Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы
Соңғы редакциялау:
18 қазан 2012
КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫ БАСТАҒАН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ (1837 – 47) – Ресей империясының Қазақстанда жүргізген отаршылдық саясатына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыс. Патша үкіметінің 1822 – 24 ж. Орта жүз бен Кіші жүзде енгізген басқару ережелері қазақ ұлтының дәстүрлі басқару және құқық жүйесін жойып, орнына округтік және шекаралық ресейлік басқару мекемелерін ашты. Ресей билеушілері қазақ жерінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, т.б. жерлеріне өз әскери бекіністерін сала бастады. Қазақ халқының қарулы қарсылығына бір ғана әкімш. басқару жүйесіндегі отаршыл өкімет жасаған өзгерістер себеп болып қойған жоқ, оған Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, алым-салықтың өсуі де қатты қозғау салды. Ресей империясының саясатына қарсы алғашында Абылай хан ұрпақтары Ғұбайдолла сұлтан, кейін Қасым төренің ұлы Саржан сұлтан көтеріліске шыққан болатын. Бірақ олардың Ресейге қарсы күресінде одақтас болған Қоқан хандығы сатқындық жасады. 1836 ж. Қоқан билеушісінің нұсқауы бойынша Саржан өлтіріледі, ал 1840 ж. Қасым төре қаза табады. Осындай тарихи кезеңде сұлтан, (1841 жылдан хан) Кенесары Қасымұлы үш жүзді де толық қамти отырып, қазақ елінің Абылай хан тұсындағы территориялық тұтастығын, дербестігін қалпына келтіру мақсатын алдына қойды. Кенесары қарулы көтерілісін бастамас бұрын Ресей империясының билеушілеріне (Николай Қ патшаға, Орынбор ген.-губернаторлары В.А. Перовскийге, В.А. Обручевке, Сібір ген.-губернаторы П.Д. Горчаковқа) әлденеше рет хат жазып, тиісті талаптар қойды. Ресей үкіметі “бөліп ал да, билей бер” саясатын ұстанды, қазақтың би-болыстарын шен беру тәсілі арқылы бір-біріне айдап салып, қарсы қойды. Сондықтан да К. Қ. б. қ. х. ұ.-а. қ-на көптеген аға сұлтандар, би-болыстар толық тірек бола алмады. 1837 ж. Кенесары қолы Ақмола бекінісіне шабуыл жасап, орыс-казак әскерлерін талқандады, қамалды өртеп жіберді. 1839 – 40 ж. көтерілісшілер Есіл өз. бойындағы бекіністерге жиі шабуыл жасап, Жарғалаң өз. бойында бекініс тұрғызу жөнінде шешімнің қабылдануына түрткі болды. Кенесары келесі жорығын Торғай өңірі арқылы Кіші жүз жеріне жасады. 1841 ж. қыркүйекте үш жүз өкілдерінің мақұлдауымен Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылдың жазында Қоқан хандығына қарсы соғыста оны ойсырата жеңіп, оның иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды (қ. Созақ шайқасы). Батыс Сібір ген.-губернаторы Перовскийдің орнына Обручев келген соң, 1843 ж. К. Қ. б. қ. х ұ.-а. қ-на қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырылды.
1843 – 44 ж. Ресей әскерінің қолбасшылары Лебедев, Жантөрин, Дуниковский әскерлерімен шайқаста Кенесары жасағы әр түрлі айла-тәсілді мол пайдаланып, үнемі үстем түсіп отырды. 1844 ж. шілдеде Ресей жағында соғысушы Кіші жүз сұлтандарының біріккен күшін Кенесары әскері бірнеше рет ойсырата жеңді. Осы жылдың тамыз айында Наурызбай, Ағыбай батырлар бастаған қол Екатерина қамалын тас-талқан етті. 1845 ж. Кенесары әскері шегінуге мәжбүр болды. Орынбор ген.-губернаторы Обручев Солт. батыс өлкеде қосымша бірнеше бекіністер салу арқылы Кенесарының басты күштерін ығыстыра бастады. Қазақтардың мейлінше жиі көшіп-қонатын жерлерінде Қарабұтақ, Ырғыз, Торғай, Арал (Райым) бекіністерінің тұрғызылуы көтерілісшілермен күресу мақсатын көздеген еді. 1846 ж. қуаты әлдеқайда басым Ресей әскерінен ығысқан Кенесары қолы Сарыарқаны тастап, Шу өз. бойына ойысады. Кенесарының ойы Абылай ханның тікелей тұқымдары билеген Ұлы жүзге барып, патша үкіметіне және Қоқан ханына қарсы күресте қолдау табу еді. Патша үкіметі де Кенесарының басты күштерінің Жетісуға бет алғанынан хабардар бола отырып, 19 ғ-дың 20 – 40-жылдарда Ресей билігін мойындаған Сүйек Абылайұлы сияқты империяның осы өлкедегі тілектестеріне сүйенуге тырысты. Жетісу жерінде Кенесары Абылай тұқымдарынан қолдау таппады. Дегенмен Кенесарыға Байзақ Мәмбетұлы (қ. Байзақ датқа), Белқожа би, Медеу би, Құдайберген датқа (Қ.Баетов), Сыпатай батыр және Ұлы жүздің басқа да ру басшылары тарту-таралғыларымен келіп, бағынатындықтарын білдірді. Қырғыздардың Жанғараш, Жантай, Тыналы, Төрегелді секілді басшыларына елшілер жіберіп, патша өкіметіне бірлесе күресу керектігі жөнінде ұсыныс жасалды. Бірақ қырғыз билеушілері Ресей империясы билігін мойындауға ыңғай берді, ал ол қазақ ханының ашулы ерегісін туғызды. Сол себепті қырғыздарға қарсы шабуыл жасалды. К. Қ. б. қ. х. ұ.-а. қ-ның тағдырын шешкен ақырғы қанды шайқас Кекілік-Сеңгір тауының етегіндегі Майтөбе деген жерде өтті. Осында Кенесарыны Ресей отаршылдарына арқа сүйеген қырғыз манаптары қапылыста қолға түсіріп, азаптап өлтірді.
К. Қ. б. қ. х. ұ.-а. қ-ның жеңілу себептерінің бірі – бір жағынан, Ресей өкіметінің, екінші жағынан, Қоқан билеушілерінің қырғыздарды қазақтарға айдап салуының да салдары болды. К. Қ. б. қ. х. ұ.-а. к., шын мәнінде, Ресейдің қырғыз жерін де, Қоқан хандығын да жаулап алуын біраз уақытқа кейін шегерді.
Ж. Қасымбаев
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том