Жаңалықтар

Он алтыншы жылғы көтеріліс

Соңғы редациялау: 24 қазан 2012 ОН АЛТЫНШЫ ЖЫЛҒЫ КӨТЕРІЛІС, 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық көтеріліс – патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. 1914 ж. басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей империясында пісіп-жетіліп келе жатқан жалпы дағдарысты шырқау шегіне жеткізді. Көтерілістің басты себептері әлеум.-экон. және саяси мәселелерге тікелей байланысты болды. Ол отаршылдық езгінің күшеюінен, Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халықтарының жерін тартып алудың қарқынмен жалғасуынан, салықтар мен басқа да алымдар көлемінің шамадан тыс ұлғаюынан, патша өкіметі жүргізген орыстандыру саясатының кең өріс алуы мен қалың бұқараның әлеум. жағдайының күрт төмендеуінен көрініс тапты. Көтерілістің басталуына Николай ІІ патшаның 1916 ж. 25 маусымдағы “Реквизициялау туралы” жарлығы тікелей себеп болды. Жарлық бойынша Қазақстан, Орта Азия мен ішінара Сібірдің “бұратана халықтарының” ер-азаматтарынан (19 бен 43 жастың аралығында) майданның тыл жұмыстарына (қорғаныс құрылыстары мен әскери қатынас жолдарын салу, окоптар қазу, т.б.) 400 мың адам (оның ішінде қазақтардан 240 мыңға жуық) алу белгіленді. Қазақстандағы көтерілістің алғашқы ошақтары 1916 ж. шілде айының бас кезінде пайда болды. Халықтың ашу-ызасына жұмысқа алынатындардың тізімдерін жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және жергілікті әкімш-тердің басқа да қызметкерлері ұшырады, өйткені жасалған тізімдер әуел бастан жаппай парақорлық, көзбояушылық пен қиянатқа негізделді. Әкімш. жүйе ол кезде қазақтарда тууы туралы куәліктердің болмағандығын пайдаланып, тізімге жас шамасына қарамастан кедейлерді қалауынша енгізіп, ал ауқатты әулеттерден пара алып, олардың өкілдерін шақырудан босатты. Оның үстіне патшалық өкімет орындары өлке тұрғындарының кейбір әлеум. топтарының өкілдерін (болыс басқарушылары, жергілікті халықтан шыққан төм. шенді полицейлер, имамдар мен молдалар, ақсүйектер мен құрметті азамат құқықтары барлар, т.б.) майданның қара жұмысынан босатты. Көтерілісшілер болыстық кеңселерді, болыстар мен ауыл старшындарының үйлерін, жасалған тізімдерді өртеді, жекелеген болыс бастықтарын өлтірді. Стихиялы қозғалыс біртіндеп ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласа бастады. Көтерілістің негізгі қозғаушы күштері – отарлық езгіден күрт кедейленген шаруалардың қалың тобы мен сол кезде қалыптаса бастаған жергілікті жұмысшылар болды. Көтеріліске, сондай-ақ қазақ халқының басқа әлеум. топтарының (байлар, болыстар мен билер, интеллигенция) өкілдері де қатынасты. Соңғылары кейбір аймақтарда жетекші рөл атқарды. Көтеріліске қазақтармен қатар ұйғырлар, өзбектер, қырғыздар, дүнгендер, т.б. ұлт өкілдері қатысқан оңт. облыстарды (Жетісу мен Сырдария) қоспағанда О. а. ж. к. құрамы жағынан бір ұлттық қозғалыс болды. Сол кездегі қазақ қоғамындағы саяси қайраткерлердің арасында көтеріліске бірыңғай көзқарас болған жоқ. Қазақ зиялыларының кейбір өкілдері (Т.Бокин, Ж.Ниязбеков, Ә.Жүнісов, Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, Б.Алманов, Ә.Жангелдин, т.б.) патша жарлығына батыл қарсы шықты және халықты қарулы қарсылыққа шақырды. Ал “Қазақ” газетінің төңірегіне топтасқан либерал-демократияшыл зиялылардың жетекшілері (А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, т.б.) патша әкімш-нен тыл жұмысына адам алуда асықпауды өтініп, керісінше дайындық шараларын жүргізу жөнінде ұсыныстар жасады, көтеріліске шыққан халық патша өкіметі тарапынан аяусыз жазалауға ұшырайтынын ескертіп, көпшілікті жарлықты орындауға қарсылық көрсетпеуге шақырды. Жаппай көтеріліс тек қазақ даласын ғана емес, көршілес Орт. Азия елдерін де қамтыды, Самарқанд обл-ның Ходжент қ-нда 4 шілдеде басталды. А.Мамадинов, Ж.Закиров, Д.Машарипов бастаған 6 – 7 мыңдай көтерілісшілер полиция басқармасына басып кіріп, тізім жасауды тоқтатуды талап етті. Көмекке келген қарауыл отряды көтерілісшілерге қарсы оқ атып, бірнеше адам оққа ұшты. Ұра-Төбе кедейлері ходженттіктерге жәрдемге аттанғанда жергілікті патша әкімш. оларды әрең тоқтатты. Көп ұзамай көтеріліс облыстың басқа уездерін қамтыды. Жазалаушы отряд көтерілісті қаталдықпен басты. 11 шілдеде ескі Самарқанд қ-ның, 13 шілдеде ескі Жизақ қ-ның тұрғындары көтеріліске шықты. Жизақта көтерілісшілер уезд бастығын, приставты, тілмашты өлтірді. Жаңа Жизаққа беттеген көтерілісшілерді жергілікті отряд оқ жаудырып қарсы алды. 11 шілдеде Ташкент қ-нда көтеріліс басталып, 12 – 14 шілде аралығында Ташкент у-нің барлық болыстарында патша өкіметіне қарсы толқу болып өтті. Қарақалпақтар арасындағы ірі көтеріліс 28 шілдеде Шымбайда басталды. 1000-ға тарта көтерілісші приставты өлтіріп, кеңсе қағаздарын, патша портретін өртеді. Маргелан қ-ндағы ең ірі көтеріліске 20 – 25 мың адам қатысты. Пржевальск у-нің Маринск, Көксу, Түп, Түрген, Барынауыл, т.б. болыстарының қырғыздары патша жарлығына қарсылығын ашық айтты. Пішпек у-нің Тілеуберді, Жамансарт, Қарабалта болыстарының қырғыздары патша жарлығын орындаудан бас тартса, Нарын ауд. мен Құланды көтерілісшілері тізім жасаған адамдарды өлтірді. Ашхабад у-нің Гоек-Тепе, Бахардан ауд-дарында, Красноводск, Мерв, Тедженд, Маңғыстау у-нің көптеген аудандарында ірі көтерілістер болып өтті. Жергілікті өкімет орындары көтерілісті болдырмауға бар күшін салды. Орта Азиядағы ұлт-азаттық көтерілісті патша өкіметі аяусыз басты. Жазалаушы отряд ескі Жизақ қ-н түгелдей өртеп жіберді. Он мыңдаған қырғыз кедейлер қоныстарынан қуылып, мал-мүлік, жерлерінен айырылды. Жизақ у. диқандарының 2 мың десятина жері тартып алынды. 25 шілде мен 15 желтоқсан аралығында Орт. Азияда көтерілісшілерден 3 мың адам сотқа тартылып, 201 адам өлім жазасына, 104 адам жер аударуға кесілді. Бат. Қазақстандағы Ілбішін у-нде қарулы топтар Суналы және Қызылжар болысын сойылға жығып, әскерге шақыру жөніндегі тізімді тартып алды. Орал у-нің Шыңғырлау, Науым, Шілік болыстары көтерілісшілерін А.Ізбасов, К.Ажаев, И.Байғошақов сияқты шаруалар басқарды. Шыңғырлау болысы мен тілмашы өлтірілді. Бірақ көтеріліс басшылары бай-болыстардың көмегімен қолға түсіп, өлім жазасына кесілді. Орал у. халқының қарсылығы іргелес Темір, Гурьев у., Бөкей ордасы, Маңғыстау түбегі қазақтарына ықпал етті (қ. Батыс Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс). Шілдеде басталған Сырдария көтерілісшілері Перовск (Қызылорда) және Қазалы у-нде бірнеше болыстық кеңсеге шабуыл жасап, тізімдерді тартып алды, бір болысты тілмашымен бірге өлтірді (қ. Сырдария көтерілісі). Қызу басталған Жетісу көтерілісіне қазақ, қырғыз, ұйғыр, дүнген еңбекшілері жұмыла ат салысты. Бірақ жергілікті ұсақ белсенділер арандату әрекетін жасап, бейбіт халықты апатқа ұшыратып отырды. Түркістан ген.-губернаторы бірнеше жазалау отрядын жасақтап, көтерілісшілерге қарсы жөнелтті. Көтерілісшілер Самсы төңірегінде отрядқа шабуыл жасап, оларды Верныйға (Алматы) қарай шегінуге мәжбүр етті. Т.Бокин бастаған көтерілісшілер (10 мыңнан астам) тамызда шабуылға шығып, Верный мен Пішпек арасындағы байланысты үзді. Көтерілісшілер арасынан Бекболат Әшекеұлы, Нұқа Сатыбеков сияқты басшылар шықты. Бұл кезде Жаркент және Лепсі у-ндегі көтеріліс күшейе түскен еді. Патша үкіметі Жетісу көтерілісін тез басу үшін 7 атқыштар ротасын, 5 казак-орыс жүздігін, 3 ерікті жүздік пен 17 зеңбірек жіберді. Артынша 7 орынборлық, 9 сібірлік казак-орыс полктері зеңбірек, пулеметтерімен қоса аттандырылды. Жетісу обл-ндағы ірі көтерілістің бірі – Қарқара жайлауында болды (қ. Қарқара көтерілісі). Жетісудағы көтеріліс тарихын үш кезеңге: 1) шілде – стихиялық-наразылық көріністері; 2) тамыз – оның қарулы күреске ұласуы; 3) қыркүйек – қазан – көтерілістің біртіндеп бәсеңдеуі және жеңіліс табуы деп бөлуге болады. 1916 ж. шілдеде Қарқаралы (Семей обл.) мен Өскемен у-нің, Көкпекті мен Зайсанның көтерілісшілері майданға жіберілетін адамдардың тізімін тартып алып, болыстарға күш қолданды (қ. Семей көтерілісі). Петропавл (Қызылжар) қ-на жақын жерлердегі болыстарда басталған халық көтерілісі Ақмола обл-ның у-н түгел қамтыды (қ. Ақмола көтерілісі). Жетісу, Сырдария, Ақмола, Семей облыстары мен Бат. Қазақстанның бірқатар аудандарында көтерілістер басылып-жаншылған немесе оларды басып-жаныштау үрдісі жүріп жатқан кезде Торғай даласында ол күн сайын өрістей түсті. Әбдіғапар Жанбосынұлы пен Амангелді Иманов басқарған Торғай көтеріліс ошағы ең табанды және ұзаққа созылған азаттық үшін күрес аймағына айналды (қ. Торғай көтерілісі). О. а. ж. к. Қазақстанның барлық аймақтарында қатаң басып-жанышталды. Бұл көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Қазақстан мен Орт. Азиядағы 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси және әлеум.-экон. дағдарыстың одан әрі шиеленісе түсуіне себепші болды. Ол Ресейдегі әскери-әкімш. және отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтты және Шығыстық отар халықтардың 20 ғ-дың басында өріс алған ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды. К. Нұрпейіс Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 7-том  
08.11.2012 17:58 4620

Соңғы редациялау:
24 қазан 2012

ОН АЛТЫНШЫ ЖЫЛҒЫ КӨТЕРІЛІС, 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық көтеріліс – патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. 1914 ж. басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей империясында пісіп-жетіліп келе жатқан жалпы дағдарысты шырқау шегіне жеткізді. Көтерілістің басты себептері әлеум.-экон. және саяси мәселелерге тікелей байланысты болды. Ол отаршылдық езгінің күшеюінен, Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халықтарының жерін тартып алудың қарқынмен жалғасуынан, салықтар мен басқа да алымдар көлемінің шамадан тыс ұлғаюынан, патша өкіметі жүргізген орыстандыру саясатының кең өріс алуы мен қалың бұқараның әлеум. жағдайының күрт төмендеуінен көрініс тапты. Көтерілістің басталуына Николай ІІ патшаның 1916 ж. 25 маусымдағы “Реквизициялау туралы” жарлығы тікелей себеп болды. Жарлық бойынша Қазақстан, Орта Азия мен ішінара Сібірдің “бұратана халықтарының” ер-азаматтарынан (19 бен 43 жастың аралығында) майданның тыл жұмыстарына (қорғаныс құрылыстары мен әскери қатынас жолдарын салу, окоптар қазу, т.б.) 400 мың адам (оның ішінде қазақтардан 240 мыңға жуық) алу белгіленді. Қазақстандағы көтерілістің алғашқы ошақтары 1916 ж. шілде айының бас кезінде пайда болды. Халықтың ашу-ызасына жұмысқа алынатындардың тізімдерін жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және жергілікті әкімш-тердің басқа да қызметкерлері ұшырады, өйткені жасалған тізімдер әуел бастан жаппай парақорлық, көзбояушылық пен қиянатқа негізделді. Әкімш. жүйе ол кезде қазақтарда тууы туралы куәліктердің болмағандығын пайдаланып, тізімге жас шамасына қарамастан кедейлерді қалауынша енгізіп, ал ауқатты әулеттерден пара алып, олардың өкілдерін шақырудан босатты. Оның үстіне патшалық өкімет орындары өлке тұрғындарының кейбір әлеум. топтарының өкілдерін (болыс басқарушылары, жергілікті халықтан шыққан төм. шенді полицейлер, имамдар мен молдалар, ақсүйектер мен құрметті азамат құқықтары барлар, т.б.) майданның қара жұмысынан босатты. Көтерілісшілер болыстық кеңселерді, болыстар мен ауыл старшындарының үйлерін, жасалған тізімдерді өртеді, жекелеген болыс бастықтарын өлтірді. Стихиялы қозғалыс біртіндеп ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласа бастады. Көтерілістің негізгі қозғаушы күштері – отарлық езгіден күрт кедейленген шаруалардың қалың тобы мен сол кезде қалыптаса бастаған жергілікті жұмысшылар болды. Көтеріліске, сондай-ақ қазақ халқының басқа әлеум. топтарының (байлар, болыстар мен билер, интеллигенция) өкілдері де қатынасты. Соңғылары кейбір аймақтарда жетекші рөл атқарды. Көтеріліске қазақтармен қатар ұйғырлар, өзбектер, қырғыздар, дүнгендер, т.б. ұлт өкілдері қатысқан оңт. облыстарды (Жетісу мен Сырдария) қоспағанда О. а. ж. к. құрамы жағынан бір ұлттық қозғалыс болды. Сол кездегі қазақ қоғамындағы саяси қайраткерлердің арасында көтеріліске бірыңғай көзқарас болған жоқ. Қазақ зиялыларының кейбір өкілдері (Т.Бокин, Ж.Ниязбеков, Ә.Жүнісов, Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, Б.Алманов, Ә.Жангелдин, т.б.) патша жарлығына батыл қарсы шықты және халықты қарулы қарсылыққа шақырды. Ал “Қазақ” газетінің төңірегіне топтасқан либерал-демократияшыл зиялылардың жетекшілері (А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, т.б.) патша әкімш-нен тыл жұмысына адам алуда асықпауды өтініп, керісінше дайындық шараларын жүргізу жөнінде ұсыныстар жасады, көтеріліске шыққан халық патша өкіметі тарапынан аяусыз жазалауға ұшырайтынын ескертіп, көпшілікті жарлықты орындауға қарсылық көрсетпеуге шақырды.

Жаппай көтеріліс тек қазақ даласын ғана емес, көршілес Орт. Азия елдерін де қамтыды, Самарқанд обл-ның Ходжент қ-нда 4 шілдеде басталды. А.Мамадинов, Ж.Закиров, Д.Машарипов бастаған 6 – 7 мыңдай көтерілісшілер полиция басқармасына басып кіріп, тізім жасауды тоқтатуды талап етті. Көмекке келген қарауыл отряды көтерілісшілерге қарсы оқ атып, бірнеше адам оққа ұшты. Ұра-Төбе кедейлері ходженттіктерге жәрдемге аттанғанда жергілікті патша әкімш. оларды әрең тоқтатты. Көп ұзамай көтеріліс облыстың басқа уездерін қамтыды. Жазалаушы отряд көтерілісті қаталдықпен басты. 11 шілдеде ескі Самарқанд қ-ның, 13 шілдеде ескі Жизақ қ-ның тұрғындары көтеріліске шықты. Жизақта көтерілісшілер уезд бастығын, приставты, тілмашты өлтірді. Жаңа Жизаққа беттеген көтерілісшілерді жергілікті отряд оқ жаудырып қарсы алды. 11 шілдеде Ташкент қ-нда көтеріліс басталып, 12 – 14 шілде аралығында Ташкент у-нің барлық болыстарында патша өкіметіне қарсы толқу болып өтті. Қарақалпақтар арасындағы ірі көтеріліс 28 шілдеде Шымбайда басталды. 1000-ға тарта көтерілісші приставты өлтіріп, кеңсе қағаздарын, патша портретін өртеді. Маргелан қ-ндағы ең ірі көтеріліске 20 – 25 мың адам қатысты. Пржевальск у-нің Маринск, Көксу, Түп, Түрген, Барынауыл, т.б. болыстарының қырғыздары патша жарлығына қарсылығын ашық айтты. Пішпек у-нің Тілеуберді, Жамансарт, Қарабалта болыстарының қырғыздары патша жарлығын орындаудан бас тартса, Нарын ауд. мен Құланды көтерілісшілері тізім жасаған адамдарды өлтірді. Ашхабад у-нің Гоек-Тепе, Бахардан ауд-дарында, Красноводск, Мерв, Тедженд, Маңғыстау у-нің көптеген аудандарында ірі көтерілістер болып өтті. Жергілікті өкімет орындары көтерілісті болдырмауға бар күшін салды. Орта Азиядағы ұлт-азаттық көтерілісті патша өкіметі аяусыз басты. Жазалаушы отряд ескі Жизақ қ-н түгелдей өртеп жіберді. Он мыңдаған қырғыз кедейлер қоныстарынан қуылып, мал-мүлік, жерлерінен айырылды. Жизақ у. диқандарының 2 мың десятина жері тартып алынды. 25 шілде мен 15 желтоқсан аралығында Орт. Азияда көтерілісшілерден 3 мың адам сотқа тартылып, 201 адам өлім жазасына, 104 адам жер аударуға кесілді.

