Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы: Жануарлары

  Жануарлары. Қазақстан жерінде сүтқоректілердің 180, құстың 500, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекенділердің 12, балықтың 104-ке жуық түрі бар. Омыртқасыз жәндіктер шаян тәрізділер, ұлулар, құрттар, т.б.) бұдан да көп. Тек жәндіктер түрлерінің өзі-ақ 30 мыңнан асады. Қазақстанның солт-ндегі орманды дала белдемінде бұлан, елік, ақ қоян, сұр тышқан, су егеуқұйрығы, орман тышқаны, бұлдырық, ақ кекілік, көл айдындарын су құстары – аққу, қаз, үйрек, шағала, тарғақ, қасқалдақ мекендеген. Еділ өз. жағалауынан Алтай тауы бөктеріне дейінгі астық тұқымдас шөп пен жусан, бетеге өскен далалық белдемде суыр, дала алақоржыны, сүйірбас сұр тышқан, кәдімгі сұр тышқан, дала тышқаны, саршұнақ, ал құстан – дуадақ, безгелдек, жылқышы, сұңқар, бозторғайлар, қыранқара, дала құладыны кездеседі. Көктемнен күзге дейін бұл жерлерде ақ бөкен үйірлері жайылады, олар қысқа қарай шөлді аймаққа ығысады. Едәуір бөлігін Жайық өз-нің аңғарындағы орман алып жатқан далалық белдемнің батыс бөлігін бұлан, елік жайлаған, мұнда еур. қара күзен, жұпартышқан, орман сусары да кездеседі. Бұдан 200 жыл бұрын түгелдей жойылуға жақын қалған құндыз қайта пайда бола бастады. Қосмекенділерден Жайық, т.б. өзендердің аңғарында тарбақа, орман бақасы, т.б. кездеседі. Мұнда бұлдырық, сұр кекілік, тырна, бозторғай көп. Далалық белдемнің шығысында суыр, дала тышқаны, дала шақылдағы, ақ қоян, сілеусін, елік, арқар мекендеген. Өсімдік жамылғысы әркелкі шөлейт белдемде саршұнақтар мен қосаяқтың, құм тышқаны мен қоянның бірнеше түрі кездеседі. Мұнда ақ бөкен де, сондай-ақ 20 ғ-дың 40 – 50 жылдарында қарақұйрық та көптеп кездесетін. Бұл белдемде құстан дуадақ, шіл, қылқұйрық, бозторғай, т.б. бар. Қыста қар тоқтап, көктемде қар суы жиналатын Үстірт пен Маңғыстау жартастарының арасында кездесетін үстірт арқары жұтаң өсімдіктермен қоректеніп, ащы суды қанағат етеді. Үстіртте ұзын инелі кірпі, қарақұйрық, шөл сілеусіні – қарақал кездеседі. Сазды және қиыршық тасты шөл дала жануарларынан Қазақстаннан басқа жерде кездеспейтін ерекше тұқымдас өкілі – жалманды атап өткен жөн. Ол тек Бетпақдалада, Балқаш к-нің солт. жағалауындағы кейбір аудандарда, Алакөл және Зайсан қазаншұңқырында ғана бар. Солт. Балқаш маңындағы бірнеше жерден ғана тіршілік ететін бес башайлы ергежейлі қосаяқ та ерекше жануар. Мұнда құстан шіл, қылқұйрық, тырна, жек дуадақ кездеседі. Оңт. Балқаш құмында осы араға ғана тән сексеуіл жорға торғайы, шөл дала жапалағы тіршілік етеді. Құмайтты шөлде бірқатар кесіртке (жұмырбас, ешкіемер), жылан (оқ жылан, айдаһар, қара шұбар жылан, т.б.) түрлері, дала тасбақасы тараған. Республиканың қиыр оңт-ндегі кейбір жерлерде келес сақталып қалған. Өзен-көл аңғарларындағы орман-тоғайларда елік, жабайы шошқа, құм қояны, қырғауыл, т.б. кездеседі. Балқаш, Сасықкөл, т.б. көлдердің жағалауындағы қалың қамыс арасында бірқазан, жалбағай, ақ құтан, көк құтан, қарақаз, шағала бар. Алакөл айдынын өте сирек кездесетін, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген реликт шағала қоныстайды. Қазақстанның шығысы мен оңт-н қоршап жатқан таулардың жануарлар дүниесі де сан алуан. Қылқан жапырақты Алтай ормандарында бұлан, марал, құдыр, сібір таутекесі, арқар, алтай көртышқаны, қоңыр аю, бұлғын, құну, күзен, барыс, тиін, борша тышқан, алтай суыры, құр, шіл, т.б. кездеседі. Зайсан қазаншұңқырынан оңт-ке қарай созылып жатқан тауларда [Сауыр, Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар) Алатауы] марал, елік, арқар, сібір таутекесі, қоңыр аю, сілеусін, барыс, ұзынқұйрық саршұнақ мекендейді. Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауы мен Талас Алатауында көкшіл суырдың орнына қызыл суыр және өте сирек кездесетін Мензбир суыры жерсіндіріле бастады. Қазақстанның оңт.-шығыс тауларында жыртқыш құстардан қозықұмай, тазқара, бүркіт тіршілік етеді. Кең байтақ Қазақстан жерін мекендеген жабайы жануарлардың тәжірибелік маңызы бар: олардың кейбіреулері (ақ бөкен, марал, жабайы шошқа, ондатр, суыр) ауланады, екінші біреулері – өсімдік пен жануар зиянкестері (саршұнақ, тышқан, т.б.) мал мен адам ауруларын таратады. Кемірушілер жазық және таулы жерлерде оба ауруын, тышқан тәрізді, кемірушілер туляремия, лептоспироз, қуқызба ауруларын таратады. Қансорғыш кенелер аталған аурулардың кең етек алуына себепкер болып, малға бірқатар қан-паразиттік аурулар жұқтырады. Жануарлар түрлерінің қазіргі сипаты бірқатар жағдайларға байланысты, олардың аралығында, ең алдымен, жердің аса кең аумақта игерілуі, осыған орай жер суару, не керісінше, көптеген жайма су аңғарларын құрғатып, тех. дақылдар егу нәтижесінде жер бедерінің өзгеруі сияқты жағдайларды атап көрсету керек. Мұның нәтижесінде соңғы 150 – 200 жыл ішінде республика бойынша керқұлан (Пржевальский жылқысы), қабылан, тұран жолбарысы, тоғай бұғысы сияқты түрлері жойылып кетті. Көптеген аса бағалы аң түрлерінің азайғандығы соншалық, тіпті оларға жойылу қаупі төнген. Бұлардың қатарына қарақұйрық, үстірт арқары, арқар, Мензбир суыры, ортаазия өзен құндызы, қарақал жатады. Құстардың ішінде дуадақ, безгелдек, жорға дуадақ, қоқиқаз, орақтұмсық, жылан жегіш қыран, бүркіт, балықшы, кезқұйрықты субүркіт саны тым азайып кетті. Олардың бәрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілді. Сондай-ақ, Қазақстанның “Қызыл кітабының” 3-басылымына қорғауға алынған аңдардың 40 түрі, құстың 56 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі, қосмекенділердің 3 түрі, балықтың 16 түрі енгізілді. Қорықтарда көптеген сирек кездесетін жануар түрлері мемл. қорғауға алынды (қ. Ақсу-Жабағылы қорығы, Барсакелмес қорығы, Қорғалжын қорығы, Наурызым қорығы, Марқакөл қорығы, Үстірт қорығы). Республикамыздың қазіргі жануарлар дүниесі алуан түрлі, ал оның кең байтақ жерінде бұрын да көптеген жануарлар мекендеген. Мұнда бір кезде құрып кеткен омыртқалылардың 200-ден астам түрі, көне дәуірдегі теңіз жайылмасында тіршілік еткен бауырымен жорғалаушылардың, балықтардың, омыртқасыз жәндіктердің, мәселен, ұлулардың бірнеше жүздеген түрі табылды. А. Бекенов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том  
09.11.2012 03:21 52788

 

Жануарлары. Қазақстан жерінде сүтқоректілердің 180, құстың 500, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекенділердің 12, балықтың 104-ке жуық түрі бар. Омыртқасыз жәндіктер шаян тәрізділер, ұлулар, құрттар, т.б.) бұдан да көп. Тек жәндіктер түрлерінің өзі-ақ 30 мыңнан асады.

Қазақстанның солт-ндегі орманды дала белдемінде бұлан, елік, ақ қоян, сұр тышқан, су егеуқұйрығы, орман тышқаны, бұлдырық, ақ кекілік, көл айдындарын су құстары – аққу, қаз, үйрек, шағала, тарғақ, қасқалдақ мекендеген. Еділ өз. жағалауынан Алтай тауы бөктеріне дейінгі астық тұқымдас шөп пен жусан, бетеге өскен далалық белдемде суыр, дала алақоржыны, сүйірбас сұр тышқан, кәдімгі сұр тышқан, дала тышқаны, саршұнақ, ал құстан – дуадақ, безгелдек, жылқышы, сұңқар, бозторғайлар, қыранқара, дала құладыны кездеседі. Көктемнен күзге дейін бұл жерлерде ақ бөкен үйірлері жайылады, олар қысқа қарай шөлді аймаққа ығысады.

Едәуір бөлігін Жайық өз-нің аңғарындағы орман алып жатқан далалық белдемнің батыс бөлігін бұлан, елік жайлаған, мұнда еур. қара күзен, жұпартышқан, орман сусары да кездеседі. Бұдан 200 жыл бұрын түгелдей жойылуға жақын қалған құндыз қайта пайда бола бастады. Қосмекенділерден Жайық, т.б. өзендердің аңғарында тарбақа, орман бақасы, т.б. кездеседі. Мұнда бұлдырық, сұр кекілік, тырна, бозторғай көп. Далалық белдемнің шығысында суыр, дала тышқаны, дала шақылдағы, ақ қоян, сілеусін, елік, арқар мекендеген. Өсімдік жамылғысы әркелкі шөлейт белдемде саршұнақтар мен қосаяқтың, құм тышқаны мен қоянның бірнеше түрі кездеседі. Мұнда ақ бөкен де, сондай-ақ 20 ғ-дың 40 – 50 жылдарында қарақұйрық та көптеп кездесетін. Бұл белдемде құстан дуадақ, шіл, қылқұйрық, бозторғай, т.б. бар. Қыста қар тоқтап, көктемде қар суы жиналатын Үстірт пен Маңғыстау жартастарының арасында кездесетін үстірт арқары жұтаң өсімдіктермен қоректеніп, ащы суды қанағат етеді. Үстіртте ұзын инелі кірпі, қарақұйрық, шөл сілеусіні – қарақал кездеседі.

Сазды және қиыршық тасты шөл дала жануарларынан Қазақстаннан басқа жерде кездеспейтін ерекше тұқымдас өкілі – жалманды атап өткен жөн. Ол тек Бетпақдалада, Балқаш к-нің солт. жағалауындағы кейбір аудандарда, Алакөл және Зайсан қазаншұңқырында ғана бар. Солт. Балқаш маңындағы бірнеше жерден ғана тіршілік ететін бес башайлы ергежейлі қосаяқ та ерекше жануар. Мұнда құстан шіл, қылқұйрық, тырна, жек дуадақ кездеседі. Оңт. Балқаш құмында осы араға ғана тән сексеуіл жорға торғайы, шөл дала жапалағы тіршілік етеді. Құмайтты шөлде бірқатар кесіртке (жұмырбас, ешкіемер), жылан (оқ жылан, айдаһар, қара шұбар жылан, т.б.) түрлері, дала тасбақасы тараған. Республиканың қиыр оңт-ндегі кейбір жерлерде келес сақталып қалған. Өзен-көл аңғарларындағы орман-тоғайларда елік, жабайы шошқа, құм қояны, қырғауыл, т.б. кездеседі. Балқаш, Сасықкөл, т.б. көлдердің жағалауындағы қалың қамыс арасында бірқазан, жалбағай, ақ құтан, көк құтан, қарақаз, шағала бар. Алакөл айдынын өте сирек кездесетін, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген реликт шағала қоныстайды. Қазақстанның шығысы мен оңт-н қоршап жатқан таулардың жануарлар дүниесі де сан алуан. Қылқан жапырақты Алтай ормандарында бұлан, марал, құдыр, сібір таутекесі, арқар, алтай көртышқаны, қоңыр аю, бұлғын, құну, күзен, барыс, тиін, борша тышқан, алтай суыры, құр, шіл, т.б. кездеседі.

Зайсан қазаншұңқырынан оңт-ке қарай созылып жатқан тауларда [Сауыр, Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар) Алатауы] марал, елік, арқар, сібір таутекесі, қоңыр аю, сілеусін, барыс, ұзынқұйрық саршұнақ мекендейді. Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауы мен Талас Алатауында көкшіл суырдың орнына қызыл суыр және өте сирек кездесетін Мензбир суыры жерсіндіріле бастады. Қазақстанның оңт.-шығыс тауларында жыртқыш құстардан қозықұмай, тазқара, бүркіт тіршілік етеді.

Кең байтақ Қазақстан жерін мекендеген жабайы жануарлардың тәжірибелік маңызы бар: олардың кейбіреулері (ақ бөкен, марал, жабайы шошқа, ондатр, суыр) ауланады, екінші біреулері – өсімдік пен жануар зиянкестері (саршұнақ, тышқан, т.б.) мал мен адам ауруларын таратады. Кемірушілер жазық және таулы жерлерде оба ауруын, тышқан тәрізді, кемірушілер туляремия, лептоспироз, қуқызба ауруларын таратады. Қансорғыш кенелер аталған аурулардың кең етек алуына себепкер болып, малға бірқатар қан-паразиттік аурулар жұқтырады.

Жануарлар түрлерінің қазіргі сипаты бірқатар жағдайларға байланысты, олардың аралығында, ең алдымен, жердің аса кең аумақта игерілуі, осыған орай жер суару, не керісінше, көптеген жайма су аңғарларын құрғатып, тех. дақылдар егу нәтижесінде жер бедерінің өзгеруі сияқты жағдайларды атап көрсету керек. Мұның нәтижесінде соңғы 150 – 200 жыл ішінде республика бойынша керқұлан (Пржевальский жылқысы), қабылан, тұран жолбарысы, тоғай бұғысы сияқты түрлері жойылып кетті. Көптеген аса бағалы аң түрлерінің азайғандығы соншалық, тіпті оларға жойылу қаупі төнген. Бұлардың қатарына қарақұйрық, үстірт арқары, арқар, Мензбир суыры, ортаазия өзен құндызы, қарақал жатады. Құстардың ішінде дуадақ, безгелдек, жорға дуадақ, қоқиқаз, орақтұмсық, жылан жегіш қыран, бүркіт, балықшы, кезқұйрықты субүркіт саны тым азайып кетті. Олардың бәрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілді. Сондай-ақ, Қазақстанның “Қызыл кітабының” 3-басылымына қорғауға алынған аңдардың 40 түрі, құстың 56 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі, қосмекенділердің 3 түрі, балықтың 16 түрі енгізілді. Қорықтарда көптеген сирек кездесетін жануар түрлері мемл. қорғауға алынды (қ. Ақсу-Жабағылы қорығы, Барсакелмес қорығы, Қорғалжын қорығы, Наурызым қорығы, Марқакөл қорығы, Үстірт қорығы). Республикамыздың қазіргі жануарлар дүниесі алуан түрлі, ал оның кең байтақ жерінде бұрын да көптеген жануарлар мекендеген. Мұнда бір кезде құрып кеткен омыртқалылардың 200-ден астам түрі, көне дәуірдегі теңіз жайылмасында тіршілік еткен бауырымен жорғалаушылардың, балықтардың, омыртқасыз жәндіктердің, мәселен, ұлулардың бірнеше жүздеген түрі табылды.

А. Бекенов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға