Бигелдинов Талғат
Бигелдинов Талғат Жақыпбекұлы (5.8.1922, Ақмола обл. Ақкөл ауд. Майбалық а.) — әскери ұшқыш, авиация ген.-майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры (26.10.1944, 27.6.1945). Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында орта мектепті және аэроклуб мектебін бітірген (1940). 1940 — 42 ж. Саратов барлау авиациясы мектебін, ғ3 Чкалов бомбалаушы авиация ұшқыштары мектебін, Чкалов жойғыш ұшақ ұшқыштары мектебін бітірген. 1943 жылдың ақпанынан майданға жіберіліп, сол жылғы 7 наурызда “Ил-2” шабуылшы ұшағымен жаудың “Мессершмитт—109” жойғыш ұшағын атып түсірді. Бұл ерлігі бұрын-соңды кездеспеген оқиға ретінде әлемдік авиация тарихына енді. Б-тің өзі 144-полк құрамында “Ил-2” ұшағымен Калинин, Далалық, Воронеж, 1-, 2-Украина майдандарындағы, Курск доғасындағы кескілескен ұрыстарда ерлік көрсетсе, соғыстың соңғы айларында оның басқаруындағы шабуылшы ұшақтар Одердегі және Берлиндегі шайқастарға қатысты. Соғыс кезінде ол 305 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып шығып, жаудың жүздеген танктерін, зеңбіректері мен солдаттарын жойды. Әуе шайқастарында фашистердің 7 самолетін атып түсірді. Б. Ұлы Отан соғысын барлаушы авиаэскадрилья командирі, капитан дәрежесінде аяқтады. Соғыстан кейін авиация полкі командирінің орынбасары, шабуылшы авиация оқыту-үйрету полкінің және Фрунзедегі авиаполктің штаб бастығы болды. Әскери әуе күштері академиясында (1950), Бүкілодақтық инж.-құрылыс ин-тында (1968) оқыған. 1959 ж. әскери қызметтен босап, Алматыға қоныстанды. Қазақстан азаматтық авиациясы басқармасында басшы қызметтер атқарды (1957—73). “Қазақболатмонтаж” тресі бастығының орынбасары болған кезінде (1973 — 78) Лисаковск кен байыту комб-н, Жамбыл суперфосфат з-тын, Алматыдағы Респ. ұлттық кітапхана, Мемл. цирк ғимараттарын, Ақмола, Павлодар, Ақтөбе, Жамбыл, Балқаш, Шымкент, Өскемен, Қарағанды, Қостанай, Ақтау, Семей әуежайларындағы ұшу-қону алаңдарын салуға басшылық етті. Б. — “305 рейдов” (Фрунзе, 1966); “Ил-ы атакуют” (А.-А., 1966); “Аспандағы айқас” (А., 1967) атты естелік кітаптардың авторы. Жас ұрпаққа патриоттық, жауынгерлік тәрбие беруге көп еңбек сіңірді. Ақтөбе жоғарғы әскери ұшқыштар мектебі, Қарағанды арнаулы-әскери мектебі, бірнеше орта мектептер, қалалар мен елді мекендер көшелері Б. есімімен аталған.
П. Белан, Х. Сыздықов
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том