Екінші Балқан соғысы
Соңғы редакциялау
17 қазан 2012
Екінші Балқан соғысы (30.06.1913 — 25.09. 1913) — Грекия, Сербия, Румыния, Түркия мемлекеттері мен Болгария арасында болған соғыс. Лондон бейбіт келісіміне (30.05.1913) соғысқа қатысушы елдердің көпшілігі қанағаттанған жоқ (қ. Бірінші Балқан соғысы). Болгарияға берілген Солт. Македонияға Сербия Адриат т-не шығу үшін көз тікті. Болгарияға қарап кеткен Оңт. Македония мен Бат. Фракияны Грекия басып алуды көздеді. Осы екі мемлекет 1913 ж. 1 маусым күні Болгарияға қарсы жасырын соғыс одағын құрды. Көп ұзамай оларға Бірінші Балқан соғысында бейтарап саясат ұстағаны үшін Оңт. Добруджиді беруді талап еткен Румыния қосылды. Сан жағынан басымдау, әрі Ресейдің көмегімен басқаларға қарағанда жақсырақ қаруланған болгар армиясы Австрия-Венгрияның көмегіне сүйене отырып, 1913 ж. 30 маусым күні түнде күтпеген жерден Оңт. Македонияда тұрған грек және серб әскерлеріне қарсы соғыс қимылдарын бастады. Алайда 6 шілде күні болгарлар Брегалница өз. түбінде тойтарысқа ұшырап, кейін шегінуге мәжбүр болды. Болгарларға көмектесуге уәде берген Австрия-Венгрия мемлекеті Германияның қарсы болуына байланысты, ешқандай әрекет жасай алмады. 10 шілде күні соғысқа Румыния араласты. Олар болгар армиясының негізгі бөлігі оңт.-батыс шекарада жүргенін пайдаланып, Оңт. Дабружиді басып алып, ел астанасы София қ-на қарай шабуылдады. 14 шілде күні Болгария үкіметі бітім жөнінде ара ағайын болуға Ресейге өтініш білдірді. Ресейдің қысымымен румын үкіметі соғыс қимылдарын тоқтатып, 10 тамыз күні Бухарест қ-нда Болгария, Румыния, Сербия, Грекия арасында бейбіт келісім жасалынды. Келісім бойынша Болгария Сербияға Солт. Македонияны, ал Грекияға Оңт. Македония мен Бат. Фракияны Эгей т. жағалауындағы портты қалалармен (Салоники, Кавелла) қоса беруге мәжбүр болды. Румыния Оңт. Добруджиге ие болды. Бұрынғы одақтастар арасындағы осы соғысты пайдаланған Түркия 21 шілде күні Болгарияға қарсы соғыс ашып, Эдирне қ. мен төңірегіндегі аудандарды басып алды. Нәтижесінде, 29 қыркүйекте Стамбұл қ-нда екі ел қайтадан бітімге келіп, Болгария Түркияға Эдирне қ. мен төңірегіндегі аудандарды қайтарып берді.
Е. Б. с-нда Болгария І-Балқан соғысында жаулап алған жерлерінің басым бөлігі мен Оңт. Добружиден айрылды. Бұл соғыс І-дүниежүз. соғыс қарсаңындағы Балқандағы күштердің арасалмағын мүлдем өзгертіп жіберді. Болгария Ресей мен оның одақтастарынан шеттеп, Австрия-Венгрия және Германиямен жақындасты, ал Румыния, керісінше, Үштік одақ елдерінен алыстап, Антанта елдерімен байланысты күшейтті.
П. Белан
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том