп шығады. Бұл уақытта оның өмірі Бірінші дүниежүзілік соғысқа тап келеді. Н.Төреқұлов 1914-1916 жылдары Мәскеудегі коммерциялық институттың экономика факультетінің үш курсын аяқтайды. Жас талап иесі 1916 жылы тағы бір тарихи оқиғаға араласады. Ол қазақтарды қара жұмысқа жегу үшін майданға жіберу туралы жарлыққа қарсы жасалған наразылық акциясы болатын. Ақыры әмірін орындатпай тынбайтын патша үкіметі өз дегенін жасап, ол Батыс майданға кетеді. Бірте-бірте саяси көзқарасы қалыптасқан жігіт Минск маңында «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрып, жұмысқа кіріседі. Майданға шақырылған Қазақстан мен Орта Азия халықтарының өкілдері ұйым құрамына жаппай кіруге құлшыныс білдіреді. Аталмыш ұйымды құрудағы көздеген негізгі мұрат – Шығыс халықтарына ұлт-азаттық күресте жәрдемдесу болатын. 1917 жылы ұлттық мүддені көздеген Н.Төреқұлов саясатқа белсене араласа бастайды. Осы тұста ол қайраткер дәрежесіне дейін көтеріліп, үлкен мәселелерді шешуге батыл қадамдар жасайды. Ол алдымен солшыл эсерлермен тізе біріктірсе, 1918 жылдың қазан айында РКП(б) мүшелігіне өтеді. Сөйтіп жүріп Қызыл армияда қызмет етеді. 1918-1919 жылдары қайраткер азамат Қоқанда уездік атқару комитетінің хатшысы, оқу-ағарту комиссары, білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, халықтың назарын өзіне аударады. Ал 1920 жылдан бастап бірнеше лауазымды қызмет сатыларынан өтеді.

 

Ел үшін атқа мінген айбынды тұлға өз үнін жалпақ жұртқа жеткізудің бір құралды баспасөз екенін ерте түсінеді. Оны біз өзі редактор болған «Иштрати Июн» газетінен біле аламыз. Осы басылымда қаламгерлік қабілетін танытқан журналист қоғамға деген өткір ойларын, пайымды пікірлерін жариялап, елдік мұратты негізге алады. 1920-1921 жыл аралығында Түркістан оқу-ағарту наркомында, 1921 жылы Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы, БКП(б) Орта Азия бюросының мүшесі, 1921 жылдың қарашасынан 1922 жылдың көктеміне дейін Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметінде болады.

 

Н.Төреқұловтың есімі Алаш қайраткерлерінің тағдырлы жолымен тығыз байланысты. Білікті қайраткер Ресейдің қоластында болған Түркістан халқының жағдайын тайға таңба басқандай анық біліп отырады. Ой пікірін Ташкентте, Мәскеуде басылымдарына шыққан мақалаларында ашық айтып, жазады. Патша үкіметі біздің елге тек пайданың көзі ретінде қарады, басқа жағынан жол ашқан жоқ деп түсінеді сол кездегі зиялы қауым. Бұл олқылықтың орнын толтырмаққа бекінген ұлт перзенті аянбай еңбек етті. Көпұлтты Түркістан Республикасының саяси жағдайында Нәзір Төреқұловтың салмағы басым, үні зор еді. Ол Түркістан Республикасы Орталық комитетінің бірінші хатшысы ретінде, Түркістан Республикасының Орталық атқару комитетін басқарып, Оқу-ағарту ісінің халық комиссары болады. Алаш ардақтылары Т.Рысқұлов, С.Қожанов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедовтер халқымыздың сауатын ашпақ ниетпен Ташкентте алғашқы жоғарғы оқу орнын ашқанда іргелі істің басы-қасында Н.Төреқұлов болды.

 

 Өз қызметін жоғары дәрежеде атқару үшін Н.Төреқұлов бірнеше тілді меңгерді. Ол тілдердің санатында қазақ, орыс, өзбек, татар, түрік, неміс, француз тілдері бар. Аз ғана уақыт бедерінде араб тілін де үйреніп алады.

 

Нәзір Төреқұловтың қазақ үшін атқарған тағы бір елеулі жұмысы Елшілік қызметте болуы. Ол 1932 жылы КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі болып тағайындалды. Іргесі жаңадан қаланып келе жатқан, ғаламды мұнайымен қоса, рухани байлығымен әлемді аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу, расында кезекті қызметтің бірі емес-ті. Бұл елге елші тағайындау кезінде діні, қабілеті, терең білімі мен қазақ халқының өкілі керектігі қатаң қадағаланды. Бұл талаптардан сүрінбей өткен Н. Төреқұловтың 1932 жылы маусым айында Сауд Арабиясы королінің мұрагері Фейсал әл-Саудтың КСРО-ға 10 күндік сапарын ұйымдастыруы елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайраткерлігі деуге болады.

 

 Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылы «алашордашыларды» қамқорлығына алып, қолдау көрсеткені үшін «ұлтшыл» деген айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1958 жылдың 28 қаңтарында Н.Төреқұлов толықтай ақталды. Бүгінде барша қазақ жұрты оның есімін қадір тұтып, мақтан етеді. 2003 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен "Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін» Нәзір Төреқұлов атындағы медаль тағайындалды. Ел үшін жанын садаға еткен боздаққа жасалған сый-құрмет уақыт өткен сайын кемелдене бермек.

 

Мәншүк АХМЕТОВА

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға