Жаңалықтар

Керей хан

Соңғы редакциялау: 18 қазан 2012 КЕРЕЙ ХАН, Кирай, Гирей (т.ж.б. – 15 ғ-дың 70-жылдарының бас кезі) – Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тарихи тұлғаның бірі, алғашқы қазақ ханы. Ақ Орда ханы Орыстың (Өріс) ұрпағы. Орыс ханнан Тоқтақия, одан Болат, одан К. х. тараған. “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” дерегі бойынша, К. х. – Болаттың жалғыз баласы. 15 ғ-дың ортасына дейінгі тарихи оқиғаларда К. х. туралы мәліметтер кездеспейді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Тарих-и Рашиди” атты еңбегінде К. х. туысы Жәнібек ханмен бірге 15 ғ-дың 50-жылдарының аяғында Қазақ хандығының құрылуына қатысты оқиғаларда алғаш рет атала бастайды. Онда К. х. мен Жәнібек ханның Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныстанғаны туралы баяндалады. Бұл аймақ – сол жылдардағы Моғолстан билеушісі Есенбұға хан мен оның туған ағасы Жүніс хан иеліктерінің арасы болды. Соңғы жылдары ғыл. айналымға енгізілген аңыз мәліметтері бойынша, К. х. мен Жәнібек хан қол астындағы ру-тайпалармен 1457 жылдың күзінде Шу өңіріне көшіп келген. Ал 1458 жылдың көктемінде Керейді хан етіп көтерді. К. х. мен Жәнібек ханның бөлінуімен Көшпелі өзбектер мемлекетінде ыдырау процесі басталады. Әбілхайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары К. х. мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыт ішінде Қазақ хандығындағы халықтың саны 200 мыңнан асып кетеді. К. х. мен Жәнібек ханның арқасында Есенбұға хан ағасы Жүніске қарсы күресте сенімді, әрі мықты одақтас табады. Жүніс 1461/62 ж. Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін Моғолстан тағына қарсы ешқандай әрекет жасай алмайды. 1461/62 –1469 жылдары Моғолстан ханы Досмұхаммедтің мәнсіз, мағынасыз жүргізген саясаты салдарынан К. х. Жүніске қолдау көрсете бастайды. Ақыры, 1469 ж. Досмұхаммед хан қайтыс болғаннан кейін, Моғолстандағы билік басына еш қиындықсыз Жүніс хан келеді. К. х. тұсында негізі қаланған Қазақ-моғолстан қатынасы 16 ғ-дың 30-жылдарына дейін достық, бейбіт сипатта болады. Әбілхайыр хан К. х. мен Жәнібек хан ықпалының күшейе бастағанынан қауіптеніп, оларды дер кезінде талқандау мақсатымен 1468/69 ж. жорық ұйымдастырады. Жорық кезінде Әбілхайыр хан ауырып, қайтыс болады да, әскері кейін оралады. Көп ұзамай Көшпелі өзбектер мемлекетінде билік үшін талас-тартыс басталып кетеді. Кешегі Әбілхайыр ханның қарсыластары – Ахмет пен Махмұт хандар, ноғай мырзалары Мұса мен Жаңбырлы, Сібір ханы Ибақ, шайбанилық Берке сұлтан және қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар ханға қарсы шығады. “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” дерегінде қазақ хандары ретінде К. х. мен Жәнібектің есімдері аталса, “Фатхнама”, “Шайбанинаме” деректерінде тек қана Жәнібек ханның есімі кездеседі. Дегенмен К. х. есімі тарихи деректерде соңғы рет 1472 – 73 ж., Жүніс хан ордасына Бұрыш оғлан деген сұлтанның шабуыл жасауына байланысты аталады. Соған қарағанда К. х. 1470 жылдың бас кезінде қайтыс болған. Аңыз бойынша, К. х. Қазақ хандығын 10 жылдай билеген және Хан тауы етегінде жерленген. К. х-ның қандай жағдайда, қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде нақты мәліметтер жоқ. К. х-ның үш баласы болды. Олар: Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед және Сұлтан Әлі. Олардың ішінде 30 жылдан астам Қазақ хандығын билеген Бұрындық ханнан соң тақ билігі түпкілікті түрде Жәнібек ханның ұрпақтарының қолына өтеді. К. х-ның қалған екі ұлы жөнінде деректер кездеспейді. Б. Кәрібаев Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-т
09.11.2012 03:10 9758

Соңғы редакциялау:

18 қазан 2012

КЕРЕЙ ХАН, Кирай, Гирей (т.ж.б. – 15 ғ-дың 70-жылдарының бас кезі) – Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тарихи тұлғаның бірі, алғашқы қазақ ханы. Ақ Орда ханы Орыстың (Өріс) ұрпағы. Орыс ханнан Тоқтақия, одан Болат, одан К. х. тараған. “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” дерегі бойынша, К. х. – Болаттың жалғыз баласы. 15 ғ-дың ортасына дейінгі тарихи оқиғаларда К. х. туралы мәліметтер кездеспейді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Тарих-и Рашиди” атты еңбегінде К. х. туысы Жәнібек ханмен бірге 15 ғ-дың 50-жылдарының аяғында Қазақ хандығының құрылуына қатысты оқиғаларда алғаш рет атала бастайды. Онда К. х. мен Жәнібек ханның Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныстанғаны туралы баяндалады. Бұл аймақ – сол жылдардағы Моғолстан билеушісі Есенбұға хан мен оның туған ағасы Жүніс хан иеліктерінің арасы болды. Соңғы жылдары ғыл. айналымға енгізілген аңыз мәліметтері бойынша, К. х. мен Жәнібек хан қол астындағы ру-тайпалармен 1457 жылдың күзінде Шу өңіріне көшіп келген. Ал 1458 жылдың көктемінде Керейді хан етіп көтерді. К. х. мен Жәнібек ханның бөлінуімен Көшпелі өзбектер мемлекетінде ыдырау процесі басталады. Әбілхайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары К. х. мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыт ішінде Қазақ хандығындағы халықтың саны 200 мыңнан асып кетеді. К. х. мен Жәнібек ханның арқасында Есенбұға хан ағасы Жүніске қарсы күресте сенімді, әрі мықты одақтас табады. Жүніс 1461/62 ж. Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін Моғолстан тағына қарсы ешқандай әрекет жасай алмайды. 1461/62 –1469 жылдары Моғолстан ханы Досмұхаммедтің мәнсіз, мағынасыз жүргізген саясаты салдарынан К. х. Жүніске қолдау көрсете бастайды. Ақыры, 1469 ж. Досмұхаммед хан қайтыс болғаннан кейін, Моғолстандағы билік басына еш қиындықсыз Жүніс хан келеді. К. х. тұсында негізі қаланған Қазақ-моғолстан қатынасы 16 ғ-дың 30-жылдарына дейін достық, бейбіт сипатта болады. Әбілхайыр хан К. х. мен Жәнібек хан ықпалының күшейе бастағанынан қауіптеніп, оларды дер кезінде талқандау мақсатымен 1468/69 ж. жорық ұйымдастырады. Жорық кезінде Әбілхайыр хан ауырып, қайтыс болады да, әскері кейін оралады. Көп ұзамай Көшпелі өзбектер мемлекетінде билік үшін талас-тартыс басталып кетеді. Кешегі Әбілхайыр ханның қарсыластары – Ахмет пен Махмұт хандар, ноғай мырзалары Мұса мен Жаңбырлы, Сібір ханы Ибақ, шайбанилық Берке сұлтан және қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар ханға қарсы шығады. “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” дерегінде қазақ хандары ретінде К. х. мен Жәнібектің есімдері аталса, “Фатхнама”, “Шайбанинаме” деректерінде тек қана Жәнібек ханның есімі кездеседі. Дегенмен К. х. есімі тарихи деректерде соңғы рет 1472 – 73 ж., Жүніс хан ордасына Бұрыш оғлан деген сұлтанның шабуыл жасауына байланысты аталады. Соған қарағанда К. х. 1470 жылдың бас кезінде қайтыс болған. Аңыз бойынша, К. х. Қазақ хандығын 10 жылдай билеген және Хан тауы етегінде жерленген. К. х-ның қандай жағдайда, қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде нақты мәліметтер жоқ. К. х-ның үш баласы болды. Олар: Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед және Сұлтан Әлі. Олардың ішінде 30 жылдан астам Қазақ хандығын билеген Бұрындық ханнан соң тақ билігі түпкілікті түрде Жәнібек ханның ұрпақтарының қолына өтеді. К. х-ның қалған екі ұлы жөнінде деректер кездеспейді.

Б. Кәрібаев

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-т

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға