Жаңалықтар

Диуани хикмет

Соңғы редакциялау 17 қазан 2012   “Диуани хикмет”, “Ақыл кітабы” — Қожа Ахмет Иасауидің сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы. Ақын өз кітабын қыпшақ даласы мен Орт. Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадис, тәфсирлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. “Д. х.” — көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды. “Д. х-тің” түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы 15 ғ-дың орта кезінде араб әрпімен көшірілген. Бертін келе “Д. х.” Қазан (1887—1901), Стамбұл (1901), Ташкент (1902—11) баспаларынан жарық көрген. Қожа Ахмет Иасауи хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, сопылық-филос. идеясын, қоғамдық-әлеум. мән-мағынасын, ислам дінін таратудағы рөлін М.Ф. Көпрүлузаде, Н.С. Банарлы, Е.Э. Бертельс, А.К. Боровков, Э.Р. Рустамов, В.И. Зохидов, т.б. ғалымдар жан-жақты зерттеді. Қожа Ахмет Иасауи “Д. х-те” “Аллаға жақындай түсу үшін” әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі — шариғат. “Шариғат” — ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды, әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, “тариқат” — дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқыш сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі, “мағрифат” — негізінен, дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы — күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі “бір Алла” екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, “хақиқат” (“фано”) — Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғарғы басқышы. Сопылық түсінік бойынша, “шариғатсыз” “тариқат”, “тариқатсыз” “мағрифат”, “мағрифатсыз” “хақиқат” болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады. Қожа Ахмет Иасауи Аллаға (яғни Хаққа) жету жолында міндетті түрде төрт асудан мүдірмей өтуі керек деген пікір айтады. Ақынның айтуы бойынша, Хаққа жету жолындағы әрбір асудың он-оннан мақамы (тоқтамы) бар. Демек, осы төрт асудың қырық мақамын игерген пенде ғана “жабарут” (адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік), “мәләкут” (өмірдің мән-мағынасына қанық болу), “лахут” (бұл жалғаннан безіп, о дүниенің рухани әлемін меңгеру), “насут” (жоғарыда аталған үш өлшемнің басын қосып тұрған күш) деп аталатын рухани дүниенің сырын пайымдауға мүмкіндік алады. “Д. х.” — әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш, айқын бағдарлама деуге болады. Қожа Ахмет Иасауи әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Ал имандылық дегеніміздің өзі Алланың құлына ғана тән, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, оны құдай жолына салып отыратын киелі күш деп түсіндіреді. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі — мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады. “Д. х-те” әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін ақын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. “Ақыл кітабы” адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғылдардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады. Бүкіл әлемдегі түркі халқы “Д. х.” арқылы исламның рухани әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымның филос. ой-пікірлерімен танысты. “Д. х-те” жырланған адамгершілік, имандылық, қанағат, кішіпейілділік, жомарттық жайындағы этик.-дидактикалық тұжырымдар бертін келе, қазақ ақын-жыраулары поэзиясынан өзінің көркемдік жалғасын тапты; қ. Қожа Ахмет Иасауи. Н. Келімбетов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том
09.11.2012 02:56 16191

Соңғы редакциялау

17 қазан 2012

 

“Диуани хикмет”, “Ақыл кітабы” — Қожа Ахмет Иасауидің сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы. Ақын өз кітабын қыпшақ даласы мен Орт. Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадис, тәфсирлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. “Д. х.” — көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды. “Д. х-тің” түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы 15 ғ-дың орта кезінде араб әрпімен көшірілген. Бертін келе “Д. х.” Қазан (1887—1901), Стамбұл (1901), Ташкент (1902—11) баспаларынан жарық көрген. Қожа Ахмет Иасауи хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, сопылық-филос. идеясын, қоғамдық-әлеум. мән-мағынасын, ислам дінін таратудағы рөлін М.Ф. Көпрүлузаде, Н.С. Банарлы, Е.Э. Бертельс, А.К. Боровков, Э.Р. Рустамов, В.И. Зохидов, т.б. ғалымдар жан-жақты зерттеді. Қожа Ахмет Иасауи “Д. х-те” “Аллаға жақындай түсу үшін” әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі — шариғат. “Шариғат” — ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды, әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, “тариқат” — дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқыш сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі, “мағрифат” — негізінен, дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы — күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі “бір Алла” екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, “хақиқат” (“фано”) — Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғарғы басқышы. Сопылық түсінік бойынша, “шариғатсыз” “тариқат”, “тариқатсыз” “мағрифат”, “мағрифатсыз” “хақиқат” болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады. Қожа Ахмет Иасауи Аллаға (яғни Хаққа) жету жолында міндетті түрде төрт асудан мүдірмей өтуі керек деген пікір айтады. Ақынның айтуы бойынша, Хаққа жету жолындағы әрбір асудың он-оннан мақамы (тоқтамы) бар. Демек, осы төрт асудың қырық мақамын игерген пенде ғана “жабарут” (адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік), “мәләкут” (өмірдің мән-мағынасына қанық болу), “лахут” (бұл жалғаннан безіп, о дүниенің рухани әлемін меңгеру), “насут” (жоғарыда аталған үш өлшемнің басын қосып тұрған күш) деп аталатын рухани дүниенің сырын пайымдауға мүмкіндік алады. “Д. х.” — әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш, айқын бағдарлама деуге болады. Қожа Ахмет Иасауи әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Ал имандылық дегеніміздің өзі Алланың құлына ғана тән, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, оны құдай жолына салып отыратын киелі күш деп түсіндіреді. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі — мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады. “Д. х-те” әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін ақын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. “Ақыл кітабы” адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғылдардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады. Бүкіл әлемдегі түркі халқы “Д. х.” арқылы исламның рухани әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымның филос. ой-пікірлерімен танысты.

“Д. х-те” жырланған адамгершілік, имандылық, қанағат, кішіпейілділік, жомарттық жайындағы этик.-дидактикалық тұжырымдар бертін келе, қазақ ақын-жыраулары поэзиясынан өзінің көркемдік жалғасын тапты; қ. Қожа Ахмет Иасауи.

Н. Келімбетов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға