Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы: Оқу-ағарту жүйесі

Соңғы редакциялау: 22 қазан 2012 Оқу-ағарту жүйесі. Қазақстан жерінде, әсіресе, оның отырықшы аудандарында орта ғ-лардың ерте кезеңінде-ақ (7 – 8 ғ.) көптеген мектептер (мұсылманша бастауыш оқу орны) мен медреселер, діни білім беретін ортадан жоғары оқу орындары жұмыс істей бастаған. Ертедегі Исфиджаб, Тараз, Сайрам, Түркістан, Отырар, т.б. қ-лардағы медреселер саны 84-ке жеткен. Оларда 5 мыңға жуық шәкірт білім алған. Ауылдық мектептер кең-байтақ өлкенің түкпір-түкпіріне орналасқан. онда молдалар (татар, башқұрт, т.б.) ұстаздық еткен. Оқыту ақысы халықтан жиналды. Балалар қыс, күз айларында ғана (жылына 4, не 6 ай) оқыған. Оқу мерзімі 4 жыл, оқуға жеті жастан бастап қабылданған, кейбір ауылдық жерде 7 – 9 жастағы балалар бірге оқи берген. Оқу ақысы заттай төленген, жыл аяғында емтихан тапсыру, мектеп бітіргені үшін балаға ресми куәлік беру тәртібі сақталмаған. Сауат ашу жолы араб әріптері мен сөздерін жаттауды, әсіресе құранның араб тіліндегі мәтінін жатқа білуді мақсат етті. Қалалардағы медреселерде ислам дінін уағыздайтын бастауыш мұсылман мектептерінің молдаларын, казиларды, діндар сопылар мен шариғат заңдарын түсіндіретін жоғары лауазымды дін қызметшілерін даярлаған. Ол мұсылманшылық рәсімдерін таратушы оқу орны ғана емес, ірі мәдениет орталығы ретінде де қызмет атқарды. Белгілі ақындар, тіпті ағартушы-демократ ретінде танылған қазақ зиялыларының біразы осындай медреселерді тамамдаған. Мыс., орта ғ-дағы Отырар медресесінде қазақ жерінің ұлы перзенті, Шығыс Аристотелі, екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фараби білім алды. Беріректе Уфадағы “Ғалия” медресесінде Т.Жомартбаев, М.Сералин, Б.Майлин, М.Жұмабаев, Семейдегі Ахмет Риза медресесінде Абай Құнанбаев оқыды. Бұл оқу орындарында дін жолын уағыздайтын пәндерден басқа заңтану, тарих, логика, риторика, география, философия, математика, астрономия, медицина, т.б. зайырлы пәндер оқытылған. Медреселердің жанында кітапханалар болды. Оқу мерзімі шәкірттің алғырлығына, үлгерім қабілетіне байланысты болған. Оқуды тамамдаған шәкірттерге ресми құжат табыс етілді. Киіз үйлерде оқытатын мұсылман мектептері ауылдармен бірге көшіп-қонып жүрген. Бай саудагерлердің қаржыларына салынған қала медреселері ғана арнаулы үйлерге орналасты. Бұл мектептерде оқу жоспары, бағдарламалары және тұрақты сабақ кестелері болған жоқ. Қазақстанның Ресейге қарап, оған империяның орт. аудандарындағыдай әкімш. жүйе енгізіле бастауына байланысты, жергілікті басқару буындарында істейтін шенеуніктер мен тілмаштар даярлайтын орыс-қазақ және орыс-тузем мектептерін ашу қажеттігі туды. Осы мақсатта Омбыда 1789 ж. “Азиялық училище” ашылды. Бұл оқу орнына қазақ балалары да қабылданды. 1841 ж. Бөкей Ордасында Жәңгір хан қазақ балалары үшін орыс мектеп-пансионатын ашты. 1825 ж. Орынбордағы татар мектебі негізінде Неплюев кадет уч-щесі (ол 1844 ж. кадет корпусы болып аталды), 1846 ж. Сібір қазақ-орыс әскери уч-щесі негізінде Омбы кадет корпусы ірге көтерді. Бұл оқу орындарын қазақтың тұңғыш зиялылары: Шоқан Уәлиханов, Садық Бабажанов, Халиолла Өскенбаев, т.б. оқып бітірді. 1850 ж. Орынбордың Шекара комиссиясы жанынан қазақ балалары үшін жеті жылдық мектеп ашылды. Осы мектептің түлегі қазақтың демократ-ағартушы педагогі Ы.Алтынсариннің басшылығымен 1864 ж. 8 қаңтарда Торғайда тұңғыш қазақ мектебі және оның жанынан интернат ашылды. Ол педагогика классиктерінің (Я.А. Коменский, К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, т.б.) гуманистік идеяларын басшылыққа алып, өзі ашқан мектептердің оқу жүйесіне енгізді. Оның “Қазақ хрестоматиясы” (1879) мен “Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы” (1880) атты оқулықтары осы идеяға негізделген шынайы демокр. бағыттағы еңбектер еді. Ы.Алтынсарин жаттамалы, мағынасыз діни оқуға қарсы болды. Өзі ашқан қазақ-орыс мектептерінде басқа ғылымдармен бірге дін тарихын да оқыта отырып, “Мұсылмандық шарттары” атты оқулығын жазды. Онда діннің имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу шарттарын оқушыларға түсіндіру мақсатын көздеді. 1879 – 89 ж. Торғай обл. халық ағарту уч-щелерінің инспекторы қызметінде жүріп, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ мектептерін, 1888 ж. Орскіде мұғалімдер мектебін ашты. Ол “балаларды жазалап оқыту” әдісіне қарсы күресті. Мектептерде ана тіліне қоса орыс тілін, арифметика, табиғаттану сабақтарын өткізуді қуаттады. Алтынсарин патша үкіметі жүргізіп келген бұратана халықтарды орыстандыру – шоқындырып, тілінен, дінінен бездіру сияқты миссионерлік саясатқа қарсылық білдіріп бақты. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ мектептері қандай болуы керек деген мәселе күн тәртібіне қойыла бастады. Ол жөнінде бір-біріне қарама-қарсы екі көзқарастағы топтар пайда болды. Бірі – бұратана халықты шала сауатты күйде қалдырып, төл мәдениетінен қол үздіріп, бірте-бірте орыстандыру саясатын көздеген Н.И. Ильминский бастаған миссионерлер болса, екіншісі – орыс халқының прогресшіл озық мәдениет үлгілерін игеру арқылы өз елін өркениетті елдердің деңгейіне көтеруді көздеген Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты демократ-ағартушылар еді. Абай “Дүниенің кілті өнер-білімде”, “Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз”, – деп жастарға жар салды. А.Байтұрсынов қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсады. Ол бастаған бір топ қазақ зиялысы 1905 ж. 26 маусымда Қарқаралы қазақтары атынан Мин. Кеңесінің төрағасына петиция жолдап, “Қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын. Оқу ана тілінде жүргізілсін” деген талап қойды. Байтұрсынов қазақ тілінде тұңғыш әліппе құралын жазды (1912). Оның 1892 ж. Қазанда басылған “Букварь для киргизов” деген оқу құралы жеті рет қайта басылып, 1925 жылға дейін қазақ мектептерінің негізгі оқу құралы ретінде пайдаланылып келген. 1920 ж. қазанда Қазақ АКСР-нің ХАК-ы құрылып, А.Байтұрсынов халық комиссары болды. 1921 ж. ақпанның 18-інде Бүкілқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бірыңғай мектеп жүйесін құру, кәсіптік-тех. білім беру, саяси тәрбие ісі, оқу-тәрбие жұмысына байланысты, т.б. мәселелер қаралды. 1922 – 23 ж. ұлт мектептерін төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде біраз шаралар іске асырылды, қазақ тілінде 14 оқулық шығарылды. Олардың ішінде “Физика”, “Грамматика”, “Педагогика”, “Алгебра”, “Мектеп гигиенасы”, т.б. бар. Бұл оқулықтарды жазуға Байтұрсынов, Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Аспандияров, Жомартбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Т.Жолдыбаев, т.б. қатысты. 1920 – 30 ж. республика мектептерінің оқу базасын күшейтуге мемлекет тарапынан орасан мол қаржы жұмсалды. 367 мектеп жаңадан салынып, 361-і күрделі жөндеуден өткізілді. Осы жылдары бастауыш мектептер саны 333-тен (1926) 1864-ке (1930) жетті (оның 1231-і қазақ мектебі), оқушылар саны 215,1 мыңнан 320,1 мыңға жетті (оның 124,9 мыңы қазақ). Алайда қазақ қыздарын оқуға тарту әлі де өз дәрежесінде болмады. Бастауыш мектепте оқитындардың 11%-ы ғана қазақ қыздары еді. 1928 ж. ҚазОАК-нің 3-сессиясы бұл мәселеге ерекше тоқталып, қазақ қыздарын оқуға көптеп тарту туралы арнайы қаулы қабылдады. Бұл жылдары қазақ орта мектептерінің саны аз еді. Мыс., 1927 – 28 ж. республикада үш-ақ орта мектеп (Ташкент, Орынбор, Қызылорда) болды. Оқушылардың көбі 7 жылдық мектепті бітірісімен техникумдар мен ФЗО-ларға кетіп жатты. 1929 ж. республиканың ежелден ғылым, әдебиет, мәдениет тілі болып келген араб әліпбиінен латыншаға көшуі оқу-ағарту ісінің дамуына үлкен соққы болып тиді. Араб әліпбиімен шыққан мәдени бай мұралардың көбі отқа өртелді. 1940 ж. латын әліпбиінен кириллицаға көшу елдегі ағарту ісін тағы көп жылға шегеріп тастады. 1937 ж. қазақ бастауыш мектептерінің саны 537-ден 1190-ға, орта мектептер 11-ден 48-ге, орталау мектептер 143-тен 237-ге жетті. 1940 – 41 оқу жылында жалпы білім беретін мектептерге 1 млн. 145 мың 993 оқушы тартылды. Оның 441 мыңы қазақ балалары еді. Бұл 1925 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Оқуға тартылған қазақ қыздарының саны 20 мыңға артты, мұғалім кадрларының сапасы жақсарды. Мыс., 1940 ж. жалпы білім беретін мектептерде 44597 мұғалім қызмет етті, оның 17,5 мыңы қазақ әйелдері еді. 1945 – 60 ж. мектептердің, оларда оқитындардың саны күрт өсе бастады. 1960 ж. жалпы білім беретін 10363 мектеп жұмыс істеді, онда 1 млн. 814 мыңнан астам оқушы білім алды. 1954 ж. тың игеру науқаны кезінде елде 1960 жаңа кеңшар орнап, жүздеген жаңа мектеп салынды. 1960 ж. республика бюджетінен оқу-ағарту ісіне 2 миллиард сомға таяу қаржы жұмсалды. Қазақстанда төл оқулықтар жасау мәселесі мықтап қолға алынды. Бұл іспен Е.Бекмаханов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Ә.Маманов, М.Балақаев, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, т.б. республикаға белгілі ғалымдар айналысты. Алайда бұл жылдары оқу-ағарту саласында жаңа мәселелер де туындады. Орт. Қазақстанға Ресей, Украина, Молдова, Беларусь республикаларынан тың көтеру науқанымен мыңдаған отбасылардың қоныс аударуына байланысты көптеген қазақ мектептері жабылып, аралас орыс-қазақ немесе таза орыс мектептеріне айналдырылды. Соның салдарынан Қазақстанда 700-ден астам қазақ мектебі жабылды, қазақ тіліндегі газет, журнал, кітап таралымы құлдырап кетті. 600 мыңнан астам қазақ баласы орыс мектептерінде оқуға мәжбүр болды. Мың жарымнан астам аралас орыс-қазақ мектептері пайда болды. Осыған байланысты Қазақстан үкіметі орыс тілін 1-сыныптан бастап оқыту жөнінде қаулы алды. Бұл қазақ тілінің рөлін төмендетіп жіберді. 1960 – 70 ж. арасында оқу мазмұнына ірі өзгерістер енгізілді. Мектептерді 7 жылдықтан 8 жылдыққа көшіру ісі 1962 – 63 оқу жылында аяқталды. Жаппай 8 жылдық білім беруді іске асыру заңы оқудың сапасына кері әсер етті, талап төмендеп кетті. Оқушылардың білімге ынтасы кеміді. Орыс тілін оқытуға ерекше көңіл бөлініп, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында сабақ түгелдей орыс тілінде жүргізілгендіктен қазақ мектептеріндегі оқушылардың саны кеми түсті. 1980 – 90 ж. елімізде халыққа жаппай орта білім беру саласында біраз жұмыс жүргізілді. Соның бірі 6 жастан бастап оқыту болды. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі шағын мектептер мәселесін шешу, бастауыш мектепке алдын ала даярлау, жаппай орта білім беруге көшу, мектепаралық оқу шеберханаларын ашу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Мектептегі оқу ісі мемл. білім стандартынан туындайтын жаңа талаптарға сай келетіндей етіп ұйымдастыруды, көп қаржы жұмсауды және ғыл.-зерттеу жұмысын жүргізуді қажет етеді. Оның бірінші кезеңі 1994 – 97 ж., жалпы білім беретін мектептерді толық білім стандартына көшіру ісін аяқтау 2001 – 02 жылдарды қамтыды. Жалпы білім беретін базалық мектептердегі оқу жүйесі – 11 жылдық. Белгілі бір білім салаларына икемі бар балаларға арналған лицей, гимназия, колледж, медреселер ашу, оқуды тегін оқытумен қатар жекелеген ақылы мектептер ашу ісі де жүргізілді. Қазақстанда тұңғыш мұғалімдер семинариясы 1883 ж. Ы.Алтынсариннің басшылығымен Орск қ-нда ашылды. Ыбырай енгізген оқу-ағарту ісіндегі бір жаңалық – қазақ жастарына арналған тұңғыш кәсіптік мамандық беретін уч-щелердің ашылуы болды. 1886 ж. Торғайда қолөнер уч-щесі, 1888 ж. Торғай мен Ырғызда қыздар пансионаттары, ал 1889 ж. Қостанайда а. ш. уч-щесі ашылды. Бұдан кейін 1890 ж. Қарабұлақта, 1893 ж. Қостанайда, 1896 ж. Ақтөбеде қыздар уч-щесі іске қосылды. Бұл оқу орындарында қолөнері мен а. ш. шеберханалары жұмыс істеді. Алтынсариннің кәсіптік білім беру жөніндегі ой-пікірі кеңінен қолдау тауып, 1902 ж. Семейде мұғалімдер семинариясы ашылып, Орт. Қазақстан өлкесіндегі (Семей, Өскемен, Қарағанды, Ақмола) мектептерге мұғалімдер даярлау ісі қолға алынды. Онда қазақтың аса көрнекті қоғам және ғылым қайраткерлері Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ж.Аймауытов, М.Ақынжанов, О.Жәутіков, Ә.Сембаев, тұңғыш генерал Ш.Қабылбаев, Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықов, Кеңес Одағының Батырлары: Ізғұтты Айтықов, В.А. Шулятников, Б.Бунтовских, Соц. Еңбек Ерлері: Ж.Шәйжүнісов, М.А. Носова, Д.М. Парлей, т.б. оқыды. Кейін мұғалімдер семинариясы Ташкент, Омбы, Орал, Ақтөбе, Алматы, Ақмола қ-ларында ашылды. 1883 – 1920 ж. аралығында оны 300-дей қазақ балалары бітіріп шықты. 1941 ж. КСРО-да 1 млн-ға жуық оқушысы бар арнаулы орта білім беретін 3773 оқу орны жұмыс істеді. Ал 1957 – 58 оқу жылдарында техникумдар мен уч-щелерде, арнаулы мектептерде 2 млн. оқушы болды. 1940 – 41 оқу жылында арнаулы орта білім беретін 118 мектепте 30 мың оқушы оқыды. 1969 – 70 оқу жылында бұл мектептердің саны 186-ға жетіп, 43610 оқушысы болды. 2-дүниежүз. соғыстан кейінгі жылдары арнайы орта білімді мамандарды неғұрлым қысқа мерзімде даярлау қажеттігіне байланысты бұл оқу орындарына 9 сыныпты бітіргендер ғана емес, орта мектепті бітірген жастар да қабылданатын болды. Олар 1,5 – 2 жыл ішінде арнайы мамандықты игеріп, өндіріске жолдама алды. Арнаулы орта білім беру саласында оқушыларды еңбекке баулу және кәсіптік бағдар беру жүйесі негізінен орнығып, тиімді түрлері мен әдістері белгіленді. Жоғары сынып оқушыларын еңбекке баулудың және кәсіптік бағдарлаудың ұйымдық нысандары мен мазмұнында елеулі өзгерістер болды. КОКП ОК мен КСРО Мин. Кеңесінің “Жалпы білім беретін мектептерде оқушыларға білім беру, тәрбиелеу мен оларды еңбекке баулуды одан әрі жетілдіру туралы” қаулысы жастарды материалдық өндіріс саласында еңбек етуге даярлау және болашақ мамандықты дұрыс таңдау ісіндегі жаңа бір маңызды кезең болып, еңбекке баулуды ғыл. негізде жүйелі жүргізу және оқушыларға кәсіптік бағдар беру негізінен орындалды. Мектептер кәсіптік-тех. уч-щелермен тығыз байланыс жасап тұрды. Мектеп реформасын жүзеге асыру бағытында бірлескен кешенді шаралар белгіленді. Жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар берумен қатар электронды-есептеуіш микропроцессорлы техникамен қоса металлургия өндірісін, автоматика, телемеханика негіздерін оқыту қолға алынды. Ауыл мектептеріндегі оқушылар мал ш-нда жұмыс істеуге үйренді. Оқушылардың өндірістік бригадалары, дала қостары өмірге келді. Олар экон. жағынан тиімді болып, кезінде елдің азық-түлік бағдарламасына елеулі үлес қосты. 1991 ж. жаңа үлгідегі мектептер мен арнаулы орта білім беретін оқу орындары: лицей, гимназия, кәсіптік-тех. мектептер, колледждер өмірге келді. 2003 ж. республикада – 108 гимназия, 63 лицей, 289 лицейлік және гимназиялық сыныптары бар мектептер, дарынды балаларға арналған 30 мектеп жұмыс істеді. Сондай-ақ, 312 кәсіптік-тех. мектепте 89 мыңнан астам оқушы, 382 колледжде 207 мыңнан астам студент оқыды. 1995 ж. Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, онда жалпыға бірдей міндетті әрі тегін орта білім беру бағыты жарияланды. ҚР “Білім беру туралы” жаңа Заңында да (1999 ж. 7 маусымда қабылданған) бұрынғыдай жалпы білім беретін мектептің бастауыш (1 – 4-сыныптар), негізгі (5 – 9-сыныптар) және жоғары (10 – 12-сыныптар) деп аталатын үш сатысы бекітілді. Орта (толық) білім алудың түрлі жолдары айқындалды. Орта білім жалпы білім беретін (күндізгі, кешкі) және кәсіптік мектептер (лицейлер) мен колледждерде берілетін болды. Мұнда оқушы кәсіби мамандық алумен қатар оқуын мектеп бағдарламасы бойынша аяқтайды. “Білім беру туралы” Заңға сәйкес бұрынғы нормативтік құқықтық негіз жаңартылып, мемл. “Білім” бағдарламасы жасалуда. Бұл бағдарлама білім беру жүйесін реформалауды қазіргі экон., әлеум. және саяси жағдайға сәйкестендіреді. 1990 – 99 ж. ҚР білім саласына қатысты оннан астам мемл. бағдарламалар қабылданды. Олар: “Дарын” мемлекеттік бағдарламасы. Дарынды балалардың шығарм. дамуын қолдау мақсатын көздейді. Осы бағдарлама шеңберінде 1997 ж. республиканың сегіз облысында дарынды балалар үшін арнаулы мектептер мен мектеп-интернаттары бар респ. “Дарын” ғыл.-практик. орт. құрылды. 1996 жылдың соңында шет елдерде тұратын отандастарды қолдау мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның шеңберіне тарихи отанына оралған оралмандарды оқыту мен қайта оқыту кіреді. 1997 ж. Орта білім жүйесін ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның мақсаты – республика мектептерін мультимедиялық компьютерлік сыныптармен қамтамасыз ету, компьютерлік оқу бағдарламаларын, электрондық оқулықтар жасау, білім беруді басқару жүйесін ақпараттандыру. “Жалпы білім беретін мектептер үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау және басып шығару туралы” кешенді бағдарлама жалпы білім беретін мектептер үшін жаңа үлгідегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жасауды мақсат етеді. Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тілдерді оқытудың түпнұсқа бағдарламалары мен жаңа технологиясын дайындауды, қазақ тілін оқытуды тиімді жүргізуге байланысты оқулықтар, аудиокөру, компьютерлік бағдарламалар шығаруды көздейді. Экологиялық білім беру бағдарламасы респ. білім беру және басқа құрылымдарында үздіксіз экол. білім беруді дамыту мен үйлестіруді мақсат еткен. ҚР-да 1998 – 2000 ж. кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кешенді бағдарлама, т.б. бағдарламалар бар. 1919 – 20 ж. Орынборда, Ордада, Семейде ағарту ин-ттары, 1920 ж. қарашада Түркістан мемл. ун-ті (кейіннен Орта Азия ун-ті) ашылды. Бұл ун-т Орта Азия мен Қазақстан үшін кадр даярлаудың негізгі орталығына айналды. Оның жанында қазақ жастарын оқытатын арнаулы бөлімдер болды. 1920 ж. Ордада, Бөкей халық ағарту ісі бөлімшесінде Бөкей ағарту ин-ты ашылды. 1921 ж. Орынборда (кейін Қызылордаға көшірілді) және Верныйда Қазақ халық ағарту ин-ттары ашылды. Бұл жылдары Ресей мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарындағы қазақстандық студенттер саны жыл сайын өсіп отырды. 1926 ж. 2 шілдеде Ташкенттегі Қазақ ағарту ин-ты пед. ин-т деп аталды. Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны – Қазақ пед. ин-ты 1928 ж. Алматы қаласында ашылды. Бұдан кейін Алматыда 1929 ж. Алматы малдәрігерлік ин-ты, 1930 ж. Қазақ а. ш. ин-ты, 1931 ж. Қазақ мед. ин-ты, 1932 ж. Орал пед. ин-ты ашылды. 1932 ж. республиканың 6 жоғары оқу орынында 2 мың студент оқыды, олардың 40,5%-ы қазақ жастары еді. 1934 ж. Қазақ мемл. ун-ті және Тау-кен-металлургия ин-ты ашылды. 1941 ж. республиканың халық ш-нда жұмыс істейтін кәсіби мамандардың (52,3 мың адам) жоғары білімдісі 16,8 мың адам, яғни 32,2% болды. 1940/41 оқу жылы республиканың 20 оқу орнында 10419 студент оқыды. 1950 – 60 ж. Ақтөбе, Ақтау, Тараз, Қостанай, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Ақмола (қазіргі Астана) қ-ларында педагогика, Орал мен Ақмолада а. ш., Ақтөбе, Қарағанды, Семей, Ақмолада медицина ин-ттары, Алматыда – Алматы халық ш. ин-ты (қазіргі Қазақ экономика ун-ті), Қарағандыда политех. және кооп., Павлодарда индустр., Өскеменде құрылыс-жол, Ақмолада инж.жол-құрылыс, Таразда гидромелиоративтік-құрылыс және технол. ин-ттар ашылды. 1972 ж. Қарағанды мемл. ун-ті, Арқалық, Талдықорған пед. ин-ттары ашылды. 1986/87 оқу жылында Қазақстанның 55 жоғары оқу орынында 274 мың студент оқыды. 2000/2001 оқу жылында елдегі 47 мемл. жоғары оқу орыдарындағы студенттер саны 267 447 болды. Жоғары деңгейдегі мамандар даярлау, білім беру, ғылым мен мәдениетті дамытуда үлкен жұмыстар атқарып отырған сегіз мемл. жоғары оқу орнына 2001 ж. 5 шілдеде ҚР Президентінің Жарлығымен ерекше мәртебе берілді. Олар: Әл-Фараби атынд. Қазақ ұлттық ун-ті; Л.Н.Гумилев атынд. Еуразия ұлттық ун-ті; Қазақ ұлттық агр. ун-ті; Қ.И. Сәтбаев атынд. Қазақ ұлттық тех. ун-ті; С.Ж. Аспандияров атынд. Қазақ ұлттық мед. ун-ті; Т.Қ. Жүргенов атынд. Қазақ ұлттық өнер академиясы; Құрманғазы атынд. Қазақ ұлттық консерваториясы; Қазақ ұлттық музыка академиясы. Бұлармен қатар республикада 35 мемл. жоғары оқу орны бар. Олар: Ақмола мемл. мед. академиясы, Ақмола агр. ун-ті, Ақтау мемл. ун-ті, Ақтөбе мемл. ун-ті, Алматы технол. ун-ті, Атырау мұнай және газ ин-ты, Атырау ун-ті, Арқалық мемл. пед. ин-ты, Шығ. Қазақстан мемл. ун-ті, Шығ. Қазақстан мемл. тех. ун-ті, Жезқазған ун-ті, Жетісу мемл. ун-ті, Бат. Қазақстан мемл. мед. академиясы, Бат. Қазақстан мемл. ун-ті, Қазақ көлік және коммуникация академиясы, Қазақ мемл. спорт және туризм академиясы, Қазақ мемл. заң академиясы, Қазақ мемл. қыздар пед. ин-ты, Қазақ халықар. қатынастар және әлем тілдері ун-ті, Қарағанды мемл. мед. академиясы, Қарағанды мемл. тех. ун-ті, Қарағанды мемл. ун-ті, Қарағанды металлургия ин-ты, Көкшетау мемл. ун-ті, Қостанай мемл. ун-ті, Қызылорда мемл. ун-ті, Халықар. қазақ-түрік ун-ті, Павлодар мемл. ун-ті, Рудный индустр иялық ин-ты, Солт. Қазақстан мемл. ун-ті, Семей мемл. медицина академиясы, Семей мемл. ун-ті, Тараз мемл. ун-ті, Оңт. Қазақстан мемл. мед. академиясы, Оңт. Қазақстан мемл. ун-ті. ҚР Қорғаныс мин-нің әскери оқу орындары Қазақстанның Қарулы Күштері үшін командалық, инж.-тех. және арнаулы мамандықтар бойынша кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру мақсатын көздейді. ҚР әскери оқу орындарына: ҚР Қарулы Күштерінің Әскери академиясы, Ақтөбе жоғары әскери авиац. уч-щесі, Азаматтық авиация академиясы жанындағы әскери ф-т, ҚР Қорғаныс мин-нің кадет корпусы, “Жас ұлан” респ. мектебі, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралардағы офицерлер құрамын даярлау және қайта даярлау курстары жатады. Алғашқы мемл. емес жоғары оқу орындары Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін ғана пайда болды. Өзінің он жылдық дамуы барысында жоғары кәсіби білім берудің мемл. емес секторы жалпы білім беру жүйесінде елеулі рөл атқара бастады. 2001 жылдың басында елде жоғары кәсіби білімді мамандар даярлауға мемл. лицензия алған 121 мемл. емес жоғары оқу орны болды. С. Қалиев Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том    
09.11.2012 04:06 14600

Соңғы редакциялау:

22 қазан 2012

Оқу-ағарту жүйесі. Қазақстан жерінде, әсіресе, оның отырықшы аудандарында орта ғ-лардың ерте кезеңінде-ақ (7 – 8 ғ.) көптеген мектептер (мұсылманша бастауыш оқу орны) мен медреселер, діни білім беретін ортадан жоғары оқу орындары жұмыс істей бастаған. Ертедегі Исфиджаб, Тараз, Сайрам, Түркістан, Отырар, т.б. қ-лардағы медреселер саны 84-ке жеткен. Оларда 5 мыңға жуық шәкірт білім алған. Ауылдық мектептер кең-байтақ өлкенің түкпір-түкпіріне орналасқан. онда молдалар (татар, башқұрт, т.б.) ұстаздық еткен. Оқыту ақысы халықтан жиналды. Балалар қыс, күз айларында ғана (жылына 4, не 6 ай) оқыған. Оқу мерзімі 4 жыл, оқуға жеті жастан бастап қабылданған, кейбір ауылдық жерде 7 – 9 жастағы балалар бірге оқи берген. Оқу ақысы заттай төленген, жыл аяғында емтихан тапсыру, мектеп бітіргені үшін балаға ресми куәлік беру тәртібі сақталмаған. Сауат ашу жолы араб әріптері мен сөздерін жаттауды, әсіресе құранның араб тіліндегі мәтінін жатқа білуді мақсат етті. Қалалардағы медреселерде ислам дінін уағыздайтын бастауыш мұсылман мектептерінің молдаларын, казиларды, діндар сопылар мен шариғат заңдарын түсіндіретін жоғары лауазымды дін қызметшілерін даярлаған. Ол мұсылманшылық рәсімдерін таратушы оқу орны ғана емес, ірі мәдениет орталығы ретінде де қызмет атқарды. Белгілі ақындар, тіпті ағартушы-демократ ретінде танылған қазақ зиялыларының біразы осындай медреселерді тамамдаған. Мыс., орта ғ-дағы Отырар медресесінде қазақ жерінің ұлы перзенті, Шығыс Аристотелі, екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фараби білім алды. Беріректе Уфадағы “Ғалия” медресесінде Т.Жомартбаев, М.Сералин, Б.Майлин, М.Жұмабаев, Семейдегі Ахмет Риза медресесінде Абай Құнанбаев оқыды. Бұл оқу орындарында дін жолын уағыздайтын пәндерден басқа заңтану, тарих, логика, риторика, география, философия, математика, астрономия, медицина, т.б. зайырлы пәндер оқытылған. Медреселердің жанында кітапханалар болды. Оқу мерзімі шәкірттің алғырлығына, үлгерім қабілетіне байланысты болған. Оқуды тамамдаған шәкірттерге ресми құжат табыс етілді. Киіз үйлерде оқытатын мұсылман мектептері ауылдармен бірге көшіп-қонып жүрген. Бай саудагерлердің қаржыларына салынған қала медреселері ғана арнаулы үйлерге орналасты. Бұл мектептерде оқу жоспары, бағдарламалары және тұрақты сабақ кестелері болған жоқ.

Қазақстанның Ресейге қарап, оған империяның орт. аудандарындағыдай әкімш. жүйе енгізіле бастауына байланысты, жергілікті басқару буындарында істейтін шенеуніктер мен тілмаштар даярлайтын орыс-қазақ және орыс-тузем мектептерін ашу қажеттігі туды. Осы мақсатта Омбыда 1789 ж. “Азиялық училище” ашылды. Бұл оқу орнына қазақ балалары да қабылданды. 1841 ж. Бөкей Ордасында Жәңгір хан қазақ балалары үшін орыс мектеп-пансионатын ашты. 1825 ж. Орынбордағы татар мектебі негізінде Неплюев кадет уч-щесі (ол 1844 ж. кадет корпусы болып аталды), 1846 ж. Сібір қазақ-орыс әскери уч-щесі негізінде Омбы кадет корпусы ірге көтерді. Бұл оқу орындарын қазақтың тұңғыш зиялылары: Шоқан Уәлиханов, Садық Бабажанов, Халиолла Өскенбаев, т.б. оқып бітірді. 1850 ж. Орынбордың Шекара комиссиясы жанынан қазақ балалары үшін жеті жылдық мектеп ашылды. Осы мектептің түлегі қазақтың демократ-ағартушы педагогі Ы.Алтынсариннің басшылығымен 1864 ж. 8 қаңтарда Торғайда тұңғыш қазақ мектебі және оның жанынан интернат ашылды. Ол педагогика классиктерінің (Я.А. Коменский, К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, т.б.) гуманистік идеяларын басшылыққа алып, өзі ашқан мектептердің оқу жүйесіне енгізді. Оның “Қазақ хрестоматиясы” (1879) мен “Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы” (1880) атты оқулықтары осы идеяға негізделген шынайы демокр. бағыттағы еңбектер еді. Ы.Алтынсарин жаттамалы, мағынасыз діни оқуға қарсы болды. Өзі ашқан қазақ-орыс мектептерінде басқа ғылымдармен бірге дін тарихын да оқыта отырып, “Мұсылмандық шарттары” атты оқулығын жазды. Онда діннің имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу шарттарын оқушыларға түсіндіру мақсатын көздеді. 1879 – 89 ж. Торғай обл. халық ағарту уч-щелерінің инспекторы қызметінде жүріп, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ мектептерін, 1888 ж. Орскіде мұғалімдер мектебін ашты. Ол “балаларды жазалап оқыту” әдісіне қарсы күресті. Мектептерде ана тіліне қоса орыс тілін, арифметика, табиғаттану сабақтарын өткізуді қуаттады. Алтынсарин патша үкіметі жүргізіп келген бұратана халықтарды орыстандыру – шоқындырып, тілінен, дінінен бездіру сияқты миссионерлік саясатқа қарсылық білдіріп бақты.

19 ғ-дың 2-жартысында қазақ мектептері қандай болуы керек деген мәселе күн тәртібіне қойыла бастады. Ол жөнінде бір-біріне қарама-қарсы екі көзқарастағы топтар пайда болды. Бірі – бұратана халықты шала сауатты күйде қалдырып, төл мәдениетінен қол үздіріп, бірте-бірте орыстандыру саясатын көздеген Н.И. Ильминский бастаған миссионерлер болса, екіншісі – орыс халқының прогресшіл озық мәдениет үлгілерін игеру арқылы өз елін өркениетті елдердің деңгейіне көтеруді көздеген Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты демократ-ағартушылар еді. Абай “Дүниенің кілті өнер-білімде”, “Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз”, – деп жастарға жар салды. А.Байтұрсынов қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсады. Ол бастаған бір топ қазақ зиялысы 1905 ж. 26 маусымда Қарқаралы қазақтары атынан Мин. Кеңесінің төрағасына петиция жолдап, “Қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын. Оқу ана тілінде жүргізілсін” деген талап қойды. Байтұрсынов қазақ тілінде тұңғыш әліппе құралын жазды (1912). Оның 1892 ж. Қазанда басылған “Букварь для киргизов” деген оқу құралы жеті рет қайта басылып, 1925 жылға дейін қазақ мектептерінің негізгі оқу құралы ретінде пайдаланылып келген.

1920 ж. қазанда Қазақ АКСР-нің ХАК-ы құрылып, А.Байтұрсынов халық комиссары болды. 1921 ж. ақпанның 18-інде Бүкілқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бірыңғай мектеп жүйесін құру, кәсіптік-тех. білім беру, саяси тәрбие ісі, оқу-тәрбие жұмысына байланысты, т.б. мәселелер қаралды. 1922 – 23 ж. ұлт мектептерін төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде біраз шаралар іске асырылды, қазақ тілінде 14 оқулық шығарылды. Олардың ішінде “Физика”, “Грамматика”, “Педагогика”, “Алгебра”, “Мектеп гигиенасы”, т.б. бар. Бұл оқулықтарды жазуға Байтұрсынов, Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Аспандияров, Жомартбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Т.Жолдыбаев, т.б. қатысты. 1920 – 30 ж. республика мектептерінің оқу базасын күшейтуге мемлекет тарапынан орасан мол қаржы жұмсалды. 367 мектеп жаңадан салынып, 361-і күрделі жөндеуден өткізілді. Осы жылдары бастауыш мектептер саны 333-тен (1926) 1864-ке (1930) жетті (оның 1231-і қазақ мектебі), оқушылар саны 215,1 мыңнан 320,1 мыңға жетті (оның 124,9 мыңы қазақ). Алайда қазақ қыздарын оқуға тарту әлі де өз дәрежесінде болмады. Бастауыш мектепте оқитындардың 11%-ы ғана қазақ қыздары еді. 1928 ж. ҚазОАК-нің 3-сессиясы бұл мәселеге ерекше тоқталып, қазақ қыздарын оқуға көптеп тарту туралы арнайы қаулы қабылдады. Бұл жылдары қазақ орта мектептерінің саны аз еді. Мыс., 1927 – 28 ж. республикада үш-ақ орта мектеп (Ташкент, Орынбор, Қызылорда) болды. Оқушылардың көбі 7 жылдық мектепті бітірісімен техникумдар мен ФЗО-ларға кетіп жатты. 1929 ж. республиканың ежелден ғылым, әдебиет, мәдениет тілі болып келген араб әліпбиінен латыншаға көшуі оқу-ағарту ісінің дамуына үлкен соққы болып тиді. Араб әліпбиімен шыққан мәдени бай мұралардың көбі отқа өртелді. 1940 ж. латын әліпбиінен кириллицаға көшу елдегі ағарту ісін тағы көп жылға шегеріп тастады.

1937 ж. қазақ бастауыш мектептерінің саны 537-ден 1190-ға, орта мектептер 11-ден 48-ге, орталау мектептер 143-тен 237-ге жетті. 1940 – 41 оқу жылында жалпы білім беретін мектептерге 1 млн. 145 мың 993 оқушы тартылды. Оның 441 мыңы қазақ балалары еді. Бұл 1925 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Оқуға тартылған қазақ қыздарының саны 20 мыңға артты, мұғалім кадрларының сапасы жақсарды. Мыс., 1940 ж. жалпы білім беретін мектептерде 44597 мұғалім қызмет етті, оның 17,5 мыңы қазақ әйелдері еді.

1945 – 60 ж. мектептердің, оларда оқитындардың саны күрт өсе бастады. 1960 ж. жалпы білім беретін 10363 мектеп жұмыс істеді, онда 1 млн. 814 мыңнан астам оқушы білім алды. 1954 ж. тың игеру науқаны кезінде елде 1960 жаңа кеңшар орнап, жүздеген жаңа мектеп салынды. 1960 ж. республика бюджетінен оқу-ағарту ісіне 2 миллиард сомға таяу қаржы жұмсалды. Қазақстанда төл оқулықтар жасау мәселесі мықтап қолға алынды. Бұл іспен Е.Бекмаханов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Ә.Маманов, М.Балақаев, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, т.б. республикаға белгілі ғалымдар айналысты. Алайда бұл жылдары оқу-ағарту саласында жаңа мәселелер де туындады. Орт. Қазақстанға Ресей, Украина, Молдова, Беларусь республикаларынан тың көтеру науқанымен мыңдаған отбасылардың қоныс аударуына байланысты көптеген қазақ мектептері жабылып, аралас орыс-қазақ немесе таза орыс мектептеріне айналдырылды. Соның салдарынан Қазақстанда 700-ден астам қазақ мектебі жабылды, қазақ тіліндегі газет, журнал, кітап таралымы құлдырап кетті. 600 мыңнан астам қазақ баласы орыс мектептерінде оқуға мәжбүр болды. Мың жарымнан астам аралас орыс-қазақ мектептері пайда болды. Осыған байланысты Қазақстан үкіметі орыс тілін 1-сыныптан бастап оқыту жөнінде қаулы алды. Бұл қазақ тілінің рөлін төмендетіп жіберді.

1960 – 70 ж. арасында оқу мазмұнына ірі өзгерістер енгізілді. Мектептерді 7 жылдықтан 8 жылдыққа көшіру ісі 1962 – 63 оқу жылында аяқталды. Жаппай 8 жылдық білім беруді іске асыру заңы оқудың сапасына кері әсер етті, талап төмендеп кетті. Оқушылардың білімге ынтасы кеміді. Орыс тілін оқытуға ерекше көңіл бөлініп, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында сабақ түгелдей орыс тілінде жүргізілгендіктен қазақ мектептеріндегі оқушылардың саны кеми түсті.

1980 – 90 ж. елімізде халыққа жаппай орта білім беру саласында біраз жұмыс жүргізілді. Соның бірі 6 жастан бастап оқыту болды. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі шағын мектептер мәселесін шешу, бастауыш мектепке алдын ала даярлау, жаппай орта білім беруге көшу, мектепаралық оқу шеберханаларын ашу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Мектептегі оқу ісі мемл. білім стандартынан туындайтын жаңа талаптарға сай келетіндей етіп ұйымдастыруды, көп қаржы жұмсауды және ғыл.-зерттеу жұмысын жүргізуді қажет етеді. Оның бірінші кезеңі 1994 – 97 ж., жалпы білім беретін мектептерді толық білім стандартына көшіру ісін аяқтау 2001 – 02 жылдарды қамтыды. Жалпы білім беретін базалық мектептердегі оқу жүйесі – 11 жылдық. Белгілі бір білім салаларына икемі бар балаларға арналған лицей, гимназия, колледж, медреселер ашу, оқуды тегін оқытумен қатар жекелеген ақылы мектептер ашу ісі де жүргізілді.

Қазақстанда тұңғыш мұғалімдер семинариясы 1883 ж. Ы.Алтынсариннің басшылығымен Орск қ-нда ашылды. Ыбырай енгізген оқу-ағарту ісіндегі бір жаңалық – қазақ жастарына арналған тұңғыш кәсіптік мамандық беретін уч-щелердің ашылуы болды. 1886 ж. Торғайда қолөнер уч-щесі, 1888 ж. Торғай мен Ырғызда қыздар пансионаттары, ал 1889 ж. Қостанайда а. ш. уч-щесі ашылды. Бұдан кейін 1890 ж. Қарабұлақта, 1893 ж. Қостанайда, 1896 ж. Ақтөбеде қыздар уч-щесі іске қосылды. Бұл оқу орындарында қолөнері мен а. ш. шеберханалары жұмыс істеді. Алтынсариннің кәсіптік білім беру жөніндегі ой-пікірі кеңінен қолдау тауып, 1902 ж. Семейде мұғалімдер семинариясы ашылып, Орт. Қазақстан өлкесіндегі (Семей, Өскемен, Қарағанды, Ақмола) мектептерге мұғалімдер даярлау ісі қолға алынды. Онда қазақтың аса көрнекті қоғам және ғылым қайраткерлері Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ж.Аймауытов, М.Ақынжанов, О.Жәутіков, Ә.Сембаев, тұңғыш генерал Ш.Қабылбаев, Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықов, Кеңес Одағының Батырлары: Ізғұтты Айтықов, В.А. Шулятников, Б.Бунтовских, Соц. Еңбек Ерлері: Ж.Шәйжүнісов, М.А. Носова, Д.М. Парлей, т.б. оқыды. Кейін мұғалімдер семинариясы Ташкент, Омбы, Орал, Ақтөбе, Алматы, Ақмола қ-ларында ашылды. 1883 – 1920 ж. аралығында оны 300-дей қазақ балалары бітіріп шықты.

1941 ж. КСРО-да 1 млн-ға жуық оқушысы бар арнаулы орта білім беретін 3773 оқу орны жұмыс істеді. Ал 1957 – 58 оқу жылдарында техникумдар мен уч-щелерде, арнаулы мектептерде 2 млн. оқушы болды. 1940 – 41 оқу жылында арнаулы орта білім беретін 118 мектепте 30 мың оқушы оқыды. 1969 – 70 оқу жылында бұл мектептердің саны 186-ға жетіп, 43610 оқушысы болды. 2-дүниежүз. соғыстан кейінгі жылдары арнайы орта білімді мамандарды неғұрлым қысқа мерзімде даярлау қажеттігіне байланысты бұл оқу орындарына 9 сыныпты бітіргендер ғана емес, орта мектепті бітірген жастар да қабылданатын болды. Олар 1,5 – 2 жыл ішінде арнайы мамандықты игеріп, өндіріске жолдама алды.

Арнаулы орта білім беру саласында оқушыларды еңбекке баулу және кәсіптік бағдар беру жүйесі негізінен орнығып, тиімді түрлері мен әдістері белгіленді. Жоғары сынып оқушыларын еңбекке баулудың және кәсіптік бағдарлаудың ұйымдық нысандары мен мазмұнында елеулі өзгерістер болды. КОКП ОК мен КСРО Мин. Кеңесінің “Жалпы білім беретін мектептерде оқушыларға білім беру, тәрбиелеу мен оларды еңбекке баулуды одан әрі жетілдіру туралы” қаулысы жастарды материалдық өндіріс саласында еңбек етуге даярлау және болашақ мамандықты дұрыс таңдау ісіндегі жаңа бір маңызды кезең болып, еңбекке баулуды ғыл. негізде жүйелі жүргізу және оқушыларға кәсіптік бағдар беру негізінен орындалды. Мектептер кәсіптік-тех. уч-щелермен тығыз байланыс жасап тұрды. Мектеп реформасын жүзеге асыру бағытында бірлескен кешенді шаралар белгіленді. Жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар берумен қатар электронды-есептеуіш микропроцессорлы техникамен қоса металлургия өндірісін, автоматика, телемеханика негіздерін оқыту қолға алынды. Ауыл мектептеріндегі оқушылар мал ш-нда жұмыс істеуге үйренді. Оқушылардың өндірістік бригадалары, дала қостары өмірге келді. Олар экон. жағынан тиімді болып, кезінде елдің азық-түлік бағдарламасына елеулі үлес қосты.

1991 ж. жаңа үлгідегі мектептер мен арнаулы орта білім беретін оқу орындары: лицей, гимназия, кәсіптік-тех. мектептер, колледждер өмірге келді. 2003 ж. республикада – 108 гимназия, 63 лицей, 289 лицейлік және гимназиялық сыныптары бар мектептер, дарынды балаларға арналған 30 мектеп жұмыс істеді. Сондай-ақ, 312 кәсіптік-тех. мектепте 89 мыңнан астам оқушы, 382 колледжде 207 мыңнан астам студент оқыды.

1995 ж. Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, онда жалпыға бірдей міндетті әрі тегін орта білім беру бағыты жарияланды. ҚР “Білім беру туралы” жаңа Заңында да (1999 ж. 7 маусымда қабылданған) бұрынғыдай жалпы білім беретін мектептің бастауыш (1 – 4-сыныптар), негізгі (5 – 9-сыныптар) және жоғары (10 – 12-сыныптар) деп аталатын үш сатысы бекітілді. Орта (толық) білім алудың түрлі жолдары айқындалды. Орта білім жалпы білім беретін (күндізгі, кешкі) және кәсіптік мектептер (лицейлер) мен колледждерде берілетін болды. Мұнда оқушы кәсіби мамандық алумен қатар оқуын мектеп бағдарламасы бойынша аяқтайды. “Білім беру туралы” Заңға сәйкес бұрынғы нормативтік құқықтық негіз жаңартылып, мемл. “Білім” бағдарламасы жасалуда. Бұл бағдарлама білім беру жүйесін реформалауды қазіргі экон., әлеум. және саяси жағдайға сәйкестендіреді.

1990 – 99 ж. ҚР білім саласына қатысты оннан астам мемл. бағдарламалар қабылданды. Олар: “Дарын” мемлекеттік бағдарламасы. Дарынды балалардың шығарм. дамуын қолдау мақсатын көздейді. Осы бағдарлама шеңберінде 1997 ж. республиканың сегіз облысында дарынды балалар үшін арнаулы мектептер мен мектеп-интернаттары бар респ. “Дарын” ғыл.-практик. орт. құрылды. 1996 жылдың соңында шет елдерде тұратын отандастарды қолдау мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның шеңберіне тарихи отанына оралған оралмандарды оқыту мен қайта оқыту кіреді. 1997 ж. Орта білім жүйесін ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның мақсаты – республика мектептерін мультимедиялық компьютерлік сыныптармен қамтамасыз ету, компьютерлік оқу бағдарламаларын, электрондық оқулықтар жасау, білім беруді басқару жүйесін ақпараттандыру. “Жалпы білім беретін мектептер үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау және басып шығару туралы” кешенді бағдарлама жалпы білім беретін мектептер үшін жаңа үлгідегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жасауды мақсат етеді. Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тілдерді оқытудың түпнұсқа бағдарламалары мен жаңа технологиясын дайындауды, қазақ тілін оқытуды тиімді жүргізуге байланысты оқулықтар, аудиокөру, компьютерлік бағдарламалар шығаруды көздейді. Экологиялық білім беру бағдарламасы респ. білім беру және басқа құрылымдарында үздіксіз экол. білім беруді дамыту мен үйлестіруді мақсат еткен. ҚР-да 1998 – 2000 ж. кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кешенді бағдарлама, т.б. бағдарламалар бар.

1919 – 20 ж. Орынборда, Ордада, Семейде ағарту ин-ттары, 1920 ж. қарашада Түркістан мемл. ун-ті (кейіннен Орта Азия ун-ті) ашылды. Бұл ун-т Орта Азия мен Қазақстан үшін кадр даярлаудың негізгі орталығына айналды. Оның жанында қазақ жастарын оқытатын арнаулы бөлімдер болды. 1920 ж. Ордада, Бөкей халық ағарту ісі бөлімшесінде Бөкей ағарту ин-ты ашылды. 1921 ж. Орынборда (кейін Қызылордаға көшірілді) және Верныйда Қазақ халық ағарту ин-ттары ашылды. Бұл жылдары Ресей мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарындағы қазақстандық студенттер саны жыл сайын өсіп отырды. 1926 ж. 2 шілдеде Ташкенттегі Қазақ ағарту ин-ты пед. ин-т деп аталды.

Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны – Қазақ пед. ин-ты 1928 ж. Алматы қаласында ашылды. Бұдан кейін Алматыда 1929 ж. Алматы малдәрігерлік ин-ты, 1930 ж. Қазақ а. ш. ин-ты, 1931 ж. Қазақ мед. ин-ты, 1932 ж. Орал пед. ин-ты ашылды. 1932 ж. республиканың 6 жоғары оқу орынында 2 мың студент оқыды, олардың 40,5%-ы қазақ жастары еді. 1934 ж. Қазақ мемл. ун-ті және Тау-кен-металлургия ин-ты ашылды.

1941 ж. республиканың халық ш-нда жұмыс істейтін кәсіби мамандардың (52,3 мың адам) жоғары білімдісі 16,8 мың адам, яғни 32,2% болды. 1940/41 оқу жылы республиканың 20 оқу орнында 10419 студент оқыды. 1950 – 60 ж. Ақтөбе, Ақтау, Тараз, Қостанай, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Ақмола (қазіргі Астана) қ-ларында педагогика, Орал мен Ақмолада а. ш., Ақтөбе, Қарағанды, Семей, Ақмолада медицина ин-ттары, Алматыда – Алматы халық ш. ин-ты (қазіргі Қазақ экономика ун-ті), Қарағандыда политех. және кооп., Павлодарда индустр., Өскеменде құрылыс-жол, Ақмолада инж.жол-құрылыс, Таразда гидромелиоративтік-құрылыс және технол. ин-ттар ашылды. 1972 ж. Қарағанды мемл. ун-ті, Арқалық, Талдықорған пед. ин-ттары ашылды. 1986/87 оқу жылында Қазақстанның 55 жоғары оқу орынында 274 мың студент оқыды. 2000/2001 оқу жылында елдегі 47 мемл. жоғары оқу орыдарындағы студенттер саны 267 447 болды.

Жоғары деңгейдегі мамандар даярлау, білім беру, ғылым мен мәдениетті дамытуда үлкен жұмыстар атқарып отырған сегіз мемл. жоғары оқу орнына 2001 ж. 5 шілдеде ҚР Президентінің Жарлығымен ерекше мәртебе берілді. Олар: Әл-Фараби атынд. Қазақ ұлттық ун-ті; Л.Н.Гумилев атынд. Еуразия ұлттық ун-ті; Қазақ ұлттық агр. ун-ті; Қ.И. Сәтбаев атынд. Қазақ ұлттық тех. ун-ті; С.Ж. Аспандияров атынд. Қазақ ұлттық мед. ун-ті; Т.Қ. Жүргенов атынд. Қазақ ұлттық өнер академиясы; Құрманғазы атынд. Қазақ ұлттық консерваториясы; Қазақ ұлттық музыка академиясы.

Бұлармен қатар республикада 35 мемл. жоғары оқу орны бар. Олар: Ақмола мемл. мед. академиясы, Ақмола агр. ун-ті, Ақтау мемл. ун-ті, Ақтөбе мемл. ун-ті, Алматы технол. ун-ті, Атырау мұнай және газ ин-ты, Атырау ун-ті, Арқалық мемл. пед. ин-ты, Шығ. Қазақстан мемл. ун-ті, Шығ. Қазақстан мемл. тех. ун-ті, Жезқазған ун-ті, Жетісу мемл. ун-ті, Бат. Қазақстан мемл. мед. академиясы, Бат. Қазақстан мемл. ун-ті, Қазақ көлік және коммуникация академиясы, Қазақ мемл. спорт және туризм академиясы, Қазақ мемл. заң академиясы, Қазақ мемл. қыздар пед. ин-ты, Қазақ халықар. қатынастар және әлем тілдері ун-ті, Қарағанды мемл. мед. академиясы, Қарағанды мемл. тех. ун-ті, Қарағанды мемл. ун-ті, Қарағанды металлургия ин-ты, Көкшетау мемл. ун-ті, Қостанай мемл. ун-ті, Қызылорда мемл. ун-ті, Халықар. қазақ-түрік ун-ті, Павлодар мемл. ун-ті, Рудный индустр иялық ин-ты, Солт. Қазақстан мемл. ун-ті, Семей мемл. медицина академиясы, Семей мемл. ун-ті, Тараз мемл. ун-ті, Оңт. Қазақстан мемл. мед. академиясы, Оңт. Қазақстан мемл. ун-ті. ҚР Қорғаныс мин-нің әскери оқу орындары Қазақстанның Қарулы Күштері үшін командалық, инж.-тех. және арнаулы мамандықтар бойынша кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру мақсатын көздейді.

ҚР әскери оқу орындарына: ҚР Қарулы Күштерінің Әскери академиясы, Ақтөбе жоғары әскери авиац. уч-щесі, Азаматтық авиация академиясы жанындағы әскери ф-т, ҚР Қорғаныс мин-нің кадет корпусы, “Жас ұлан” респ. мектебі, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралардағы офицерлер құрамын даярлау және қайта даярлау курстары жатады. Алғашқы мемл. емес жоғары оқу орындары Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін ғана пайда болды.

Өзінің он жылдық дамуы барысында жоғары кәсіби білім берудің мемл. емес секторы жалпы білім беру жүйесінде елеулі рөл атқара бастады. 2001 жылдың басында елде жоғары кәсіби білімді мамандар даярлауға мемл. лицензия алған 121 мемл. емес жоғары оқу орны болды.

С. Қалиев

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға