Жаңалықтар

Баянөлгий қазақтарының қой өсіру әдістері мен тәсілдерінің ерекшеліктері

Соңғы редакциялау: 30 қазан 2012 Баянөлгий қазақтарының қой өсіру әдістері мен тәсілдерінің ерекшеліктері Баянөлгий қазақтарында қойдың алғашқы аты «бітсе» екен, кейін «біте» атаныпты, ақыры «қой» – деген ат қалыптасыпты деген аңыз бар. Алғашында халық қойдың атын да армандап шіркін «бітсе» десе керек, қой бітіп, молайғаннан кейін «біте» деп атапты. Ақыры қой жарықтықты «үнемдеп керектен, ірке тұр, соя берме, қоя тұр» дегеннен «қой» атаныпты (ХХ). Бес түліктің ішіндегі саны ең көбі де қой болғандықтан қойлы байлар туралы аңыз-әңгімелер көп. Бұрылбай – қойлы бай болған, 10мың қой біткен екен, қойды сатқаннан түскен жамбыларды көнқапқа сап қойғанда, үйдің ішін айналдыра самсыған қап болушы еді. Ол кезде киіз үйді жел алып кетпес үшін салма салғанда 4 жерден 4 қап күміс қапты қойған екен. 1930 жылы қайтыс болғанда күміс жамбыларын, підия-садақасын бергенде 100 түйеге артыпты (1000 түйе деп артық әсірелеп айтады А.Т.) өзі жомарт Бұрылбай қойды елге арқан тастап бөліп берген (ІІІ). Баянөлийдегі негізгі қой тұқымы – керейдің қызыл қойы. Суыққа ерекше шыдамды күй талғамайтын, дөнен-бесті қойлардың өзі тайыншадай, етті бағыттағы тұқым. Баянөлгий аймағындағы қазақ (керей) қойының Моңғолияның басқа қой тұқымдарымен салыстырғандағы өлшемі (орта есеппен) (1.25б)   Тұрпатының өлшемдері Халка қойы Дархад қойы Баяд қойы Қазақ (керей) қойы 1 Шоқтығына дейінгі биіктігі 64,4см 64,4см 69,8см 71,9см 2 Тұрқының ұзындығы 69,3см 70,8см 74,4см 72,8см 3 Кеуде аумағы 80,8см 85,9см 98,8см 90,6см 4 Тірілей салмағы 39,7кг 48,5кг 53,4кг 53,1кг Қошқар қойғанда шоқпар тұмсықты, кең маңдайлы, дөңгелек әрі кең танаулы, келепан құйрықты, құйрығын көтергенде ауыр, екі санымен жалғасып біткен сияқты болса өте жақсы. Арқа жоны тегіс, жалпақ жіліншігі жуан әрі қысқа болса жақсы, құлақ терісі қалың, құлақ жүні қою және ол жүн құйрығының орта шамасына жетіп тұрса. Ондай қозының жүні қайызғақты, шуашты болса, құйрығының ұшында шеміршек жоқ, тұяғы дөңгелек, әрі қалың болса. Іші үлкен, ені ұзын және ұшынан айырлы болса. Ондай қошқардың төлі көбінесе егіз болады. Терісі қалың, жүні қою, тегіс көрікті болуы тиіс. Жүні салалы қылшықты, жіңішке ұяң болса, енесі жүндес болғаны жақсы. Сом, ширақ денелі, басы жуан, желкесі шүйделі, мұрны еңкіш, құйрығы дөңгелек, ұяң түбіт, жүнді, архар мүйізді, мықты сирақты, қара баран тұяқты, қара көздіі еркек тоқтыдан қошқар қояды                                    Ұрық төлің көп болсын,                                    Өнімің сенің мол болсын.                                    Мың қойдың басы бол,                                    Заңғар таудың шөбін же,                                    Тұнық таза суын іш.                                    Табын басы болып,                                    Табынға ие болатын қошқар бол,–деп бата береді (ХІ). Қошқарды күйекке қосарда жаратады. Жеке алып қалып, бірнеше күн байлап таңертең және кешке жайылтып, жайылуын күннен күнге азайта береді, бұл 3-4 күнге созылады, сонан соң барып қана қойға қосады. Семіз қошқарды бірден қосса қызылмай-көнтек болады. Көнтек – қотыр қошқардың күйі нашарлағанынан шығады. Күйек науқанын бастап, қошқарды ең алғаш қойға саларда күйектің (киіз А.Т.) шетін қошқардың аузына тістетіп бісміллә! – деп ырым қылады (XVIII). Қыс кезінде қойдың су ішуі көбейсе арып-ашып жүдей береді. Сондай көп малды таңертең, кешкі суықта суық сумен суарса іш тастайтын жайы кездеседі. Қыстан күйлі шыққан қойдың жүні көп, әрі ерте көтеріледі. Алайда қыстан арық шыққан қойдың жүні біркелкі көтерілмейді, құйрық, қарын жүні түскіш келеді. Кейбір тәжірибелі малшылар қораның көңін қыста құрғақ және жылы сақтау үшін таңертең мал өріске шығысымен 5-6 жерге үйін қойып, кешке қой келер алдында шашып отырады. Көңді үйген кезде малдың жатқан жылуын бойына сақтап кеуіп тұрады. Қойдың астына сыз өткізбейтін бірден бір нәрсе – көң. Төл алғанда сары көңді қазанға қыздыру арқылы көк көңге айналдырып төлдің үйшігінің астына төсейді. Суық қатайып бұлыңғыр түскен кезде, қойды жайырақ өріске шығару абзал. Таңертең қорадан өрген қойдың үстінен бу көтерілсе, қой өзінің көп жылуынан айырылып, жүдей бастағандығының белгісі, сондықтан қойды күнгей, тау, төбенің қойнау жылы жеріне жаяды. Қыс мезгілінде қойға бұйырған, қойжуа, ақжусан, қияқ, ақшөп, бөрте жусан, шыралжын, еркекшөп, қызыл, сұр раноты көп өсетін өріс жақсы. Әсіресе шөл жерде бұйырғын, раноты көп болады.    Баянөлгий аймағында 9-шы айдан бастап қар жауады, 5-ші айда қар кетеді, шамамен тоғыз ай бойы күн суық болып қар жатады. Кей жылдары 10-шы айда қар басып салады, оның соңы бір айдай қарлы боранға айналады. Бұрқасын басылып декабрь-январь-февраль үш ай бойы аяз тұрады. Аяздың соңы үш ай бойы суық желге ұласады, оның аяғы апрель-май айында қара суыққа айналады. әсіресе малды жүдететін көктемгі суық аңызақ желді «хаврын хавсарга» дейді. әрине мұндай қытымыр қыстар үнемі болмайды, дегенмен әрбәр 6,12 жылда келіп тұрады. Сондықтан халық «қыс егіз болмайды» деп тегін айтпаған. Қыстауға конудың мәні бар. Қыстауға мүмкіндігінше жай қонған жақсы. Қойды жадағай жерге қорлап, тоңған-тоңбағандығын байқап отырса, түнде тұрып олай-былай жүргіштесе, жер тарпыса, біріне бірі паналау сияқты белгілері байқалса, онда қыстауға тезірек қону керек. Қыстауға қонысымен өріс жайылымды қыс пен көктемге бөліп, ең алдымен шалғай және қар ерте басатын жайылымды пайдаланады. Қыста қойды жүдететін бір нәрсе терең жылға, сайға үйілген қасат, күпсек қардан өткізу болып табылады, сондықтан ондай жерден айналып өту қажет. Қой-ешкіні таңертең қорадан шығарып орнынан тұрғызғанда, бауыр жағының терлеген бөлігінің дымы кепкенге дейін өріске айдамай кідірте тұру қажет. Қойды желге қарсы жайқалта жайса, қой тез жылынады. Кейде қойды өз еркімен ойқастатпай жарты ай формасында тоқыратып жаяды. Аяз қатайып, суық шымырлана бастаған кезде қойды суық ызғардан қорғау үшін қаша, тіпті жайылымға түтін салып ызғардың бетін қайтарады. Қой қораның ызғар соғып тұрған жаққа бірнеше биік діңгек орнатып, діңгекке темір кәтел (шелек А.Т.) асып, ішіне тезек, қи өртеп, түтін салғанда ызғардың беті қайтумен қатар, қораға қырау тұрмайды. Баянөлгийліктер мұны моңғол шопандарының әдісі деп ертеректе қолданыпты (ХХІ). Қысты күні қойды ашық қорада ұстау малшы мен оның бүкіл отбасының бала-шағаларының кей шағдайда күндіз-түн демей, мал басын аман сақтап қалу үшін жанқиярлықпенеңбек етеді: «Бір күні қысқы кеште қар жапалақтап жауа бастайды. Біз барлық киіз сырмағымызбен көң қораның бетін жаптық. Іңірде, тоқты өрістен келген кезде жамылғыны қораның есік жағынан бастап қармен қоса алып тоқтыларды қара көңге жатқыздық. Бірақ, түнде қар басып салды, қалыңдығы жатқан тоқтымен бірдей болыпты. Тоқтыны өргізіп, қарды күреп шығарып, қара көңді қайта киіз-кешекпен жаптық. Сөйтіп 3 күн, 3 түн жауды. Біз 3 күн 3 түн солай еттік. Сондықтан қорада қатпады, тоқты да ешқандай жүдемеді. Бірақ біз шаршап қалдық. Ал, біздің жерлестер ондай шаршамады, бірақ қорасы қатып, қойлары үш күннің ішінде-ақ кірбіңдеп қалды. Біздің шаршағанымыз бір күннен соң басылды, жерлестеріміздің қойы жүдеген үстіне жүдей түсті, аздап шығынданды да...» (9.18б). Суық малдың бүйірінен келсе тез өтеді. Күн жылылау әрі айық болса неғұрлым ұзақ, жадағай, көлеңке өрісті, суықта ықтасын өрісті пайдаланады. Таңертең суық күндерде белгілі мерзімде қойды қорадан тұрғызып, дереу далаға айдап шығарып жылы көңді жедел үйіп, кешке қой келерде шашып тұрады, қора қатпайды, әрі көң құрғақ болады. Малды ащылату, яғни әрәдік сортаң, сорлы жерге жайып, жалатып алу, Баянөлгий малшыларында әлі күнге дейін сақталған. Ащы – «шүй ащы», «топырақ ащы» – деп екіге бөлінеді. «Шүй ащы» – дегеніміз шымшымдап алып уқалап көргенде қолға майша жұғып сіңеді, оны қой рахаттана жалайды. «топырақ ащы» – малдың ішін айдап, жайсыз әсер етеді. Жер бетін қар басқанда малға үнемі ащы жалатып отырса, малдың денесі ширауына, жүні өсімтал болуына, семізденіп қоңдануына әсер етеді. Таңертең қойды өргізіп, соңынан қораға еніп, құмалақты байқап қараса, ол ірі жұмыр болса, алдыңғы күні жақсы тойғандықтың белгісі, құмалақ жұмыртқа сияқты сопақ болса онда орташа тойғандықтың, ол бүріскен әредік шұңқыры болса қой тоймағандықтың белгісі (ХХІ). Кешке қорадағы қой жаппай бытырап, жым-жырт жатқан болса, шөп-суы бабында екені, ол бұйығып жатса, немесе бөлініп-бөлініп, бір-біріне ығысып жатса, аш жарым құрсақтық әрі тоңғандықтың белгісі саналады. Демек, қойдың өріс жайылымын үйлестіріп жай-күйін тапса қандай аязда бір-бірімен бүйірін қоспай, жеке-жеке бытырап сирек жатады, жай-күйі жараспаса әдейі бытыратып жатқызса да шоғырланып, бүйірлерін тигізіп жатып қана қоймайды, бірін-бірі қысады. Қыста 12-ші, 1-ші, 2-ші айдың ортасына дейін күн үйдің шаңырағының жиегіне түскенде өргізіп, күн батып, ымырт жабыла қоралайды. 2-айдың аяғынан 4-айдың 15-не дейін малдың күйі төмендеп, шаршап арықтай бастағанда үйдің уығының үштен бір бөлігіне күн түскен кезде өріске шығарып, кешке күн шаңырақтан шыққан кезде қоралайды. Қыста малдың семіздік күйін сақтаудың негізгі щарты – тоңдырмауда. Қыста тоңған қойдың жүнінің салмағы 8-9 см, тоңбаған қойдың жүнінің салмағы 10-15см. Малдың іш тастауының бір себебі – қораның суықтығынан. Қысқа аяз кезінде, қойдың көңін қатырлау үшін, қашаның солтүстік жағынан бастап үйеді. 600 қойлық қашаның көңі 6 үйме болып шығады, кешке жақын осы көңді қашаның есік жағынан бастап жаймалай бастайды. Қыстауға қонар алдында қыс бойы пайдаланатын көңді, бұрынғы қорадан шығарылып тастаған көңнен үйіп алады. Қыста қора дымдана бастаса, бұрынғы дайындап алған көңнен шашады. Қыстың суығында қойды таңертең қорадан өргізерде, қойды қораның сыртына шығарып, қораның буы жоғалған соң өріске айдайды. Жылы қорадан кенет өргізсе, қойдың денесін суық ұстап қалады. Қатты аяздарда күнге қарай жайса қой тоңбайды. Қыста таңертең ертерек өргізсе, қой түскі күннің сәулесімен бойы кеңіп жадырайды, жай өргізсе ішіне мардымды ештеңе түспеген соң түскі күн сәулесіне бойы жадырамайды (ХХІІ). Көктемде жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Қытымыр қыспен қарсыласып тіршілік үшін күрескен мал жазғытұрым болдырып, босаңсып қалады. Арқасына сәл күн тисе бей-жай боп жата бергісі келеді. Сөйтіп, халі төмендеп көтерем болады, не сырқатқа ұшырайды. Ескі шөп таусылып, жаңа шөп шыға қоймаған шақты Баянөлгий қазақтары: «қой тоймас, шөміш кеппес» деген кез дейді, мұның мәнісі күн жылына қоймаған, көк шыға қоймаған кез немесе бұл кезеңді «қара өзек шақ» (XVIII) деп те атайды. Мал көктемде тез ащылағыш келетіндіктен науаға үнемі тұз салып қояды, күніне екі рет суарады. Қыстан көтерем, әлжуаз шыққан қойларға суды жылытып береді. Қыс бойы қар астында жатқан сары шөп малға өте жағымды, оны жеген қой тез өңейеді, сондықтан 5-ші айда көк қудырмай және қылтиған көкке тімінтпей сарылы, бетегелі, ақ жусанды жерге жаяды. Көк қуалаған қой тез шаршайды, сары шөпті жеген қойдың қаны тез толады, құйрығына сөл жүгіреді. Көктемде қойды жел соғатын жерге жаюға болмайды. Малдың жүнін жұлқылап соғатын желі бар жерге жайған қой тез арып жүдейді. Қыста қар көп түскен жерге көктемде көк ерте шығып, мал тез тыңаяды, ал қар жаумай, қап-қара боп жатқан жерге жел көп соғады, жауын жаумаса мал түлігінің титығына жеткен, ұзаққа созылған көктем болады да көк ерте шықпайды (ХІХ). Қой көкке әбден тойғанда бауырынан бастап семіре бастайды (ХІІ). Таңертең күн уықтың басында тұрғанда қойды жартылай ай формасында жарты аяңмен өріске шығарып, күні бойы жайылыста болдырады (VII). Жақсы семірген қойдың сүйегі – табиғи ақ болады, егер сары немесе сұр болса, семіздігі толмағандығының белгісі (VI). Малдың қаны су сияқты сұйық,  күлгін болса дереу семірмейді, қаны қойылған мал семіреді. Жазғытқрымғы малдың қаны сұйық болады, күзгі малдың қаны қою болады, әрі тез ұйиды (V). Құдық суы бастау суына жетпейді. Құдық суы мен бастау суы екі түрлі. Бу шығып жылымшы болатын бір су болса, буланбай ағатын су да болады (V).  Қойдың іші үлкеймеген кезде таулы және шалғай жердің өрісіне жайып, іші үлкейген кезде ықтасын күнгей жерге жаяды. Іш алған қойдың екінші жартысында тұзды қанғанынша жегізу шарт. Қой қоздаған соң-ақ қозының мұрнын, аузын таза шүберекпен сүртіп, енесіне мейірі қанғанша жалатып, 30-40 минуттан кейін енесінің желінін тазалап, емшегінің үрпін сауып, ауыздандырып уызға тойдырған жөн. Егер өрісте төлдесе, қозыны кере қапқа салып көтеру немесе шанаға 4-5 қозы сиятын кебеже орнатып, ішіне жылқының көкқұмағын салып, жас төлді тасыса қолайлы. Қозы енесінен туғанда, қолға ұстауға келетін құйрығымен туады. Қозыны жастайынан тұзды сумен суарса денесі ширақ болады. Қозысынан жеріген қойдың қозысын алғызарда аяғын тұсап төйгеттеуге болады. Негізінде қозының артқы аяғын сол қолмен ұстап, басын қолтыққа қысып, құйрығын құйрығының енесіне сүрткен соң, енесіне иіскетіп төйгеттесе тез алады. Қой жерігенде:                            Ала ғой қойым, ала қой                            Өзіңнен туған бала ғой                                   Төйге, төйге                               Ала қойым, ала қой                               Бауырыңа сала ғой                                Төйге, төйге (ІІ). Қозы туысымен енесімен біргк ұстап, бастапқы үш күн уызға әбден тойғызуға баса назар аударады, осы мерзімде уызға әбден тойған қозыны енесімен бірге жақын маңайға жаяды немесе қораға енесімен бірге қойып енесін жемдеп суарады. «Уызға тоймаған қозы тоқтысын да маңыратады» деген тәмсіл бар. Уызға тойған қозы бірден әлденіп, күннен-күнге өңденіп келепан құйрықтанып, терісі кеңіп созылады, ет алады. Қозыны уыздық кезеңнен өткізбесе, ары қарай қанша бақса да өсуі нашар, ет алмайтын болады. Қазақта кемшін туған төлді, тіпті баланы да «уызға жарымаған» – деген сөз бар. Уызға жарымаған қойды «бозөкпе» әлсіз, жігерсіз, бозбаланы да «бозөкпе» деп атау содан қалған. «Бозөкпе» қой жазғытұрым ерте тойынса да күзде күрт тойынар кезде қандай соны жайылымға қалай бақса да ет алмайды, күзгі салқында алдымен жүдеп, арып жан сауғалайды. Мұндай малдың өнімі сол керісінше кеми береді. Тұсақ қой көбінесе егіз таппайды, семіз, әрі жуан саулық көп егіздейді. Тұсақ қой қозысынан жерігіш, бұл біріншіден күйі төмен арықтықтап, екіншіден қозысын жалап танитын кезде, адам жақындап үркітіп шошытудан болады (ХІІІ). Жайылымнан сіңімді шөп тауып жеген қозының жүні құлпырып тұрады да, қозының өзі сергек те ширақ болады. Жемге тоймаған, дұрыс шөп жемеген қозының екі бүйірі қабысып, іші тартылып, жүні ұйпаланады. Көкке ерте тойған қой жақсы сөлденіп шынылап семіреді. Жауқазын жеген малдың жүдеу-шаршауы тез шығып, шапшаң тыңайып, жүні көтеріліп, құмалағы шымыр келеді. Жазғытұрым қар еріп, шөп кеберсіп, күн ұзарғанда қой басқа мезгілден гөрі шөлдегіш келеді, судан тапшылық көрсе әл-қуаты азаяды. Қозысын жақсы жалаған қойдың сүті, қозысын жаман жалаған қойдыкінен артық болады. Демек қозыны енесіне жақсы жалату тек төлге ғана пайдаы емес, енесінің организміне де жақсы ықпал етеді. Кәрі қой егіз тауып, екі қозысын жарыта алмайтын болса, қоздаған сүті жақсы жас қойға телиді. Ол үшін ол қойлардың қай-қайсысының қозысына да, енесіне де көрсетпей, қозының денесіндегі шарананы сыпырып алып, сүті мол қойдан туған қозының шаранасын егіз қозыға жағып, қозыны жалатып алғызады. Сонымен бірге егіз жас төлдің енесін, төлінен жеріген қойды қозысымен бірге тұрақты күтімге, жемге қойып, күн сайын суарып күтеді. Қозының жатар орны жақсы болуы үшін жерге 2-3 см күл салып, оның үстіне 10-15 см қалың көң төгеді (XV). 6-шы айдың басында мал жайлауға шығады. «Малды қыс баққанша жаз бақ» – дейдіқазақ. Көктемнен аман шыққан қой жазда тез тойынады, 6-шы айда қаны толып, құйрығына сөл жүгіреді, 7-ші айда май шашып, 8-ші айда майы шыныланып, 9-шы айда шелденеді. Жазда қойды 5 күн сайын ащылатады. Ащылатып күні ерте өргізіп мол шөпке обырлана жайылатын өріске жайып, күн қыза суарып, сонан соң қаптата жайып ащылы жерге апарады. 6-шы айдың соңында, 7-ші айдың бірінші онкүндігінде қой қырқымы өтеді. Бірақ Баянөлгий тұрғындары Қазақстандағыдай жылда бір кесімді мезгілде қой қырықпайды, себебі 6-шы айдың 1-20 аралығында бір рет қарлы бұрқақ болып күн суытады, осы амалды өткізіп барып қана қырқымға кіріседі. Жалпы әрбір айда кіретін амалдарды біліп, соған сәйкес мал шаруашылығын жүргізсе, мал аман болып, ісі өрге басатынын, малмен айналысқан әрбір қазақтың білгені жөн. Жазғытұрым жайылымды жиі-жиі ауыстырып отыру жақсы, ол үшін жиі-жиі көшу керек. Ақжусан көктейтін, изені мол жайылымда қой бір аптада тыңаяды. Ерте көкке тойған қой жазда жақсы семіреді. Жазғытұрым жайылым шөбі құрғақ болса, қойды күн сайын суарып, ащылатып тұз беріп отырады. Жазда гүлді, жапырақты сулы, балаусалы, өсімдігі мол, мал салқындап, үйездеуге қолайлы орманды, тасты жердің жайылымы ыңғайлы. Таңертең және кешкі салқында жайып тойғызады, күндізгі ыстықта үйезденіп шынықтырады. Жазда шөп, өсімдік құрғақ болғандықтан, суарып отырса қой сүтті келеді. Жауын-шашынды жазда қойды суаруды шамадан тыс көбейтуге болмайды. Ал, құрғақшылық кезінде күн сайын тоқтамды бір рет суарып отыру қажет. Тоқтау су, лай су қойға қолайсыз. өзен, бұлақ, бастау суынан қой су ішкенде төменнен жоғары қарай серпе өрлеу арқылы сусындайды. Қой қай мезгілде жусамас бұрын, тоқ кезінде суару тиімді (ІІІ). Кейбір тәжірибелі шопандар қойдың қандай шөп жегеніне байланысты суарған. Ақ шөп, тарлау жеген қойдың қарны тез қампаяды да, күн аралатып суарса, шөлдеген мал суды көп ішіп, денесі ауырлап, буыны босап шаршай арықтайды. Сондықтан мұндай малды күнде суарған жөн. Ал, жусан, изен тектес шөп жеген қойды күн аралатып суарған сайын буыны бекіп, тез сергиді. Күн аралатып суару нәтижесінде мал соны өріске бару уақытынан айырылмайды. Жаз бен күзде реті келсе әрбір 10 күн сайын қоныс ауыстырып отырса жақсы. Қой үш жатып, үш жусайтын жануар. Қойдың өрісі келісіп, күн сайын тойып тұрса үнемі жапалап құмалақтайды, жусағанда артқы аяғын жазып, еркін жатады. Қалыпты тойса, онда үнемі құмалақ тастайды, ал толық тоймаса құмалағы ұсақ болады, қораға тоқтамай түнде өргіш келеді. Жаз маусымында қойды тез семірту үшін барлық жердің көгі біркелкі өсіп жетілгенде, шөбі мол щүйгін өрістегі қойды, көгі нашар өріске 3-7 күн отарлатып, қайтадан оты, суы мол өріске жайғанда тез қоңдана бастайды. Сондай-ақ жақсы семіртуде ең қажет нәрсенің бірі – тұз (ащшы), сондықтан көшіп-қонып жүргенде тұзды тасып апарып үнемі ащылатып отырады. Кейбір тәжірибелі малшылар қойды қыстың суығынан тоңбай, оның қоңынан тез айырылмауы үшін қойды суыққа төзімділікке үйретеді. Ол үшін 4-ші айдың бірінен бастап теріскейге бір апта түнетеді, соңынан дөң жерлерге 7 күн түнету сияқты жолдармен қатты жерлерге жатқызып дағдыландырады. Осындай әдіспен суққа төзімділікке үйретілген қойға дерт-дербез жоламайды, қандай суықта бүйір тиістіріп, иін тіресіп жатпайды. әрі жылы көңнің қалың ортасына жатуға көңілсіз болады. әбден семірген қойдың қимылы баяу, қай жағынан қарасаң да денесі домаланып тұрады. Күзде көкпек дейтін өсімдік қойды жақсы семіртеді. Сонымен қатар қойжуа, жуашық, ақжусан, қазтабан қатарлы өсімдігі бар, қараған, бұтаның түбінде шөп күзде шырынын ұзақ уақыт сақтайтындықтан, сондай жерді сағалап, қойдың семіздік күйін шыңдай түскен жөн. Жұт жылы тышқанның пішені, ағаш бұтаның жапырағы, жылқының күзгі көк құмағы қойға жақсы жем болады. Қойды әдейі жиып қоралаудың қажеті жоқ, қой әбден тойған болса, өзінен-өзі қораға ұмтылады. Қойды қыс мезгілінде 10 күнде бір рет, жазда 3-4 күнде, күзде күн сайын ащылатып отырады. Қойға күзде алыстан (3-4 км) қарағанда сарғыштау көрінсе, онда ол жақсы семіргендіктің белгісі, ол аппақ болып көрінсе, орташа семірді деген сөз, көгілдірленіп көрінсе, мал арық дегенді білдіреді. Сонымен қойдың семіздік күшін танитын үш өң бар.  Ерекше жақсы семірген қойдың жүні салалы сарғыш болады, орташа семірген қойдың жүні ақ өңді, арықтау нашар қойдың жүні көкшіл болады (ХХІ). Күзді күні күн жылыда қыстаудың қиын ойып кептіреді. Күз бен көктемде жұртты таңдай білу керек «Күзде ойынан, жазғытұрым бүйірінен» деген сөз қатерді білдіреді. Күзгі қой денесі ауыр, шаршамыш болатындықтан жусап жатқан кезде тұрғызбай міндетті түрде тынықтырған жақсы. Семіріп келе жатқан қойдың жоны жалпиып, жүні майлы ұзын өсіп, жатқанда үнемі сырт қарап, оңаша жатуға әуес келеді. Жүні қарашық түсті бола бастаса, қызылмай болғандығының белгісі. Қой күзде тойған сайын ащы іздейді. 9-шы айдан бастап қой майланудан бұрын еті шырлана түседі. Еті шырланған, қойды сырттай қарағанда өңді, денесі шығыршықтанып, жүні құлпырып, аяғы қысқарған сияқты болады. Күзде қойды көп айдамай, үркітпей-қорқытпай жаяды. әсіресі 9-10-шы айда мал семіріп қоңданады. Қой қанша қаталаса да қораға түнегеннен кейін суарса, қыста ауруы аз болады. Және суарып ащылатқан жақсы. Күзде жақсы ащылаған қойдың жүні ұзын өседі және қыста түсіп қалады. Күзде қой нағыз семіретіндіктен жүрісі азаяды. 9-шы айдан 11-ші айға дейін қойдың терісі мен етінің арасына май бітіп қабат семіреді. Күзде жейтін шөп ақ жусан бүрі, еркек шөп, қараған нілі. Күздегі тоқ қойдың сипаты: қойдың сол жақ бүйірі теңеліп, өрісте жусайды, шөбі-суы келіскен қойдың құмалағы үлкен және бір жерде жатады. Күзде қойды мүмкіндігінше судан өткізбеу қажет, бұлақ-бастаудан, өзеннен суарса аяғынан өрлете суарады, аптасына бір рет ащылатады. Күзде семірген кезде, қуалап айдамай, қандай қиын жер болса да қойды шұбыртып айдамау жөн. Себебі, күзде семіз мал тез қызылмай болады, яғни жінігеді. Жініккен мал бір жыл бойы оңалмайды, өңіне кірмейді, жүні де үгітіліп кетеді, кейде жидіп түседі. Күзде терлеген мал зертеңге тез шалдығады. Тоқтыларды алғаш қар жауған кезден бастап біртіндеп суыққа үйрету тиімді. «Қой көбік қарда бір тойдым, көктемде бір тойдым»– депті деген тәмсіл сөз тегін емес. Үнемі қара жер қуалай жайылған мал қардан жасқанғыш келеді. Қар астындағы шөпті білмей, елемей қалады. Қойдың жүнінің көтерілуі нашар болса, күн жылада қойды түстен бұрын жел өтімен жайып, дәл түскі ыстықта күнге қарсы жинап үйездетеді. Бірнеше рет осылай істесе қой жүні тез көтеріледі. Қойдың өлі жүнін қырыққанда қырықтық, қайшыны ұшқары ұстап, көтерілген жүн қойдың денесінде қалатындай етіп қырқады. Қозының жүнін 6-шы айдың басында қырықса, кенесінен айығады және ыстықтамайды. Жүні шала көтерілген қойды түскі ыстықта қырықса қырықтық жақсы жүреді. Күзде ерте жылы қыстауға қонып, қой қоңырқай тартқан кезде көп терлесе жүні қырланып түсумен қатар өң ретінен айырылады. Қойдың жүні ең алдымен астыңғы жағынан босайды. Көктемде мал көкке тойған кезде еркек қойдың бауыр жүні тез көтеріліп түседі. Мұндай қойларға белгі тағып бақылап отырмаса жүнінен түгел айырылып қалады. Қой қыстан қаншалықты семіз шықса соншалықты мол жүн береді. Күйі семіз жағдайда қоздаған қойдың қарын жүні қоздағаннан кейін бірнеше күннен соң босайды. 4-ші айдан бастап көктем лебі келіп, малдың арқасы кеңігенде, күншуақ жылы күндері қойдың денесі ысып қарын жүні көтеріледі. Дер кезінде алмаса қораның іші, жайылымда қараған бұтаның ұшы ұсақ жүнге толады. Қойдың қарын жүнін алғанда қойды бөксесінен шалқайта отырғызып, өзіңнің сол аяғыңмен артынан тіреп, алдыңғы екі аяғын сол қолыңның қолтығына қысып, шынтақты кеудесіне қойып сол қолыңның алақанымен жұқа шабының маңынан жүн басып отырып, қарын жүнін оң қолыңмен өзіне қарай тарту арқылы бүтін алады. Қойды көктемде жылы күні жақын маңайға қаттырақ айдап терлетсе, жүні тез көтеріледі. Жүні жақсы өспеген қойдың арқа жүні ашып, су құйса немесе жартылай қайшылап қоя берсе, жүні тез көтеріледі (ХХV). Баянөлгидегі малшы еңбегі өте қиын да қосалқы жұмыстарының көп екендігін көп жыл тоқты баққан, Моңғолияның екі мәрте саңлақ шопаны атағын алған Ақымерұлы Орынбайдың естелігінен көруге болады: «Малшы үнемі мал қамын ойлап, малмен бірге жүретіндіктен және біздің жеріміз таулы болатындықтан көшіп-қонатын жеріме киіз үйдің сегіз жұртын шығардым. 10 рет ыстық үй (тұрақты қыстық, күздік үйлер А.Т.) үй жұртын тегістеп, үй салдық. 6,6 шақырым машина жолын, 3,5 км мотоцикл жолын жөндедік. 6 га жердің тасын теріп, тазалап, тегістеп шаппалап алаң жасадық. 22 га мал жайылымын суландырып, жасыл алқап болдырдық. Жалпысы 6,5 шақырым арық қазып, су жүргіздік. Басқаша айтқанда, осы қосалқы жұмыстар тындыру үшін мамандардың есебінен айтқанда 1048 куб метр тас теріп жинадық, жер қазып 180 куб метр топырақ шығардық. Биіктігі 140 см, ұзындығы 363 метрлік темір тор жасадық» (2.55б). Бұл жұмыстардың бәріне мемлекет тарапынан 1 тугрөкте төленбейтінін еске алсақ, малшы еңбегінің қаншалықты қажырлы да қиын екенін байқаймыз 2008 жылдың апрель айының басында Алтай сұмыны Бардам сайында отырған малшыларға барғанда, көктемде көші-қон қамын ойлап машина жолын жөндеп жүрген мотоциклді малшыға жолықтық. Малшы мотоциклін етекке қойып, таудан тас қазып, домалатып бірнеше жерге 3-4 машина тасты үйіп қолында қайласы, ломтемірі бар мұндай жұмысты жалғыз адам істейді деп ойламайсың. Баянөлгий қазақтарының қой шаруашылығы дәстүрлі әдістер мен тәсілдерге негізделген, сондықтан да қазіргі күнге дейін қой санының жылма-жыл өсуі - атадан балаға жалғасқан мыңдаған жылдар бойы үзілмей келе жатқан бақташылдық мәдениеттің жемісі  деуге болады. Пайдаланылған әдебиеттер. Банзрачч Д, Даваажаиц Ц. Бэлчээр ашиглах арга. Уб. 1960 Ақымерұлы Орынбай. Тоқты бағу тербелісі. Өлгий 1982., 55б. Ахмет Тоқтабай  
09.11.2012 03:25 14895

Соңғы редакциялау:

30 қазан 2012

Баянөлгий қазақтарының қой өсіру әдістері мен тәсілдерінің ерекшеліктері

Баянөлгий қазақтарында қойдың алғашқы аты «бітсе» екен, кейін «біте» атаныпты, ақыры «қой» – деген ат қалыптасыпты деген аңыз бар. Алғашында халық қойдың атын да армандап шіркін «бітсе» десе керек, қой бітіп, молайғаннан кейін «біте» деп атапты. Ақыры қой жарықтықты «үнемдеп керектен, ірке тұр, соя берме, қоя тұр» дегеннен «қой» атаныпты (ХХ). Бес түліктің ішіндегі саны ең көбі де қой болғандықтан қойлы байлар туралы аңыз-әңгімелер көп.

Бұрылбай – қойлы бай болған, 10мың қой біткен екен, қойды сатқаннан түскен жамбыларды көнқапқа сап қойғанда, үйдің ішін айналдыра самсыған қап болушы еді. Ол кезде киіз үйді жел алып кетпес үшін салма салғанда 4 жерден 4 қап күміс қапты қойған екен. 1930 жылы қайтыс болғанда күміс жамбыларын, підия-садақасын бергенде 100 түйеге артыпты (1000 түйе деп артық әсірелеп айтады А.Т.) өзі жомарт Бұрылбай қойды елге арқан тастап бөліп берген (ІІІ).

Баянөлийдегі негізгі қой тұқымы – керейдің қызыл қойы. Суыққа ерекше шыдамды күй талғамайтын, дөнен-бесті қойлардың өзі тайыншадай, етті бағыттағы тұқым.

Баянөлгий аймағындағы қазақ (керей) қойының Моңғолияның басқа қой тұқымдарымен салыстырғандағы өлшемі (орта есеппен) (1.25б)

 

Тұрпатының өлшемдері

Халка қойы

Дархад қойы

Баяд қойы

Қазақ (керей) қойы

1

Шоқтығына дейінгі биіктігі

64,4см

64,4см

69,8см

71,9см

2

Тұрқының ұзындығы

69,3см

70,8см

74,4см

72,8см

3

Кеуде аумағы

80,8см

85,9см

98,8см

90,6см

4

Тірілей салмағы

39,7кг

48,5кг

53,4кг

53,1кг

Қошқар қойғанда шоқпар тұмсықты, кең маңдайлы, дөңгелек әрі кең танаулы, келепан құйрықты, құйрығын көтергенде ауыр, екі санымен жалғасып біткен сияқты болса өте жақсы. Арқа жоны тегіс, жалпақ жіліншігі жуан әрі қысқа болса жақсы, құлақ терісі қалың, құлақ жүні қою және ол жүн құйрығының орта шамасына жетіп тұрса. Ондай қозының жүні қайызғақты, шуашты болса, құйрығының ұшында шеміршек жоқ, тұяғы дөңгелек, әрі қалың болса. Іші үлкен, ені ұзын және ұшынан айырлы болса. Ондай қошқардың төлі көбінесе егіз болады. Терісі қалың, жүні қою, тегіс көрікті болуы тиіс. Жүні салалы қылшықты, жіңішке ұяң болса, енесі жүндес болғаны жақсы.

Сом, ширақ денелі, басы жуан, желкесі шүйделі, мұрны еңкіш, құйрығы дөңгелек, ұяң түбіт, жүнді, архар мүйізді, мықты сирақты, қара баран тұяқты, қара көздіі еркек тоқтыдан қошқар қояды

                                   Ұрық төлің көп болсын,

                                   Өнімің сенің мол болсын.

                                   Мың қойдың басы бол,

                                   Заңғар таудың шөбін же,

                                   Тұнық таза суын іш.

                                   Табын басы болып,

                                   Табынға ие болатын қошқар бол,–деп бата береді (ХІ).

Қошқарды күйекке қосарда жаратады. Жеке алып қалып, бірнеше күн байлап таңертең және кешке жайылтып, жайылуын күннен күнге азайта береді, бұл 3-4 күнге созылады, сонан соң барып қана қойға қосады. Семіз қошқарды бірден қосса қызылмай-көнтек болады. Көнтек – қотыр қошқардың күйі нашарлағанынан шығады. Күйек науқанын бастап, қошқарды ең алғаш қойға саларда күйектің (киіз А.Т.) шетін қошқардың аузына тістетіп бісміллә! – деп ырым қылады (XVIII). Қыс кезінде қойдың су ішуі көбейсе арып-ашып жүдей береді. Сондай көп малды таңертең, кешкі суықта суық сумен суарса іш тастайтын жайы кездеседі.

Қыстан күйлі шыққан қойдың жүні көп, әрі ерте көтеріледі. Алайда қыстан арық шыққан қойдың жүні біркелкі көтерілмейді, құйрық, қарын жүні түскіш келеді.

Кейбір тәжірибелі малшылар қораның көңін қыста құрғақ және жылы сақтау үшін таңертең мал өріске шығысымен 5-6 жерге үйін қойып, кешке қой келер алдында шашып отырады. Көңді үйген кезде малдың жатқан жылуын бойына сақтап кеуіп тұрады. Қойдың астына сыз өткізбейтін бірден бір нәрсе – көң. Төл алғанда сары көңді қазанға қыздыру арқылы көк көңге айналдырып төлдің үйшігінің астына төсейді. Суық қатайып бұлыңғыр түскен кезде, қойды жайырақ өріске шығару абзал. Таңертең қорадан өрген қойдың үстінен бу көтерілсе, қой өзінің көп жылуынан айырылып, жүдей бастағандығының белгісі, сондықтан қойды күнгей, тау, төбенің қойнау жылы жеріне жаяды. Қыс мезгілінде қойға бұйырған, қойжуа, ақжусан, қияқ, ақшөп, бөрте жусан, шыралжын, еркекшөп, қызыл, сұр раноты көп өсетін өріс жақсы. Әсіресе шөл жерде бұйырғын, раноты көп болады.    Баянөлгий аймағында 9-шы айдан бастап қар жауады, 5-ші айда қар кетеді, шамамен тоғыз ай бойы күн суық болып қар жатады. Кей жылдары 10-шы айда қар басып салады, оның соңы бір айдай қарлы боранға айналады. Бұрқасын басылып декабрь-январь-февраль үш ай бойы аяз тұрады. Аяздың соңы үш ай бойы суық желге ұласады, оның аяғы апрель-май айында қара суыққа айналады. әсіресе малды жүдететін көктемгі суық аңызақ желді «хаврын хавсарга» дейді. әрине мұндай қытымыр қыстар үнемі болмайды, дегенмен әрбәр 6,12 жылда келіп тұрады. Сондықтан халық «қыс егіз болмайды» деп тегін айтпаған. Қыстауға конудың мәні бар. Қыстауға мүмкіндігінше жай қонған жақсы. Қойды жадағай жерге қорлап, тоңған-тоңбағандығын байқап отырса, түнде тұрып олай-былай жүргіштесе, жер тарпыса, біріне бірі паналау сияқты белгілері байқалса, онда қыстауға тезірек қону керек. Қыстауға қонысымен өріс жайылымды қыс пен көктемге бөліп, ең алдымен шалғай және қар ерте басатын жайылымды пайдаланады. Қыста қойды жүдететін бір нәрсе терең жылға, сайға үйілген қасат, күпсек қардан өткізу болып табылады, сондықтан ондай жерден айналып өту қажет. Қой-ешкіні таңертең қорадан шығарып орнынан тұрғызғанда, бауыр жағының терлеген бөлігінің дымы кепкенге дейін өріске айдамай кідірте тұру қажет. Қойды желге қарсы жайқалта жайса, қой тез жылынады. Кейде қойды өз еркімен ойқастатпай жарты ай формасында тоқыратып жаяды.

Аяз қатайып, суық шымырлана бастаған кезде қойды суық ызғардан қорғау үшін қаша, тіпті жайылымға түтін салып ызғардың бетін қайтарады. Қой қораның ызғар соғып тұрған жаққа бірнеше биік діңгек орнатып, діңгекке темір кәтел (шелек А.Т.) асып, ішіне тезек, қи өртеп, түтін салғанда ызғардың беті қайтумен қатар, қораға қырау тұрмайды. Баянөлгийліктер мұны моңғол шопандарының әдісі деп ертеректе қолданыпты (ХХІ).

Қысты күні қойды ашық қорада ұстау малшы мен оның бүкіл отбасының бала-шағаларының кей шағдайда күндіз-түн демей, мал басын аман сақтап қалу үшін жанқиярлықпенеңбек етеді: «Бір күні қысқы кеште қар жапалақтап жауа бастайды. Біз барлық киіз сырмағымызбен көң қораның бетін жаптық. Іңірде, тоқты өрістен келген кезде жамылғыны қораның есік жағынан бастап қармен қоса алып тоқтыларды қара көңге жатқыздық.

Бірақ, түнде қар басып салды, қалыңдығы жатқан тоқтымен бірдей болыпты. Тоқтыны өргізіп, қарды күреп шығарып, қара көңді қайта киіз-кешекпен жаптық. Сөйтіп 3 күн, 3 түн жауды. Біз 3 күн 3 түн солай еттік. Сондықтан қорада қатпады, тоқты да ешқандай жүдемеді. Бірақ біз шаршап қалдық. Ал, біздің жерлестер ондай шаршамады, бірақ қорасы қатып, қойлары үш күннің ішінде-ақ кірбіңдеп қалды. Біздің шаршағанымыз бір күннен соң басылды, жерлестеріміздің қойы жүдеген үстіне жүдей түсті, аздап шығынданды да...» (9.18б).

Суық малдың бүйірінен келсе тез өтеді. Күн жылылау әрі айық болса неғұрлым ұзақ, жадағай, көлеңке өрісті, суықта ықтасын өрісті пайдаланады. Таңертең суық күндерде белгілі мерзімде қойды қорадан тұрғызып, дереу далаға айдап шығарып жылы көңді жедел үйіп, кешке қой келерде шашып тұрады, қора қатпайды, әрі көң құрғақ болады. Малды ащылату, яғни әрәдік сортаң, сорлы жерге жайып, жалатып алу, Баянөлгий малшыларында әлі күнге дейін сақталған. Ащы – «шүй ащы», «топырақ ащы» – деп екіге бөлінеді. «Шүй ащы» – дегеніміз шымшымдап алып уқалап көргенде қолға майша жұғып сіңеді, оны қой рахаттана жалайды. «топырақ ащы» – малдың ішін айдап, жайсыз әсер етеді. Жер бетін қар басқанда малға үнемі ащы жалатып отырса, малдың денесі ширауына, жүні өсімтал болуына, семізденіп қоңдануына әсер етеді. Таңертең қойды өргізіп, соңынан қораға еніп, құмалақты байқап қараса, ол ірі жұмыр болса, алдыңғы күні жақсы тойғандықтың белгісі, құмалақ жұмыртқа сияқты сопақ болса онда орташа тойғандықтың, ол бүріскен әредік шұңқыры болса қой тоймағандықтың белгісі (ХХІ). Кешке қорадағы қой жаппай бытырап, жым-жырт жатқан болса, шөп-суы бабында екені, ол бұйығып жатса, немесе бөлініп-бөлініп, бір-біріне ығысып жатса, аш жарым құрсақтық әрі тоңғандықтың белгісі саналады. Демек, қойдың өріс жайылымын үйлестіріп жай-күйін тапса қандай аязда бір-бірімен бүйірін қоспай, жеке-жеке бытырап сирек жатады, жай-күйі жараспаса әдейі бытыратып жатқызса да шоғырланып, бүйірлерін тигізіп жатып қана қоймайды, бірін-бірі қысады. Қыста 12-ші, 1-ші, 2-ші айдың ортасына дейін күн үйдің шаңырағының жиегіне түскенде өргізіп, күн батып, ымырт жабыла қоралайды. 2-айдың аяғынан 4-айдың 15-не дейін малдың күйі төмендеп, шаршап арықтай бастағанда үйдің уығының үштен бір бөлігіне күн түскен кезде өріске шығарып, кешке күн шаңырақтан шыққан кезде қоралайды. Қыста малдың семіздік күйін сақтаудың негізгі щарты – тоңдырмауда. Қыста тоңған қойдың жүнінің салмағы 8-9 см, тоңбаған қойдың жүнінің салмағы 10-15см. Малдың іш тастауының бір себебі – қораның суықтығынан. Қысқа аяз кезінде, қойдың көңін қатырлау үшін, қашаның солтүстік жағынан бастап үйеді. 600 қойлық қашаның көңі 6 үйме болып шығады, кешке жақын осы көңді қашаның есік жағынан бастап жаймалай бастайды.

Қыстауға қонар алдында қыс бойы пайдаланатын көңді, бұрынғы қорадан шығарылып тастаған көңнен үйіп алады. Қыста қора дымдана бастаса, бұрынғы дайындап алған көңнен шашады. Қыстың суығында қойды таңертең қорадан өргізерде, қойды қораның сыртына шығарып, қораның буы жоғалған соң өріске айдайды. Жылы қорадан кенет өргізсе, қойдың денесін суық ұстап қалады. Қатты аяздарда күнге қарай жайса қой тоңбайды. Қыста таңертең ертерек өргізсе, қой түскі күннің сәулесімен бойы кеңіп жадырайды, жай өргізсе ішіне мардымды ештеңе түспеген соң түскі күн сәулесіне бойы жадырамайды (ХХІІ).

Көктемде жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Қытымыр қыспен қарсыласып тіршілік үшін күрескен мал жазғытұрым болдырып, босаңсып қалады. Арқасына сәл күн тисе бей-жай боп жата бергісі келеді. Сөйтіп, халі төмендеп көтерем болады, не сырқатқа ұшырайды. Ескі шөп таусылып, жаңа шөп шыға қоймаған шақты Баянөлгий қазақтары: «қой тоймас, шөміш кеппес» деген кез дейді, мұның мәнісі күн жылына қоймаған, көк шыға қоймаған кез немесе бұл кезеңді «қара өзек шақ» (XVIII) деп те атайды. Мал көктемде тез ащылағыш келетіндіктен науаға үнемі тұз салып қояды, күніне екі рет суарады. Қыстан көтерем, әлжуаз шыққан қойларға суды жылытып береді. Қыс бойы қар астында жатқан сары шөп малға өте жағымды, оны жеген қой тез өңейеді, сондықтан 5-ші айда көк қудырмай және қылтиған көкке тімінтпей сарылы, бетегелі, ақ жусанды жерге жаяды. Көк қуалаған қой тез шаршайды, сары шөпті жеген қойдың қаны тез толады, құйрығына сөл жүгіреді. Көктемде қойды жел соғатын жерге жаюға болмайды. Малдың жүнін жұлқылап соғатын желі бар жерге жайған қой тез арып жүдейді. Қыста қар көп түскен жерге көктемде көк ерте шығып, мал тез тыңаяды, ал қар жаумай, қап-қара боп жатқан жерге жел көп соғады, жауын жаумаса мал түлігінің титығына жеткен, ұзаққа созылған көктем болады да көк ерте шықпайды (ХІХ).

Қой көкке әбден тойғанда бауырынан бастап семіре бастайды (ХІІ).

Таңертең күн уықтың басында тұрғанда қойды жартылай ай формасында жарты аяңмен өріске шығарып, күні бойы жайылыста болдырады (VII).

Жақсы семірген қойдың сүйегі – табиғи ақ болады, егер сары немесе сұр болса, семіздігі толмағандығының белгісі (VI).

Малдың қаны су сияқты сұйық,  күлгін болса дереу семірмейді, қаны қойылған мал семіреді. Жазғытқрымғы малдың қаны сұйық болады, күзгі малдың қаны қою болады, әрі тез ұйиды (V).

Құдық суы бастау суына жетпейді. Құдық суы мен бастау суы екі түрлі. Бу шығып жылымшы болатын бір су болса, буланбай ағатын су да болады (V). 

Қойдың іші үлкеймеген кезде таулы және шалғай жердің өрісіне жайып, іші үлкейген кезде ықтасын күнгей жерге жаяды. Іш алған қойдың екінші жартысында тұзды қанғанынша жегізу шарт. Қой қоздаған соң-ақ қозының мұрнын, аузын таза шүберекпен сүртіп, енесіне мейірі қанғанша жалатып, 30-40 минуттан кейін енесінің желінін тазалап, емшегінің үрпін сауып, ауыздандырып уызға тойдырған жөн. Егер өрісте төлдесе, қозыны кере қапқа салып көтеру немесе шанаға 4-5 қозы сиятын кебеже орнатып, ішіне жылқының көкқұмағын салып, жас төлді тасыса қолайлы. Қозы енесінен туғанда, қолға ұстауға келетін құйрығымен туады. Қозыны жастайынан тұзды сумен суарса денесі ширақ болады. Қозысынан жеріген қойдың қозысын алғызарда аяғын тұсап төйгеттеуге болады. Негізінде қозының артқы аяғын сол қолмен ұстап, басын қолтыққа қысып, құйрығын құйрығының енесіне сүрткен соң, енесіне иіскетіп төйгеттесе тез алады. Қой жерігенде:

                           Ала ғой қойым, ала қой

                           Өзіңнен туған бала ғой

                                  Төйге, төйге

                              Ала қойым, ала қой

                              Бауырыңа сала ғой

                               Төйге, төйге (ІІ).

Қозы туысымен енесімен біргк ұстап, бастапқы үш күн уызға әбден тойғызуға баса назар аударады, осы мерзімде уызға әбден тойған қозыны енесімен бірге жақын маңайға жаяды немесе қораға енесімен бірге қойып енесін жемдеп суарады. «Уызға тоймаған қозы тоқтысын да маңыратады» деген тәмсіл бар. Уызға тойған қозы бірден әлденіп, күннен-күнге өңденіп келепан құйрықтанып, терісі кеңіп созылады, ет алады. Қозыны уыздық кезеңнен өткізбесе, ары қарай қанша бақса да өсуі нашар, ет алмайтын болады. Қазақта кемшін туған төлді, тіпті баланы да «уызға жарымаған» – деген сөз бар. Уызға жарымаған қойды «бозөкпе» әлсіз, жігерсіз, бозбаланы да «бозөкпе» деп атау содан қалған. «Бозөкпе» қой жазғытұрым ерте тойынса да күзде күрт тойынар кезде қандай соны жайылымға қалай бақса да ет алмайды, күзгі салқында алдымен жүдеп, арып жан сауғалайды. Мұндай малдың өнімі сол керісінше кеми береді. Тұсақ қой көбінесе егіз таппайды, семіз, әрі жуан саулық көп егіздейді. Тұсақ қой қозысынан жерігіш, бұл біріншіден күйі төмен арықтықтап, екіншіден қозысын жалап танитын кезде, адам жақындап үркітіп шошытудан болады (ХІІІ). Жайылымнан сіңімді шөп тауып жеген қозының жүні құлпырып тұрады да, қозының өзі сергек те ширақ болады. Жемге тоймаған, дұрыс шөп жемеген қозының екі бүйірі қабысып, іші тартылып, жүні ұйпаланады. Көкке ерте тойған қой жақсы сөлденіп шынылап семіреді. Жауқазын жеген малдың жүдеу-шаршауы тез шығып, шапшаң тыңайып, жүні көтеріліп, құмалағы шымыр келеді. Жазғытұрым қар еріп, шөп кеберсіп, күн ұзарғанда қой басқа мезгілден гөрі шөлдегіш келеді, судан тапшылық көрсе әл-қуаты азаяды. Қозысын жақсы жалаған қойдың сүті, қозысын жаман жалаған қойдыкінен артық болады. Демек қозыны енесіне жақсы жалату тек төлге ғана пайдаы емес, енесінің организміне де жақсы ықпал етеді. Кәрі қой егіз тауып, екі қозысын жарыта алмайтын болса, қоздаған сүті жақсы жас қойға телиді. Ол үшін ол қойлардың қай-қайсысының қозысына да, енесіне де көрсетпей, қозының денесіндегі шарананы сыпырып алып, сүті мол қойдан туған қозының шаранасын егіз қозыға жағып, қозыны жалатып алғызады. Сонымен бірге егіз жас төлдің енесін, төлінен жеріген қойды қозысымен бірге тұрақты күтімге, жемге қойып, күн сайын суарып күтеді. Қозының жатар орны жақсы болуы үшін жерге 2-3 см күл салып, оның үстіне 10-15 см қалың көң төгеді (XV).

6-шы айдың басында мал жайлауға шығады. «Малды қыс баққанша жаз бақ» – дейдіқазақ. Көктемнен аман шыққан қой жазда тез тойынады, 6-шы айда қаны толып, құйрығына сөл жүгіреді, 7-ші айда май шашып, 8-ші айда майы шыныланып, 9-шы айда шелденеді. Жазда қойды 5 күн сайын ащылатады. Ащылатып күні ерте өргізіп мол шөпке обырлана жайылатын өріске жайып, күн қыза суарып, сонан соң қаптата жайып ащылы жерге апарады. 6-шы айдың соңында, 7-ші айдың бірінші онкүндігінде қой қырқымы өтеді. Бірақ Баянөлгий тұрғындары Қазақстандағыдай жылда бір кесімді мезгілде қой қырықпайды, себебі 6-шы айдың 1-20 аралығында бір рет қарлы бұрқақ болып күн суытады, осы амалды өткізіп барып қана қырқымға кіріседі. Жалпы әрбір айда кіретін амалдарды біліп, соған сәйкес мал шаруашылығын жүргізсе, мал аман болып, ісі өрге басатынын, малмен айналысқан әрбір қазақтың білгені жөн.

Жазғытұрым жайылымды жиі-жиі ауыстырып отыру жақсы, ол үшін жиі-жиі көшу керек. Ақжусан көктейтін, изені мол жайылымда қой бір аптада тыңаяды. Ерте көкке тойған қой жазда жақсы семіреді. Жазғытұрым жайылым шөбі құрғақ болса, қойды күн сайын суарып, ащылатып тұз беріп отырады. Жазда гүлді, жапырақты сулы, балаусалы, өсімдігі мол, мал салқындап, үйездеуге қолайлы орманды, тасты жердің жайылымы ыңғайлы. Таңертең және кешкі салқында жайып тойғызады, күндізгі ыстықта үйезденіп шынықтырады.

Жазда шөп, өсімдік құрғақ болғандықтан, суарып отырса қой сүтті келеді. Жауын-шашынды жазда қойды суаруды шамадан тыс көбейтуге болмайды. Ал, құрғақшылық кезінде күн сайын тоқтамды бір рет суарып отыру қажет. Тоқтау су, лай су қойға қолайсыз. өзен, бұлақ, бастау суынан қой су ішкенде төменнен жоғары қарай серпе өрлеу арқылы сусындайды. Қой қай мезгілде жусамас бұрын, тоқ кезінде суару тиімді (ІІІ).

Кейбір тәжірибелі шопандар қойдың қандай шөп жегеніне байланысты суарған. Ақ шөп, тарлау жеген қойдың қарны тез қампаяды да, күн аралатып суарса, шөлдеген мал суды көп ішіп, денесі ауырлап, буыны босап шаршай арықтайды. Сондықтан мұндай малды күнде суарған жөн. Ал, жусан, изен тектес шөп жеген қойды күн аралатып суарған сайын буыны бекіп, тез сергиді. Күн аралатып суару нәтижесінде мал соны өріске бару уақытынан айырылмайды. Жаз бен күзде реті келсе әрбір 10 күн сайын қоныс ауыстырып отырса жақсы.

Қой үш жатып, үш жусайтын жануар.

Қойдың өрісі келісіп, күн сайын тойып тұрса үнемі жапалап құмалақтайды, жусағанда артқы аяғын жазып, еркін жатады. Қалыпты тойса, онда үнемі құмалақ тастайды, ал толық тоймаса құмалағы ұсақ болады, қораға тоқтамай түнде өргіш келеді.

Жаз маусымында қойды тез семірту үшін барлық жердің көгі біркелкі өсіп жетілгенде, шөбі мол щүйгін өрістегі қойды, көгі нашар өріске 3-7 күн отарлатып, қайтадан оты, суы мол өріске жайғанда тез қоңдана бастайды. Сондай-ақ жақсы семіртуде ең қажет нәрсенің бірі – тұз (ащшы), сондықтан көшіп-қонып жүргенде тұзды тасып апарып үнемі ащылатып отырады. Кейбір тәжірибелі малшылар қойды қыстың суығынан тоңбай, оның қоңынан тез айырылмауы үшін қойды суыққа төзімділікке үйретеді. Ол үшін 4-ші айдың бірінен бастап теріскейге бір апта түнетеді, соңынан дөң жерлерге 7 күн түнету сияқты жолдармен қатты жерлерге жатқызып дағдыландырады. Осындай әдіспен суққа төзімділікке үйретілген қойға дерт-дербез жоламайды, қандай суықта бүйір тиістіріп, иін тіресіп жатпайды. әрі жылы көңнің қалың ортасына жатуға көңілсіз болады. әбден семірген қойдың қимылы баяу, қай жағынан қарасаң да денесі домаланып тұрады.

Күзде көкпек дейтін өсімдік қойды жақсы семіртеді. Сонымен қатар қойжуа, жуашық, ақжусан, қазтабан қатарлы өсімдігі бар, қараған, бұтаның түбінде шөп күзде шырынын ұзақ уақыт сақтайтындықтан, сондай жерді сағалап, қойдың семіздік күйін шыңдай түскен жөн. Жұт жылы тышқанның пішені, ағаш бұтаның жапырағы, жылқының күзгі көк құмағы қойға жақсы жем болады.

Қойды әдейі жиып қоралаудың қажеті жоқ, қой әбден тойған болса, өзінен-өзі қораға ұмтылады. Қойды қыс мезгілінде 10 күнде бір рет, жазда 3-4 күнде, күзде күн сайын ащылатып отырады.

Қойға күзде алыстан (3-4 км) қарағанда сарғыштау көрінсе, онда ол жақсы семіргендіктің белгісі, ол аппақ болып көрінсе, орташа семірді деген сөз, көгілдірленіп көрінсе, мал арық дегенді білдіреді. Сонымен қойдың семіздік күшін танитын үш өң бар.  Ерекше жақсы семірген қойдың жүні салалы сарғыш болады, орташа семірген қойдың жүні ақ өңді, арықтау нашар қойдың жүні көкшіл болады (ХХІ).

Күзді күні күн жылыда қыстаудың қиын ойып кептіреді.

Күз бен көктемде жұртты таңдай білу керек «Күзде ойынан, жазғытұрым бүйірінен» деген сөз қатерді білдіреді.

Күзгі қой денесі ауыр, шаршамыш болатындықтан жусап жатқан кезде тұрғызбай міндетті түрде тынықтырған жақсы. Семіріп келе жатқан қойдың жоны жалпиып, жүні майлы ұзын өсіп, жатқанда үнемі сырт қарап, оңаша жатуға әуес келеді. Жүні қарашық түсті бола бастаса, қызылмай болғандығының белгісі. Қой күзде тойған сайын ащы іздейді. 9-шы айдан бастап қой майланудан бұрын еті шырлана түседі. Еті шырланған, қойды сырттай қарағанда өңді, денесі шығыршықтанып, жүні құлпырып, аяғы қысқарған сияқты болады. Күзде қойды көп айдамай, үркітпей-қорқытпай жаяды. әсіресі 9-10-шы айда мал семіріп қоңданады. Қой қанша қаталаса да қораға түнегеннен кейін суарса, қыста ауруы аз болады. Және суарып ащылатқан жақсы. Күзде жақсы ащылаған қойдың жүні ұзын өседі және қыста түсіп қалады. Күзде қой нағыз семіретіндіктен жүрісі азаяды. 9-шы айдан 11-ші айға дейін қойдың терісі мен етінің арасына май бітіп қабат семіреді. Күзде жейтін шөп ақ жусан бүрі, еркек шөп, қараған нілі. Күздегі тоқ қойдың сипаты: қойдың сол жақ бүйірі теңеліп, өрісте жусайды, шөбі-суы келіскен қойдың құмалағы үлкен және бір жерде жатады. Күзде қойды мүмкіндігінше судан өткізбеу қажет, бұлақ-бастаудан, өзеннен суарса аяғынан өрлете суарады, аптасына бір рет ащылатады. Күзде семірген кезде, қуалап айдамай, қандай қиын жер болса да қойды шұбыртып айдамау жөн. Себебі, күзде семіз мал тез қызылмай болады, яғни жінігеді. Жініккен мал бір жыл бойы оңалмайды, өңіне кірмейді, жүні де үгітіліп кетеді, кейде жидіп түседі. Күзде терлеген мал зертеңге тез шалдығады. Тоқтыларды алғаш қар жауған кезден бастап біртіндеп суыққа үйрету тиімді. «Қой көбік қарда бір тойдым, көктемде бір тойдым»– депті деген тәмсіл сөз тегін емес. Үнемі қара жер қуалай жайылған мал қардан жасқанғыш келеді. Қар астындағы шөпті білмей, елемей қалады. Қойдың жүнінің көтерілуі нашар болса, күн жылада қойды түстен бұрын жел өтімен жайып, дәл түскі ыстықта күнге қарсы жинап үйездетеді. Бірнеше рет осылай істесе қой жүні тез көтеріледі. Қойдың өлі жүнін қырыққанда қырықтық, қайшыны ұшқары ұстап, көтерілген жүн қойдың денесінде қалатындай етіп қырқады. Қозының жүнін 6-шы айдың басында қырықса, кенесінен айығады және ыстықтамайды. Жүні шала көтерілген қойды түскі ыстықта қырықса қырықтық жақсы жүреді. Күзде ерте жылы қыстауға қонып, қой қоңырқай тартқан кезде көп терлесе жүні қырланып түсумен қатар өң ретінен айырылады.

Қойдың жүні ең алдымен астыңғы жағынан босайды. Көктемде мал көкке тойған кезде еркек қойдың бауыр жүні тез көтеріліп түседі. Мұндай қойларға белгі тағып бақылап отырмаса жүнінен түгел айырылып қалады. Қой қыстан қаншалықты семіз шықса соншалықты мол жүн береді. Күйі семіз жағдайда қоздаған қойдың қарын жүні қоздағаннан кейін бірнеше күннен соң босайды. 4-ші айдан бастап көктем лебі келіп, малдың арқасы кеңігенде, күншуақ жылы күндері қойдың денесі ысып қарын жүні көтеріледі. Дер кезінде алмаса қораның іші, жайылымда қараған бұтаның ұшы ұсақ жүнге толады. Қойдың қарын жүнін алғанда қойды бөксесінен шалқайта отырғызып, өзіңнің сол аяғыңмен артынан тіреп, алдыңғы екі аяғын сол қолыңның қолтығына қысып, шынтақты кеудесіне қойып сол қолыңның алақанымен жұқа шабының маңынан жүн басып отырып, қарын жүнін оң қолыңмен өзіне қарай тарту арқылы бүтін алады. Қойды көктемде жылы күні жақын маңайға қаттырақ айдап терлетсе, жүні тез көтеріледі. Жүні жақсы өспеген қойдың арқа жүні ашып, су құйса немесе жартылай қайшылап қоя берсе, жүні тез көтеріледі (ХХV).

Баянөлгидегі малшы еңбегі өте қиын да қосалқы жұмыстарының көп екендігін көп жыл тоқты баққан, Моңғолияның екі мәрте саңлақ шопаны атағын алған Ақымерұлы Орынбайдың естелігінен көруге болады: «Малшы үнемі мал қамын ойлап, малмен бірге жүретіндіктен және біздің жеріміз таулы болатындықтан көшіп-қонатын жеріме киіз үйдің сегіз жұртын шығардым. 10 рет ыстық үй (тұрақты қыстық, күздік үйлер А.Т.) үй жұртын тегістеп, үй салдық. 6,6 шақырым машина жолын, 3,5 км мотоцикл жолын жөндедік. 6 га жердің тасын теріп, тазалап, тегістеп шаппалап алаң жасадық. 22 га мал жайылымын суландырып, жасыл алқап болдырдық. Жалпысы 6,5 шақырым арық қазып, су жүргіздік. Басқаша айтқанда, осы қосалқы жұмыстар тындыру үшін мамандардың есебінен айтқанда 1048 куб метр тас теріп жинадық, жер қазып 180 куб метр топырақ шығардық. Биіктігі 140 см, ұзындығы 363 метрлік темір тор жасадық» (2.55б). Бұл жұмыстардың бәріне мемлекет тарапынан 1 тугрөкте төленбейтінін еске алсақ, малшы еңбегінің қаншалықты қажырлы да қиын екенін байқаймыз 2008 жылдың апрель айының басында Алтай сұмыны Бардам сайында отырған малшыларға барғанда, көктемде көші-қон қамын ойлап машина жолын жөндеп жүрген мотоциклді малшыға жолықтық. Малшы мотоциклін етекке қойып, таудан тас қазып, домалатып бірнеше жерге 3-4 машина тасты үйіп қолында қайласы, ломтемірі бар мұндай жұмысты жалғыз адам істейді деп ойламайсың.

Баянөлгий қазақтарының қой шаруашылығы дәстүрлі әдістер мен тәсілдерге негізделген, сондықтан да қазіргі күнге дейін қой санының жылма-жыл өсуі - атадан балаға жалғасқан мыңдаған жылдар бойы үзілмей келе жатқан бақташылдық мәдениеттің жемісі  деуге болады.

Пайдаланылған әдебиеттер.

  1. Банзрачч Д, Даваажаиц Ц. Бэлчээр ашиглах арга. Уб. 1960
  2. Ақымерұлы Орынбай. Тоқты бағу тербелісі. Өлгий 1982., 55б.

Ахмет Тоқтабай

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға