Сүлейменов Олжас Омарұлы
Соңғы редакциялау:
24 қазан 2012 жыл
СҮЛЕЙМЕНОВ Олжас Омарұлы (18.5.1936 ж. т., Алматы) – ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы (1992). ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ, 1959), Мәскеудегі М.Горький атынд. Әдебиет ин-тын бітірген. 1962 – 84 ж. “Казахстанская правда” газетінде, “Простор” журналында бөлім меңгерушісі, “Қазақфильм” киностудиясында сценарийлік-редакциялық алқаның бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, ҚР Кинематография жөніндегі мемл. к-т төрағасы қызметтерін атқарған. 1972 жылдан Азия мен Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі к-ттің, 1989 – 95 ж. Халықар. “Невада – Семей” қозғалысының төрағасы болды. 1995 жылдан Қазақстанның Венгриядағы, кейін Италиядағы төтенше және өкілетті елшісі. Тұңғыш өлеңдер жинағы “Арғымақтар” 1961 ж. жарық көрді. С. шығарм-ның алғашқы кезеңі (1961 – 65) жалынды рухқа толы болды, ол тұстағы шығармалар мазмұнынан қоғамдық дағдарыс пен руханият мәселесін, жаман мен жақсының тайталасын, қоршаған орта мен адам табиғатының сырын ашуға, ұлт тарихының тереңнен тартқан тамырын тануға деген ұмтылысты байқауға болады. Оның алғашқы поэтик. туындылары қоғамда үлкен резонанс туындатты. “Адамға табын, Жер, енді” поэмасы (1961, Қазақстан Ленин Комсомолы сыйл., 1964) ғарышкер Ю.Гагариннің ғарышқа ұшу сәтіне арналған, онда аспан кеңістігін бағындырған адамзат санасының салтанат құруы марапатталған. 60-жылдардың орта тұсынан бастап С. шығарм-нда жаңа түр ізденістері, эпик. суреттеулер, шығармаларының сан түрлі жанрды қамтуы, сөз бен оның дыбысталуына ерекше мән беру, сөз өнері мәселелерінің түптамырын көне дәуірдегі тарихи кезеңдерден іздеу мәселелері орын алды. Осы тұста ақынның “Қыш кітап” (1969), “Кактус”, “Өлмейтін құмырсқа” поэмалары дүниеге келді. 70-жылдардың ортасынан ақын шығарм-ндағы басты тұжырым, негізгі бағыттар дами түсті, оның поэзиясы бейнелілігімен, филос. тереңдігімен, астарлы ирониясымен ерекшеленді. Бұл кезеңнің басты шығармасы – “Көгершін кітап” еңбегінде алдыңғы туындыларында бой көрсеткен ұлттық сана жайындағы талдаулар жарасымды жалғасын тауып, әлемдік мәдениетпен үйлесімде синтезделді. Архив дереккөздеріне сүйене отырып, бірнеше тіл сөздерінің этимол. құрылымына жасалған талдаулар “Аз и Я” (1975), “Язык письма” (2000) атты филол. зерттеу еңбектерде көрініс тапқан. С. поэзиясының көркемдік әлемін тануда қаламгер шығарм-на тән екі түрлі дүниенің бір арнада тоғыса нақты көрініс табу ерекшелігін атап айтуға болады. Ол – орыс тілінде жазатын қазақ ақыны, екі бірдей эстет.-филос. дүниетанымдық жүйеден сусындаған: туған халқының фольклорлық дәстүрінде, рухани-адамгершілік ұстанымдар үрдісінде тәрбиеленген, сондай-ақ орыс мәдениетінің рухани мұрасынан тәлім алған. Кейбір зерттеушілер оны “дуализмді” біріктірген билинг (қостілді) санап, орыс тіліндегі мәнерлі тіл айшықтары негізінде кең-байтақ даласының тарихын таныды деп бағалайды. Оның тілі “екі бірдей жалпыұлттық дүниетаным мен екі түрлі құрылымдық тілдік жүйенің әрекеттесуі” негізінде көрініс тапқан дейді. Екінші бір зерттеушілер оны монолинг санап, орыс жазушысы деп те атайды (М.Д. Жүсіпов, А.Ж. Сәрсембаева). С-тің поэтик. тіліне паронимик. аттракция құбылысы, афоризмдер, бейнелілік, халықтық поэтик. тілдің этимологиясын тануға деген ұмтылыс тән. Қазақ және орыс тілдерінің поэтик. дәстүрлері қабысқан С. шығармалары шынайы сезім шаттығымен, әсемдігімен және көркем образдың айқындығымен, өткір суретімен, кең тынысты ой-өрнектерімен, қоғамның саяси-әлеум. өміріне асқақ дауыспен үн қосуымен ерекшеленеді. С. поэзиясында қазақ халқының сан ғасырлық тарихы көрініс тапқан, ол – өзіндік мәдениетін, дәстүрін сақтаған ұлт ретінде қазақ халқын әлемге танытқан суреткер. Оның еңбектері әлемдік тұрғыда жоғары баға алды. С. шығарм-ның өмірлік кредосы “тауды аласартпай, даланың даңқын асқақтату” болып саналады. Оның “Шапағатты шақ” (1964, Лениндік сыйл. 1967), “Талма түсте тағы бір қайталап” (1973), “Әр күн – арайлы таң” (1973, қазақ тілінде 1986), “Кемер” (1976, 1979) атты кітаптары жарық көрді. С. қазақтың кино өнерін дамытуға да үлкен үлес қосты, оның сценарийі бойынша “Бабалар жері”, “Көгілдір маршрут” (1967), “Қыс – қысылшаң мезгіл” (1972), “Мұхтар Әуезов туралы сөз” (1979), “Соңғы өткел” (1982), “Үндістан сазы” (1984), “Жастық шақ заставасы” (1984) кинофильмдері түсірілді. С. шығармалары шетел тілдеріне аударылған. “Жалынның шалқуы” өлеңдер жинағы француз тілінде (1981) жарық көрген. ҚР Мемл. сыйл-н (1967, 1972) алған. “Құрмет белгісі” (1981), Еңбек Қызыл Ту (1984), “Октябрь революциясы”, 1-дәрежелі “Барыс” (2001), “Отан” ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Шығ.: Нұрлы түндер, А., 1962; Қылықты түн, А., 1963; Мешін жылы, А., 1967; Таңдамалы лирика, М., 1968; Ақ дария аспанында, Таш., 1970; Атамекен, А., 1972; Қалаулы қайырма, А., 1973; Жұмыр жұлдыз, М., 1975; Көңіл көкжиегі, А., 1976, 1980; Определение берега, А., 1979; Асқардан асу, А., 1987; От января до апреля, А., 1989; Тюрки в доистории, А., 2002; Шығ. жин., 7-т., А., 2004.
Г. Шашкина
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 8-том