Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлы
Уәлиханов Шоқан (Мұхамедханафия) Шыңғысұлы [қараша, 1835, бұрынғы Күнтимес, Аманқарағай окр-нің орт. (қазіргі Қостанай обл.) – 10.4.1865, Алтынемел, Алматы обл.] – қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы, суретші.
Омбы кадет корпусын бітірген (1853). Петербург ун-тінің тарих-филол. ф-тінде лекция тыңдаған. Арғы аталары – Абылай, Уәли хандар. Әжесі Айғанымның тәрбиесін көрген. Құсмұрындағы мұсылман мектебінде бастауыш білім алды. У. осы мектепте оқып жүріп өлең, жыр, аңыз әңгімелерді оқуға және хатқа түсіруге машықтанды. Халық мұрасын жинауды қолына алған әкесіне көмектесе жүріп, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Едіге” жырларының нұсқаларын хатқа түсірді. У. жасынан араб, шағатай тілдерін, кейінірек Орт. Азиядағы түркі тілдерін меңгерді. 1847 ж. қыркүйекте әкесі Омбыға алып келіп, достарының көмегімен Омбы кадет корпусына оқуға орналастырды. Ол алғырлығы арқасында орыс тілін аз уақыт ішінде тез меңгеріп, барлық пәннен өз әріптестерінен алда болды. У-тың рухани өсуіне орыс әдебиетінің мұғалімі, шығыстанушы Н.Ф. Костылецкий (1818 – 67), мәдениет тарихынан сабақ берген айдаудағы поляк ғалымы Г.В. Госневский, әдебиетші В.П. Лободовский елеулі ықпал етті. Костылецкий арқылы 1852 ж. У. пен И.Н. Березин арасындағы тікелей достық қатынас басталды. Березиннің тапсырмасы бойынша У. Тоқтамыстың “Хан жарлығына” және Қыдырғали Жалайыридың “Жамиғ ат-Тауарих” атты шығармасының орыс тіліндегі аудармасына талдау жасады. Бұл оның алғашқы ғыл. жұмысы болды. Осылайша У. корпустың мұғалімдері мен Омбының алдыңғы қатарлы зиялыларының көзіне түсті. У-тар отбасының достары оны мереке күндері үйіне шақыратын болды. Сөйтіп, ол шығысты зерттеуші Сотниковтың, сурет мұғалімі А.Померанцевтің, ал оқуды бітірген жылы білімді офицер К.К. Гутковскийдің үйінде жиі болып тұрды. Г.Н. Потаниннің айтуынша, Гутковский мен оның туысы Я.Ф. Капустиннің отбасы У-тың рухани өсуіне, жалпы тағдырына елеулі ықпал жасаған. 14 – 15 жасар У-қа мұғалімдері болашақ ғалым, зерттеуші ретінде қарады. У. тарих, геогр. кітаптарын бас алмай оқыды. Сирек кездесетін көне кітаптарды алып оқуға корпус басшылары тарапынан рұқсат берілгендіктен, ол Жайық, Еділ, Каспий алабын, Оңт. Сібір, Байкал, Алтайды зерттеген П.С. Палластың (1741 – 1811) “Саяхатын”, Еділ, Каспий, Орал өңірі тарихы мен этнографиясын жазған П.И. Рычковтың күнделік жазбалары мен кітаптарының қазақ даласына арналған беттерін қызыға оқыған. Жас У-тың Шығыс елдері, оның ішінде қазақ даласы жөнінде терең білімді екендігін С.Ф. Дуров, П.П. Семенов Тянь-Шанский, Потанин, Н.М. Ядринцев жоғары бағалаған. 1853 ж. У. кадет корпусын бітіріп, атты әскер корнеті дәрежесінде Сібір казак-орыс әскері 6-атты әскер полкінің офицері болып тағайындалды. Қс жүзінде Батыс Сібір ген.-губернаторының кеңсесінде қалдырылып, бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солт.-батыс аймағын басқарған Г.Х. Гасфорттың адьютанты қызметіне белгіленді. Екінші жағынан Батыс Сібір өлкесінің Бас басқармасы оны қазақ даласы мен Орт. Азия елдері бойынша айрықша тапсырмаларды орындайтын офицер етіп ұстады. Бұл қызметте ол бюрократтық аппараттың, Дюгамель, Фридрихс, Кройерус, Кури сияқты шенеуніктер мен патша өкіметінің отаршылдық саясаты туғызған әділетсіздіктерді көріп, оларға қарсы күрес жүргізді. Бұл туралы достары Ф.М. Достоевский, А.Н. Майков, В.Курочкинге жазған хаттарында Омбыдан кетуді, туған халқына пайдасы тиетін қызмет істеуді армандайтыны айтылған. Көп ұзамай Жетісу өңіріне Ресей ықпалын жүргізу мақсатында жасақталған экспедиция құрамына Гутковский, М.М. Хоментовский, М.Д. Перемышельский сияқты офицерлермен бірге У. та енгізілді. Осы экспедицияда У. 1855 ж. Омбыдан Семей, Аягөз, Қапал арқылы Қле Алатауына дейін келді. Қайтарда Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасады. Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау арқылы күзде Омбыға оралды. Осы сапарда ол қазақ, қырғыз ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясына қатысты материалдар жинап қайтты. Жинаған материалдарын Омбыда қорытуға кіріскен У-қа Гасфорттың ұсынысымен поручик атағы берілді. 1856 ж. Хоментовскийдің Жетісуға жасаған әскери-ғыл. экспедициясына қосылды. Осы экспедиция кезінде ол “Манас” дастанына назар аударды. Қленің басындағы Манас жорық жасады деген қаланың орнын барып көреді. Маусым айында Ыстықкөлге жетіп, оның шығыс, солт.-шығыс жағалауының, тау асуларының картасын түсірді. Бірнеше маршрутта У. Семенов Тянь-Шанскиймен бірге жүрді. Экспедицияда У. оринтол., энтомол. коллекция жинап, гербарий құрастырады. Жетісу, Ыстықкөл аймағының фаунасы мен флорасын зерттеді. Ыстықкөлдің картасын жасауға қатынасты. Сол алаптағы қираған көне қалалардың мәдениетіне, эпиграфиялар мен тас мүсіндерге зер салды. Алакөлден Тянь-Шаньға дейінгі жерді түгел шарлаған ол қырғыздардың бұғы, сарыбағыш, солты руларының арасында болып, қырғыз халқының шежіресін, өлең, жыр, аңыз-әңгімелерін, соның ішінде “Манас” жырын жазып алды. Қытаймен сауданы жолға қою мақсатымен Құлжаға Ресейдің өкілі болып баруға тиісті полк. Перемышельскийдің (Ұлы жүздің приставы) орнына ақырғы сәтте тағайындалған ол, 1856 ж. тамызда Құлжаға барып, Қытай мен Ресей арасындағы шекара дауын шешуге ат салысты. У-тың Құлжа сапарынан кейін Ресей мен Қытай арасында “Тарбағатай келісімін” жасаудың негізі қаланып, Құлжа мен Шәуешекте орыс консулдығы ашылды. Құлжа жақта 3 айдай болған У. күзде Омбыға оралды. Қашқариядағы мұсылмандар көтерілісін, Құлжа, Ақсу маңындағы елдің маньчжур әулеті билеушілеріне наразылығын бақылау үшін 1857 ж. қайтадан Алатау қырғыздарына жіберілді. 1856 – 57 жылғы алғашқы саяхаттарының ғыл. нәтижелері У-тың “Ыстықкөл сапарының күнделігі”, “Қытай империясының батыс провинциясы мен Құлжа қаласы”, “Қырғыздар туралы жазбалар” атты еңбектерінде баяндалған. Осы сапарларында У. қырғыз тарихының мәселелеріне, әсіресе, қырғыздардың Енисей алабын, Памир, Алтай тауларын бір мезгілде қалайша мекендегеніне ой жіберді. Саян – Тянь-Шань аралығы қырғыздардың көші-қон мекені болғаны жайлы ғыл. мәселені қолға алды. 17 – 18 ғ-лардың жазба деректерін сүзуге кіріскен У. 1856 жылдың қысын Батыс Сібір обл. мұрағатын ақтарумен, Алтынхан, Жоңғар заманының құжаттарын іздеумен өткізді. Сөйтіп, Сібір мен Тянь-Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохтонды тұрғыны екенін тарихта тұңғыш рет У. анықтап берді. Сол көне заманда қырғыздар Енисей алабымен тығыз байланысты болған, Енисей мен Алтай, Жоңғар даласы, Тянь-Шань – бәрі біртұтас геогр. аймақ болып тұрғанын дәлелдеді. Ол қырғыздар жөніндегі шығыс жазба деректерін де зерттеген. Сол бойынша Алтай мен Тянь-Шань арасында 17 ғ-да Ойрат (Жоңғар) мемлекеті пайда болғанда ғана қырғыздардың Енисеймен байланысы тоқталғанын анықтаған. Бұл зерттеуінде У. қырғыздың көне тарихы туралы еңбек жазған географ К.Риттердің, А.Гумбольдтың, шығысты зерттеуші Шотт пен Клапроттың пікірлерін сынға алды. У-тың тарих, геогр. саласындағы еңбегінің даңқы Петербург ғалымдарына жетіп, 1857 ж. 27 ақпанда 20-дан жаңадан асқан Шоқан Орыс география қоғамына толық мүшелігіне сайланды. 1858 – 59 жылдардағы Қашқарияға сапары У-тың ғылым, ағартушылық саласындағы шығарм-ның жаңа белеске көтеріліп, дәуірлеп өсуіне жол ашты. 13 ғ-дың соңғы ширегінде Марко Поло, содан 1603 ж. саяхатшы Гоес қана болған Қашқарияның географиясы, саяси құрылысы, мәдениеті мен тұрмыс-салтының ерекшелігі туралы үш жарым ғасыр бойы Еуропа ғылымында елеулі мәлімет болмады. Еуропалықтарға жабық болып есептелетін Қашқария билеушісі Уәлихан-төре Шоқаннан бір жыл бұрын Үндістан арқылы барған немістің белгілі географы Адольф Шлагинтвейттің басын кескен. Дүние жүзінің ғалымдарын тебіренткен бұл сұмдықты алғаш әлемге әйгілеген У. болатын. Қашқарияға астыртын адам жіберуге рұқсат алуда, экспедицияны жабдықтауда Сыртқы істер мин. Азия департаментінің директоры Е.П. Ковалевский үлкен рөл атқарды. Экспедицияны жіберу ғалымдардың да, Орт. Азия мен Шығыста сауда қатынасы мен саяси байланыстарды кеңейтуге тырысқан, сөйтіп, Шығыс Түркістандағы саяси оқиғаларды қадағалап отырған Ресей үкіметінің де талап-тілегіне сай келді. Экспедицияны Қашқарияға жіберу туралы шешімге 1857 ж. 22 тамызда Александр ҚҚ қол қойды. Соғыс министрі Сухозанеттің тапсыруымен экспедицияны ұйымдастырған Гасфорт Айрықша Сібір корпусында У-тан басқа офицердің экспедицияны басқара алмайтындығын ескерді. Сөйтіп, Жетісуда жүрген У. экспедицияға аттануға тиісті Қарамола жотасының етегіндегі Сарыбас а-на (Қапалдан 30 км) 1858 ж. 28 маусымда келіп, Семейде жабдықталған арнаулы керуенге қосылды. Шашын ұстарамен алғызып, қазақша киініп, өзін Әлімбай деп атады; керуен басы Мұсабайдың (Қапалдың саудагері) туысы болып есептелді. Тамызда керуен Текес, Қарқара алабына жетті. Ыстықкөл маңында қырғыздың бұғы руында болып, Боранбай манаптың асына қатысты. Кенеттен Қашқарияға бара алмайтындай бөгеттер туып, оған қоса керуенде орыс офицері бар деген қауесет тарады. Алайда ержүрек саяхатшы тәуекелге бел байлап, ілгері жылжыды. Ыстықкөлдің арғы жағында кең жазықта дамыған егіншілікті көреді. 19 қыркүйекте керуен Зауқы (Жүке) өз-не жетіп, Сырт арқылы Қашқарияға бет алды. Зауқы асуының оңт-нде Тянь-Шаньның Сырт деп аталатын биігінде У-қа дейін география тарихында ешбір географ болған емес. Сырттың өсімдік және жануарлар дүниесінің ерекшеліктерін, орографиясын, табиғаты мен климатын әлемдік геогр. ғылымында тұңғыш рет У. сипаттап берді. Қашқарияда 1858 жылдың 1 қазанынан 1859 жылғы наурыздың ортасына дейін болған У. Қашқар қ. мен Алты шаїар елін зерттеді. Ол кезде Алты шаїар деп солт-тен Тянь-Шань, оңт-тен Кунь-Лунь тауы қоршап тұрған Қашқар, Ақсу, Үштұрпан, Янысар, Жаркент, Хотан қ-ларын атайтын. Қоқан ханының Қашқардағы сауда консулы әрі саяси резидентінің жәрдемімен У. Қашқардың экон., саяси құрылысын зерттеп, тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинады. Әр аймақтан келген саудагерлермен, Қашқарияның саяси қайраткерлерімен, ғалымдарымен, ақындарымен кездесіп, Алты шаїардың өткен тарихы мен бүгінгісі туралы нақтылы деректерді анық білетін кісілерден алып отырды. Жергілікті ғалымдардан сирек кездесетін Шығыс қолжазбаларының бірнешеуін қолға түсіріп, нумизматик. коллекция, гербарий, тау жыныстарының коллекциясын жасады. Қытайға қар-сы наразылықты бастаған Уәли хан төренің қашып кетуіне байланысты 1859 ж. ақпанның аяғында Қашқарда тағы да дүрбелең басталды. Оның үстіне Семейден келген саудагерлер керуенінде орыс тыңшысы бар екен деген лақап қалаға тарап кеткен. Осылайша қауіп күшейген кезде У. керуені 1859 ж. 11 наурызда қайтар жолға шықты. Экспедицияның Қашқариядан оралғанын 3 шілдеде Соғыс министріне хабарлаған Гасфорт қиыншылықтар мен қауіп-қатерді көп көрген У-тың ауырып жатқанын, бірақ бейтаныс елді жан-жақты сипаттайтынын, сөйтіп, әскери, саяси, экон., сауда-саттық жағынан үкіметке де, ғылымға да керекті бай материал мен сирек кездесетін деректер әкелгенін хабарлады. Қашқар сапарының жемісі – У-тың “Алты шаїардың яғни Қытайдың Нан-Лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы” атты еңбегі – Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, географиясына, әлеум. құрылысына арналып, заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы болды. Оның материалдары көп ұзамай неміс және ағылшын тілдеріне жарияланды. У-тың бұл еңбегі орыстың мемл., әскери қайраткерлеріне қажетті, аса маңызды құрал болып шықты. 1860 ж. 8 сәуірдегі Үкімет жарлығымен У-қа штабс-ротмистр әскери атағы, 4-дәрежелі Қзгі Владимир ордені және бір жолғы көмек ретінде 500 сом күміс ақша берілетін болды. Петербургте ғалымдар, Бас штаб пен Сыртқы істер мин. Азия мәселесі жөнінен У-ты үлкен бедел тұтты. Солардың ұсынысымен Александр ҚҚ У-ты Азия департаментіне қалдыру туралы 1860 ж. 15 маусымда бұйрыққа қол қойды. Петербургке келген У. бірнеше мекемеде (Бас штабтың әскери-ғылыми к-тінде, Азия департаментінде, Орыс география қоғамында) қатарынан жұмыс істеді. Петербург ун-тінде лекция тыңдады. Бас штабтың әскери-ғыл. к-тінің тапсыруы бойынша Орт. Азия мен Шығыс Түркістанның карталарын жасады. Оның редакциясымен “Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы”, “Құлжа қаласының жобасы”, “Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта”, т.б. дайындалды. Орыс геогр. қоғамы мүшелеріне Шығыс Түркістан, Тянь-Шань, Жетісу тақырыбы бойынша лекция оқыды. У. Петербургтің ғыл., әдеби қауымымен тез танысып, достасып кетті. Ескі досы Достоевскиймен кездесті. Петербургте У. орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдарымен, әсіресе, “Орыс география қоғамы жазбаларының” редакторы проф. А.Н. Бекетовпен, Азия департаментіндегі Ковалевский, Ф.С. Остен-Сакенмен, Петербург ун-тінің проф., Құлжада консул болған И.И. Захаровпен тығыз байланыс орнатты. Захаровпен бірге Азия департаментінің жоғары мектебінде түркі тілінен сабақ берді. У-тың пәтеріне В.Б. Григорьев, В.П. Васильев, В.В. Вельяминов-Зернов секілді шығыстанушы ғалымдар жиі келіп тұрды. Науқасы меңдеген У. дәрігерлердің кеңесімен 1861 ж. көктемде туған еліне қайтты. Ел ішінде тұрып, қазақ халқының езгідегі тұрмысын көрген У. 1862 ж. Атбасар окр-нің аға сұлтаны болуға ниеттенді. Алайда аға сұлтандыққа сайлана алмай, Омбыға кетіп қалды. Онда У. Бас басқармадағы заң комиссиясының жұмысына қатысып, қазақ соты реформасының мәселесімен айналысты. 1864 ж. көктемде У. М.Г. Черняевтің әскери экспедициясына шақырылды. Черняевтің бұл сапардағы қанқұйлы қаталдығы У-ты ғана емес, бүкіл Ресейдің алдыңғы қатарлы азаматтарының жанын түршіктірді. Ондай қанқұмардың қол астында болғысы келмеген бір топ офицермен бірге 1864 ж. шілдеде У. Верныйға қайтып кетті. Черняевтің шағымы бойынша бұлардың көбі жазаға тартылды, әскери атақтары төмендетілді. Сібір казак-орыс әскері офицерлерінің осындай қы-лықтарына зерттеу жүргізуге Петербургтен Омбыға арнаулы комиссия шығарылды. Сондықтан У. Омбыға қайтпай, албан руының аға сұлтаны Тезек төренің ауылында тұрып, оның қарындасы Айсарыға үйленді. Осы арадан Петербургпен, Батыс Сібір басқармасының басшыларымен хат арқылы байланыс жасап тұрды. Меңдеген ауруына шипа таба алмай, Тезек төренің ауылында 9 ай тұрып, қайтыс болды. өлер алдында жазған хатында айтқан У-тың аманатын (Айсарыға қамқорлық жасау туралы) орындау үшін жазда Көкшетаудан Алтынемелге келген туыстары оның қабіріне күйдірілген кірпіштен күмбез орнатты. Г.А. Колпаковский, И.И. Ибрагимов, Ядринцев, т.б. К.П. Кауфманның тапсыруымен арх. А.П. Зенковтың жобасы бойынша У-тың зиратына мәрмәр тас қо-йылды. Екатеринбургте жасатып, Омбы, Семей арқылы Алтынемелге әкелінген осы таста орысша, қазақша: “Бұл араға 1865 ж. қайтыс болған штабс-ротмистр Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жерленген. Түркістан ген.-губернаторы Кауфман Қ-нің тілегі бойынша Уәлихановтың ғылымға сіңген еңбегі үшін осы ескерткішті 1881 ж. ген.-лейтенант Колпаковский қойған” – деп жазылған. Аз өмірінде У. Орт. Азия халықтарының тарихына, географиясына, фольклорына және қоғамдық-саяси құрылысына арналған көптеген құнды еңбектер қалдырды. Қазақстан географиясында Балқаш пен Алакөлдің бұрын біртұтас су айдыны болғандығы және Жоңғар қақпасынан соғатын Ебі желі туралы ғыл. деректерді алғаш келтіруші де У. Ортағасырлық деректер мен ауыз әдебиеті үлгілері негізінде “Қазақ шежіресі” атты еңбек жазды. 1855 ж. Гутковскийдің экспедициясында жүріп, Қапалда болғанда Ұлы жүздің фольклорын жинады. Одан бұрынырақта Нұра бойындағы Ботағай, Жұбан ана және Сарысу бойындағы Айтболат сияқты архит. ескерткіштерді зерттеді. 1856 – 58 ж. ол Жетісуда Алматы, Қойлық, Алмалық қ-ларының ескі жұртын зерттеп, көне заманның теңге ақшаларынан коллекция жасаған; Қледегі Таңбалы тас мекенін, Шолақтау мен Жоңғар қақпасындағы жартас жазуларының көшірмесін жасап алған және Аягөз бен Ыстықкөл жағасындағы тас балбалдардың суретін қағазға түсірген. Ыстықкөл, Құлжа, Қашқар сапарының күнделіктері, “Көкетай ханның асы”, “Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы туралы пікірлер” – бәрі де сол кезеңнің үздік туындылары. Ғыл. еңбектері ішінде Жетісу, Ыстықкөл, Тянь-Шань, Шығыс Түркістанға тарихи-геогр. шолу жасауға арналған “Жоңғария ескерткіштері”, “Қазақтар туралы жазбалар”, “Алты шаїардың, яғни Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) жайы” сияқты зерттеулерінің орны ерекше. Қазақтың тарихы мен этнографиясына, қазақ даласының әлеум.-саяси қатынастарына арналған еңбектерінің де мәні зор (“Абылай”, “Қазақтың шежіресі”, “Көне замандағы қазақтың қару-жарақ, сауыт-саймандары”, “Шона батыр”, “Сот реформасы туралы жазбалар”, “Даладағы мұсылмандық”, “Қазақтағы шаман дінінің сарқыншақтары”, “Қазақтың көші-қоны”, т.б.). Көптеген еңбектерінде ол тарихшы, географ, этнограф қана емес, публицист, әдебиетші, жазушы ретінде де көрінеді. Туған халқының бай ауыз әдебиетіне ерте сусындап, “Едіге” жырын Күрлеуіт Қыпшақ Жұмағұл (Жаманқұл) ақыннан 6 жасында естігенін айтады. Ауыз әдебиетіне ерте назар аударған ол әкесі Шыңғыспен бірге Обаған бойынан М.В. Ладыженскийге арнап “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” дастанының бір нұсқасын жазып алған. Ол А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, т.б. орыс ақын-жазушыларының еңбектерімен қатар, еуропа әдебиетінен Ж.Ж. Руссо, Ч.Диккенс, В.Теккерей, В.Шекспир, Гете шығармаларын сүйіп оқыған. Сөйтіп, Батыс, Шығыс орыс әдебиетін зерттеуге де У. ерте кіріскен. Кадет корпусында Костылецкий екеуі қазақ эпосын зерттеуді қолға алып, “Қозы Көрпеш – Баян сұлуды” орыс тіліне аударды. Костылецкий арқылы У. бұл дастанның Обаған нұсқасын Березиннің хрестоматиясына енгізген. Қазақ ауыз әдебиетінің теор. мәселелері сөз болатын “Қазақтың халық дастандарының үлгілері туралы”, “Орта жүз қазақтарының аңыз-әңгімелері”, “18 ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар”, т.б. еңбектерінен оның терең білімдарлығы көрінеді. У. қазақтың батырлар жыры үнді-герман эпостарына ұқсайтындығын ашты. Тарихи жырлардың шығу тегін қуалай келіп, Ноғайлы заманының бұл туындылары 14 – 16 ғ-ларға жататынын анықтады. “Ер Көкше” жырын зерттегенде шығарманың бас кейіпкері Ер Көкше батыр тарихта болған адам екенін, оның 1423 ж. ұрыста қаза тапқаны туралы дерек келтіреді. Қырғыздың “Манас” жырын тұңғыш зерттеуші де, оны әдебиеттану ғылымы әлеміне алғашқы таныстырушы У. болды. “Манас” жырын тарихи, этногр. мағлұматтарының молдығы, көркемдік дәрежесінің биіктігі жағынан “Илиада”, “Одиссея” сияқты эпостармен қатар қоюға болатын құнды, кесек туынды деп бағалады. Қазақтың халық поэзиясын жасаушы, орындаушы ақын, жырауларды У. Батыстың рапсод, бардтарымен салыстырды. Ол халық поэзиясының көркемдігіне сүйсіне отырып, одан тарихи, этногр. мағлұматтар іздеді. У-тан қалған мұраның бір бөлігін бейнелеу өнері саласындағы еңбектері құрайды. У. негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеу жанрымен айналысқан. Одан 150-ге тарта сурет қалған. Көбінесе акварель, майлы бояумен, ал кейде тушь, қалам, сиямен жұмыс істеген. Оның қолынан шыққан суреттердің біразы 19 ғ-дың 60-жылдары “Всемирная иллюстрация”, “Искра”, “Русский художественный лист” секілді басылымдарда жарияланған. Портреттер де У. халықтың типін ғана беріп қоймай, әр адамның өзіне тән мінез-құлқының ерекшеліктерін, ішкі жан дүниесін ашып көрсетеді. У. өзінің күнделіктерін, жолжазбаларын суретпен көркемдеп, көрнекі материалмен толықтырып отырған. У. тастағы жазуларды, ондағы көне заманның суреттерін қағазға айнытпай түсіру арқылы кейінгі ұрпақтың сол жазуларды оқуына жағдай жасады. У. қайтыс болғанда абақтыда отырған Ядринцев арнайы мақала жазып, ұлы ғалымның мұрасын жоғалып кетуден аман сақтау мәселесін ең бірінші болып көтерді. 1866 ж. ген. Гутковскийдің ұсынысымен Орыс геогр. қоғамы У-тың еңбектерін түгелдей жарыққа шығаруға шешім қабылдады. Бірақ бұл іс Гутковскийдің қаза болуына байланысты тоқтап қалды. Тек 1904 ж. Н.И. Веселовскийдің жинауымен У-тың 1 томдық еңбегі жарық көрді. Оның 5 томдық шығармалар жинағы 2 рет, 1961 – 72 ж. және 1985 – 86 ж. баспадан шығарылды. Бұл іс белгілі қазақ ғалымы Ә.Марғұлан бастаған топтың еңбектерінің арқасында жүзеге асты. 1958 ж. У-тың Алтынемелдегі қабірі басына биік ескерткіш орнатылды. Кауфман қойғызған мәрмәр тас соның қабырғасына өріліп жымдастырылды. Алматыда, Көкшетауда, Семейде, Алтынемелде У-тың мүсіндік ескерткіштері орнатылған. Тарих және этнология институтына, Көкшетау мемл. ун-тіне, Алматыдағы бір көше мен мектепке, Ақмола обл-ның бір ауданына У. есімі берілген. Сүйегі жатқан Алтынемелде (Алматы обл.) мемориалды кешен орнатылған (қ. Уәлихановтың мемориалды кешені). Ғылым саласындағы жетістіктері үшін ғалымдарға У. атынд. сыйлық белгіленген.
Шығ.: Соч. Ч.Ч. Валиханова, изд. под ред. Н.И. Веселовского, СПб. 1904; Избр. произв., под ред. А.Х. Маргулана, А.-А., 1958; Собр. соч., в 5 т.т., т. 1–5., А.-А., 1985 – 86; Избр., М., 1986; Таңд., А., 1986.
С. Өтенияз, Ә. Бейсенова
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 8-том