Жаңалықтар

Ж.Бектұровтың туғанына 100 жыл: Көкірегі көмбе, дарыны дария

Бұрын хабарлағанымыздай, облыстық мәдениет басқармасының, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, жазушы, публицист Жайық Кәгенұлы Бектұровтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ғасыр даусы» халықаралық мерейтой конференциясы Жақаңның өзінің атындағы кітапханада бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатымен басталды. Баспасөз мәслихатын Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гауһар Бекбалақова қысқаша кіріспе сөзбен ашып, отырған қонақтарды, өтейін деп отырған халықаралық конференцияның бағдарламасымен таныстырды. Қазақстан Республикасы Кітапханашылар қауымдастығының президенті Роза Бердіғалиева өз сөзінде республика бойынша кітапхана саласында атқарылып жатқан игілікті істерді айта келіп, Ж.Бектұров шығармаларының сандық форматқа көшіріліп жатқандығына, келешекте олардың барлығы да электрондық жүйеге орналастырылатындығына, сөйтіп, бұқара халыққа қолжетімді болатындығына тоқталды. Әйгілі журналист, публицист, баспагер Нұрмақан Оразбеков болса өзінің Ж.Бектұровпен қалай танысқандығын, оның көзі тірісінде «Таңба» және одан кейін «Енеден ерте айырылған төл секілді» атты кітаптарының шығу тарихы жайлы айтып берді. ҚР Журналистер одағының мүшесі Бақытқали Мұсабеков, Қазақстанның Құрметті журналисі Екатерина Кузнецова, айтыскер ақын Қуаныш Мақсұтов естеліктер айтты, журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. Ақын Сәбит Бексейіт Жайық Бектұровқа арнаған өлеңін оқыды. Халықаралық конференция келесі күні таңертең «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының конференц-залында жалғасын тапты. Конференцияны белгілі қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Болашақ» университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Жақаңның бір кездегі жаппай жазалауды мойнымен көтергендігін, сондай темір тордан да, тар қапастан аман шығып, өмір тауқыметіне дес бермей, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатовтардың ақталысымен олардың сүбелі еңбектерін басқалардан бұрын халыққа танытып, «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде бірінші болып жариялағанын айтып өтті. Алғашқы сөзді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ержан Әбдірахманов алып, жиналғандарды құттықтады. – Қазақтың атақты қайраткерлерінің көзін көрген, өзі де қилы-қилы тар жол, тайғақ кешулерден өткен қоғамдық, журналистік, шығармашылық жолында жемісті еңбек еткен жазушы Жайық Бектұровтың 100 жылдық мерейтой шараларына қош келдіңіздер Бұқаралық ақпарат құралдары, жоғары оқу орындары, мектептер, кітапханалар мерейтой аясында жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттауда ауқымды жұмыстар атқарды. Жайық Бектұровтың мерейтойы аясында өткізіліп отырған бүгінгі кездесу жыл бойғы шаралардың қорытындысы іспеттес. Мерекелі жылы бүкіл облыс бойынша жазушының мерейтойына бағытталған шаралар жүзеге асырылды. Ж.Бектұровтың өмірі мен шығармашылығына арналған тұсаукесерлер, дөңгелек стол басындағы кездесулер өткізілді, фильмдер көрсетілді, «Қазақстан-Қарағанды» телеканалы «Эхо» зияткерлік ойынын өткізді. Бүгінгі күні біз Жайық Бектұров шығармасы арқылы жас жеткіншектердің тарихты оқып-үйренуге деген ынтасын шыңдап жатырмыз. Болашақ – жастардікі. Бүгінгі күні біз жастарды қалай тәрбиелеп, олардың санасына қандай құндылықтарды құятын болсақ, еліміздің гүлденуі мен дамуы да сондай болмақ. Бұдан соң Жақаңның қолдауын көп көрген ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы арнау өлеңін оқыды. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай «Ж.Бектұров: жылдар және ойлар» деген тақырыпта, Ғ.Мүсірепов және С.Мұқанов мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков «Сәбит Мұқанов және Жайық Бектұров байланысы» деген тақырыпта әңгіме қозғады. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика кафедрасының меңгерушісі, профессор, ақын Қойлыбай Асанов естелік айта келіп, Жақаңа арналған өлең шумақтарын оқыды. Облыстық мұрағат және құжаттамалар басқармасының бастығы Өмірзақ Амантаев жазушының бай мұрасының қалай мұрағатқа қабылданғанын, қазіргі кезде 635 дана жәдігер сақталып жатқандығын, олардың оқырмандар игілігіне айналу жолдарын әңгімелеп берді. «Енеден ерте айырылған төл секілді» кітабының жарық көрер алдында баспагер Нұрмақан Оразбековпен бірге жүргізген жұмыстарын айтып өтті. Қарымды қаламгер, «Қазақстан» баспасының директоры Нұрмақан Оразбеков: – Мен Жақаңды бұрыннан да білетінмін. Бірақ «Орталық Қазақстан» газетіне редактор болып келгеннен соң ғана жүзбе-жүз таныстым. Осында үш жыл болған кезімде үнемі аралас-құралас жүрдік. Кейде күнде, кейде күнара кездесіп тұрдық десем артық емес. Сол уақытта Жақаңның көп сырына қанықтым. Ол ағамыздың балалық шағы заман қиындығының куәсіндей ғой. Соған қарамастан, тырысып-тырмысып оқып алғаны. Ақырында комсомол жүйесінде істеп, «Лениншіл жас» гезетінде редактордың орынбасары болғаны. Сол жұмыстан «халық жауларымен байланысы бар» деп қуылғанда, ол жаладан құтылып, «Социалистік Қазақстан» газетінде істеп жүргенде жазғандары, 1939 жылы Жамбыл облысы құрылғанда облыстық газетке редактор болып барып, Кенесарының денесі жатқан жерді аралап, жазуы тайсалмастықтың әйгілі нышанындай еді. Ең бастысы, 1942 жылы жасақталып жатқан дивизия газетінің редакторы болып барған кезде тұтқындалып, алуан түрлі жала жабылып, ұзақ уақыт азап шеккенде ештеңені, ешбір айыпты мойнына алмаған. Ал мойындап, көрсеткен қағаздарына қол қойғандардың көбісі атылып кеткен. Әуелде атылуға ұйғарылып, одан соң 10 жылға кесіліп, жазасын өтегеннен кейін де жарты ғасырға жуық өмір сүргені – Жайықтың сол қайсарлығының арқасы. 1997 жылы Жақаңнан хат алдым. «Жазушы» баспасында бір қолжазбасының 30 жылға жуық жатқанын, сартап болғанын айтып жазыпты. Оны алдырып, оқып шығып едім, ұнады. Басып шығаруға тырысатынымды айттым. «Жұлдыз» журналында оның екінші бөлегі жарияланған екен, мүмкін болса, екеуін біріктірген жөн болатынын ескертті. Оның әуелдегі аты «Төгілген ар» екен, біз оны «Таңба» деген атпен жарияладық. Мұнымыз дұрыс болды ғой деп ойлаймын. Кейін Қарағандыға келгенімде Жақаң төсек тартып жатып қалыпты. Сүйінші даналарын, азын-аулақ қаламақысын бердім. Қуанып қалды. Жақаң қайтыс болғанда Германияда жүр едім. Келіп топырақ сала алмадым. Содан қырқына қарай келдім. Кейін мұрағатпен жұмыс істеп, ақыры «Енеден ерте айырылған төл секілді» деген кітап жарық көрді. Енді Жақаңның 100 жылдық мерейтойына қарай «Таңба» атты романды және оған бірталай очерктерін қосып қайтадан бастырып шығардық, – деп атап өтті. Ақын Серік Тұрғынбеков сөзінде Жайық Кәгенұлын жақсы білетіндігін, көкірегі көмбе, кеудесі ашық ақсақалдың зерделі әңгімелерінің талайға үлгі болатындығына тоқталды. Оның екінші өмірінің енді басталғандығын, Жайық жаққан оттың енді мәңгі сөнбейтіндігін тілге тиек етті. Бұдан соң кітапхана қызметкерлеріне кезек келді. Сөзді Киевтен келген, Украина Ұлттық жасөспірімдер кітапханасының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Георгий Сап¬рыкин бастап, оның сөзін Мәскеуден келген, М.Шолохов атындағы орта¬лықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Юлия Овчиникова, Астанадан келген, Қазақтың Ұлттық академиялық кітапханасының бөлім меңгерушісі Зухра Баянова, сол сияқты Қазақстанның әр облысынан келген кітапхана қызметкерлері жалғастырды. Олар кітапхана жүйесіндегі жұмыстарды ортаға салды, тәжірибе алмасты. Әкелген сый-сияпаттарын табыс етті. Конференцияда «Певец степей, любви и доброты» деректі фильмінің және «Адамзат рухани күш-қуатының құдіреті» атты әдеби альманахтың тұсаулары кесілді. Одан соң «Таңбалы тарлан» республикалық виртуальды байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді. Сол күні кешкісін С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында Жайық Бектұровты еске алуға арналған «Шырқыраған шындық жыршысы» атты кеш өтті. Театрдың үлкен залында бос орын қалған жоқ десек қателеспеспіз. Онда жазушыны жақсы білетін аға буын өкілдері де, Жайық Бектұровтың кім екенін білгісі келген жас жеткіншектер де, студент қауым өкілдері де болды. Олар айтылған естеліктерді зердесіне құйып алуға тырысты. Сахнадан шырқалған әндер мен мың бұралған билерді, «Болашақ» университетінің студенттерінің өздері сценариін жазып, сахнаға шығарған Жайық Бектұров өмірінің бір сәтіне арналған шағын көріністі қызыға тамашалады. Конференцияның үшінші күні шараға қатысушылар Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына, Теміртау қаласындағы тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени кешеніне саяхат жасады. Сөз соңында айтарымыз – бұл конференцияның Ж.Бектұров шығармашылық мұрасын зерттеуде маңызды кезең болатындығы сөзсіз. Сонымен қоса, халықаралық конференцияға қатысушылар арнайы шешім қабылдады. Ол шешімде жазушы, публицист Ж.Бектұровтың шығармашылық мұрасын зерттеуді одан әрі жалғастыру, материалдардың жиналуына қарай әдеби альманахтың кейінгі басылымдарын шығарып отыруды жалғастыру және басқа да бірнеше тармақтан тұратын жолдар бар. Осы тараулардың бар¬лығы да алдағы уақытта орындалып жататын болса, онда конференцияның мақсатына жеткендігі деп білеміз. Ал, осындай шараны ұйымдастыруда Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұжымының ұлан-асыр жұмыс атқарғандығын атап өту ләзім. Авторы: СҮЙІНДІК ЖАНЫСБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
20.11.2012 09:08 5153

Бұрын хабарлағанымыздай, облыстық мәдениет басқармасының, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, жазушы, публицист Жайық Кәгенұлы Бектұровтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ғасыр даусы» халықаралық мерейтой конференциясы Жақаңның өзінің атындағы кітапханада бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатымен басталды.
Баспасөз мәслихатын Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гауһар Бекбалақова қысқаша кіріспе сөзбен ашып, отырған қонақтарды, өтейін деп отырған халықаралық конференцияның бағдарламасымен таныстырды. Қазақстан Республикасы Кітапханашылар қауымдастығының президенті Роза Бердіғалиева өз сөзінде республика бойынша кітапхана саласында атқарылып жатқан игілікті істерді айта келіп, Ж.Бектұров шығармаларының сандық форматқа көшіріліп жатқандығына, келешекте олардың барлығы да электрондық жүйеге орналастырылатындығына, сөйтіп, бұқара халыққа қолжетімді болатындығына тоқталды. Әйгілі журналист, публицист, баспагер Нұрмақан Оразбеков болса өзінің Ж.Бектұровпен қалай танысқандығын, оның көзі тірісінде «Таңба» және одан кейін «Енеден ерте айырылған төл секілді» атты кітаптарының шығу тарихы жайлы айтып берді. ҚР Журналистер одағының мүшесі Бақытқали Мұсабеков, Қазақстанның Құрметті журналисі Екатерина Кузнецова, айтыскер ақын Қуаныш Мақсұтов естеліктер айтты, журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. Ақын Сәбит Бексейіт Жайық Бектұровқа арнаған өлеңін оқыды.
Халықаралық конференция келесі күні таңертең «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының конференц-залында жалғасын тапты.
Конференцияны белгілі қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Болашақ» университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Жақаңның бір кездегі жаппай жазалауды мойнымен көтергендігін, сондай темір тордан да, тар қапастан аман шығып, өмір тауқыметіне дес бермей, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатовтардың ақталысымен олардың сүбелі еңбектерін басқалардан бұрын халыққа танытып, «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде бірінші болып жариялағанын айтып өтті.
Алғашқы сөзді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ержан Әбдірахманов алып, жиналғандарды құттықтады.
– Қазақтың атақты қайраткерлерінің көзін көрген, өзі де қилы-қилы тар жол, тайғақ кешулерден өткен қоғамдық, журналистік, шығармашылық жолында жемісті еңбек еткен жазушы Жайық Бектұровтың 100 жылдық мерейтой шараларына қош келдіңіздер
Бұқаралық ақпарат құралдары, жоғары оқу орындары, мектептер, кітапханалар мерейтой аясында жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттауда ауқымды жұмыстар атқарды. Жайық Бектұровтың мерейтойы аясында өткізіліп отырған бүгінгі кездесу жыл бойғы шаралардың қорытындысы іспеттес.
Мерекелі жылы бүкіл облыс бойынша жазушының мерейтойына бағытталған шаралар жүзеге асырылды. Ж.Бектұровтың өмірі мен шығармашылығына арналған тұсаукесерлер, дөңгелек стол басындағы кездесулер өткізілді, фильмдер көрсетілді, «Қазақстан-Қарағанды» телеканалы «Эхо» зияткерлік ойынын өткізді.
Бүгінгі күні біз Жайық Бектұров шығармасы арқылы жас жеткіншектердің тарихты оқып-үйренуге деген ынтасын шыңдап жатырмыз.
Болашақ – жастардікі. Бүгінгі күні біз жастарды қалай тәрбиелеп, олардың санасына қандай құндылықтарды құятын болсақ, еліміздің гүлденуі мен дамуы да сондай болмақ.
Бұдан соң Жақаңның қолдауын көп көрген ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы арнау өлеңін оқыды.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай «Ж.Бектұров: жылдар және ойлар» деген тақырыпта, Ғ.Мүсірепов және С.Мұқанов мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков «Сәбит Мұқанов және Жайық Бектұров байланысы» деген тақырыпта әңгіме қозғады.
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика кафедрасының меңгерушісі, профессор, ақын Қойлыбай Асанов естелік айта келіп, Жақаңа арналған өлең шумақтарын оқыды. Облыстық мұрағат және құжаттамалар басқармасының бастығы Өмірзақ Амантаев жазушының бай мұрасының қалай мұрағатқа қабылданғанын, қазіргі кезде 635 дана жәдігер сақталып жатқандығын, олардың оқырмандар игілігіне айналу жолдарын әңгімелеп берді. «Енеден ерте айырылған төл секілді» кітабының жарық көрер алдында баспагер Нұрмақан Оразбековпен бірге жүргізген жұмыстарын айтып өтті.
Қарымды қаламгер, «Қазақстан» баспасының директоры Нұрмақан Оразбеков:
– Мен Жақаңды бұрыннан да білетінмін. Бірақ «Орталық Қазақстан» газетіне редактор болып келгеннен соң ғана жүзбе-жүз таныстым. Осында үш жыл болған кезімде үнемі аралас-құралас жүрдік. Кейде күнде, кейде күнара кездесіп тұрдық десем артық емес. Сол уақытта Жақаңның көп сырына қанықтым.
Ол ағамыздың балалық шағы заман қиындығының куәсіндей ғой. Соған қарамастан, тырысып-тырмысып оқып алғаны. Ақырында комсомол жүйесінде істеп, «Лениншіл жас» гезетінде редактордың орынбасары болғаны. Сол жұмыстан «халық жауларымен байланысы бар» деп қуылғанда, ол жаладан құтылып, «Социалистік Қазақстан» газетінде істеп жүргенде жазғандары, 1939 жылы Жамбыл облысы құрылғанда облыстық газетке редактор болып барып, Кенесарының денесі жатқан жерді аралап, жазуы тайсалмастықтың әйгілі нышанындай еді. Ең бастысы, 1942 жылы жасақталып жатқан дивизия газетінің редакторы болып барған кезде тұтқындалып, алуан түрлі жала жабылып, ұзақ уақыт азап шеккенде ештеңені, ешбір айыпты мойнына алмаған. Ал мойындап, көрсеткен қағаздарына қол қойғандардың көбісі атылып кеткен. Әуелде атылуға ұйғарылып, одан соң 10 жылға кесіліп, жазасын өтегеннен кейін де жарты ғасырға жуық өмір сүргені – Жайықтың сол қайсарлығының арқасы.
1997 жылы Жақаңнан хат алдым. «Жазушы» баспасында бір қолжазбасының 30 жылға жуық жатқанын, сартап болғанын айтып жазыпты. Оны алдырып, оқып шығып едім, ұнады. Басып шығаруға тырысатынымды айттым. «Жұлдыз» журналында оның екінші бөлегі жарияланған екен, мүмкін болса, екеуін біріктірген жөн болатынын ескертті. Оның әуелдегі аты «Төгілген ар» екен, біз оны «Таңба» деген атпен жарияладық. Мұнымыз дұрыс болды ғой деп ойлаймын. Кейін Қарағандыға келгенімде Жақаң төсек тартып жатып қалыпты. Сүйінші даналарын, азын-аулақ қаламақысын бердім. Қуанып қалды.
Жақаң қайтыс болғанда Германияда жүр едім. Келіп топырақ сала алмадым. Содан қырқына қарай келдім. Кейін мұрағатпен жұмыс істеп, ақыры «Енеден ерте айырылған төл секілді» деген кітап жарық көрді. Енді Жақаңның 100 жылдық мерейтойына қарай «Таңба» атты романды және оған бірталай очерктерін қосып қайтадан бастырып шығардық, – деп атап өтті.
Ақын Серік Тұрғынбеков сөзінде Жайық Кәгенұлын жақсы білетіндігін, көкірегі көмбе, кеудесі ашық ақсақалдың зерделі әңгімелерінің талайға үлгі болатындығына тоқталды. Оның екінші өмірінің енді басталғандығын, Жайық жаққан оттың енді мәңгі сөнбейтіндігін тілге тиек етті.
Бұдан соң кітапхана қызметкерлеріне кезек келді. Сөзді Киевтен келген, Украина Ұлттық жасөспірімдер кітапханасының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Георгий Сап¬рыкин бастап, оның сөзін Мәскеуден келген, М.Шолохов атындағы орта¬лықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Юлия Овчиникова, Астанадан келген, Қазақтың Ұлттық академиялық кітапханасының бөлім меңгерушісі Зухра Баянова, сол сияқты Қазақстанның әр облысынан келген кітапхана қызметкерлері жалғастырды. Олар кітапхана жүйесіндегі жұмыстарды ортаға салды, тәжірибе алмасты. Әкелген сый-сияпаттарын табыс етті.
Конференцияда «Певец степей, любви и доброты» деректі фильмінің және «Адамзат рухани күш-қуатының құдіреті» атты әдеби альманахтың тұсаулары кесілді. Одан соң «Таңбалы тарлан» республикалық виртуальды байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді.
Сол күні кешкісін С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында Жайық Бектұровты еске алуға арналған «Шырқыраған шындық жыршысы» атты кеш өтті. Театрдың үлкен залында бос орын қалған жоқ десек қателеспеспіз. Онда жазушыны жақсы білетін аға буын өкілдері де, Жайық Бектұровтың кім екенін білгісі келген жас жеткіншектер де, студент қауым өкілдері де болды. Олар айтылған естеліктерді зердесіне құйып алуға тырысты. Сахнадан шырқалған әндер мен мың бұралған билерді, «Болашақ» университетінің студенттерінің өздері сценариін жазып, сахнаға шығарған Жайық Бектұров өмірінің бір сәтіне арналған шағын көріністі қызыға тамашалады.
Конференцияның үшінші күні шараға қатысушылар Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына, Теміртау қаласындағы тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени кешеніне саяхат жасады.
Сөз соңында айтарымыз – бұл конференцияның Ж.Бектұров шығармашылық мұрасын зерттеуде маңызды кезең болатындығы сөзсіз. Сонымен қоса, халықаралық конференцияға қатысушылар арнайы шешім қабылдады. Ол шешімде жазушы, публицист Ж.Бектұровтың шығармашылық мұрасын зерттеуді одан әрі жалғастыру, материалдардың жиналуына қарай әдеби альманахтың кейінгі басылымдарын шығарып отыруды жалғастыру және басқа да бірнеше тармақтан тұратын жолдар бар. Осы тараулардың бар¬лығы да алдағы уақытта орындалып жататын болса, онда конференцияның мақсатына жеткендігі деп білеміз. Ал, осындай шараны ұйымдастыруда Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұжымының ұлан-асыр жұмыс атқарғандығын атап өту ләзім.

Авторы: СҮЙІНДІК ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға