Алаш партиясы
Алаш партиясы — қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы (1917 — 20). 20 ғ-дағы қазақ тарихында терең із қалдырған А.п-ның өмірге келуі, біріншіден, қазақ елінің қоғамдық дамуының жаңа экон., саяси және рухани негізде қайта құру қажеттілігінің пісіп жетілгендігін, екіншіден, Ресей империясының Қазақстанда орнатқан отарлық басқару жүйесінің терең дағдарысқа ұшырағандығын көрсетті.
Қазақ зиялылары қоғамдық сұранысқа сай партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында (1905 — 07) қолға алды. 1905 жылғы 6 тамыздағы Мемл. Дума құру жөніндегі патша манифесі басқа ұлттармен бірге қазақ еліне де депутат сайлау құқын берді. Сайлау науқанына араласқан қазақ зиялылары отарлық тәуелділіктегі қазақ халқының мүддесі тұрғысынан қоғамдық үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, депутат сайлап, оған аманат тапсыру ісіне мұрындық болатын саяси ұйымның қажеттігін айқын аңғарды. 1905 жылдың соңына қарай Орал қ-нда өткен қазақ облыстары өкілдерінің съезі “Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын” құру туралы шешім қабылдады. 9 адамнан тұрған оның ОК мен бағдарламасы жөніндегі хабар “Фикер” (Пікір) газетінде жарияланды (1905, 25 желтоқсан, №5).
1906 ж. 10 маусымда Семей қ-нда Мемл. Думаға қазақтардан депутат сайлау үшін өкілдер жиналысы өтіп, Ә.Бөкейханов жиналғандарды “Халық еркіндігі” (кадеттер) партиясының бағдарламасымен таныстырып, жиналыс оған қатысқандардың аталған партияға қосылатындығы жөнінде қаулы қабылдады (“Семипалатинский листок”, 1906, 13 маусым). Саяси күрес жолына енді ғана түсе бастаған қазақ зиялыларының осы кезеңдегі саяси-әлеум. бағдары, белгілі дәрежеде, ресейлік радикалдық-бурж. партия — кадеттердің қызметімен ұштасты. Бірақ осы кезеңдегі қазақ кадеттерінің өмірде ұстанған мұраттары орыс кадеттерінің бағдарламасынан мүлдем өзгеше еді. Қазақ кадеттерінің бағдарламасында төмендегідей талаптар қойылды: қазақ жерін бүтіндей қазақ елінің меншігі етіп жариялайтын Заң қабылдау, ішкі Ресейден көшіп келушілердің легіне тежеу қою, қазақ жұмысшыларына еркіндік, теңдік беру, олардың мүддесін қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, ун-ттер ашу т.б. (“Фикер”, 1905, 25 желтоқсан №5). 1905 ж. жазда өмірге келген Қарқаралы хұзырхатының (петициясының) да талаптары осы мазмұндас болды. Отарлық езгіге қарсы жалпыұлттық бас көтеру толқынында пайда болған бұл алғашқы әрекеттер саяси партия құрумен аяқталған жоқ, өйткені оған қажетті алғы шарттар қалыптаса қоймаған болатын.
Қазақ зиялылары тарапынан жалпыұлттық саяси партия құру әрекеті 1913 ж. тағы да бой көрсетті. М.Сералин бастаған “Айқап”журналы төңірегіне топтасқан зиялылар ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Бірақ қазақ даласында орнаған қатаң әскери-отарлық тәртіппен есептесуге мәжбүр болған Бөкейханов бастаған топ мұндай әрекеттерге көшуге үзілді-кесілді қарсы шықты. Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар тек 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін “ Қазақ ” газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне “Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін” ұсынып, оған мынадай негіз келтірді: “Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары программасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса программасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия жасалмайынша болмайды” (“Қазақ”, 1917, №234). 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында Орынбор қ-нда өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: “Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд “Шора-и исламға” сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық федеративтік парламенттік республикаға құрылмақ...”. Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Бөкейханов россиялық кадеттер партиясынан мүшеліктен шығатынын және оның себептерін мәлімдеді. Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұстас келді. “Қазақ” газеті (1917, №244) өзінің бас мақаласында партияның атын “Алаш” қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауды ұсынды. Сонымен бір мезгілде “Қазақ” басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ к-ттеріне қазақ саяси партиясының атын “Алаш” қою туралы жеделхаттар жіберілді.
А.п-ның обл. ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен шамамен қазанның 12-20 аралығында партияның обл. ұйымдары алдымен Семейде, кейін Омбыда, ал қарашаның 10-на қарай Орынборда ашылды. Семей обл. партия к-тінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге уақыттың қолайлы жағдайдың болмауынан Орт. к-т құрылмады. 1-жалпықазақ съезі Бүкілресейлік Құрылтай жиналысында депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйтқысы болды.
Партияның бекітуге даярланған жарғысы жөнінде “Қазақ” газеті былай деп жазды: “Алаш” партиясының толық шартнамасы Орынборда жасалатын болды, дайын болғанда жұртқа жария қылынады. Қазіргі шарты — кіндік комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын, “Алаш” партиясының программасын жақтырып, жөн көрген, программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. “Алаш” программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, “Алаш” жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе бұлт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі “Алаш” партиясына кірмейді. “Алаш” партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн”. Партияның Орынбор қ-нда Торғай обл. к. ашылғандығы жөнінде хабарында “Қазақ” газеті “А.”п-ның ағзалық жарнасы 1 сом деп көрсетті (1917, №250).
А. п. жарияланған бағдарламасында Ресей мемл-нің демокр., федеративтік респ. болғандығын жақтады.
Бағдарлама бойынша шашыранды қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемл-ке бірігіп, автон. негізде Ресей Федерациясының құрамына енбек. Әлеум. қатынаста феод. аристократияны шектеу, таптық жіктелу мәселесі қойылған жоқ, керісінше, жалпыұлттық мүдде, ұлттық тұтастық бағытында тұрды. А. п. ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұртты тарқы ету жағына бастайды деп көрсетеді. Салық мәселесі де осы тұрғыдан шешілуге тиіс болды. “Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға — байша, кедейге — кедейше ғаділ жолмен салынады, ... бар жұмысшылар заң панасында болады”.
Бағдарламаның антифеод. сипаты “негізгі құқық”, “ғылым-білім үйрету” сияқты тарауларынан байқалады. “Россия республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең. Жыйылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап бастыруға — еркіншілік”, заң орындарының рұқсатынсыз жеке адамдардың табалдырығынан аттап, ешкім тінту жүргізе алмайды, сот сұрап, билік айтылмай ешкім тұтқынға алынбайды т.б.
Қазақ мемлекетінде оқу орындарының есігі кімге де болса ашық және оқу ақысыз болмақ, оқу жалпыға бірдей жайылмақ. Қазақ тілінде орта мектептер, университеттер ашылады, бастауыш сыныптарда сабақ ана тілінде жүреді. Оқу ісі өз алдына автономия түрінде жүргізіледі, үкімет оқу ісіне араласпайды. Мұғалімдер мен профессорлар өзара сайлау арқылы тағайындалады.
Бағдарламадағы ең негізгі мәселе — жер мәселесі болды. Қазақ жері, оның асты-үсті байлығы қазақ елінің меншігі болуға тиіс. Қазақ елінің ықтиярынсыз ішкі Ресейден қоныс аудару тоқтатылады. Жер мәселесіне байланысты заң қабылданып, қазақ алдымен өз жерінен енші алады. Жер сыбағасы тұрған жерінен, атамекенін әркімнің тілегіне сай ауылға, ұлысқа, руға бөлінеді. Адам басына, жеке үй басына тиетін жер сыбаға шаруаға, жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болады. Жер сыбағасын жергілікті жер к-ттері анықтайды. Заң жерді сатуға тиым салады. Ертіс бойындағы он шақырымдағы (десятиверстная) қазақ сол жерден үлес алсын. “Атты казак бермеймін дер, біз Ертістен кетпейміз, жер алмай қоймаймыз. Жерді жолмен, Законмен аламыз. Қазақ сыбаға жерін алған соң, қалған жер мемлекет қазынасына өтіп, оларды земство билейді” (“Қазақ”, 1917, №251).
1917 жылдың соңына қарай ұйымдық тұрғыдан қалыптасқан “А.”п-ның жергілікті ұйымдары обл., уездік Қазақ к-тері, ал жергілікті сауатты, патриоттық ниеттегі зиялылар партияның автиві, тірегі болды. А. п. күрделі 1917 ж. үш ірі мәселені шешуге үлкен үлес қосты. Біріншіден, партия мүшелері халық арасында, қазақ зиялылары ішінде ең алдымен шешілуге тиіс жалпыұлттық зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымдарға келуде басты рөл атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасында (“Қазақ”, 1917, №251) берілді. Екіншіден, партияның ұйтқысы болған қайраткерлер қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекетінің өмірге келгенін жария еткен екінші жалпықазақ съезін (1917, желтоқсан) даярлап өткізді. Осы съезде өмірге Алашорда — Ұлттық Кеңес үкіметі келгені мәлім. Оның мүшелері түгелдей дерлік өздерін А. п-ның мүшесі санағандығы күмән тудырмайды. Үшіншіден, осы жылғы қарашада болып өткен Бүкілресейлік Құрылтайға депутаттар сайлауында барлық қазақ қайраткерлері А. п-ның атынан тіркелді және оның атынан депутат болып сайланды. Осы Құрылтайға депутаттар сайлау барысында барлық қазақ облыстарында А. п. ең көп дауыс алған партия болды. Объективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы А. п-ның саяси күреске білек түріп араласып кеткен ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік бермеді. Қым-қиғаш азамат соғысы тұсында ондай міндетті тек Алашорда үкіметі ғана атқара алатын еді. қ. Алашорда.
М.Қойгелдиев