Бат. Қазақстандағы Ілбішін у-нде қарулы топтар Суналы және Қызылжар болысын сойылға жығып, әскерге шақыру жөніндегі тізімді тартып алды. Орал у-нің Шыңғырлау, Науым, Шілік болыстары көтерілісшілерін А.Ізбасов, К.Ажаев, И.Байғошақов сияқты шаруалар басқарды. Шыңғырлау болысы мен тілмашы өлтірілді. Бірақ көтеріліс басшылары бай-болыстардың көмегімен қолға түсіп, өлім жазасына кесілді. Орал у. халқының қарсылығы іргелес Темір, Гурьев у., Бөкей ордасы, Маңғыстау түбегі қазақтарына ықпал етті (қ. Батыс Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс). Шілдеде басталған Сырдария көтерілісшілері Перовск (Қызылорда) және Қазалы у-нде бірнеше болыстық кеңсеге шабуыл жасап, тізімдерді тартып алды, бір болысты тілмашымен бірге өлтірді (қ. Сырдария көтерілісі). Қызу басталған Жетісу көтерілісіне қазақ, қырғыз, ұйғыр, дүнген еңбекшілері жұмыла ат салысты. Бірақ жергілікті ұсақ белсенділер арандату әрекетін жасап, бейбіт халықты апатқа ұшыратып отырды. Түркістан ген.-губернаторы бірнеше жазалау отрядын жасақтап, көтерілісшілерге қарсы жөнелтті. Көтерілісшілер Самсы төңірегінде отрядқа шабуыл жасап, оларды Верныйға (Алматы) қарай шегінуге мәжбүр етті. Т.Бокин бастаған көтерілісшілер (10 мыңнан астам) тамызда шабуылға шығып, Верный мен Пішпек арасындағы байланысты үзді. Көтерілісшілер арасынан Бекболат Әшекеұлы, Нұқа Сатыбеков сияқты басшылар шықты. Бұл кезде Жаркент және Лепсі у-ндегі көтеріліс күшейе түскен еді. Патша үкіметі Жетісу көтерілісін тез басу үшін 7 атқыштар ротасын, 5 казак-орыс жүздігін, 3 ерікті жүздік пен 17 зеңбірек жіберді. Артынша 7 орынборлық, 9 сібірлік казак-орыс полктері зеңбірек, пулеметтерімен қоса аттандырылды. Жетісу обл-ндағы ірі көтерілістің бірі – Қарқара жайлауында болды (қ. Қарқара көтерілісі). Жетісудағы көтеріліс тарихын үш кезеңге: 1) шілде – стихиялық-наразылық көріністері; 2) тамыз – оның қарулы күреске ұласуы; 3) қыркүйек – қазан – көтерілістің біртіндеп бәсеңдеуі және жеңіліс табуы деп бөлуге болады. 1916 ж. шілдеде Қарқаралы (Семей обл.) мен Өскемен у-нің, Көкпекті мен Зайсанның көтерілісшілері майданға жіберілетін адамдардың тізімін тартып алып, болыстарға күш қолданды (қ. Семей көтерілісі). Петропавл (Қызылжар) қ-на жақын жерлердегі болыстарда басталған халық көтерілісі Ақмола обл-ның у-н түгел қамтыды (қ. Ақмола көтерілісі). Жетісу, Сырдария, Ақмола, Семей облыстары мен Бат. Қазақстанның бірқатар аудандарында көтерілістер басылып-жаншылған немесе оларды басып-жаныштау үрдісі жүріп жатқан кезде Торғай даласында ол күн сайын өрістей түсті. Әбдіғапар Жанбосынұлы пен Амангелді Иманов басқарған Торғай көтеріліс ошағы ең табанды және ұзаққа созылған азаттық үшін күрес аймағына айналды (қ. Торғай көтерілісі). О. а. ж. к. Қазақстанның барлық аймақтарында қатаң басып-жанышталды. Бұл көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Қазақстан мен Орт. Азиядағы 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси және әлеум.-экон. дағдарыстың одан әрі шиеленісе түсуіне себепші болды. Ол Ресейдегі әскери-әкімш. және отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтты және Шығыстық отар халықтардың 20 ғ-дың басында өріс алған ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды.

К. Нұрпейіс

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 7-том

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға