Режиссер Д. Өмірбаевтың «Студент» фильмі халықаралық фестивальде арнайы жүлдеге ие болды
9-18 қараша күндері Португалияның Лиссабон қаласында өткен «Lisbon & Estoril Film Festival» халықаралық кинофестивалінде қазақстандық режиссер Д.Өмірбаевтың «Студент» фильмі әділ қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленді.
Кино өндірісі саласында Еуропаның белді шараларының біріне айналған «Lisbon & Estoril Film Festival» халықаралық кинофестиваліне биылғы жылы Уиллем Дефо, Ингрид Кавен, Монти Хеллман секілді белгілі тұлғалар қатысты. Нәтижесінде актриса Фанни Ардан төрағалық еткен қазылар алқасы ресейліктер ұсынған «Зима, уходи» туындысы мен қазақстандық «Студент» фильмі арнайы жүлделерге лайық деп танылды.
Ф. Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының желісі бойынша түсірілген «Студент» фильмі биылғы жылы жарыққа шықты. Режиссер Д. Өмірбаев ұзақтығы 90 минуттық фильмнің сценарийін өзі жазған. Драмалық фильмнің басты кейіпкерлерін Нұрлан Байтасов, Майя Серікбаева, Едіге Болыспаев, Бақытжан Тұрдәлиев, Аружан Саин, Аменгелді Айталы, Әсел Сағатова және Дәріжан Өмірбаевтың өзі сомдайды.