Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының тарихы (4-бөлім)

Соңғы редакциялау: 19 қазан, 2012   20 ғ-дың басында өлкенің жағдайына кері әсер еткен факторлардың бірі – агр. саясат еді. Қоныс аудару кең қанат жайды. Қазақстанның аумағы бірнеше қоныс аудару аймақтарына (Торғай, Орал, Семей, Сырдария, Жетісу) бөлінді. “Қоныс аудару қорын” жасау үшін құрылған Қоныс аудару мекемелері “артық” жерлер іздестіруге кірісті. Әрбір қазақ отбасы 15 десятина үлес жер алып, қалған жер мемл. меншікке берілуі тиіс болды. Іс жүзінде оларға үлес берілмей, атамекен-шұрайлы жерлерінен қуылып жатты. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығының құлдырауы, әсіресе “Столыпин реформасы” кезінде күшейді. 1906 ж. Ресей империясының премьер-министрі болып тағайындалған П.А. Столыпиннің реформасы бойынша шаруаларға өз үлестерімен қауымнан шығып, хутор құруларына еркіндік берілді. Столыпин бұл мәселені шешуге астық егуге қолайлы өңір ретінде қазақ даласын пайдаланды. Ресейден қоныс аударушы (переселен-мұғажыр) шаруалардың Қазақстанда кулак шаруашылықтарын құруына түрлі жеңілдіктер жасалды. Хутор үшін 45 десятина қолайлы жер және 15 десятина егін салатын жер бөлінді. Жер бөлуші ұйымдарға жергілікті халықты атамекендерінен зорлықпен көшіріліп, олардың жеріне шаруа-кулактарды қоныстандыруға рұқсат берілді. Қоныс аудару науқаны нәтижесінде 1895 – 1905 ж. далалық облыстарға 294 296 адам, ал 1906 – 10 ж. 770 мыңнан астам қоныс аударушылар келді. 1893 – 1905 ж. қазақтардан 4 млн. десятина жер, 1906 – 12 ж. 17 млн. десятинадан астам, ал 1917 ж. барлығы 45 млн. десятина жер тартып алынды. “Столыпиннің аграрлық саясаты” қазақтарды жерінен айырумен қоса, олардың өлкеде үлес санының азаюына да себеп болды. Қазақстанды қосып алғаннан кейін Ресей өлкенің табиғатын, тарихын, экономикасын зерттей бастады. Қазақ өлкесін зерттеушілердің бірі Орыс география қоғамының басшысы П.П. Семенов-Тяньшанский (1827 – 1914) еді. Оның басшылығымен көп томдық “Ресей. Отанды географиялық тұрғыдан толық баяндау” деп аталатын зерттеу құрастырылып, басып шығарылды. Оның “Қазақ (қырғыз) өлкесі”, “Түркістан өлкесі” деп аталатын екі томы Қазақстан мен Орта Азияның геогр. жағдайын, табиғи байлығын, тарихын, халық тұрмысын баяндауға арналды. “Түркі тайпаларының ауыз әдебиетінің үлгілері” атты еңбек жазған Петербург академиясының акад. В.В.Радлов қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттеуге зор үлес қосты. Сондай-ақ “Қасым патшалары мен ханзадалары туралы зерттеу”, “Қырғыз-қайсақтар (қазақтар) туралы тарихи мәліметтер” деп аталатын кітаптардың авторы шығыстанушы-ғалым В.В. Вельяминов-Зернов қазақ халқы тарихының маңызды кезеңдерін зерттеді. 1841 ж. Бөкей хандығында, 1850 ж. Орынборда Шекаралық комиссия жанынан қазақ азаматтық мектебі ашылды. 1877 ж. Ы.Алтынсариннің күш салуымен Ырғызда қыздар уч-щесі жұмыс істей бастады. 1890 – 96 ж. Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде орыс-қазақ уч-щелері, 1883 ж. Орынборда қазақ мұғалімдер мектебі ашылды. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ халқының Ш.Уәлиханов, М.С. Бабажанов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты азаматтары өмір сүріп, шығармашылықпен айналысса, 20 ғ-дың басында олардың қатарын Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, т.б. толықтырды. 19 – 20 ғ-дың басында қазақ муз. мәдениеті өрлеу кезеңін бастан өткерді. Сазгерлер: Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Тәттімбет, Ықылас, әнші-сазгерлер: Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса, Мәди шығармалары халық арасына кең тарады. 1870 ж. 28 наурызда “Түркістан уәлаятының газеті”, 1888 ж. 1 қаңтарда, “Дала уәлаятының газеті”, 1911 ж. “Айқап” журналының алғашқы сандары жарияланды. 1913 – 18 ж. аралығында шыққан “Қазақ” газеті қазақ қоғамының барлық салаларынан жан-жақты хабардар етіп тұрды. 1905 ж. 9 қаңтарда “Қанды жексенбіден” басталған бірінші орыс төңкерісінен Қазақстан да сырт қалмады. Ақпан айында Түркістанда, Перовскіде, Жосалыда, Шалқарда демонстрациялар, мамыр айында Верный, Қостанайда жұмысшы толқулары өтті. 1905 ж. жазда қазақ халқының үкіметке наразылығы ұйымдасқан әрі саяси сипат алды. Қозғалыстың басында ұлттық интеллигенция тұрды. 1905 ж. жазда Қоянды жәрмеңкесінде 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясын дайындаушылар қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, т.б. зиялылары тұрды. Петицияда қазақ халқының өмірлік маңызды мұқтаждары, саяси агр., діни мәселелер қойылды. 18 – 19 қазанда Орынборда жаппай саяси ереуілдер, 25 қазанда Омбыда саяси демонстрация, 16 – 28 қарашада Семейде почта-телеграф қызметшілерінің ереуілдері өтті. Жұмысшы, шаруа қозғалысына, 6 – 7 қарашада Бат. Сібір полкінің солдаттары, ал 21 қарашада Жаркент гарнизонының солдаттары қосылды. Қазақ және орыс жұмысшыларының ең ірі бас көтерулері Успенск кенішінде болды. Оны “Капиталға қарсы орыс-қазақ одағы” басқарды. 1906 ж. ақпанда Семейде қазақтардың съезі өтіп, онда қоныс аударуды тоқтату, жерді қазақ халқының меншігі етіп тану, тіл, дін тұту еркіндігі, ана тілінде білім алуды дамыту, т.б. талаптар айтылды. Рев. қозғалыс Ресейде екі жарым жылға созылды. 1905 ж. 17 қазандағы манифест бойынша Ресейде Мемл. Дума сайланды. 1906 жылғы 27 сәуірден 8 шілдеге дейін өмір сүрген І-Мемл. Думаға Қазақстаннан 9 депутат сайланды. Думада үлкен айтыс тудырған агр. мәселе Думаның таратылуына себеп болды. 1907 ж. 20 ақпанда өз жұмысын бастаған 2-Мемл. Думада да агр. мәселе баса айтылды. Қазақстаннан оған 13 депутат қатысты. Рев. толқу әлсіреп, 1907 ж. 3 маусымда патшаның 2-Думаны таратып жіберуіне, қазақтарды сайлау құқынан айыруға мүмкіндігі артты. 1914 ж. 1-тамызда Ресейдің 1-дүниежүз. соғысқа тартылуы Қазақстан халқына ауыр соққы болып тиді. Қазақ халқына “өз еріктерімен қаржы жинау”, мемл. заемдарды зорлап жаздыру, соғыс салығы түріндегі барлығы 10-ға жуық түрлі салықтар мен баж салығын төлеу міндеттелді. Қазақтарды тонау одан әрі жалғасты, соғыс жүктерін (астықты) т.ж. ст-ларына жеткізу үшін олардың көліктері зорлықпен пайдаланылды. Соғыс уақытында Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың бас түйе әкетілді. 1914 ж. тек Жетісудан ғана 34 млн. сомның малы мен мал ш. өнімдері жөнелтілді. Әскерге алынғандардың отбастарына көмек көрсету желеуімен еңбек ету міндеті енгізілді, қазақтар жұмыс күші ретінде қоныс аударып келгендер деревняларының жерін жыртып, тұқымын сеуіп, өнімін жинап беруге тиісті болды. Қаладағы еңбекшілердің, өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың жағдайы күрт нашарлап кетті. Үкіметтің Қазақстанның барлық облыстарына төтенше соғыс жағдайын енгізуі де халықтың соғысқа наразылығын күшейтіп жіберді. 1915 ж. маусымда Екібастұз бен Қарағанды көмір кендерінің, Қазақ (киргиз) тау-кен қазу өнеркәсібі акцион. қоғамының, Спасск мыс қорыту з-тының қазақ жұмысшылары ереуіл жасады. 1916 жылдың жазында жұмысшы қозғалысы Риддер кеніштерін, Ембі мұнай кәсіпшіліктерін, Екібастұз, Байкоңыр көмір кендерін, Орынбор – Ташкент т. жолын қамтыды. Осындай жаппай наразылықтар нәтижесінде 1916 жылғы көтеріліс шықты. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 жылғы 25-маусымдағы майдандағы қара жұмысқа Қазақ және Түркістан өлкелерінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43 жас аралығындағы ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болды. Шілденің басында қазақ даласында көп кешікпей қарулы көтеріліске айналған стихиялық бас көтерулер басталды. Қазақ қоғамында патша жарлығы мен көтеріліске деген көзқарас бір мәнді болған жоқ. Интеллигенцияның кейбір өкілдері (Бокин, Ниязбеков, Жүнісов) жарлыққа қарсы шығып, оны орындауға қарсыластық көрсетуге шақырса, “Қазақ” газеті төңірегіндегі зиялылар (Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, т.б.) күші басым үкіметке қарсы шығудың халықты қырғынға ұшырататынын ескертіп, сабыр сақтауға шақырды. Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу мен Торғайда болды. Жетісу облысында қарулы қарсылық шілде-тамыз айларында жаппай қарқын алды. 17 шілдеде Түркістан өлкесінде соғыс жағдайы жарияланды. Патша үкіметі Жетісуға ірі әскери күштерді жібере бастады. Қыркүйек, қазан айының басында жетісулық көтерілісшілер шегініп, Бат. Қытайға өтіп кетуге мәжбүр болды (қ. Қарқара көтерілісі). Торғай көтерілісі (басшылары Ә.Жанбосынұлы, А.Иманов, Ә.Жангелдин) 50 мыңдай адамды қамтыды. 1916 ж. 21 қарашада Торғайда 13 болыс ел өкілдері Әбдіғапарды хан, Амангелді Имановты сардарбегі (қолбасы) етіп сайлады. А.Иманов көтерілісшілерді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөлді. Арнайы мергендер отряды құрылды. Көтеріліс штабында әскери кеңес жұмыс істеді. Торғай облысындағы көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады. 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында маңызды орын алады. Ол отарлауға және империалистік саясатқа қарсы өрбіді. 1917 ж. патшаны тақтан құлатқан Ақпан революциясының оқиғалары көп ұзамай Қазақстанға да жетіп, наурыз айының басында ірі қалаларда төңкерісті қолдаған митингілер, демонстрациялар өтті. Ресейде қос өкімет билігі (Уақытша үкімет пен Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестері) орнады. Қазақстан көп өкіметті қоғамға айналды. Өлкеде ұлыдержавалық саясат жалғаса берді. 1917 ж. көктем, жаз айларында жұмысшы, рев.-демокр. жастар ұйымдары, саяси партиялар құрылды. Омбыдағы оқушы жастардың 1914 ж. ашылған “Бірлік” мәдени-ағарту ұйымы жұмысын жаңа саяси ахуалға орай жандандырды. С.Сейфуллин Ақмолада “Жас қазақ”, Т.Рысқұлов Меркеде “Қазақ жастарының революциялық одағы” ұйымдарын құрды. Спасск мыс қорыту з-тында “Жас жүрек”, Петропавлда “Талап”, Семейде “Жанар” т.б. ұйымдар жұмыс істей бастады. 1917 ж. 21 – 28 шілдеде Орынборда 1-Бүкілқазақ съезі өтті. Делегаттар ұлттық автономия, жер-су, т.б. мәселелердің шешілуіне, Құрылтай жиналысына әзірлік және қазақ саяси партиясын құру мәселелеріне баса назар аударды. Съезд, шын мәнінде, қазақтың ұлттық саяси партиясы – “Алаштың” съезі болып айқындалды. Ә.Бөкейхан, М.Тынышбаев, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедұлы және Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабаев т.б. Алаш партиясына кірді. Дегенмен көпшілік қазақ қоғамы сол кезеңде дайын болмағандықтан әлеум. бағдарлама қабылдаған жоқ. Олар Қазақ халқын отарлық езгіден азат ету ұраны төңірегіне топтасты. 1917 жылдың күзінде тағы бір ұлттық-саяси ұйым – Қазақтың соц. партиясы болып саналған “Үш жүз” партиясы пайда болды. Көлбай Тоғысов басқарған бұл партия солшыл бағыт ұстап, Алаш партиясына, Алашорда үкіметінің құрылуына қарсы шығып, большевиктерді жақтады. 1917 ж. жаз, күз айларының басында елде халықтың большевиктер жағына шығуына әлеум. жағдайдың төмендеуі, аштық, Уақытша үкіметтің шарасыздығы себеп болды. 1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. Ертеңіне көтерілісші жұмысшы, солдат, матростар астананың аса маңызды орындарын басып алды. 25 қазанда (7 қарашада) таңертең Әскери-рев. к-т Уақытша үкіметтің құлатылғанын хабарлады (қ. Қазан революциясы). 1917 ж. 2 қарашада Бүкілтүркістандық ІV Төтенше съезі өз жұмысын бастады. Оны М.Шоқай ашты. Съезд Түркістан автономиясын (Түркистон мухтарияты) (төрағасы М.Тынышбаев, кейін М.Шоқай) жариялады. Автономияны 1918 ж. ақпанда большевиктер қарулы күшпен қуып таратты. Қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси ауыр жағдайда өздерінің іс-әрекеттерін айқындап алу үшін ұлттық интеллигенция бастаған қазақ қоғамы Орынборда (1917 ж. 5 – 13 желтоқсанда) 2-Бүкілқазақ съезін өткізді. Оған Ресейдің қазақтар тұратын барлық облыстарынан дерлік өкілдер қатысты. Съезді Бөкейхан, Байтұрсынов, Дулатов, И.Омаров  ұйымдастырды. Б.Құлманов төрағалық етті. Съезде алдымен тез өзгеріп жатқан саяси жағдайда партия тактикасын нақтылау, қазақ автономиясын құру және оның үкіметін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Съезд делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтар өмірін қиындатып жіберген аласапыран жағдайда елді сақтап қалу үшін, Уақытша халық кеңесі түріндегі билік орнату, оған Алашорда деген ат беру (төрағасы Бөкейхан, Атқару кеңесі құрамына 25 адам кірді), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Қазақ автономиясының астанасына Семей (Жаңа Семей) қ. белгіленіп, оған Алаш қ. деген ат берілді. Алашорда жетекшілері Кеңес үкіметімен байланыс жасауға тырысты. 1918 ж. наурызда Ж.Досмұхамедұлы және Х.Досмұхамедұлы Мәскеуге барып, В.И. Ленин мен И.В. Сталинмен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ, 1918 ж. сәуірдің басында Х.Ғаббасов Семейден төте желі арқылы ұлт ісі жөніндегі халық комиссары Сталинмен байланысқа шықты. Келіссөз барысында Кеңес тарапынан 2-Жалпықазақ съезі шешімдерінің мойындалуы, Алашорданың кеңес өкіметін тануы, автономияның мәдени мұқтажына орталықтың көмегі, бүкілқазақтық құрылтайды шақыру, өлкеде азаматтық бітімге келу мәселелері қозғалды. Автономияны кеңес тұғырына аудару жайында құрғақ уәделер болды. Ұзамай, кеңестік билік автономияның тек депутаттар кеңесі арқылы таптық негізде берілетіні жайындағы қағидасын алға тартты. Сонда Алашорда мемл. құрылымын өз бетінше жасауға мәжбүр болды, сонымен бірге 1918 жылдың күзі мен қысында атаман А.И. Дутовпен, Самарадағы құрылтайшы жиналыс мүшелері к-тімен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сібір (Колчак) үкіметімен де байланыс жасады. Басталып кеткен азамат соғысы алашорданың ұстанар бағытын айқындауды қажет етті. Қазақ автономиясы өлкеде әлеум.-саяси негізі жоқ кеңес өкіметіне қарсы ақтармен бірге күреске шықты. Большевиктік ұйымдар, Қазақстан мен Түркістан кеңестері өздерінің бүкілқазақтық және бүкілтүркістандық съездерін шақыруға әзірлене бастады. Бұл жұмыстарды өлкеде кеңес өкіметін нығайту жолындағы күрес әрі кеңестік мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңі де болды деуге болатын. Мұнымен Қазан төңкерісін және Қазақ мемлекеттілігін кеңестік негізде құру идеясын қабылдамаған Алаш партиясы мен оның көсемдері келісе алмады. Ұлттық мәселелер, ұлттық-мемл. құрылыс мәселелері талқылана бастады. Кеңес өкіметі ұлт саясатының негізгі принциптері екі құжатта – Ресей халықтары құқықтарының Декларациясы (1917 ж. 2 қараша) және Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшілеріне үндеуінде (1917 ж. 20 қараша) жарияланған-ды. Кеңес өкіметінің орнауы құлатылған таптың қарулы қарсылығын алғашқы сәттен-ақ тудырды. Әскери тұтқындардан жасақталған чехословак корпусының 1918 ж. мамырдағы бүлігі азамат соғысын өршітіп жіберді. Сібір, Орал, Орта Еділ жағалауы қалалары: Новосибирск, Челябинск, Том, Омбы чехтар қолына көшті. 31 мамырда контрреволюция Петропавлды, маусымда Ақмола, Атбасар, Қостанай, Павлодар, Семейдегі Кеңес үкіметін құлатты. 1918 ж. 29 мамырда БРОАК Декретімен Қызыл Армия қатарына әскери міндетті енгізілді. Қазақ, мұсылман, дүнген, ұйғыр бөлімдері жасақталды. 1918 ж. жазда Орынбор аймағында ауыр жағдай қалыптасты. Қаланы 3 шілдеде атаман Дутов басып алып, кеңестік Түркістанды Орт. Ресейден бөліп тастады. Ақтарды оңт-ке, Ташкентке жібермеу үшін кеңестер Ақтөбе майданын құрды. Дала өлкесінің Төтенше комиссары Ә.Жангелдин басқарған экспедиция осы кезде жасақталды; (қ. Жангелдин экспедициясы). Ақтөбе майданы азамат соғысында шешуші рөл атқарды. 1919 ж. Орынбор, Орал, Орск азат етілгеннен кейін Ақтөбе майданы мен Шығыс майданы әскерлері қосылды. 1918 ж. жаз, күз айларында Жетісу облысында да ауыр соғыс болды. Ақгвардияшылдар Іле өлкесін, Верный, Сергиополь, Үржар, Сарқант қалаларын басып алды. 1918 ж. Солт. Жетісу майданы құрылды, күзде Солт. Жетісудың тек Лепсі уезінен басқа өңірі ақтардың қол астында қалды. Ақмола, Семей облыстарында Тарбағатай мен Алтайдың Тау қырандары деген атпен мәлім болған партизандық қозғалыс қанат жайды. 1919 ж. жазда Колчак армиясының басты күштері талқандалып, Бат., Солт., Шығ. Қазақстан мен Жетісуді азат етуге қолайлы жағдай туды. 1920 ж. наурызда Солт. Жетісу майданының таратылуымен қазақ өлкесінде азамат соғысы аяқталды. Азамат соғысы жылдарында материалдық қорды жинау және оны үнемдеу мақсатымен төтенше енгізілген шара “әскери коммунизм” деп аталды. “Артық” азық-түлікті халықтан жинап алып, азық-түлік салғыртын енгізген бұл декрет 1919 ж. 11 қаңтарда жарияланды. 1919 ж. наурыз-көкек айларында алашорда өкілі А.Байтұрсынов бастаған делегация орт. кеңес өкіметімен келіссөз жүргізіп, келісімге келді. Алашорда қайраткерлеріне кешірім жарияланды. 1919 ж. 10 шілдеде В.И.Ленин Қазақ өлкесін басқару жөніндегі рев. к-т құру туралы декретке қол қойды. Қазревком құрамына С.С.Пестковский, Б.Қаратаев, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, Ә.Әйтиев, т.б. енді. 1920 ж. 30 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК РКФСР-дің құрамында “Автономиялы Киргиз (қазақ) Социалистік Кеңес республикасын құру туралы” декрет қабылдады. Республика құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Каспий обл. мен Астрахан губ-ның қазақтар тұратын аудандары енді. 1920 ж. 4 – 12 қазанда Орынборда ҚазАКСР-ы Кеңестерінің құрылтай жиналысы өтті. Съезге 273 делегат қатынасты. Съезд С.Меңдешовті басшы етіп, ҚазАКСР-ның ОАК-н және Радус-Зенькович басқарған ХКК-н сайлады. 1925 ж. Түркістан АКСР-інің таратылуына байланысты Жетісу және Сырдария облыстары Қазақ АКСР-іне қосылды. Жергілікті халықтың “Қазақ” атауы қалпына келтірілді. 1921 – 22 ж. Қазақстанда жер-су реформасы жүргізілді. Оның мақсаты – кезінде патша үкіметі отарлау үшін тартып алған Ертіс пен Жайықтың сол жағалауындағы, Жетісу мен Оңт. Қазақстандағы жерлерді өлкенің байырғы халқы – қазақтарға қайтару еді. Соның нәтижесінде шаруалар 1 млн. 385 мың десятина жерге ие болды. 1921 ж. “Қосшы” кедейлер одағы құрылып, олар жер реформасын жүргізуге белсене қатысты. 1921 ж. 8 – 16 наурызда Ресей большевиктер партиясының 10 съезі өтті. Онда жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) көшу туралы шешім қабылданды. Азық-түлік салғырты салықпен алмастырылды, жаппай еңбек міндеткерлігі жойылды, еркін саудаға рұқсат берілді, жалдамалы еңбек, жерді жалға алу, кооп. дамуына қолдау көрсетілді. ЖЭС-тің нәтижесі 20-жылдардың ортасында көрінді. 1925 жылға қарай халық ш. қалпына келтірілді. Өнеркәсіптің 60%-н, көлік қатарға қосылды. Мал басы 1922 жылмен салыстырғанда екі есе өсіп, 26 млн. басқа жетті. Ойыл, Қоянды, Темір жәрмеңкелері қайта жанданды. Сөйтіп, халықтың әл-ауқаты көтеріле бастады. Қазақстанның табиғи қазба байлықтарына баса назар аударылып, өндіруші салалар – түсті металлургия, көмір және мұнай өнеркәсіптері қолға алынды. 1928 – 29 ж. республикада 50 геол., 1931 ж. 140 экспедиция жұмыс істеді. Осы кезеңде ірі құрылыстар: Шымкент қорғасын з-ты, Балқаш мыс қорыту, Ащысай полиметалл комб-тары іске қосылып, Текелі полиметалл, Жезқазған мыс қорыту комб-тары, Өскемен қорғасын-мырыш з-ты салына бастады. 1927 ж. сәуірде индустрияландырудың ірі нысандарының бірі – Түркістан-Сібір темір жолының (Түркісіб) құрылысы басталды. 1927 ж. желтоқсанда өткен БПК(б) 15 съезі ауылдарды ұжымдық шаруашылықтар құру туралы шешім қабылдады. Ұжымдастыруды 1932 ж. аяқтау көзделді. Ол күштеу тәсілімен жүрді, жергілікті халықтың тұрмыс дәстүрі назарға алынбады. Осы кезеңде кулактар мен байларды тап ретінде жою науқаны басталды (қ. Кәмпескелеу). 1928 ж. 27 тамызда Қазақ АКСР-інің ОАК мен ХКК қабылдаған “Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару” туралы декретке сәйкес 657 жеке шаруашылық тәркіленіп, иелері жер аударылды. Олардан 145 мың бас мал, а. ш. құралдары тартып алынды. Отырықшыландыру ісі күштеп ұжымдастырумен астасты, соның салдарынан шаруалар мал өрісінен, су мен жайылым ауыстыру мүмкіндігінен айрылды. Мұның бәрі ашаршылыққа, мал ш-ның құлдырауына әкеліп соқтырды, егіс көлемі төмендеді (қ. Ашаршылық). Халық наразылығы күшейді. 1929 – 31 ж. Қазақстанда 372 көтеріліс болып өтті. Шет елдерге (Қытайға, Моңғолияға, Иранға, Ауғанстанға) жаппай ауа көшу басталды. 1930 ж. 27 тамызда Қазақ АКСР ОАК мен ХКК жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы қаулы қабылдады. 1920 – 21 ж. басталған сауатсыздықпен күрес нәтижесінде 1940 жылға қарай еңбекке жарамды тұрғындар негізінен сауат ашты. Педагог-кадрларды даярлауға көңіл бөліне бастады. Тұрақты, қысқа мерзімді курстар, педтехникумдар ашылды. 1922 ж. ҚазАКСР Денсаулық сақтау комиссариатының жанынан Өлкелік химия-бактериол. лаборатория, 1924 ж. Санитарлық-бактериол. ин-т, 1926 ж. Тыңайтқаш және агротопырақ зерттеу ин-ты құрылды. 1932 жылға қарай Қазақстанда 12 ғыл.-зерттеу ин-ты, 15 тәжірибе ст., 186 тірек пункті, лаб., гидромет. ст., кен барлау ұйымдары жұмыс істеді. КСРО ҒА-ның қазақстандық базасы құрылды. Жоғары оқу орындары ашыла бастады. ҚазПИ (1928), Алматы зоотех.-малдәрігерлік ин-ты (1929), Қазақ а. ш. ин-ты (1930), Алматы медицина ин-ты (1931), Қазақ мемл. ун-ті (1934) құрылды. Осы ғасырдың 20-жылдарында ішінде Қазақстан зерттеу қоғамы құрылған болатын. Қоғам тарихи-геогр., этногр., экон. бағыттағы еңбектер жариялады. 1925 ж. тұңғыш ұлттық қазақ театрын ұйымдастыру қолға алынып, оны Д.Әділов басқарды. Республиканың шартарабынан өнерпаздар шақырылды. 1925 ж. желтоқсанда “Еңлік – Кебек” пьесасы (М.Әуезов) мен үлкен концерт қойылды. Ал 1926 ж. 13 қаңтардағы ресми ашылуында “Алтын сақина” (Қ.Кемеңгеров) қойылды. 1934 ж. муз. театр ашылып, оны Ж.Шанин басқарды. Бірінші қазақ операсы “Қыз Жібек” (Е.Брусиловский) қойылды. 1934 ж. А.Жұбанов басқарған Құрманғазы атынд. оркестр құрылды. 1936 ж. мамырда Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі өтті. К.Байсейітоваға КСРО Халық артисі атағы берілді. 1934 ж. көркемфильм студиясы ашылды. 1938 ж. тұңғыш дыбысты кино “Амангелді” фильмі түсірілді. Қазақтың муз. өнерінің дамуына этнограф-композитор А.В.Затаевич (“Қазақтың 1000 әні”), (“Қазақ халқының 500 әні мен күйі”) зор үлес қосты. Аталған кезеңде Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин шығармалары кеңінен мәлім болды. Ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері Ж.Жабаев, Н.Байғанин, О.Шипин, К.Әзірбаев, И.Байзақов есімдері халыққа танылды. 1925 жылдан кейін республиканың қоғамдық-саяси өмірі күрт өзгеріп кетті. Қазақстанда “Кіші қазан” төңкерісін өткізуге идеол. негіз жасалды. Тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, қарулы жазалаушылардың елді қанға бөктірген ожарлықтары халықты қайғы-қасіретке ұшыратты. 1928 – 30 ж. 80-нен астам адамға саяси айып тағылып, түрмеге жабылды. Қазақ жері саяси тұтқындар қамалатын лагерге айналдырылды. Олардың ең ірісі Қарағанды лагері болды. Ақмолада “Отан сатқындары” жұбайларына арналған лагерь (қ. Алжир) құрылды. 1937 жылдың күзінде Қазақстанға Қиыр Шығыстан 100 мың кәріс, 1943 – 44 жылдары күрд, түрік, иран, әзербайжандар, шешен-ингуштар жер аударылып қоныс тепті; қ. Депортация. 1941 ж. 22 маусымда Германия КСРО-ға соғыс ашты. Қазақстан алғашқы күндерінен-ақ соғыс арсеналына айналды. Елдің бүкіл экономикасы соғыс қажетіне лайықталып қайта құрылды. Қарағанды шахтерлері төрт жыл ішінде 34 млн. тонна көмір өндірді. Орал-Ембі мұнайлы ауд-ның кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39% арттырды, электр қуатын өндіру екі есе дерлік өсті. Шығыс Қоңырат молибден, Жезді марганец, Дөң (Дон) хромит кеніштері, Ақшатау молибден-вольфрам комб. салынды. 1941 – 45 ж. барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта, т.б. кәсіпорындар салынды. Бұлардың қатарына соғыс жүріп жатқан аймақтардан көшіріп әкелінген металл өңдейтін, машина жасайтын з-ттар қосылды, олар мина, снаряд, торпедо, бомба, огнемет, радиост. шығарды. 1941 – 42 ж. Қазақстанға Мәскеуден, Ленинградтан, Украина, Беларусьтен әкелінген 220 з-т, ф-ка қайта жабдықталды. Олар негізінен Алматы, Орал, Шымкент, Семей, Қарағанды қ-ларына орналастырылды. Ауыл-село еңбеккерлері өздерінің патриоттық міндеттерін адал өтеді: 1941 – 45 ж. олар 5829 мың т астық, 734 мың т ет және басқа азық-түлік, өнеркәсіп үшін шикізат өндірді. 1943 ж. Ш.Берсиев тарының әр га-нан 202 ц, Ы.Жақаев күріштің га-нан 172 ц өнім алып, әлемдік зор табысқа жетті. Қазақстанға шығарм. және ғыл. ұжымдар да көшіріліп әкелінді. Олардың қатарында Мәскеу, Ленинград киностудиялары, 20 ғыл. мекеме, атақты ғалымдар И.П. Вернадский, А.М.Панкратова, А.А.Скочинский, т.б. келді. Белгілі қазақ ақын-жазушылары: Ж.Жабаев, С.Мұқанов, Д.Снегин, М.Әуезов өз шығармаларын халықты патриоттық рухта тәрбиелеуге арнады. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы жасақталды. Қазақстандық жауынгерлер алғашқылардың бірі болып соғысқа кірісті. Брест қорғанын К.Әбдірахманов, В.Лобанов, К.Иманқұлов, Ұ.Жұматов, т.б. қорғады. Мәскеу үшін шайқаста қазақстандықтар даңққа бөленді. Дубосековода гитлершілерді бөгеген 28 батыр жауынгер ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Алматыда жасақталған 316 атқыштар дивизиясы 8-панфиловшы гвардияшылар болып қайта құрылды. Мұнда аға лейтенант Б.Момышұлы (1990 ж. КСРО батыры) басқарған батальон ерекше көзге түсті. Сондай-ақ, осында Кеңес Одағының Батырлары Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, т.б. соғысты. 310-, 314-Қазақстан дивизиялары Ленинградты қорғауға қатысты. Ленинград үшін шайқаста С.Баймағамбетов кеудесімен дзотты жауып соғыс тарихында теңдесі жоқ ерлік жасады. Жамбыл өзінің “Ленинградтық, өренім!” атты жалынды өлеңімен ленинградтықтарды жігерлендірді. 1942 ж. күзде Сталинград үшін шайқас болып жатқанда Бат. Қазақстан облысында соғыс жағдайы жарияланды. Сталинград операциясына Қазақстаннан 5 атқыштар, 1 атты әскер дивизиясы, 1 танк атқыштар бригадасы, 1 минометті полк қатысты. Осы шайқаста Н.Әбдіров, Қ.Спатаев, т.б. қазақ жауынгерлері батыр атағын алды. Қазақтар Курск түбіндегі, Беларусьтегі, Украинадағы шайқастарда ерлік көрсетті. Берлинге алғаш ту тіккендердің бірі – Р.Қошқарбаев болды. Қазақстандықтар партизан қозғалысында (Қ.Қайсенов, Ж.Саин, Ә.Шәріпов, т.б.), қарсыласу қимылдарында белсенділік көрсетті. Соғыстағы ерліктері үшін 499 қазақстандық (94-і қазақ) жауынгерлер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Т.Бигелдинов, Л.Беда, И.Павлов, С.Луганский жоғары атақты екі дүркін алды. Шығыс қыздары арасынан Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова Кеңес Одағының Батыры атанды. 410 мыңға тарта қазақстандық соғыстан оралмады. 1941 ж. күзде жеке адамдар мен ұжымдардан майданға ерікті көмек ұйымдастырылып, қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар сатып алынды. Майдандағы солдаттарға 1600 вагон азық-түлік, киім-кешек жіберілді. Қазақстан артистері майдан шебінде 1216 рет концерт көрсетті. Соғыс жылдарынан республика әлеум.-экон. жағынан әбден қалжырап шықты. Соған қарамастан Қазақстан тұрғындары Ленинград, Сталинград, Брянск, Донбасс, Украина, т.б. бүліншілікке ұшыраған аймақтарды қалпына келтіруге белсенді көмек көрсетті. 1946 ж. 18 наурызда қабылданған 4-бесжылдық жоспарда соғыстан бүлінген аудандарды қалпына келтіру, өнеркәсіп пен а. ш-ның соғыстан бұрынғы дәрежесіне жеткізу, одан асып түсу белгіленді. Өнеркәсіпті дамытуға баса көңіл бөлінді. Алты жаңа көмір шахтасы, Қаратон және Мұнайлы кәсіпшіліктері қатарға қосылды. Қазақ металлургия з-тының құрылысы аяқталды, Ақтөбе Қайта балқыту з-тының қуаты арттырылды. Жеңіл және тамақ өнеркәсіптері онан әрі дамыды. 65 жеңіл өнеркәсіп орыны өнім бере бастады. А. ш-нда ұжымшарларды ірілендіру қолға алынып, 1945 – 52 ж. ұжымшарлар саны 3 есе кысқарып, 2047-ге жетті. А. ш. дақылдары өнімінің көл. артты. 1950 ж. астықтың жалпы түсімі бұрынғыдан 89% асып түсті. Қазақтың ақ бас қойы, алатау сиыры, қазақтың биязы жүнді қойы, арқар-меринос қойы, Қостанай жылқысы будандастырылып, жаңа тұқым алынды. Қазақстан бұрынғысынша орталықтың отары, тірек базаларының бірі болып қалды. Республика металл, шикізат, отын, құрылыс материалдары, өнеркәсіп тауарлары, азық-түлік, асыл тұқымды мал, т.б. одақтық қорға жөнелтуге мәжбүр болды. Соғыстан кейінгі жылдарда республикада бірқатар жоғары оқу орындары ашылып, халыққа білім беру жүйесін жетілдіру қолға алынды. 1946 ж. 1 маусымда Қазақстан ҒА ұйымдастырылып, оның тұңғыш президенті болып Қ.Сәтбаев сайланды. Кеңес Одағындағы әміршіл-әкімшіл жүйе 40-жылдардың соңы мен 50-жылдардың басында өзінің шарықтау шегіне жетті. Елде И.В. Сталиннің жеке басына табыну белең алды. Интеллигенцияға қатысты саяси қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі басталды. Әсіресе, БК(б)П ОК-нің “Звезда”, “Ленинград” журналдары туралы (1946 ж. 14 тамыз) қаулысынан кейін еркін ойды қудалау басталды. Ленинград, Мәскеуде “Ленинградтық іс”, “Дәрігерлер ісі”, т.б. қолдан жасалынып жатқан кезде Қазақстанда “Бекмаханов ісі” пайда болды. ҚКП ОК-нің 1947 ж. наурызда өткен пленумы партия к-ттерінен Қазақстан тарихын жазудағы, әдебиет пен өнердегі саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалауларға қарсы большевиктік сынды кеңінен өрістетіп, БКП ОК-нің идеол. мәселелер жөніндегі қаулыларын сөзсіз орындауды талап етті. Тарихшы Ермұхан Бекмахановтың (1915 – 66) соғыс жылдарында Алматыда болған А.П. Кучкин, А.М.Панкратова, В.Д.Греков, т.б. белгілі тарихшылармен бірге жазған “Қазақ ССР тарихы” (1943), “Қазақстан XІX ғасырдың 20 – 40 жылдарында” (1947) деген еңбектеріндегі Кенесары Қасымовтың көтерілісіне қатысты көзқарасы ұлтшылдық, саяси зиянды деп табылды. Сөйтіп, Е.Бекмаханов 1952 ж. 4 желтоқсанда 25 жылға сотталды. А.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, т.б. зиялы қауым өкілдері де қуғын-сүргінге ұшырады. Көрнекті ғалымдар Қ.Сәтбаев, М.Әуезов қудалауға түсіп, Қазақстаннан сыртқа кетуге мәжбүр болды. И.В. Сталиннің өлімінен (1953) кейін елді демократияландыру нышандары басталды. Алайда бұл әміршіл-әкімшіл жүйенің күйреуі емес еді. Мыңдаған адамдар жазықсыз түрмеде отыра берді, оларды жазалауға қатысқандар жоғары үкімет қызметтерінен кетпеді. 1956 ж. ақпанда Мәскеуде өткен партияның 20 съезі Сталиннің жеке басына табынушылықты жою мәселесін қарастырғанымен авторитарлық жүйені жою соңына дейін жүргізілмеді. Өткен тарихтың қайғылы беттері: Қазан төңкерісі тарихы, азамат соғысы, 30-жылдардағы ашаршылық себептері айтылмады немесе біржақты көрсетілді. Кешікпей саяси тұрғыда басқаша ойлайтындар қудалана бастады. 1954 ж. ОК-тің ақпан-наурыз пленумы “Елде астық өндіруді одан әрі ұлғайту және тыңайған жерлерді игеру” туралы қаулы қабылданып, КСРО-да 13,4 млн. га жаңа жерлер, соның ішінде Қазақстанда 6,5 млн. га жер жыртылды. 1954 жылғы наурыз айына дейін Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солт. Қазақстан облыстарында 337 кеңшар құрылды. Тың көтеру нәтижесінде Қазақстанда халықтың жан басына шаққанда 2 мың кг-нан астам астық өндіруге мүмкіндік берді. Ал әлемдік тәжірибеде азық-түлік тапшылығын шешу үшін 1 мың кг төңірегіндегі көрсеткіш те жеткілікті еді. 1954 – 55 ж. бүкіл елде 29,7 млн. га жер жыртылып, оның 18 млн. га-сы Қазақстан үлесіне тиді. Тың игерудің залалдары да байқалды. 1960 жылы-ақ республика тың аймағының 9 млн. га жері топырақ эрозиясына ұшырады. Халықтың 61%-ы РКФСР, Украина, Молдовадан келгендермен көбейді. 1954 – 62 ж. Қазақстанға тың игеруге 2 млн. адам келді. Республиканың жергілікті халқы – қазақтардың саны 30%-ға дейін төмендеп, этнос ретінде дамуына қауіп төнді. Соғыстан кейінгі халық ш-ның қарқындап дамуы көліктің барлық түрін, әсіресе т. ж. көлігін жедел қарқынмен дамытуды қажет етті. 1945 ж. т. ж-дың ұз. 8112 км болса, 1960 ж. 11470 км-ге, 1970 ж. 13669 км-ге дейін жетті. 1953 ж. 27 қазанда Мойынты – Шу т. ж. тұрақты пайдалануға берілді (қ. Көлік құрылысы; Көлік). 1948 ж. үш облыстың (Семей, Павлодар, Қарағанды) түйіскен жеріне орналасқан ядр. сынақ полигоны салынды. 1949 ж. 29 тамызда Семей полигонында тұңғыш рет ядр. сынақ жасалды. Қорғаныс мин-нің өз мәліметі бойынша 1949 жылдан 1963 жылға дейінгі аралықта полигонда қуаты бірнеше т-дан 100 килотоннаға дейін жететін 113 жарылыс ауада жасалған, 1964 жылдан кейін ғана сынақ жер астында жасала бастады. 1989 ж. қыркүйектің 19-ына дейін қуаты бірнеше т-дан 150 килотоннаға дейінгі 343 сынақ жасалған. Полигон халықтың денсаулығына зор зиянын тигізді. Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том  
09.11.2012 02:26 24363

Соңғы редакциялау:

19 қазан, 2012

 

20 ғ-дың басында өлкенің жағдайына кері әсер еткен факторлардың бірі – агр. саясат еді. Қоныс аудару кең қанат жайды. Қазақстанның аумағы бірнеше қоныс аудару аймақтарына (Торғай, Орал, Семей, Сырдария, Жетісу) бөлінді. “Қоныс аудару қорын” жасау үшін құрылған Қоныс аудару мекемелері “артық” жерлер іздестіруге кірісті. Әрбір қазақ отбасы 15 десятина үлес жер алып, қалған жер мемл. меншікке берілуі тиіс болды. Іс жүзінде оларға үлес берілмей, атамекен-шұрайлы жерлерінен қуылып жатты. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығының құлдырауы, әсіресе “Столыпин реформасы” кезінде күшейді. 1906 ж. Ресей империясының премьер-министрі болып тағайындалған П.А. Столыпиннің реформасы бойынша шаруаларға өз үлестерімен қауымнан шығып, хутор құруларына еркіндік берілді. Столыпин бұл мәселені шешуге астық егуге қолайлы өңір ретінде қазақ даласын пайдаланды. Ресейден қоныс аударушы (переселен-мұғажыр) шаруалардың Қазақстанда кулак шаруашылықтарын құруына түрлі жеңілдіктер жасалды. Хутор үшін 45 десятина қолайлы жер және 15 десятина егін салатын жер бөлінді. Жер бөлуші ұйымдарға жергілікті халықты атамекендерінен зорлықпен көшіріліп, олардың жеріне шаруа-кулактарды қоныстандыруға рұқсат берілді. Қоныс аудару науқаны нәтижесінде 1895 – 1905 ж. далалық облыстарға 294 296 адам, ал 1906 – 10 ж. 770 мыңнан астам қоныс аударушылар келді. 1893 – 1905 ж. қазақтардан 4 млн. десятина жер, 1906 – 12 ж. 17 млн. десятинадан астам, ал 1917 ж. барлығы 45 млн. десятина жер тартып алынды. “Столыпиннің аграрлық саясаты” қазақтарды жерінен айырумен қоса, олардың өлкеде үлес санының азаюына да себеп болды.

Қазақстанды қосып алғаннан кейін Ресей өлкенің табиғатын, тарихын, экономикасын зерттей бастады. Қазақ өлкесін зерттеушілердің бірі Орыс география қоғамының басшысы П.П. Семенов-Тяньшанский (1827 – 1914) еді. Оның басшылығымен көп томдық “Ресей. Отанды географиялық тұрғыдан толық баяндау” деп аталатын зерттеу құрастырылып, басып шығарылды. Оның “Қазақ (қырғыз) өлкесі”, “Түркістан өлкесі” деп аталатын екі томы Қазақстан мен Орта Азияның геогр. жағдайын, табиғи байлығын, тарихын, халық тұрмысын баяндауға арналды. “Түркі тайпаларының ауыз әдебиетінің үлгілері” атты еңбек жазған Петербург академиясының акад. В.В.Радлов қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттеуге зор үлес қосты. Сондай-ақ “Қасым патшалары мен ханзадалары туралы зерттеу”, “Қырғыз-қайсақтар (қазақтар) туралы тарихи мәліметтер” деп аталатын кітаптардың авторы шығыстанушы-ғалым В.В. Вельяминов-Зернов қазақ халқы тарихының маңызды кезеңдерін зерттеді. 1841 ж. Бөкей хандығында, 1850 ж. Орынборда Шекаралық комиссия жанынан қазақ азаматтық мектебі ашылды. 1877 ж. Ы.Алтынсариннің күш салуымен Ырғызда қыздар уч-щесі жұмыс істей бастады. 1890 – 96 ж. Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде орыс-қазақ уч-щелері, 1883 ж. Орынборда қазақ мұғалімдер мектебі ашылды. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ халқының Ш.Уәлиханов, М.С. Бабажанов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты азаматтары өмір сүріп, шығармашылықпен айналысса, 20 ғ-дың басында олардың қатарын Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, т.б. толықтырды. 19 – 20 ғ-дың басында қазақ муз. мәдениеті өрлеу кезеңін бастан өткерді. Сазгерлер: Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Тәттімбет, Ықылас, әнші-сазгерлер: Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса, Мәди шығармалары халық арасына кең тарады. 1870 ж. 28 наурызда “Түркістан уәлаятының газеті”, 1888 ж. 1 қаңтарда, “Дала уәлаятының газеті”, 1911 ж. “Айқап” журналының алғашқы сандары жарияланды. 1913 – 18 ж. аралығында шыққан “Қазақ” газеті қазақ қоғамының барлық салаларынан жан-жақты хабардар етіп тұрды.

1905 ж. 9 қаңтарда “Қанды жексенбіден” басталған бірінші орыс төңкерісінен Қазақстан да сырт қалмады. Ақпан айында Түркістанда, Перовскіде, Жосалыда, Шалқарда демонстрациялар, мамыр айында Верный, Қостанайда жұмысшы толқулары өтті. 1905 ж. жазда қазақ халқының үкіметке наразылығы ұйымдасқан әрі саяси сипат алды. Қозғалыстың басында ұлттық интеллигенция тұрды. 1905 ж. жазда Қоянды жәрмеңкесінде 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясын дайындаушылар қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, т.б. зиялылары тұрды. Петицияда қазақ халқының өмірлік маңызды мұқтаждары, саяси агр., діни мәселелер қойылды. 18 – 19 қазанда Орынборда жаппай саяси ереуілдер, 25 қазанда Омбыда саяси демонстрация, 16 – 28 қарашада Семейде почта-телеграф қызметшілерінің ереуілдері өтті. Жұмысшы, шаруа қозғалысына, 6 – 7 қарашада Бат. Сібір полкінің солдаттары, ал 21 қарашада Жаркент гарнизонының солдаттары қосылды. Қазақ және орыс жұмысшыларының ең ірі бас көтерулері Успенск кенішінде болды. Оны “Капиталға қарсы орыс-қазақ одағы” басқарды. 1906 ж. ақпанда Семейде қазақтардың съезі өтіп, онда қоныс аударуды тоқтату, жерді қазақ халқының меншігі етіп тану, тіл, дін тұту еркіндігі, ана тілінде білім алуды дамыту, т.б. талаптар айтылды. Рев. қозғалыс Ресейде екі жарым жылға созылды. 1905 ж. 17 қазандағы манифест бойынша Ресейде Мемл. Дума сайланды. 1906 жылғы 27 сәуірден 8 шілдеге дейін өмір сүрген І-Мемл. Думаға Қазақстаннан 9 депутат сайланды. Думада үлкен айтыс тудырған агр. мәселе Думаның таратылуына себеп болды. 1907 ж. 20 ақпанда өз жұмысын бастаған 2-Мемл. Думада да агр. мәселе баса айтылды. Қазақстаннан оған 13 депутат қатысты. Рев. толқу әлсіреп, 1907 ж. 3 маусымда патшаның 2-Думаны таратып жіберуіне, қазақтарды сайлау құқынан айыруға мүмкіндігі артты. 1914 ж. 1-тамызда Ресейдің 1-дүниежүз. соғысқа тартылуы Қазақстан халқына ауыр соққы болып тиді. Қазақ халқына “өз еріктерімен қаржы жинау”, мемл. заемдарды зорлап жаздыру, соғыс салығы түріндегі барлығы 10-ға жуық түрлі салықтар мен баж салығын төлеу міндеттелді. Қазақтарды тонау одан әрі жалғасты, соғыс жүктерін (астықты) т.ж. ст-ларына жеткізу үшін олардың көліктері зорлықпен пайдаланылды. Соғыс уақытында Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың бас түйе әкетілді. 1914 ж. тек Жетісудан ғана 34 млн. сомның малы мен мал ш. өнімдері жөнелтілді. Әскерге алынғандардың отбастарына көмек көрсету желеуімен еңбек ету міндеті енгізілді, қазақтар жұмыс күші ретінде қоныс аударып келгендер деревняларының жерін жыртып, тұқымын сеуіп, өнімін жинап беруге тиісті болды. Қаладағы еңбекшілердің, өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың жағдайы күрт нашарлап кетті. Үкіметтің Қазақстанның барлық облыстарына төтенше соғыс жағдайын енгізуі де халықтың соғысқа наразылығын күшейтіп жіберді. 1915 ж. маусымда Екібастұз бен Қарағанды көмір кендерінің, Қазақ (киргиз) тау-кен қазу өнеркәсібі акцион. қоғамының, Спасск мыс қорыту з-тының қазақ жұмысшылары ереуіл жасады. 1916 жылдың жазында жұмысшы қозғалысы Риддер кеніштерін, Ембі мұнай кәсіпшіліктерін, Екібастұз, Байкоңыр көмір кендерін, Орынбор – Ташкент т. жолын қамтыды. Осындай жаппай наразылықтар нәтижесінде 1916 жылғы көтеріліс шықты. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 жылғы 25-маусымдағы майдандағы қара жұмысқа Қазақ және Түркістан өлкелерінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43 жас аралығындағы ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болды.

Шілденің басында қазақ даласында көп кешікпей қарулы көтеріліске айналған стихиялық бас көтерулер басталды. Қазақ қоғамында патша жарлығы мен көтеріліске деген көзқарас бір мәнді болған жоқ. Интеллигенцияның кейбір өкілдері (Бокин, Ниязбеков, Жүнісов) жарлыққа қарсы шығып, оны орындауға қарсыластық көрсетуге шақырса, “Қазақ” газеті төңірегіндегі зиялылар (Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, т.б.) күші басым үкіметке қарсы шығудың халықты қырғынға ұшырататынын ескертіп, сабыр сақтауға шақырды. Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу мен Торғайда болды. Жетісу облысында қарулы қарсылық шілде-тамыз айларында жаппай қарқын алды. 17 шілдеде Түркістан өлкесінде соғыс жағдайы жарияланды. Патша үкіметі Жетісуға ірі әскери күштерді жібере бастады. Қыркүйек, қазан айының басында жетісулық көтерілісшілер шегініп, Бат. Қытайға өтіп кетуге мәжбүр болды (қ. Қарқара көтерілісі). Торғай көтерілісі (басшылары Ә.Жанбосынұлы, А.Иманов, Ә.Жангелдин) 50 мыңдай адамды қамтыды. 1916 ж. 21 қарашада Торғайда 13 болыс ел өкілдері Әбдіғапарды хан, Амангелді Имановты сардарбегі (қолбасы) етіп сайлады. А.Иманов көтерілісшілерді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөлді. Арнайы мергендер отряды құрылды. Көтеріліс штабында әскери кеңес жұмыс істеді. Торғай облысындағы көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады. 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында маңызды орын алады. Ол отарлауға және империалистік саясатқа қарсы өрбіді.

1917 ж. патшаны тақтан құлатқан Ақпан революциясының оқиғалары көп ұзамай Қазақстанға да жетіп, наурыз айының басында ірі қалаларда төңкерісті қолдаған митингілер, демонстрациялар өтті. Ресейде қос өкімет билігі (Уақытша үкімет пен Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестері) орнады. Қазақстан көп өкіметті қоғамға айналды. Өлкеде ұлыдержавалық саясат жалғаса берді. 1917 ж. көктем, жаз айларында жұмысшы, рев.-демокр. жастар ұйымдары, саяси партиялар құрылды. Омбыдағы оқушы жастардың 1914 ж. ашылған “Бірлік” мәдени-ағарту ұйымы жұмысын жаңа саяси ахуалға орай жандандырды. С.Сейфуллин Ақмолада “Жас қазақ”, Т.Рысқұлов Меркеде “Қазақ жастарының революциялық одағы” ұйымдарын құрды. Спасск мыс қорыту з-тында “Жас жүрек”, Петропавлда “Талап”, Семейде “Жанар” т.б. ұйымдар жұмыс істей бастады.

1917 ж. 21 – 28 шілдеде Орынборда 1-Бүкілқазақ съезі өтті. Делегаттар ұлттық автономия, жер-су, т.б. мәселелердің шешілуіне, Құрылтай жиналысына әзірлік және қазақ саяси партиясын құру мәселелеріне баса назар аударды. Съезд, шын мәнінде, қазақтың ұлттық саяси партиясы – “Алаштың” съезі болып айқындалды. Ә.Бөкейхан, М.Тынышбаев, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедұлы және Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабаев т.б. Алаш партиясына кірді. Дегенмен көпшілік қазақ қоғамы сол кезеңде дайын болмағандықтан әлеум. бағдарлама қабылдаған жоқ. Олар Қазақ халқын отарлық езгіден азат ету ұраны төңірегіне топтасты. 1917 жылдың күзінде тағы бір ұлттық-саяси ұйым – Қазақтың соц. партиясы болып саналған “Үш жүз” партиясы пайда болды. Көлбай Тоғысов басқарған бұл партия солшыл бағыт ұстап, Алаш партиясына, Алашорда үкіметінің құрылуына қарсы шығып, большевиктерді жақтады. 1917 ж. жаз, күз айларының басында елде халықтың большевиктер жағына шығуына әлеум. жағдайдың төмендеуі, аштық, Уақытша үкіметтің шарасыздығы себеп болды.

1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. Ертеңіне көтерілісші жұмысшы, солдат, матростар астананың аса маңызды орындарын басып алды. 25 қазанда (7 қарашада) таңертең Әскери-рев. к-т Уақытша үкіметтің құлатылғанын хабарлады (қ. Қазан революциясы). 1917 ж. 2 қарашада Бүкілтүркістандық ІV Төтенше съезі өз жұмысын бастады. Оны М.Шоқай ашты. Съезд Түркістан автономиясын (Түркистон мухтарияты) (төрағасы М.Тынышбаев, кейін М.Шоқай) жариялады. Автономияны 1918 ж. ақпанда большевиктер қарулы күшпен қуып таратты.

Қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси ауыр жағдайда өздерінің іс-әрекеттерін айқындап алу үшін ұлттық интеллигенция бастаған қазақ қоғамы Орынборда (1917 ж. 5 – 13 желтоқсанда) 2-Бүкілқазақ съезін өткізді. Оған Ресейдің қазақтар тұратын барлық облыстарынан дерлік өкілдер қатысты. Съезді Бөкейхан, Байтұрсынов, Дулатов, И.Омаров  ұйымдастырды. Б.Құлманов төрағалық етті. Съезде алдымен тез өзгеріп жатқан саяси жағдайда партия тактикасын нақтылау, қазақ автономиясын құру және оның үкіметін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Съезд делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтар өмірін қиындатып жіберген аласапыран жағдайда елді сақтап қалу үшін, Уақытша халық кеңесі түріндегі билік орнату, оған Алашорда деген ат беру (төрағасы Бөкейхан, Атқару кеңесі құрамына 25 адам кірді), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Қазақ автономиясының астанасына Семей (Жаңа Семей) қ. белгіленіп, оған Алаш қ. деген ат берілді. Алашорда жетекшілері Кеңес үкіметімен байланыс жасауға тырысты. 1918 ж. наурызда Ж.Досмұхамедұлы және Х.Досмұхамедұлы Мәскеуге барып, В.И. Ленин мен И.В. Сталинмен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ, 1918 ж. сәуірдің басында Х.Ғаббасов Семейден төте желі арқылы ұлт ісі жөніндегі халық комиссары Сталинмен байланысқа шықты. Келіссөз барысында Кеңес тарапынан 2-Жалпықазақ съезі шешімдерінің мойындалуы, Алашорданың кеңес өкіметін тануы, автономияның мәдени мұқтажына орталықтың көмегі, бүкілқазақтық құрылтайды шақыру, өлкеде азаматтық бітімге келу мәселелері қозғалды. Автономияны кеңес тұғырына аудару жайында құрғақ уәделер болды. Ұзамай, кеңестік билік автономияның тек депутаттар кеңесі арқылы таптық негізде берілетіні жайындағы қағидасын алға тартты. Сонда Алашорда мемл. құрылымын өз бетінше жасауға мәжбүр болды, сонымен бірге 1918 жылдың күзі мен қысында атаман А.И. Дутовпен, Самарадағы құрылтайшы жиналыс мүшелері к-тімен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сібір (Колчак) үкіметімен де байланыс жасады. Басталып кеткен азамат соғысы алашорданың ұстанар бағытын айқындауды қажет етті. Қазақ автономиясы өлкеде әлеум.-саяси негізі жоқ кеңес өкіметіне қарсы ақтармен бірге күреске шықты.

Большевиктік ұйымдар, Қазақстан мен Түркістан кеңестері өздерінің бүкілқазақтық және бүкілтүркістандық съездерін шақыруға әзірлене бастады. Бұл жұмыстарды өлкеде кеңес өкіметін нығайту жолындағы күрес әрі кеңестік мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңі де болды деуге болатын. Мұнымен Қазан төңкерісін және Қазақ мемлекеттілігін кеңестік негізде құру идеясын қабылдамаған Алаш партиясы мен оның көсемдері келісе алмады. Ұлттық мәселелер, ұлттық-мемл. құрылыс мәселелері талқылана бастады. Кеңес өкіметі ұлт саясатының негізгі принциптері екі құжатта – Ресей халықтары құқықтарының Декларациясы (1917 ж. 2 қараша) және Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшілеріне үндеуінде (1917 ж. 20 қараша) жарияланған-ды.

Кеңес өкіметінің орнауы құлатылған таптың қарулы қарсылығын алғашқы сәттен-ақ тудырды. Әскери тұтқындардан жасақталған чехословак корпусының 1918 ж. мамырдағы бүлігі азамат соғысын өршітіп жіберді. Сібір, Орал, Орта Еділ жағалауы қалалары: Новосибирск, Челябинск, Том, Омбы чехтар қолына көшті. 31 мамырда контрреволюция Петропавлды, маусымда Ақмола, Атбасар, Қостанай, Павлодар, Семейдегі Кеңес үкіметін құлатты. 1918 ж. 29 мамырда БРОАК Декретімен Қызыл Армия қатарына әскери міндетті енгізілді. Қазақ, мұсылман, дүнген, ұйғыр бөлімдері жасақталды. 1918 ж. жазда Орынбор аймағында ауыр жағдай қалыптасты. Қаланы 3 шілдеде атаман Дутов басып алып, кеңестік Түркістанды Орт. Ресейден бөліп тастады. Ақтарды оңт-ке, Ташкентке жібермеу үшін кеңестер Ақтөбе майданын құрды. Дала өлкесінің Төтенше комиссары Ә.Жангелдин басқарған экспедиция осы кезде жасақталды; (қ. Жангелдин экспедициясы). Ақтөбе майданы азамат соғысында шешуші рөл атқарды. 1919 ж. Орынбор, Орал, Орск азат етілгеннен кейін Ақтөбе майданы мен Шығыс майданы әскерлері қосылды. 1918 ж. жаз, күз айларында Жетісу облысында да ауыр соғыс болды. Ақгвардияшылдар Іле өлкесін, Верный, Сергиополь, Үржар, Сарқант қалаларын басып алды. 1918 ж. Солт. Жетісу майданы құрылды, күзде Солт. Жетісудың тек Лепсі уезінен басқа өңірі ақтардың қол астында қалды. Ақмола, Семей облыстарында Тарбағатай мен Алтайдың Тау қырандары деген атпен мәлім болған партизандық қозғалыс қанат жайды. 1919 ж. жазда Колчак армиясының басты күштері талқандалып, Бат., Солт., Шығ. Қазақстан мен Жетісуді азат етуге қолайлы жағдай туды. 1920 ж. наурызда Солт. Жетісу майданының таратылуымен қазақ өлкесінде азамат соғысы аяқталды. Азамат соғысы жылдарында материалдық қорды жинау және оны үнемдеу мақсатымен төтенше енгізілген шара “әскери коммунизм” деп аталды. “Артық” азық-түлікті халықтан жинап алып, азық-түлік салғыртын енгізген бұл декрет 1919 ж. 11 қаңтарда жарияланды.

1919 ж. наурыз-көкек айларында алашорда өкілі А.Байтұрсынов бастаған делегация орт. кеңес өкіметімен келіссөз жүргізіп, келісімге келді. Алашорда қайраткерлеріне кешірім жарияланды. 1919 ж. 10 шілдеде В.И.Ленин Қазақ өлкесін басқару жөніндегі рев. к-т құру туралы декретке қол қойды. Қазревком құрамына С.С.Пестковский, Б.Қаратаев, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, Ә.Әйтиев, т.б. енді. 1920 ж. 30 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК РКФСР-дің құрамында “Автономиялы Киргиз (қазақ) Социалистік Кеңес республикасын құру туралы” декрет қабылдады. Республика құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Каспий обл. мен Астрахан губ-ның қазақтар тұратын аудандары енді. 1920 ж. 4 – 12 қазанда Орынборда ҚазАКСР-ы Кеңестерінің құрылтай жиналысы өтті. Съезге 273 делегат қатынасты. Съезд С.Меңдешовті басшы етіп, ҚазАКСР-ның ОАК-н және Радус-Зенькович басқарған ХКК-н сайлады. 1925 ж. Түркістан АКСР-інің таратылуына байланысты Жетісу және Сырдария облыстары Қазақ АКСР-іне қосылды. Жергілікті халықтың “Қазақ” атауы қалпына келтірілді. 1921 – 22 ж. Қазақстанда жер-су реформасы жүргізілді. Оның мақсаты – кезінде патша үкіметі отарлау үшін тартып алған Ертіс пен Жайықтың сол жағалауындағы, Жетісу мен Оңт. Қазақстандағы жерлерді өлкенің байырғы халқы – қазақтарға қайтару еді. Соның нәтижесінде шаруалар 1 млн. 385 мың десятина жерге ие болды. 1921 ж. “Қосшы” кедейлер одағы құрылып, олар жер реформасын жүргізуге белсене қатысты. 1921 ж. 8 – 16 наурызда Ресей большевиктер партиясының 10 съезі өтті. Онда жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) көшу туралы шешім қабылданды. Азық-түлік салғырты салықпен алмастырылды, жаппай еңбек міндеткерлігі жойылды, еркін саудаға рұқсат берілді, жалдамалы еңбек, жерді жалға алу, кооп. дамуына қолдау көрсетілді. ЖЭС-тің нәтижесі 20-жылдардың ортасында көрінді. 1925 жылға қарай халық ш. қалпына келтірілді. Өнеркәсіптің 60%-н, көлік қатарға қосылды. Мал басы 1922 жылмен салыстырғанда екі есе өсіп, 26 млн. басқа жетті. Ойыл, Қоянды, Темір жәрмеңкелері қайта жанданды. Сөйтіп, халықтың әл-ауқаты көтеріле бастады. Қазақстанның табиғи қазба байлықтарына баса назар аударылып, өндіруші салалар – түсті металлургия, көмір және мұнай өнеркәсіптері қолға алынды. 1928 – 29 ж. республикада 50 геол., 1931 ж. 140 экспедиция жұмыс істеді. Осы кезеңде ірі құрылыстар: Шымкент қорғасын з-ты, Балқаш мыс қорыту, Ащысай полиметалл комб-тары іске қосылып, Текелі полиметалл, Жезқазған мыс қорыту комб-тары, Өскемен қорғасын-мырыш з-ты салына бастады. 1927 ж. сәуірде индустрияландырудың ірі нысандарының бірі – Түркістан-Сібір темір жолының (Түркісіб) құрылысы басталды. 1927 ж. желтоқсанда өткен БПК(б) 15 съезі ауылдарды ұжымдық шаруашылықтар құру туралы шешім қабылдады. Ұжымдастыруды 1932 ж. аяқтау көзделді. Ол күштеу тәсілімен жүрді, жергілікті халықтың тұрмыс дәстүрі назарға алынбады. Осы кезеңде кулактар мен байларды тап ретінде жою науқаны басталды (қ. Кәмпескелеу). 1928 ж. 27 тамызда Қазақ АКСР-інің ОАК мен ХКК қабылдаған “Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару” туралы декретке сәйкес 657 жеке шаруашылық тәркіленіп, иелері жер аударылды. Олардан 145 мың бас мал, а. ш. құралдары тартып алынды. Отырықшыландыру ісі күштеп ұжымдастырумен астасты, соның салдарынан шаруалар мал өрісінен, су мен жайылым ауыстыру мүмкіндігінен айрылды. Мұның бәрі ашаршылыққа, мал ш-ның құлдырауына әкеліп соқтырды, егіс көлемі төмендеді (қ. Ашаршылық). Халық наразылығы күшейді. 1929 – 31 ж. Қазақстанда 372 көтеріліс болып өтті. Шет елдерге (Қытайға, Моңғолияға, Иранға, Ауғанстанға) жаппай ауа көшу басталды.

1930 ж. 27 тамызда Қазақ АКСР ОАК мен ХКК жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы қаулы қабылдады. 1920 – 21 ж. басталған сауатсыздықпен күрес нәтижесінде 1940 жылға қарай еңбекке жарамды тұрғындар негізінен сауат ашты. Педагог-кадрларды даярлауға көңіл бөліне бастады. Тұрақты, қысқа мерзімді курстар, педтехникумдар ашылды. 1922 ж. ҚазАКСР Денсаулық сақтау комиссариатының жанынан Өлкелік химия-бактериол. лаборатория, 1924 ж. Санитарлық-бактериол. ин-т, 1926 ж. Тыңайтқаш және агротопырақ зерттеу ин-ты құрылды. 1932 жылға қарай Қазақстанда 12 ғыл.-зерттеу ин-ты, 15 тәжірибе ст., 186 тірек пункті, лаб., гидромет. ст., кен барлау ұйымдары жұмыс істеді. КСРО ҒА-ның қазақстандық базасы құрылды. Жоғары оқу орындары ашыла бастады. ҚазПИ (1928), Алматы зоотех.-малдәрігерлік ин-ты (1929), Қазақ а. ш. ин-ты (1930), Алматы медицина ин-ты (1931), Қазақ мемл. ун-ті (1934) құрылды. Осы ғасырдың 20-жылдарында ішінде Қазақстан зерттеу қоғамы құрылған болатын. Қоғам тарихи-геогр., этногр., экон. бағыттағы еңбектер жариялады. 1925 ж. тұңғыш ұлттық қазақ театрын ұйымдастыру қолға алынып, оны Д.Әділов басқарды. Республиканың шартарабынан өнерпаздар шақырылды. 1925 ж. желтоқсанда “Еңлік – Кебек” пьесасы (М.Әуезов) мен үлкен концерт қойылды. Ал 1926 ж. 13 қаңтардағы ресми ашылуында “Алтын сақина” (Қ.Кемеңгеров) қойылды. 1934 ж. муз. театр ашылып, оны Ж.Шанин басқарды. Бірінші қазақ операсы “Қыз Жібек” (Е.Брусиловский) қойылды. 1934 ж. А.Жұбанов басқарған Құрманғазы атынд. оркестр құрылды. 1936 ж. мамырда Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі өтті. К.Байсейітоваға КСРО Халық артисі атағы берілді. 1934 ж. көркемфильм студиясы ашылды. 1938 ж. тұңғыш дыбысты кино “Амангелді” фильмі түсірілді. Қазақтың муз. өнерінің дамуына этнограф-композитор А.В.Затаевич (“Қазақтың 1000 әні”), (“Қазақ халқының 500 әні мен күйі”) зор үлес қосты. Аталған кезеңде Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин шығармалары кеңінен мәлім болды. Ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері Ж.Жабаев, Н.Байғанин, О.Шипин, К.Әзірбаев, И.Байзақов есімдері халыққа танылды.

1925 жылдан кейін республиканың қоғамдық-саяси өмірі күрт өзгеріп кетті. Қазақстанда “Кіші қазан” төңкерісін өткізуге идеол. негіз жасалды. Тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, қарулы жазалаушылардың елді қанға бөктірген ожарлықтары халықты қайғы-қасіретке ұшыратты. 1928 – 30 ж. 80-нен астам адамға саяси айып тағылып, түрмеге жабылды. Қазақ жері саяси тұтқындар қамалатын лагерге айналдырылды. Олардың ең ірісі Қарағанды лагері болды. Ақмолада “Отан сатқындары” жұбайларына арналған лагерь (қ. Алжир) құрылды. 1937 жылдың күзінде Қазақстанға Қиыр Шығыстан 100 мың кәріс, 1943 – 44 жылдары күрд, түрік, иран, әзербайжандар, шешен-ингуштар жер аударылып қоныс тепті; қ. Депортация.

1941 ж. 22 маусымда Германия КСРО-ға соғыс ашты. Қазақстан алғашқы күндерінен-ақ соғыс арсеналына айналды. Елдің бүкіл экономикасы соғыс қажетіне лайықталып қайта құрылды. Қарағанды шахтерлері төрт жыл ішінде 34 млн. тонна көмір өндірді. Орал-Ембі мұнайлы ауд-ның кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39% арттырды, электр қуатын өндіру екі есе дерлік өсті. Шығыс Қоңырат молибден, Жезді марганец, Дөң (Дон) хромит кеніштері, Ақшатау молибден-вольфрам комб. салынды. 1941 – 45 ж. барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта, т.б. кәсіпорындар салынды. Бұлардың қатарына соғыс жүріп жатқан аймақтардан көшіріп әкелінген металл өңдейтін, машина жасайтын з-ттар қосылды, олар мина, снаряд, торпедо, бомба, огнемет, радиост. шығарды. 1941 – 42 ж. Қазақстанға Мәскеуден, Ленинградтан, Украина, Беларусьтен әкелінген 220 з-т, ф-ка қайта жабдықталды. Олар негізінен Алматы, Орал, Шымкент, Семей, Қарағанды қ-ларына орналастырылды. Ауыл-село еңбеккерлері өздерінің патриоттық міндеттерін адал өтеді: 1941 – 45 ж. олар 5829 мың т астық, 734 мың т ет және басқа азық-түлік, өнеркәсіп үшін шикізат өндірді. 1943 ж. Ш.Берсиев тарының әр га-нан 202 ц, Ы.Жақаев күріштің га-нан 172 ц өнім алып, әлемдік зор табысқа жетті. Қазақстанға шығарм. және ғыл. ұжымдар да көшіріліп әкелінді. Олардың қатарында Мәскеу, Ленинград киностудиялары, 20 ғыл. мекеме, атақты ғалымдар И.П. Вернадский, А.М.Панкратова, А.А.Скочинский, т.б. келді. Белгілі қазақ ақын-жазушылары: Ж.Жабаев, С.Мұқанов, Д.Снегин, М.Әуезов өз шығармаларын халықты патриоттық рухта тәрбиелеуге арнады. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы жасақталды. Қазақстандық жауынгерлер алғашқылардың бірі болып соғысқа кірісті. Брест қорғанын К.Әбдірахманов, В.Лобанов, К.Иманқұлов, Ұ.Жұматов, т.б. қорғады. Мәскеу үшін шайқаста қазақстандықтар даңққа бөленді. Дубосековода гитлершілерді бөгеген 28 батыр жауынгер ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Алматыда жасақталған 316 атқыштар дивизиясы 8-панфиловшы гвардияшылар болып қайта құрылды. Мұнда аға лейтенант Б.Момышұлы (1990 ж. КСРО батыры) басқарған батальон ерекше көзге түсті. Сондай-ақ, осында Кеңес Одағының Батырлары Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, т.б. соғысты. 310-, 314-Қазақстан дивизиялары Ленинградты қорғауға қатысты. Ленинград үшін шайқаста С.Баймағамбетов кеудесімен дзотты жауып соғыс тарихында теңдесі жоқ ерлік жасады. Жамбыл өзінің “Ленинградтық, өренім!” атты жалынды өлеңімен ленинградтықтарды жігерлендірді. 1942 ж. күзде Сталинград үшін шайқас болып жатқанда Бат. Қазақстан облысында соғыс жағдайы жарияланды. Сталинград операциясына Қазақстаннан 5 атқыштар, 1 атты әскер дивизиясы, 1 танк атқыштар бригадасы, 1 минометті полк қатысты. Осы шайқаста Н.Әбдіров, Қ.Спатаев, т.б. қазақ жауынгерлері батыр атағын алды. Қазақтар Курск түбіндегі, Беларусьтегі, Украинадағы шайқастарда ерлік көрсетті. Берлинге алғаш ту тіккендердің бірі – Р.Қошқарбаев болды. Қазақстандықтар партизан қозғалысында (Қ.Қайсенов, Ж.Саин, Ә.Шәріпов, т.б.), қарсыласу қимылдарында белсенділік көрсетті. Соғыстағы ерліктері үшін 499 қазақстандық (94-і қазақ) жауынгерлер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Т.Бигелдинов, Л.Беда, И.Павлов, С.Луганский жоғары атақты екі дүркін алды. Шығыс қыздары арасынан Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова Кеңес Одағының Батыры атанды. 410 мыңға тарта қазақстандық соғыстан оралмады. 1941 ж. күзде жеке адамдар мен ұжымдардан майданға ерікті көмек ұйымдастырылып, қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар сатып алынды. Майдандағы солдаттарға 1600 вагон азық-түлік, киім-кешек жіберілді. Қазақстан артистері майдан шебінде 1216 рет концерт көрсетті. Соғыс жылдарынан республика әлеум.-экон. жағынан әбден қалжырап шықты. Соған қарамастан Қазақстан тұрғындары Ленинград, Сталинград, Брянск, Донбасс, Украина, т.б. бүліншілікке ұшыраған аймақтарды қалпына келтіруге белсенді көмек көрсетті. 1946 ж. 18 наурызда қабылданған 4-бесжылдық жоспарда соғыстан бүлінген аудандарды қалпына келтіру, өнеркәсіп пен а. ш-ның соғыстан бұрынғы дәрежесіне жеткізу, одан асып түсу белгіленді. Өнеркәсіпті дамытуға баса көңіл бөлінді. Алты жаңа көмір шахтасы, Қаратон және Мұнайлы кәсіпшіліктері қатарға қосылды. Қазақ металлургия з-тының құрылысы аяқталды, Ақтөбе Қайта балқыту з-тының қуаты арттырылды. Жеңіл және тамақ өнеркәсіптері онан әрі дамыды. 65 жеңіл өнеркәсіп орыны өнім бере бастады. А. ш-нда ұжымшарларды ірілендіру қолға алынып, 1945 – 52 ж. ұжымшарлар саны 3 есе кысқарып, 2047-ге жетті. А. ш. дақылдары өнімінің көл. артты. 1950 ж. астықтың жалпы түсімі бұрынғыдан 89% асып түсті. Қазақтың ақ бас қойы, алатау сиыры, қазақтың биязы жүнді қойы, арқар-меринос қойы, Қостанай жылқысы будандастырылып, жаңа тұқым алынды. Қазақстан бұрынғысынша орталықтың отары, тірек базаларының бірі болып қалды. Республика металл, шикізат, отын, құрылыс материалдары, өнеркәсіп тауарлары, азық-түлік, асыл тұқымды мал, т.б. одақтық қорға жөнелтуге мәжбүр болды. Соғыстан кейінгі жылдарда республикада бірқатар жоғары оқу орындары ашылып, халыққа білім беру жүйесін жетілдіру қолға алынды. 1946 ж. 1 маусымда Қазақстан ҒА ұйымдастырылып, оның тұңғыш президенті болып Қ.Сәтбаев сайланды.

Кеңес Одағындағы әміршіл-әкімшіл жүйе 40-жылдардың соңы мен 50-жылдардың басында өзінің шарықтау шегіне жетті. Елде И.В. Сталиннің жеке басына табыну белең алды. Интеллигенцияға қатысты саяси қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі басталды. Әсіресе, БК(б)П ОК-нің “Звезда”, “Ленинград” журналдары туралы (1946 ж. 14 тамыз) қаулысынан кейін еркін ойды қудалау басталды. Ленинград, Мәскеуде “Ленинградтық іс”, “Дәрігерлер ісі”, т.б. қолдан жасалынып жатқан кезде Қазақстанда “Бекмаханов ісі” пайда болды. ҚКП ОК-нің 1947 ж. наурызда өткен пленумы партия к-ттерінен Қазақстан тарихын жазудағы, әдебиет пен өнердегі саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалауларға қарсы большевиктік сынды кеңінен өрістетіп, БКП ОК-нің идеол. мәселелер жөніндегі қаулыларын сөзсіз орындауды талап етті. Тарихшы Ермұхан Бекмахановтың (1915 – 66) соғыс жылдарында Алматыда болған А.П. Кучкин, А.М.Панкратова, В.Д.Греков, т.б. белгілі тарихшылармен бірге жазған “Қазақ ССР тарихы” (1943), “Қазақстан XІX ғасырдың 20 – 40 жылдарында” (1947) деген еңбектеріндегі Кенесары Қасымовтың көтерілісіне қатысты көзқарасы ұлтшылдық, саяси зиянды деп табылды. Сөйтіп, Е.Бекмаханов 1952 ж. 4 желтоқсанда 25 жылға сотталды. А.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, т.б. зиялы қауым өкілдері де қуғын-сүргінге ұшырады. Көрнекті ғалымдар Қ.Сәтбаев, М.Әуезов қудалауға түсіп, Қазақстаннан сыртқа кетуге мәжбүр болды. И.В. Сталиннің өлімінен (1953) кейін елді демократияландыру нышандары басталды. Алайда бұл әміршіл-әкімшіл жүйенің күйреуі емес еді. Мыңдаған адамдар жазықсыз түрмеде отыра берді, оларды жазалауға қатысқандар жоғары үкімет қызметтерінен кетпеді. 1956 ж. ақпанда Мәскеуде өткен партияның 20 съезі Сталиннің жеке басына табынушылықты жою мәселесін қарастырғанымен авторитарлық жүйені жою соңына дейін жүргізілмеді. Өткен тарихтың қайғылы беттері: Қазан төңкерісі тарихы, азамат соғысы, 30-жылдардағы ашаршылық себептері айтылмады немесе біржақты көрсетілді. Кешікпей саяси тұрғыда басқаша ойлайтындар қудалана бастады.

1954 ж. ОК-тің ақпан-наурыз пленумы “Елде астық өндіруді одан әрі ұлғайту және тыңайған жерлерді игеру” туралы қаулы қабылданып, КСРО-да 13,4 млн. га жаңа жерлер, соның ішінде Қазақстанда 6,5 млн. га жер жыртылды. 1954 жылғы наурыз айына дейін Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солт. Қазақстан облыстарында 337 кеңшар құрылды. Тың көтеру нәтижесінде Қазақстанда халықтың жан басына шаққанда 2 мың кг-нан астам астық өндіруге мүмкіндік берді. Ал әлемдік тәжірибеде азық-түлік тапшылығын шешу үшін 1 мың кг төңірегіндегі көрсеткіш те жеткілікті еді. 1954 – 55 ж. бүкіл елде 29,7 млн. га жер жыртылып, оның 18 млн. га-сы Қазақстан үлесіне тиді. Тың игерудің залалдары да байқалды. 1960 жылы-ақ республика тың аймағының 9 млн. га жері топырақ эрозиясына ұшырады. Халықтың 61%-ы РКФСР, Украина, Молдовадан келгендермен көбейді. 1954 – 62 ж. Қазақстанға тың игеруге 2 млн. адам келді. Республиканың жергілікті халқы – қазақтардың саны 30%-ға дейін төмендеп, этнос ретінде дамуына қауіп төнді.

Соғыстан кейінгі халық ш-ның қарқындап дамуы көліктің барлық түрін, әсіресе т. ж. көлігін жедел қарқынмен дамытуды қажет етті. 1945 ж. т. ж-дың ұз. 8112 км болса, 1960 ж. 11470 км-ге, 1970 ж. 13669 км-ге дейін жетті. 1953 ж. 27 қазанда Мойынты – Шу т. ж. тұрақты пайдалануға берілді (қ. Көлік құрылысы; Көлік).

1948 ж. үш облыстың (Семей, Павлодар, Қарағанды) түйіскен жеріне орналасқан ядр. сынақ полигоны салынды. 1949 ж. 29 тамызда Семей полигонында тұңғыш рет ядр. сынақ жасалды. Қорғаныс мин-нің өз мәліметі бойынша 1949 жылдан 1963 жылға дейінгі аралықта полигонда қуаты бірнеше т-дан 100 килотоннаға дейін жететін 113 жарылыс ауада жасалған, 1964 жылдан кейін ғана сынақ жер астында жасала бастады. 1989 ж. қыркүйектің 19-ына дейін қуаты бірнеше т-дан 150 килотоннаға дейінгі 343 сынақ жасалған. Полигон халықтың денсаулығына зор зиянын тигізді.

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға