Қазақтың түсінігіндегі мәдениет
01.03.2014 11:23
4944
Шыңылтыр аязға шыдамай, бүрсеңдей қалатын алматылықтардың аялдамаға асыға басатын әдеті. Күнделікті жұмыс уақыты аяқталысымен шапшаң басып, аялдамаға жеткенімізде, жүргіншілерге лық толы автобус ыңырана келіп тоқтады. Ішке ендік. Аялдамаларды хабарлайтын аппарат тек қазақша сөйлеп тұр. Біраз уақыт өткенде орыс келіншек түсінбегенін білдіріп, «Тіл үйрен деп жатыр ма?», – деп жымиды. Сөзінен мазақ емес, қайта Қазақ елінде тұрып тіл білмегеніне қынжылғаны анық байқалды. Қасында тұрған қазақ келіншек: «Жоға, о не дегеніңіз, валидаторға тек бір билет құнын ғана салу керек екенін айтты» – деп, іле-шала жауап қайырды. «Негізі осындай жүйе болса, тілді тезірек меңгеруге болар еді», – деді де, орыс келіншек автобустың артқы жағына қарай жылыстай берді...
Жалпы, біз қашан да өзгені кінәлауға келгенде жүйрікпіз. Тіл, дін, діл мәселесі болсын барлығын бізге біреу келіп жасап беру керек сияқты болып тұрады. Тіпті, жұмыс беруші жалақыны жоғарылатуы керек, мемлекет тұрғын үймен қамтамасыз етуге тиіс, сондай-ақ барлық бағалар төмендеп, көптеген қызмет тегін болуы қажет. Қарапайым халық ең арзан киім мен азық-түлікті алу үшін сағаттап кезек күтуге дайын. Бұның барлығы кедейлік психологияның белгілері екен. «Біздің бақуатты болуымызға ең бірінші кедергі болып отырған осы мәселе», – дейді психолог мамандар. Жалпы, қазақ қазақ болғалы қандай мінезден ажырап қалдық немесе сақтадық деген сауалға жауап ізденетін болсақ, ойдың соңына жете алмайтын шығармыз, сірә. Десек те, күнделікті тыныс-тіршіліктен көрініс тауып отырған жағымсыз тұстарын назардан тыс қалдырмай, бірнешеуіне тоқталуды мақсат тұттық. Бұған және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауындағы төртінші тарау, яғни, «Мәдениет, дәстүр және даралық» бөлімінің айтылуы себеп болғандай еді.
Осы Жолдауда айтылған «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек», – деген сөздер ойлы азаматтарға ой салғаны анық. Және «Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек» – дегеннің астарына үңілсек, нені аңғарамыз? Ойлап қарасақ, біздің қазаққа біреуді сынап, жамандау қалыпты жағдай. Әйтеуір өзімізден басқаның бәрі осал. Өз қоғамын түзеуге талпынған Абай Екінші қарасөзін жазғанда ұлтының осы қасиеттен ғасырлап арыла алмайтынын болжады ма екен? Сартты – шүлдірлеген тәжік, ноғайды – түкке ыңғайы келмейтін ноқай, орысты – жаман сасыр бас орыс деп күлетін қазаққа қарап, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, қуанғанын айтқан Абай сөзінің соңында әлгі ұлттардың жетістігін тілге тиек ете отырып, қоғамға: «Бағанағы мақтан, қуанған, күлген сөздеріміз қайда?», – деп сұрау тастайды. Өкініштісі, біз әлі күнге дейін бұл сұрақтың байыбына бара алмай жүрміз. Қайта өзге ұлттың кемшілігін іздеуге құмармыз. Ал оның ұлтымызға тиер қандай пайдасы, нендей үлесі бар? Өзіміздің ұлттық болмысымыз бен қасиетімізді ұстанып, оны насихаттауға талпынбайтынымыз неліктен болды екен?! Осы жайын терең қозғаған Елбасы «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деп, бекер айтпаса керек.
Тіпті, өзгені былай қойып, өзімізді-өзіміз жақтырмай қалатын әдетіміз тағы бар. Бұл туралы 2010 жылы «Сен қазақ» сайтында «жолдаушы» деген атпен тіркелген автор былай деп жазыпты: «Бұрын мен осы торапта отырып, қазақты келеке ететін, осал жерін айтып, отанын жамандайтын жолдамаларды көргенде қостай жөнелетінмін. Бір күні ұйғырлардың торабында өтірікті шындай етіп, өздерін мақтап жатқанын оқығанда ойланып қалдым. Неге мен қазақ бола тұра өзімді-өзім жамандаймын? Неге өзімнің осал жерімді айтып, тарихымды жоққа шығарамын? Өзімді-өзім сүймесем мені кім сыйлайды? Көпшілікке айтқым кететіні – ғаламторда билікті, қазақ елін т.б. жамандап, шала сауатпен ойға келгенді жазбаңыздаршы. Басқа ұлт көрсе ұят қой. Өзім қазақ болғаныма мақтанамын. Екінші рет дүниеге келсем, тағы қазақ болып туылсам екен деймін».
Ғаламтордағы осындай пікірталастарды көргенде басыңа мың сан ой келеді. Бұл жерден ұлтжандылықты да, патриоттықты да, өз елінен жиренген безбүйректікті де көруге болады. Алайда бұл ұлттық сана-сезіміміздің көрсеткіші бола алмасы хақ. Себебі кез келген ұлттың ішінде шапағаты тиер жақсысы мен кесапаты тиер жаманы болары хақ. Дегенмен тұтас ұлт туралы айтқанда әлгі қасиеттердің барлығы бір арнаға тоғысып, ұлттың бойынан көрініс беретіні тағы ақиқат. Қазақтың да жақсысы мен жайсаңынан кенде еместігін мақтанышпен айтып, елін шын сүйген перзенттің өзгеше ойлауын ақылға сыймайтын әрекетке балаймыз. Сөйте тұра, кезінде Абайдан бастап, талай ойшылдарымыздың ұлтқа айтқан ақылын ескермей, кейде сын айтқан адамды қазақтың жауындай көретініміз бар. Бұл ұлтты жамандағаннан емес, қайта өзімізге-өзіміз сын көзбен қарағанымызды қалағаннан туған ой деп қабылдарсыз...
Елбасы өзінің бір сөзінде: «Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?!», – дейді. Иә, шын мәнінде өзіміздің іс-әрекетімізге сын көзбен қарап, дамудың сара жолына түскенде ғана үлкен нәтижеге қол жеткізеріміз анық. Бұл жерде ұлт мінезінің де үлкен рол атқаратыны анық. Ал тұтас ұлттың мінезі туралы айтқанда Абайдың қарасөздеріне жиі үңілеміз. Алайда араға ғасыр салып, бес ұрпақ ауысқанымен, өзектілігін жоймаған осы құнды еңбекті бағалап, қорытынды шығара алмай жүргенімізді ойласақ, «Қайтсек қазақ болып қаламыз?» деген сұрақ туады. Жүре түзеледі деген көшіміздің аяңға басып, ХХІ ғасыр табалдырығын аттағалы жиырма жылдан асты. Енді жаңарту мен жаңғыртуға бет бұрдық деп жүріп, байырғы ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалмаймыз ба деген сауал туады. Кешегі табиғатпен етене жақын тіршілік еткен далалық өркениеттің өкілі бүгінде қалалық өмірге бейімделіп алғаны соншалық, көшпелі халыққа тән қонақжайлылық пен дәстүр-салтқа беріктіктен ажырап бара жатқаны анық байқалады. Оған күнделікті өмірде шақырусыз қонаққа бармайтын, жол түсе қалған жағдайда үй иесінің қас-қабағына қарап, үш күн қонақ болу былай тұрсын, бір шәйін іше сала жолға асығатынымыз дәлел. Осы орайда, ата-бабаларымыздан бізге жеткен қарапайымдылық қасиеттен ажырап бара жатқан жоқпыз ба деген ой келеді. Бүгінгі бай, кедей болып бөлінген тұста қарапайымдылықты күйбең тіршіліктің жетегінде жүрген қара халықтан байқайсың. Қалай десек те, ата-бабадан қалған нәзік, шынайы қасиеттердің сарқыншақтары сақталып келе жатқаны көңілге медеу. Әсіресе осы екі мінез жалдамалы пәтерде тұрып, жалданып жұмыс істеп жүргендердің бойынан табылады...
Біз қашан да ұлттық мәселеге келгенде: «Қазақ сұмдық халық!» деп мақтанамыз. Ал оның астарында жаныашымастық, немқұрайдылық, «күл болмасаң, бүл бол!» деген немкеттілік жатқаны ащы шындық. «Кемшілікті айту – ұлтжандылық, ал айтпау – қорқақтық» дегенімізбен, жалған абырой, атақ, бедел үшін орынсыз мақтап та жібереміз.
Біздің қазақтан бөлінудің де ауылы алыс емес. Оған жерге, жүзге, руға бөліну бүгінгі жұрттың өмір сүру дағдысына айналғаны дәлел бола алатын сияқты. Бұл туралы биік мінберден айтылуы да ғажап емес еді. Десек те, үлкен мәселелердің бірі болып отырған осы рушылдыққа Елбасының ден қоюы дер кезінде айтылғандай еді. Бұл туралы биылғы Жолдауда Елбасы: «Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды. Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін. Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі», – дейді. Шын мәнінде, бүгінде әр ру өз атасын ұлықтауды дәстүрге айналдырып жіберген сыңайлы. Бұған тоқтау саларлық сөздерді айтқан ел Президенті: «Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым. Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс. Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ», – деген еді.
«Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай».
Мемлекет деген алып машинаның негізгі бөлшегі халық десек, бүгінгі жұрттың өмір сүру дағдысы мен адами қасиеттерін айналып өту мүмкін емес. Сол себепті де біз бүгін ұлт мінезіне қатысты өз ойымызды ортаға салуды жөн көрдік. Ендеше, бағзы заманмен салыстырсақ, бүгінгі болмысымыздан қандай артықшылық не кемшілік көреміз? Осы жайына ойыссақ.
Бұрнағы кездерде әдептен аттаған, кісі намысын қорлаған, жалған сөйлеп, өсек таратқан адамды ағайын-туыс болып бір жағынан арын, намысын қыздырып, екінші жағынан мұқатпай, айыбын бетіне басып, тәубаға келтірген екен. Бүгінде заман басқа дейміз бе, әлде ақсақалдар алқасының жоқтығына телиміз бе, әйтеуір өз кінәсін түсінбейтін халге жеттік. Қазіргі таңда ешкімнің өзгенің ісіне араласуға құқығы жоқ. Әркім өзінің жеке әлемінде дараланып бара жатқан қоғамда біреуге ақыл айтудың өзі көлгірсумен тең және оның соңы неге апарары белгісіз. Қалай болғанда да тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жастар кешегі қарияның батасын алуға асыққан, үлкен кісі сөйлегенде ұйып тыңдайтын аға буынмен салыстыруға еш келмейтін, өзімдікі дұрысқа салып, өзімшілдігін көрсетуге қымсынбайтын болып өсіп келеді. Әрине, үлкеннің, ата-ананың, ұстаздың, зиялы қауымның сөзін тыңдайтын білімді, газет, журнал, әдеби кітаптар оқитын жас. Өкінішке орай, олар тым сирек.
Жүсіпбек Аймауытов: «Адамдардың мінезіндегі бір айырмашылық өзіне-өзінің сену сезімінің әртүрлі болуында», – дейді. Иә, адамдардың өз-өзіне деген сенімділігі үлкен рол атқарады. Біреулер қолынан келсін, келмесін кез келген іске араласып, өз кемшілігі мен мінін білмей, басқаларға ақыл айтуға шебер. Керісінше білімі мен таланты, ақыл-ойы, тәжірибесі мол кей жандар өзіне деген сенімінің аздығынан оны дұрыс көрсете алмайды. Міне, осы қасиеттің өзі бәзбіреулердің өмірде өз есесін жіберіп алуына алып келіп жүр емес пе. Ал өзіне сенімділігін арттыру үшін не істеу қажет? Қазір «Бақытты болудың жолдары», «Өзіңді қалай сергек сезінуге болады?», «Өз-өзіңе сенімділікті арттыру» деген сынды орыстілді психологиялық жаттығулар мен кітаптар дүкен сөрелерінде қаптап тұр. Өзіңе деген сенімділікті кітап арқылы арттыру қаншалықты мүмкін екенін сұрағанымызда, оң нәтижесінен гөрі кітапта жазылғандай жүріп-тұрып, айтқанын істеу – өзіңнің жеке дара ойлау қабілетіңе шектеу қоятынын білдік.Негізінен мұндай еңбектер басқа ұлт өкілдерінің сұранысына ие екен. Демек, бұл да ұлтымыздың жыртығын жамай алмайды екен.
Жалпы, бір адамның мінезін жақсы білсең, оның белгілі бір жағдайда не істей алатынын алдын-ала аңғарып, пайымдауыңа мүмкіндік мол. Ал тұтас ұлттың мінезін айқындайтын қандай көрсеткіш?
Өкініштісі, ғалымдар қазақ мінезін көп зерттемеген. Кейбіреулердің ұлтымызды «мәңгүрттер», «шала қазақ», «нағыз қазақ», «жаңа қазақ» деп бөлгенінен-ақ бүгінгі қазақ мінезін бағамдауға болатын сияқты. Десек те, психолог мамандардың пайымдауынша мінез-құлықтың негізі отбасында қаланғанымен, кейде (әсіресе, жастық шақта) үлгі тұтқан абзал азаматтарға еліктеушіліктің әсерінен жасандылық пайда болып, бірақ табиғи бітімге терең сіңбей, жасандылықты туғызған жымысқы әрекеттер өзгерсе, ықпалын жойса, жалған перде сыпырылып, мінез әу бастағы қалпына түседі екен. Бұл туралы кезінде Жүсіпбек Аймауытов: «Жағдайдың өзгеруі мінезді де өзгертеді», – деген еді. Жалпы, мінез өмір ағымының барлық кезеңдерінде адамның ой-толғамына, сезіміне, көңіл-күйіне, қам-қарекетіне тікелей қатысты және әсерлі, кісілік бейнесінің саралануына ықпалды және ол адамның бар болмысын, сезімін, көзқарасын айна-қатесіз, қаз-қалпында елестетер шарайна десек, ұлт мінезіндегі артықшылықтар мен кемшіліктерді саралап, келер ұрпаққа тек жақсысын екшеп беру бүгінгі ұрпақ еншісінде. Ендеше, насихат көзі саналатын бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық келбетіміз бен болмысымызға қатысты сын айтылып жатса неге «ұлтқа қарсы айтылған сөз» деп қабылдамастан бұрын, одан сабақ алуға ұтылмасқа? Кейде, тіпті әр нәрсенің әділ бағасын тек Тәңір ғана беретіні әрі әлемде ешқандай парамен сатып ала алмайтын құдіретті күштің, әділ соттың бар екені ескерусіз қалады. Ал оның ұлтқа келтірер пайдасы мен зиянын әркімнің өз іші сезер...
Ата-бабаларымыз: «Ар жазасы бар жазадан ауыр», – деп бекер айтпаса керек. Тек бұл сөздің мәнін дұрыс түсініп жүрміз бе бүгін? Кезінде намыс – адамгершілік соты, айыптаушысы әрі қорғаушысы іспетті еді. Бүгінде ер азаматқа тән осы қасиеттен ажырап бара жатқан жоқпыз ба? Қалай дегенмен, бүгінгі ұрпақ озбырлыққа күйініп, ынжықтыққа, жігерсіздікке, босбелбеулікке, іске алғысыздыққа қынжылмайтын болып алды. Мансапқорлық, жағымпаздық пен жалтақтыққа да шіміркенбейтін күйге енді. Адамның еңсесін түсірер, абыройын төгер, кісілігін кемітер жалалы әрекеттерге, қарау қылықтарға бойкүйездік танытатынымыз да жасырын емес. Бүгінгі жұрт қазақтілді баспасөзде жарияланып жүрген өзекті саналатын мәселелерге де селт етпейтін болған. Сонда бұл күйімізбен қайда бармақпыз?
Паңдық пен тәкаппарлықтан арылып, терең ойлы кісіге тән байсалды, баянды мінез танытуға не кедергі? Адами ірілік, жасандылығы, жалғандығы жоқ тұрлаулы табиғи бітім тән емес пе еді бұрынғы қазаққа? Әлде бұның себебі бүгінде асығыстыққа тоқтам салып, аз сөйлеп, көп тыңдау керектігін айтатын, байқампаздықты насихаттайтын қариялардың жоқтығынан ба? Жантану ғылымына құлақ түрсек, бұл – адамның өзін-өзі тәрбиелеу жемісі. Алайда зиялы қауымның тәлімі де артық болмайды. Сірә, бізге өмірдің сыры мен қырын түбегейлі зерделеп, өнегесін болмысқа шақтап, көрегенділік, ұстамдылық, абзалдықты бойға дарытып, дұрыс ғұмыр кешуге талпыныс жетпей жатқан болар.
Басқаның көңіліне тие ме деген үркуіміз, өз тілімізді, дінімізді сақтаудағы жайбасарлығымыз, заманның ыңғайына жығылып жалпақтау, жарамсақтану, өзгенің ықпалында кете барудың соңы қайда апарады? Бұл жерде жазушы Оралхан Бөкейдің «Жылымық» атты әңгімесіндегі соқыр қыздың: «Мен тумысымнан тән мүгедектігіне душар болсам да, жан мүгедектігіне ұшырамағаныма шүкіршілік етемін», – деген сөзі әрбірімізге ой салары анық.
Жалпы, адам өз өмірінің үштен бірін – ұйқымен өткізсе, қалған өмірінің шамамен 20-25 жылға жуығын белсенді әрекет етуге жұмсайды екен. Ал осы кезеңді біз дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Әр күн, әр сағат пен минутты дұрыс қолданбаса, ол уақыт ешқашан кайта оралмайтынын жақсы білсек те, бұған аса мән бермейтініміз несі екен. Сөйтіп, әсіресе тұрмыс құрмаған бойжеткендер 30-дан асқанда бармағын тістеп, жастық шағының өткенін енді түсінгендей кеиді. Ал 50-ді еңсергендер әже-ата атануға еріксіз көндігеді. «Дәуренімнің өткені-ай» деп өкініш білдіріп, уақытты қайта кері айналдырса, барлығын басқаша жасайтынын айтып бағады. Алайда, мұның барлығы келмеске кеткен көмескі естеліктермен ғана ойда қалары анық. Уақыттың қадірін білу қаншалықты маңызды болса да мәңгілік өмір сүретіндей болып жүретініміз бар. Мұның шын бағасын кеше ғана жаныңда жүрген адамнан айырылған сәтте түсінгеніңмен, «тірі адам тіршілігін жасайдының» ұранымен тағы да бәрін ұмыт қалдырамыз. Ғаламтордағы: «Бір жылдың қадірін мектепте сол сыныпты қайтадан оқуға қалған оқушыдан сұра. Бір айдың қадірін 8 айлық баланы туған анадан сұра. Бір аптаның қадірін апталық газеттің редакторынан сұра. Бір сағаттың қадірін сүйгенін күтіп отырған ғашық жаннан сұра. Бір минуттың қадірін пойыздан қалып қойған жолаушыдан сұра. Бір секундтың қадірін апат аузынан аман қалған жүргізушіден сұра. Ал бір миллисекундтың қадірін олимпиадада 100 метр қашықтыққа жүгіру сайысынан күміс медаль алған атлеттен сұра», – деген сөздер бір сәт болса да ойландырары сөзсіз. Ендеше, пенденің пешенесіне жазылған өлшеулі уақытты өзінің жеке бас мүддесіне ғана пайдаланбас бұрын «өзгеге қандай игілікті іс істедім», «ұлтыма нендей пайдам тиді» дегенді де ой елегінен бір өткізіп алу артық болмайтын шығар.
Сөз соңын Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сөздерімен түйіндеуді жөн санадық. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Бұл – тарих заңы. Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Ел бірлігі – ең асыл қасиет».
Айгүл ШӘРІПБЕК.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қалмақ диаспорасы
Келесі жаңалық
Алматыда «Еуразия» кинофестивалі өтеді