Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының тарихы (3-бөлім)

Соңғы редакциялау: 19 қазан 2012   16 ғ-да Қазақ хандығы солт-те Сібір хандығымен шектесті. Шайбани әулеті мен Тайбұғы руы арасындағы ұзақ жылдар бойы жүргізілген күрестен кейін 1563 ж. Сібір хандығы Шайбани әулеті Көшім ханның қолына көшті. Сібір хандығының халқы түркі тілдес және угор тілдес тайпаларының топтарынан құралды. Хандықтың негізгі халқы түркі тілдес “Сібір татарлары” деген атпен белгілі болды. Сібір хандығы Қазақстанмен саяси және сауда байланысын жасап тұрды. 1581 ж. казак-орыс атаманы Ермактың Сібірге жорығы басталды. Бұл жорық барысында Көшім хан жеңілгенімен, Ермак жеңісті баянды ете алмады. Ол 1585 ж. қаза тапты. Сібір хандығы 1598 ж. Ресейдің құрамына енді. Хандық құрамында болып келген кейбір тайпалар (қыпшақ, керей, уақ, табын, жағалбайлы, т.б.) Қазақ хандығына қосылды. 17 ғ-дың орта тұсынан бастап Қазақ хандығының жағдайы нашарлай түсті. 1635 ж. бір орталыққа бағынған Жоңғар хандығы Оңт. Сібір мен Шығ. Түркістанды толық бағындырып Қазақ хандығының ең басты жауына айналды. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетісудың бір бөлігін басып алып, осы аймақта көшіп-қонып жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұхара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра бастаған кезде, казақ ханы Жәңгір хан Бұхар әміршісін жоңғарларға қарсы күресу үшін әскери одақ жасауға көндірді. 1644 ж. Жәңгір хан Самарқанд қ-ның әмірі алшын Жалаңтөс батырдың көмегімен жоңғарларға күйрете соққы берді (қ. Орбұлақ шайқасы). Жәңгір жоңғарларға қарсы жорықта 1652(80) ж. қаза тапты. 17 ғ-дың 90-жылдарында жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы бәсеңдеді. Бұл  кезде  қа-зақ хандығының нығаюы, қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ және оған қарақалпақтардың қосылуы күшті қарқынмен жүрді. 1680 ж. Жәңгір ханның баласы Тәуке (1680 – 1718) хан болды. Оның тұсында “Жеті жарғы” заңдар жинағы құрастырылды. “Жеті жарғы” көшпелілердің ел билеу заңы болып табылады. Оның негізгі баптарының мазмұны: қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу. Малшыдан зекет, егіншіден ұшыр жиналды. Ең жоғары басқарушылар – хандар болды. Олар тек Шыңғыс хан тұқымынан тағайындалды. Қазақстанның оңт. аудандарында, Сыр бойындағы қ-лар аймағында жерге меншіктің тұрақты түрлері қалыптасты. Олардың сойырғал, иқта, милк, вакуф сияқты түрлері болды. Ханнан тархандық құқық алып, сыйлық жерді иеленушілер онда тұратын егіншілерден, қолөнершілерден өз пайдасына салық жинады. Қазақ қоғамын әлеум.-таптық топтарға бөлу негізіне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрі, әлеум. шығу тегі негізге алынды. Жоғары топтағы ақсүйектерге Шыңғыс әулеттері (хандар, сұлтандар, оғландар, төрелер) және қожалар жатты. Ал басқа халық, әл-ауқатына қарамастан, қара сүйекке жатқызылды. Еуразия құрлығындағы алып аумақта орын тепкен қазақ мемлекетінде ел басқару жүйесін жетілдіру ниетімен геогр.-аум. нышандары бойынша құрылымдық бөлімдер ретінде жекелеген ордалар (жүздер) құрылды. 18 ғ-да қазақтар тұратын аймағына қарай үш жүзге бөлініп өмір сүріп жатты. Әр жүздің өз ханы болды. Бас ханның ықпалы төмендеді. Қазақ жерінде бір орталыққа бағынған мемлекеттің болмауын көршілері өз пайдасына шешуді ойлады. Батыстан Жайық казактарының қолдауымен Еділ бойындағы башқұрттар, қалмақтар Кіші жүзге тынымсыз шабуыл жасады. Солт-тен Сібір казактары Орта жүзге тыным бермеді. Орта Азиядағы Бұхар мен Хиуа хандықтары да оңт-тегі Ұлы жүз қоныстанған қазақ жерінен дәмелі еді. Қазақтар мен ойраттар арасындағы жайылымдық жер үшін күрес 15 ғ-да-ақ басталған. 16 ғ-дың соңында ойраттардың шағын бөлігі қазақ ханы Тәуекелге бағынды. 1635 ж. Батыр қонтайшы Жоңғар хандығын құрды. Жоңғар билеушілері (Сенге, Қалдан) Қазақ хандығына басқыншылық саясат ұстанды. Тәуке өлген соң орнына Болат хан болды. Оның кезінде қалмақтардың қазақ жеріне жорығы күшейді. Олар 1717 ж. жазда Аягөз өз. жағасында қазақтардың 30 мың сарбазы бар жасағын жеңді. Келесі жылы жоңғарлар қазақтарды Бөген, Шаян, Арыс өз. бойында жеңіліске ұшыратты. 1723 ж. ерте көктемде жоңғарлар қазақ жеріне тағы да жойқын шапқыншылық жасады. Жоңғарлар Ұлы жүзді қырып-жойып, Орта жүз, Кіші жүз жерлеріне жетті. Халық басы ауған жаққа кетті. Ұлы жүз бен Орта жүздің қазақтары Самарқанд пен Ходжентке қарай шұбырды. Кіші жүз қазағы Хиуа мен Бұхараға ағылды. Босқындардың біразы Сырдың сол жағындағы Алқакөл маңына топтасты. Халық бұл кезеңді “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деп атады. “Елім-ай” деген қасіретті ән осы кезден қалған. Халық бірігудің қажеттігін түсінді. 1726 ж. Ордабасы құрылтайында қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып Әбілқайыр хан сайланды. 1728 ж. Әбілқайыр хан, Тайлақ батыр, Саурық батыр бастаған жасақтар Ырғыз өз-нің оңт.-шығыс бетіндегі Бұланты өз-нің жағасындағы “Қара сиыр” деген жерде қалмақтарға қарсы соққы берді. 1730 ж. көктемде Балқаш к. маңында ірі шайқас өтті. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай сияқты батырлар бастаған қазақ жасақтары жоңғарларға шешуші соққы берді. Бұл жер кейін “Аңырақай” деп аталып кетті. Қалмақтар Іле өз. бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды. Бірақ қазақ жерін азат ету жолындағы Отан соғысын жеңіспен аяқтау жорықтары аяғына дейін жеткізілмеді. Тәуке ханның ұлы Болат хан (бас хан) кайтыс болып, Орта жүз ханы Сәмеке де, Кіші жүз ханы Әбілқайыр (бас қолбасшы) да тақтан дәмеленді. Алайда таңдаушылар аға хан етіп Болаттың үшінші ұлы Әбілмәмбетті сайлады. Әбілқайыр мен Сәмеке бұған наразы болып, майдан шебінен әскерлерін алып кетті. Осы тұста әрбір жүздің өз ішінде бытыраңқылық күшейді. Кіші жүз сұлтандары Батыр мен Нұралы (Әбілқайыр ұлы) өз алдына ел биледі. Сол сияқты Орта жүзде Күшік пен Барақ сұлтандардың да өз иеліктері бар еді. Қазақ хандығының Бұхара, Хиуамен қатынасы да нашар болды. Еділ өз. бойындағы қалмақтар мен башқұрттар Кіші жүздің жеріне шабуыл жасап, үнемі қауіп-қатер туғызып отырды. Қазақ даласын Ресей империясының отарлауы. Ресей патшалығы мен Қазақ хандығының арасындағы саяси байланыстар Тәуекел хан елшілігінен басталды. 1594 жылдың аяғында Ресеймен достық келісім жасау үшін Мәскеуге қазақ елшісі Құлмұхаммед жіберілді. Тәуекел орыс патшасымен “достық пен ынтымақ” жасауға асықты. Өйткені Бұхара ханы Абдолламен уақытша бітім жасап, ноғайлармен арадағы қатынас шиеленісіп тұрған болатын. Елшілік мақсаты Мәскеуде аманат ретінде ұсталып отырған ханның інісі Оразмұхамедті босату және орыс патшасы Борис Годуновтан “отты қару” алу болатын. Орыс патшасы тек уәдемен шектелді. Кейін Ресей патшалығы мен Қазақ хандығының жақындасу қажеттігі жоңғарлар шапқыншылығынан да туындады. Еділ өз. бойындағы қалмақтар, башқұрттар, казактар да маза бермеді. Осындай күрделі мәселелерді Ресеймен одақтасу арқылы шешуге болатын еді. Ал қазақ даласы Ресей үшін Шығыс мемлекеттерімен жалғастыратын көпір іспетті болатын. Орта Азия елдеріне, Қытайға жол ашатын қақпа деп білген Петр І (1682 – 1725) қазақ жеріне бірнеше экспедиция жіберді. 1718 ж. Семей қамалының, 1720 ж. Өскемен бекінісінің негізі қаланды. 1730 ж. 8 қыркүйекте Уфаға Әбілқайыр ханның Сейітқүл Қойдағұлов пен Құлымбет Қоштаев бастаған елшілігі келді. 1731 ж. 19 ақпанда Ресей патшайымы Анна Иоановна Әбілқайыр ханға грамота жіберді. 1731 ж. 30 сәуірде Кіші жүзге орыс тілмашы, елші А.И.Тевкелев бастаған елшілік келді. Олармен бірге Санкт-Петербургке жіберілген қазақ елшілері де оралды. Сонымен, 1731 ж. 10 қазанда өткен қазақ құрылтайында Кіші жүздің Ресейге қосылуы туралы шешім қабылданды. 1731 ж. 15 желтоқсанда Тевкелевпен келіссөз жүргізген Орта жүз ханы Сәмеке Ресейге қосылу туралы ұсыныс жасады. Ол ұсыныс 1734 жылдан кейін жүзеге асырыла бастады. 1734 ж. 10 маусымда Анна Иоановна Әбілқайырға Ор өз. сағасынан бекініс салу қажеттігі жөнінде хат жолдап, қала салынатын жерге И.К. Кириллов пен А.И. Тевкелевті жіберді. Жайық бойына 14 қамал салынды. 1740 ж. Орынбор экспедициясы бастығы ген.-л. князь В.А. Урусов Орынборға елшілік басқарып келді. 19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Нұралы, Ерәлі сұлтандармен, Жәнібек, Бөгенбай, Есет батырлармен, кейінірек Орта жүз ханы Әбілмәмбет және Абылай сұлтанмен келіссөз жүргізді. Оның барысында Кіші жүз бен Орта жүздің 399 өкілі Ресейге қарайтындығы жөніндегі шартқа қол қойды. Алайда осы шарттан кейін де Ресейге Кіші жүздің біраз бөлігі, Орта жүздің аз ғана бөлігі қосылды. Ал Солт.-шығыс және Орт. Қазақстанның негізгі аймақтарын Ресей өз құрамына тек 19 ғ-дың 20 – 40-жылдары әскери-саяси күш қолданып қосты. Жоңғарияда 1745 ж. Қалдан Серен өлгеннен кейін, оның мұрагерлері арасында таққа талас бастады. Абылай хан осы сәтті пайдаланып, қазақ жерін азат етуге кірісті. Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент қ-лары Әбілмәмбет ханның қарамағына өтті. Абылай бастаған қазақ жасақтары 1750 ж. жауға жоңғар қақпасы маңында күйрете соққы берді. 1755 ж. жоңғарлар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп кетті. 1755 – 58 ж. Қытай әскерлері жоңғар билеушілері арасындағы тақ таласын пайдалана отырып, оларды мүлдем жойып жіберді. 1758 ж. Жоңғар мемлекеті құлады. Цинь империясының батыс шекарасы қазақ жерімен шектесті. Қытайлар қазақтарға дүркін-дүркін шабуыл жасап, тыным бермеді. Абылай келісімге келу туралы Пекинге елшілер жіберді. Сөйтіп, Қытаймен сауда, экон. қатынас орнай бастады. 1771 ж. Әбілмәмбет хан өлгеннен кейін, Түркістанда Абылай үш жүздің ханы (бас хан) болып сайланды. Бір жылдан кейін, 1772 ж. Ресей патшайымы Екатерина ІІ-нің жарлығымен, Абылайға арналып Есіл өз-не таяу жерде, Жаңғызтөбеде ағаш үй салынды. Абылай 1781 ж. қайтыс болды. Орнына ұлы Уәли хан сайланды. Бұл кезде Ресей үкіметі барынша күшейіп, қазақ даласымен шындап айналыса бастаған. Қазақ даласында патша үкіметінің отарлау саясаты үш бағытта: 1) гарнизондар мен күшейтілген бекіністі әскери шептер құрылысын салу және тұрақты казак-орыс (Орынбор, Жайық, Батыс-Сібір, кейін Жетісу) мекендерін құру жолымен; 2) саяси әкімш. реформалар енгізу; 3) қазақ даласын өзіне қосу, ал Орта Азия мемлекеттерімен сауда-саттықты кеңейту жолымен жүргізілді. Отарлық билікке қарсы қазақ халқы жиі-жиі көтерілістер жасап отырды. Алғашқы көтерілістер Ресейге алдымен бағынған Кіші жүз жерінде басталды. Сырым Датұлы бастаған көтеріліс (1783 – 97). 18 ғ-дың 30-жылдары Кіші жүз Ресейге қосылғаннан кейін патша үкіметі қазақтарға ішкі жаққа, Жайық сыртына өтуге тыйым салды. Кіші жүз ханы Нұралының да қысымы көп болды. 1783 ж. көктемде қазақтардың Орал бекінісіне шабуылы басталды; қ. Сырым Датұлы қозғалысы. Ресей үкіметі жағдайды өзінше шешпек оймен, хандық тәртіпті жою шарасын қолға алды. Сырым мұны мақұлдады. 1786 ж. хандық жойылып, Нұралы хан Жайық бойындағы орыс бекіністерін паналады. Сырым он екі ата байұлының аға старшыны болды. Ұзақ жылдар бойы сүйеніші болып келген хандық билікті жойғаны қате болғанын Ресей үкіметі кейін түсінді. Сөйтіп, хандық билікті қалпына келтіруге кірісті. 1790 ж. Нұралы өлгеннен кейін осы оқиғаны желеу етіп, оның інісі Ерәліні хан етті. Халық тағы да Сырым төңірегіне топтасты. Сырымның Бұхара, Хиуа хандықтарымен келісім жасауынан қауіптенген патша үкіметі қазақтарға бірқатар жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды. Жайық өз-нің оң жағында мал жаюға, Жайық пен Еділ арасындағы Үлкен және Кіші өзендердің (Қара өзен, Сары өзен) бойындағы жайылымдарды пайдалануға рұқсат етті. 1794 ж. Ерәлі хан өліп, орнына Есім хан болды. Ұлт-азаттық көтеріліс қайтадан өршіді. 1797 ж. 26 – 27 наурызда Есім хан өлтірілді. Көтерілісшілерді жазалау үшін 1797 ж. күзде полковник А.Скворкин Сырымды қудалауды қолға алды. Хиуа жеріне өтіп кеткен Сырым 1802 ж. Үргеніште мерт қылды. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісі (1836 – 38). Еділ өз-нің Каспийге құятын аймағына 1801 жылдан бастап патша рұқсатымен Кіші жүздің Бөкей сұлтан басқарған 5000 қазағы коныс аударды. Ішкі Бөкей ордасы құрылды. 19 ғ-дың 30 жылдарының соңында мұнда 20 мыңдай түтін, 80 мың адам жайлады. Бөкей баласы Жәңгір 1824 ж. хан тағына отырған соң, патша үкіметінің қолдауымен ел басқаруды өзгертуге кірісті. Ол отырықшылықты, елді мекендер салуды, қырда пішен шабуды, мектеп, уч-ще, мешіт ашуды, малды асылдандыруды қолға алып, сауданы жандандырмақ болды. 1827 ж. Жәңгір хан Нарын құмындағы Жасқұс мекенінде тұрақты хан ордасын орнатып, елді орталықтан басқаратын болды. Сол жылы хан кеңесі құрылды. Оның татар бөлімі және жалпы бөлімнен тұратын өз кеңсесі болды. Кеңсе жанында арнаулы тергеуші штат жұмыс істеді. Наразылық жер дауынан басталды. Бір ғана Жәңгір хан 400 мың десятина жерді өз иелігіне қаратқан. Жәңгірдің інісі Меңдігерей Бөкейханұлы, би Балқы Құдайбергенұлы, ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлы ірі меншік иелері болды. 1831 ж. Ресеймен шекаралас жерлерде сұлтандар мен Орынбор Шекара комиссиясына бағынатын әкімшіліктер құрылды. Ондағы әкімдер мен старшындар жергілікті басқаруды өз қолдарына алды. Ал Жайық бойын иемденген Орал казак-орыстары қазақтарға Жайық өз-нен өтуге, оның жағасына көшіп-қонуға тыйым салды. Жәңгірге наразы болған бір топ сұлтан шаруаларды Жайықтың арғы жағына қайтадан өтуге шақырды. 1827 ж. жұт жылынан аман қалған аз малды сақтау үшін қазақтар Саратов губерниясына көшпек болды. Көктем шығысымен Байбақты руы бірінші болып Жайыққа бет алды. Ресми өкімет орындары бұл көшке қарсы еді. Мұның өзі Кіші жүз қазақтарының үкіметке наразылығын күшейтті. Содан, 1836 ж. ақпанда, халықтың Жәңгір ханға қарсы күресі басталды. Исатай, Махамбеттер 1837 ж. қыркүйек, қазан айларында Қарауылқожаның, Балқы бидің, Шоқы сұлтанның ауылдарын шапты. Ханға Орынбордан подполковник Геке бастаған әскер күші көмекке келді. 700 казак-орыс, екі зеңбірек, ханның 400 сарбазына Исатайдың 2000-нан астам сарбазы бетпе-бет келді. 1837 ж. 15 қарашада Тастөбе деген жерде шайқас басталды. Күші басым жазалаушылар тегеурініне шыдай алмаған көтерілісшілер топ-топқа бөлініп кетті. 1838 ж. көктемде халық қозғалысы қайта күшейді. Бұл кезде Сібір өңірінен шегінген Кенесары әскерінің бір бөлігі Орынбор өлкесіне ауысқан-ды. Олардың Исатай тобына қосылуынан қорыққан Орынбор ген.-губернаторы В.А.Перовский көтерілісшілерге қарсы қауырт күш жинады. Орск бекінісі жағынан құрамында Орал полкі казактары бар Баймағамбет сұлтанның жасағы, Орынбордан Геке әскері қарсы шықты. 1838 ж. 12 шілдеде Исатай жасағы мен подполковник Геке бастаған жазалаушы әскер Ақбұлақ деген өзеннің бойындағы шайқаста бетпе-бет кездесті. Осы шайқаста Исатай қаза тауып, көтерілісшілер талқандалды. 1846 ж. Махамбет жалдамалылардың қолынан қаза тапты; қ. Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісі. Отарлау барысында патша үкіметі қазақ жеріндегі хандық билікті жоюға кірісті. 1815 ж. Орта жүзде Уәли ханның билігін әлсірету мақсатымен, екінші хан етіп Бөкейді қойды. 1817 ж. Бөкей, 1819 ж. Уәли хан қайтыс болған соң, патша үкіметі Орта жүзді бірнеше әкімшілікке бөлді. 1822 ж. Сібірдің генерал-губернаторы М.М.Сперанскийдің басшылығымен “Сібір қазақтары туралы жарғы”, 1824 ж. “Орынбор қазақтары жөніндегі жарғы” деген құжаттармен қазақ жерін басқару тәртібі белгіленді. Осы заңдар бойынша Орта жүз бен Кіші жүз хандықтары жойылды. Кіші жүзде (соңғы хан Шерғазы Айшуақов) хандық биліктің орнына Ресейдегі сияқты әкімш. басқару жүйесі қалыптасты. Ал Орта жүзде “аға сұлтан” деген басқарушы қызмет енгізілді. Ішкі округтер құрылды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Болысқа бөлу негізіне рулық принцип алынды. 19 ғ-дың басында Хиуа мен Қоқан хандары Оңт. Қазақстанға өз бақылауларын орнатты. Қазақтар Қоқан мен Хиуа билеушілеріне қарсы жиі-жиі бас көтеріп отырды. 1821 ж. Тентек төре басқарған Түркістан, Шымкент, Әулиеата маңы қазақтары Қоқан билеушілеріне қарсы көтеріліске шықты. Көтерілісшілер Сайрам қ-н шабуылмен алды. 1819 ж. 18 қаңтарда Сүйін Абылайханов сұлтан өзіне қараған 55462 адаммен Ресейге адал болатыны туралы ант берді. 1845 – 47 ж. Ұлы жүз рулары (оңт-те көшіп жүрген, Қоқан хандығына бағынатындарынан басқалары) Ресейге қарады. 1847 ж. Орта жүз қазақтарының басым көпшілігі Ресей боданы болып, Қазақстанның империяға қосылу процесі аяқталуға жақындады. Әскери-әкімш. отарлау 19 ғ-дың 2-жартысына дейін жалғасты. 1831 ж. Аягөз, 1847 ж. Қапал, 1854 ж. Верный әскери бекіністері салынды. 1855 ж. Лепсі, Үржар станицалары салынды. Жетісу өлкесінде 1847 – 67 ж. аралығында казак-орыстар тұратын 14 станица орын тепті. Бұл бекіністер Ресейдің Іле өз-нің арғы бетіндегі билігін нығайтуға арналған тірек пункттер болды. 20 – 40 жылдары Қарқаралы, Көкшетау, Аягөз, Ақмола, Баянауыл, Аманқарағай округтерін құру аяқталды. Ұлы жүздің Ресейге қосылған аудандарын басқару үшін 1848 ж. Бат. Сібір ген.-губернаторына бағынатын Үлкен орданың приставы лауазымы белгіленді. Ресей 19 ғ-дың 40-жылдарында Хиуа хандығына шабуыл жасады. Хиуа хандығы бұл кезде Мервті басып алып, Маңғыстау, Үстірт пен Сыр қазақтарына билік жүргізіп тұрған болатын. Бірақ, В.А. Перовский басшылық еткен Хиуаға қарсы жорық (1839 – 40) сәтсіз аяқталды. Бұл кезде Ауғанстан, Иран, Қытайдың батысында, Бұхарада, Хиуада, Қоқанда, Қазақстанның оңт-нде ағылшындар әрекет ете бастаған. 1839 ж. ағылшындар Ауғанстанға басып кірді. Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыс (1837 – 47). 19 ғ-дың алғашқы ширегінде патша үкіметі Қазақстанға әкімш.-саяси өзгерістер енгізуге тырысты. 1822 жылғы “Сібір қазақтары туралы жарғы” далалық аудандарды басқарудың құрылымын өзгертті. Енді басқарудың округтік жүйесі енгізілді. Қарқаралы (бұрынғы Бөкей ханның иелігіндегі) және Көкшетау (Уәли ханның иелігіндегі) округтерін құрып, Орта жүз бен Ұлы жүздің рулары мекендеген аймақтардың түйіскен жеріндегі жайылымдарды тартып ала бастады. 19 ғ-дың 30-жылдарында отаршылдық саясатқа қарсы Абылайдың кіші ұлы Қасым төре бас көтерді. Қоқан хандығына арқа сүйемек оймен, 40 мың үймен Қоқан хандығының қол астына  көшіп барды. Оның қоқандықтардан күткен үміті ақталмады. Ұлдары Саржан, Есенгелді, кейінірек өзі мерт болды. Отарлық езгінің күшеюі, шұрайлы жерлерді тартып алып, бекіністер салу Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын (1837 – 47) тудырды. 1838 жылдың көктемінен бастап Кенесары жасақтары патша әскеріне қарсы жоспарлы күрес жүргізді. Ақмола қ-н қиратты, Қоңырқұлжа ауылын шапты. 1840 ж. күзде Ырғыз бен Торғай маңында патша әскерімен қарулы қақтығыс басталды. 1841 ж. қыркүйекте үш жүз өкілдері Кенесарыны хан етіп сайлады. Кенесары ел билеу тәртібін өзгертті. Алым-салық реформасы іске асырылды. Егіншілікті дамытуға, көрші елдермен сауда-саттық жасалып, керуеннен салық алынатын болды. Хан кеңесі құрылды. Жасақтар жүздіктерге, мыңдықтарға бөлінді. Кенесары орыс үкіметімен тату көршілік қарым-қатынас орнатуға тырысты. 1841 – 42 ж. Кенесары жасақтары қоқандықтарға қарсы соғыс жүргізді. Созақ, Сауранды алды. Қоқандықтар Кенесарымен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Бұхар әмірі, Хиуа хандығы Кенесарымен түсіністік қатынасқа көшті. 1843 ж. Орынбор ген.-губернаторы Перовский орнына келген генерал В.А.Обручев Батыс Сібір губернаторы П.Д. Горчаковпен бірге Кенесарыны қуғындауға кірісті. Ырғыз өз. бойында патша әскерінің бір тобымен кездескен Кенесары патша үкіметімен келіссөз жүргізіп жатқанын айтып соғысты болдырмады. Бұл тұста екі жақ та әскери дайындығын мұқият жүргізіп жатты. 1844 – 45 ж. көтеріліс өршіді. Оған Сыр бойының, оңт-тің қазақтары қосылды. Кенесары өз әскерінің санын 20 мың адамға жеткізді. Кенесары жасақтарын құрту, халық қозғалысын басу үшін 1844 ж. жазда Ор бекінісінен, Ұлытаудан, Тобыл өз. бағытынан шыққан патша әскерінің үш тобымен кескілескен шайқастардан соң, 1845 ж. Кенесары Ұлы жүз жеріне қоныс аударып, халық күшін біріктіруді, қырғыздармен одақтасып, Қоқан хандығына шабуыл жасауды, сөйтіп олардың қол астындағы қазақтарды азат етуді мақсат етті. Қытаймен келіссөз жүргізу үшін, Құлжаға елші жіберді. 1845 ж. қазан-қараша айларында Кенесары әскері Қоқан хандығына жорыққа аттанды. Олар Қорған, Жаңа Жүлек, Созақ бекіністерін алды. Патша үкіметі қырғыз манаптарын, Кенесарыға қас бай-сұлтандардың басын қосып, көтерілісшілерге соққы беруді іске асыруға кірісті. 1847 ж. сәуірде Кенесары жасақтарымен қырғыз жеріне басып кірді. Қырғыздармен соғыс Ыстықкөлдің тау шатқалы қойнауында, Шу өз. жоғ. ағысында өтті. Кенесарыны Тоқмақтың маңында Кеклік-Сеңгір тауындағы Майтөбе деген жерде қырғыздар мен ген. Вишневский жасағы, Қоқан хандығы әскері қоршауға алып тұтқынға түсірді де, айуандықпен өлтірді. Хиуа, Қоқан хандары Сырдың төм. ағысы бойындағы, Ырғыз, Торғай, Ембі өзендерінің бойындағы қазақтарды билеуге тырысты. Сырдың төм. ағысы бойындағы Жаңадария және Қуаңдария алқаптарын басып алып, әскери бекіністер салды. Қазақтардан зекет пен ұшыр жинады. Сыр қазақтары Хиуа, Қоқан езгісіне қарсы көтерілді. Оны әлім руынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарды. 1843 ж. Жанқожа батырдың жасақтары Қуаңдария бойындағы хиуалықтар қамалын, кейінірек Бесқала қамалын талқандады. Сыр қазақтары солт.-батыс жақтан қауіп туғыза бастаған орыстарға да қарсы шықты. 1849 ж. Райым бекінісіне Орынбор казак-орыстарының алғашқы 26 отбасы қоныстанды. Олар қазақтарды отырған жерлерінен ығыстырды. 1853 ж. орыс әскері Ақмешітті басып алды. Сөйтіп, Сырдария әскери желісі пайда болды. Оған Райым бекінісінен Ақмешітке дейінгі жерлер кірді. Бұл жерлерде отаршылар қатаң тәртіп орнатты. 1857 жылға дейін үш мың қазақ отбасы жерінен айрылды. Ресейге қарсы Сыр қазақтарының көтерілісі 1856 ж. желтоқсан айында басталды. Көтеріліс бүкіл Қазалы өңірін қамтыды. Казак-орыстардың Солдатская слободасы кентін жойып, 1856 ж. соңында Жанқожа Қазалы фортын қоршады. Бірақ, күші басым дұшпандарынан жеңіліп, Жанқожа 20 шақты қазақ ауылдарымен Сырдың оң жағалауына, Хиуа хандығының жеріне өтіп кетті. 1853 – 58 жылдарда Есет Көтібарұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі болды. Көтерілістің шығуына Арал т-нің бат. жағындағы Үлкен және Кіші Борсықты, Сам құмын, Сағыз, Жем өз-дерінің бойын мекендеген шекті руына түтін салығын салу, әскери мақсат үшін күш-көлік алу, бекініс салынуы салдарынан жайылымдықтардың тарылуы себеп болды. 1855 жылғы 8 шілдеде Есет жасақтары А.Жантөрин сұлтанның лагеріне шабуыл жасап, оны өлтірді. Бірақ қару-жарақ жетіспей, көтерілісшілер шегінуге мәжбүр болды. Есеттің қолға түскен 18 сарбазын патша үкіметі Сібірге айдап, 3 адамын атты. 1858 ж. қыркүйекте Сам құмында жеңілген Есет көтерілістен бас тартып, үкіметке адал қызмет етуге уәде берді. 1854 ж. Верный (Алматы) бекінісі салынғаннан кейін, Бат. Сібірден Жетісуға қазақ-орыс әскерлері мен орыс шаруалары қоныс аудара бастады. Жетісуда үстемдік етуден біржолата айырылу қаупінен қорыққан Қоқан ханы қазақ, қырғыздарды өз уысында ұстауға бар күшін салды. Әулиеата, Мерке, Пішпек (қазіргі Бішкек), Тоқмақ, т.б. бекіністердің гарнизондарын күшейтті. 1860 ж. күзде Қоқан ханы Верный бекінісіне шабуыл жасауға 20 мыңдай әскер жіберді. Ұзынағаш түбіндегі шайқаста (1860 ж. қазан) Г.Колпаковский бастаған шағын отряд қазақ жасақтарының көмегімен Қоқан әскерлерін жеңді. Ұзынағаштағы жеңіс Жетісуды Қоқан үстемдігінен құтқарғанымен, енді Ресей империясының езгісіне салып берді. 19 ғ-дың 60 жылдарында Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісі аяқталды. Каспий жағалауынан Алтайға дейінгі, Тобыл өз-нен Тянь-Шань тауына дейінгі ұлан-байтақ ел Ресей империясының құрамына енді. Патша үкіметі осы кең өлкені басқару мақсатымен реформалар жүргізді. 1867 ж. Түркістан ген.-губернаторлығына бағынатын Жетісу және Сырдария облыстары, ал 1868 ж. Орынбор ген.-губернаторлығына қарасты Орал мен Торғай, Бат. Сібір ген.-губернаторлығына қарайтын Ақмола және Семей облыстары құрылды. Облыстар уездерге, уездер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Әкімш. бөліктер аум. принцип бойынша ұйымдастырылды. Патша үкіметі “рулық бірлестіктің” рөлін төмендетіп, ру ақсақалдары мен билерінің ықпалын жоюды көздеді. Барлық жер мемлекет меншігі деп жарияланды. Қазақстандағы 1867 – 68 жылдардағы реформалар сот құрылысына да өзгерістер енгізді. Қазақстанда Ресей империясының құқығы мен соты қолданылды, сонымен бірге ішінара әдеттік құқық пен билер соты да қалдырылды. Бірақ билер соты тежеліп, ел басқарудың жаңа жүйесіне икемделді. Ресейде агр. мәселенің шешілмеуі, қазақ даласына қоныс аудару саясатының жоспарлы түрде жүргізілуі өлкенің әлеум.-экон. жағдайына өзгерістер енгізді. Бұрынғы жаппай көшпелі шаруашылықтардың орнына енді отырықшылықпен қатар мал бағу және егін егу сияқты шаруашылықтың жаңа түрлері орныға бастады. Үкіметтің қауымдық жерлерді тартып алып, күнкөріс жер-судан айыруы қазақ қоғамының әлеум. бөлшектенуін туғызды. Қазақстанда өнеркәсіп өндірістері, түрлі кәсіпшілік ашылып (мыс.: а. ш. шикізаттарын өңдейтін – май шайқайтын, тері өңдейтін, ұн тартатын, т.б.), жедел дами бастады. Шымкент пен Түркістанда мақта тазалайтын з-ттар, ал Верный қ-нда темекі шығаратын екі кәсіпорын жұмыс істеді. Арал т-нде, Павлодар уезіндегі Қарабас к-нде тұз өндіру қолға алынды. Әсіресе ғасыр басында оның маңызы күшейді. Тұз жергілікті мұқтаж үшін де, сол сияқты шетке шығару үшін де өндірілді. Олардың неғұрлым ірілері Ішкі ордадағы 5 мың қазақ жұмыс істеген Басқұншақ, Павлодар уезіндегі Коряков кәсіпшіліктері еді. Жайық, Ембі, Ертіс өзендері, Арал мен Каспий т-дері айдындарында балық кәсіпшілігі жанданды. Қазақстанда 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында Спасск мыс қорыту з-ты, Успенск мыс кеніші, Қарағанды көмір кеніші, Екібастұз және Риддер кәсіпорындары шет ел өнеркәсіпшілерінің де (АҚШ, Германия, Бельгия, Швеция) назарын аударып, өлке байлығы талан-таражға түсті. 20 ғ-дың басында алтын шығару, көмір өндіру (Екібастұзда, Қарағандыда), мұнай (Бат. Қазақстанда, Орал-Ембі аймағында) шығару арта түсті. Ресейде капитализмнің кең қанат жайып, оның ұлттық шет аймақтарына таралуы нәтижесінде Қазақстанда банк бөлімдері мен несие мекемелері құрыла бастады. Мемл. банктің өлкедегі бөлімдері, сауда-өнеркәсіптік орталықтары Оралда (1876), Петропавлда (1881), Семейде (1887), Омбыда (1895), Верныйда (1912) ашылды. Сауда-саттық, алыс-беріс қүшейді. Негізінен мал сатылды. Әр жазда Ресей орталығына Ақмола, Қарқаралы және Сарысу уездерінен 60 мыңға тарта ірі қара мал, 200 мыңға тарта қой жіберіліп тұрды. Сыртқа шығарылатын астық көлемі де артты. Орал, Орынбор, Семей қ-лары астықпен сауда жасаудың ірі орталықтарына айналды. 19 ғ-дың екінші жартысы мен 20 ғ-дың басында сауда-саттықтың жаңа – жәрмеңкелік түрі пайда болды. Қарқаралы уезіндегі Қоянды, Петропавл уезіндегі Тайыншакөл, Ақмола уезіндегі Константиновск, Атбасар уезіндегі Перовск, Верный уезіндегі Қарқара жәрмеңкелері неғұрлым ірі сауда орталықтары саналды. 20 ғ-дың басында қала халқының саны өсе түсті. Орал (47,5 мың адам), Петропавл мен Верный (43,2 мыңнан), Семей (34,4 мың) ірі қалалар саналды. Қазақстанда өнеркәсіптің дамуында т. ж. зор рөл атқарды. Өлкеде Орынбор-Ташкент, Троицк, Алтай және Жетісу т. ж-дарын салу жеделдетілді. 1917 жылға дейін Қазақстанда барлығы 2793 км жол төселді. Су жолдары да (Семей обл-нда) пайдаланылды. Ертіс өз. арқылы “Пароход шаруашылығы мен Батыс-Сібір сауда серіктестігі” компаниялары жүк тасыды. Өнәркәсіптің дамуы, т. ж., су жолдардың кеңінен пайдаланылуы Қазақстанда жұмысшы кадрларының қалыптасуына алғышарт жасады. 1913 ж. өлкедегі жұмысшылар саны 75 мың адамға жетті. Ал Қазан төңкерісі мен өзгерістер жүріп жатқан кезеңде Қазақстан жұмысшыларының саны 90 мыңға жетті. Фабрика-зауыттарда жұмыс істеген қазақ жұмысшыларының тұрмыс жағдайы төмен (жұмыстың ең ауырына жіберілді, мардымсыз жалақы тағайындалды, көптеген айыппұл салынды, басқа ұлт жұмысшыларынан кемсітіп, алалаушылық орын алды) болды. 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында қазақ өлкесі Ресейге толығымен кіріптар күй кешті. Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том  
08.11.2012 12:23 20246

Соңғы редакциялау:

19 қазан 2012

 

16 ғ-да Қазақ хандығы солт-те Сібір хандығымен шектесті. Шайбани әулеті мен Тайбұғы руы арасындағы ұзақ жылдар бойы жүргізілген күрестен кейін 1563 ж. Сібір хандығы Шайбани әулеті Көшім ханның қолына көшті. Сібір хандығының халқы түркі тілдес және угор тілдес тайпаларының топтарынан құралды. Хандықтың негізгі халқы түркі тілдес “Сібір татарлары” деген атпен белгілі болды. Сібір хандығы Қазақстанмен саяси және сауда байланысын жасап тұрды. 1581 ж. казак-орыс атаманы Ермактың Сібірге жорығы басталды. Бұл жорық барысында Көшім хан жеңілгенімен, Ермак жеңісті баянды ете алмады. Ол 1585 ж. қаза тапты. Сібір хандығы 1598 ж. Ресейдің құрамына енді. Хандық құрамында болып келген кейбір тайпалар (қыпшақ, керей, уақ, табын, жағалбайлы, т.б.) Қазақ хандығына қосылды.

17 ғ-дың орта тұсынан бастап Қазақ хандығының жағдайы нашарлай түсті. 1635 ж. бір орталыққа бағынған Жоңғар хандығы Оңт. Сібір мен Шығ. Түркістанды толық бағындырып Қазақ хандығының ең басты жауына айналды. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетісудың бір бөлігін басып алып, осы аймақта көшіп-қонып жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұхара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра бастаған кезде, казақ ханы Жәңгір хан Бұхар әміршісін жоңғарларға қарсы күресу үшін әскери одақ жасауға көндірді. 1644 ж. Жәңгір хан Самарқанд қ-ның әмірі алшын Жалаңтөс батырдың көмегімен жоңғарларға күйрете соққы берді (қ. Орбұлақ шайқасы). Жәңгір жоңғарларға қарсы жорықта 1652(80) ж. қаза тапты. 17 ғ-дың 90-жылдарында жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы бәсеңдеді. Бұл  кезде  қа-зақ хандығының нығаюы, қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ және оған қарақалпақтардың қосылуы күшті қарқынмен жүрді. 1680 ж. Жәңгір ханның баласы Тәуке (1680 – 1718) хан болды. Оның тұсында “Жеті жарғы” заңдар жинағы құрастырылды. “Жеті жарғы” көшпелілердің ел билеу заңы болып табылады. Оның негізгі баптарының мазмұны: қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу. Малшыдан зекет, егіншіден ұшыр жиналды. Ең жоғары басқарушылар – хандар болды. Олар тек Шыңғыс хан тұқымынан тағайындалды. Қазақстанның оңт. аудандарында, Сыр бойындағы қ-лар аймағында жерге меншіктің тұрақты түрлері қалыптасты. Олардың сойырғал, иқта, милк, вакуф сияқты түрлері болды. Ханнан тархандық құқық алып, сыйлық жерді иеленушілер онда тұратын егіншілерден, қолөнершілерден өз пайдасына салық жинады. Қазақ қоғамын әлеум.-таптық топтарға бөлу негізіне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрі, әлеум. шығу тегі негізге алынды. Жоғары топтағы ақсүйектерге Шыңғыс әулеттері (хандар, сұлтандар, оғландар, төрелер) және қожалар жатты. Ал басқа халық, әл-ауқатына қарамастан, қара сүйекке жатқызылды. Еуразия құрлығындағы алып аумақта орын тепкен қазақ мемлекетінде ел басқару жүйесін жетілдіру ниетімен геогр.-аум. нышандары бойынша құрылымдық бөлімдер ретінде жекелеген ордалар (жүздер) құрылды. 18 ғ-да қазақтар тұратын аймағына қарай үш жүзге бөлініп өмір сүріп жатты. Әр жүздің өз ханы болды. Бас ханның ықпалы төмендеді. Қазақ жерінде бір орталыққа бағынған мемлекеттің болмауын көршілері өз пайдасына шешуді ойлады. Батыстан Жайық казактарының қолдауымен Еділ бойындағы башқұрттар, қалмақтар Кіші жүзге тынымсыз шабуыл жасады. Солт-тен Сібір казактары Орта жүзге тыным бермеді. Орта Азиядағы Бұхар мен Хиуа хандықтары да оңт-тегі Ұлы жүз қоныстанған қазақ жерінен дәмелі еді. Қазақтар мен ойраттар арасындағы жайылымдық жер үшін күрес 15 ғ-да-ақ басталған. 16 ғ-дың соңында ойраттардың шағын бөлігі қазақ ханы Тәуекелге бағынды. 1635 ж. Батыр қонтайшы Жоңғар хандығын құрды. Жоңғар билеушілері (Сенге, Қалдан) Қазақ хандығына басқыншылық саясат ұстанды. Тәуке өлген соң орнына Болат хан болды. Оның кезінде қалмақтардың қазақ жеріне жорығы күшейді. Олар 1717 ж. жазда Аягөз өз. жағасында қазақтардың 30 мың сарбазы бар жасағын жеңді. Келесі жылы жоңғарлар қазақтарды Бөген, Шаян, Арыс өз. бойында жеңіліске ұшыратты. 1723 ж. ерте көктемде жоңғарлар қазақ жеріне тағы да жойқын шапқыншылық жасады. Жоңғарлар Ұлы жүзді қырып-жойып, Орта жүз, Кіші жүз жерлеріне жетті. Халық басы ауған жаққа кетті. Ұлы жүз бен Орта жүздің қазақтары Самарқанд пен Ходжентке қарай шұбырды. Кіші жүз қазағы Хиуа мен Бұхараға ағылды. Босқындардың біразы Сырдың сол жағындағы Алқакөл маңына топтасты. Халық бұл кезеңді “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деп атады. “Елім-ай” деген қасіретті ән осы кезден қалған. Халық бірігудің қажеттігін түсінді. 1726 ж. Ордабасы құрылтайында қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып Әбілқайыр хан сайланды. 1728 ж. Әбілқайыр хан, Тайлақ батыр, Саурық батыр бастаған жасақтар Ырғыз өз-нің оңт.-шығыс бетіндегі Бұланты өз-нің жағасындағы “Қара сиыр” деген жерде қалмақтарға қарсы соққы берді. 1730 ж. көктемде Балқаш к. маңында ірі шайқас өтті. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай сияқты батырлар бастаған қазақ жасақтары жоңғарларға шешуші соққы берді. Бұл жер кейін “Аңырақай” деп аталып кетті. Қалмақтар Іле өз. бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды. Бірақ қазақ жерін азат ету жолындағы Отан соғысын жеңіспен аяқтау жорықтары аяғына дейін жеткізілмеді. Тәуке ханның ұлы Болат хан (бас хан) кайтыс болып, Орта жүз ханы Сәмеке де, Кіші жүз ханы Әбілқайыр (бас қолбасшы) да тақтан дәмеленді. Алайда таңдаушылар аға хан етіп Болаттың үшінші ұлы Әбілмәмбетті сайлады. Әбілқайыр мен Сәмеке бұған наразы болып, майдан шебінен әскерлерін алып кетті. Осы тұста әрбір жүздің өз ішінде бытыраңқылық күшейді. Кіші жүз сұлтандары Батыр мен Нұралы (Әбілқайыр ұлы) өз алдына ел биледі. Сол сияқты Орта жүзде Күшік пен Барақ сұлтандардың да өз иеліктері бар еді. Қазақ хандығының Бұхара, Хиуамен қатынасы да нашар болды. Еділ өз. бойындағы қалмақтар мен башқұрттар Кіші жүздің жеріне шабуыл жасап, үнемі қауіп-қатер туғызып отырды.

Қазақ даласын Ресей империясының отарлауы. Ресей патшалығы мен Қазақ хандығының арасындағы саяси байланыстар Тәуекел хан елшілігінен басталды. 1594 жылдың аяғында Ресеймен достық келісім жасау үшін Мәскеуге қазақ елшісі Құлмұхаммед жіберілді. Тәуекел орыс патшасымен “достық пен ынтымақ” жасауға асықты. Өйткені Бұхара ханы Абдолламен
уақытша бітім жасап, ноғайлармен арадағы қатынас шиеленісіп тұрған болатын. Елшілік мақсаты Мәскеуде аманат ретінде ұсталып отырған ханның інісі Оразмұхамедті босату және орыс патшасы Борис Годуновтан “отты қару” алу болатын. Орыс патшасы тек уәдемен шектелді. Кейін Ресей патшалығы мен Қазақ хандығының жақындасу қажеттігі жоңғарлар шапқыншылығынан да туындады. Еділ өз. бойындағы қалмақтар, башқұрттар, казактар да маза бермеді. Осындай күрделі мәселелерді Ресеймен одақтасу арқылы шешуге болатын еді. Ал қазақ даласы Ресей үшін Шығыс мемлекеттерімен жалғастыратын көпір іспетті болатын. Орта Азия елдеріне, Қытайға жол ашатын қақпа деп білген Петр І (1682 – 1725) қазақ жеріне бірнеше экспедиция жіберді. 1718 ж. Семей қамалының, 1720 ж. Өскемен бекінісінің негізі қаланды. 1730 ж. 8 қыркүйекте Уфаға Әбілқайыр ханның Сейітқүл Қойдағұлов пен Құлымбет Қоштаев бастаған елшілігі келді. 1731 ж. 19 ақпанда Ресей патшайымы Анна Иоановна Әбілқайыр ханға грамота жіберді. 1731 ж. 30 сәуірде Кіші жүзге орыс тілмашы, елші А.И.Тевкелев бастаған елшілік келді. Олармен бірге Санкт-Петербургке жіберілген қазақ елшілері де оралды. Сонымен, 1731 ж. 10 қазанда өткен қазақ құрылтайында Кіші жүздің Ресейге қосылуы туралы шешім қабылданды. 1731 ж. 15 желтоқсанда Тевкелевпен келіссөз жүргізген Орта жүз ханы Сәмеке Ресейге қосылу туралы ұсыныс жасады. Ол ұсыныс 1734 жылдан кейін жүзеге асырыла бастады. 1734 ж. 10 маусымда Анна Иоановна Әбілқайырға Ор өз. сағасынан бекініс салу қажеттігі жөнінде хат жолдап, қала салынатын жерге И.К. Кириллов пен А.И. Тевкелевті жіберді. Жайық бойына 14 қамал салынды. 1740 ж. Орынбор экспедициясы бастығы ген.-л. князь В.А. Урусов Орынборға елшілік басқарып келді. 19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Нұралы, Ерәлі сұлтандармен, Жәнібек, Бөгенбай, Есет батырлармен, кейінірек Орта жүз ханы Әбілмәмбет және Абылай сұлтанмен келіссөз жүргізді. Оның барысында Кіші жүз бен Орта жүздің 399 өкілі Ресейге қарайтындығы жөніндегі шартқа қол қойды. Алайда осы шарттан кейін де Ресейге Кіші жүздің біраз бөлігі, Орта жүздің аз ғана бөлігі қосылды. Ал Солт.-шығыс және Орт. Қазақстанның негізгі аймақтарын Ресей өз құрамына тек 19 ғ-дың 20 – 40-жылдары әскери-саяси күш қолданып қосты. Жоңғарияда 1745 ж. Қалдан Серен өлгеннен кейін, оның мұрагерлері арасында таққа талас бастады. Абылай хан осы сәтті пайдаланып, қазақ жерін азат етуге кірісті. Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент қ-лары Әбілмәмбет ханның қарамағына өтті. Абылай бастаған қазақ жасақтары 1750 ж. жауға жоңғар қақпасы маңында күйрете соққы берді. 1755 ж. жоңғарлар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп кетті. 1755 – 58 ж. Қытай әскерлері жоңғар билеушілері арасындағы тақ таласын пайдалана отырып, оларды мүлдем жойып жіберді.

1758 ж. Жоңғар мемлекеті құлады. Цинь империясының батыс шекарасы қазақ жерімен шектесті. Қытайлар қазақтарға дүркін-дүркін шабуыл жасап, тыным бермеді. Абылай келісімге келу туралы Пекинге елшілер жіберді. Сөйтіп, Қытаймен сауда, экон. қатынас орнай бастады. 1771 ж. Әбілмәмбет хан өлгеннен кейін, Түркістанда Абылай үш жүздің ханы (бас хан) болып сайланды. Бір жылдан кейін, 1772 ж. Ресей патшайымы Екатерина ІІ-нің жарлығымен, Абылайға арналып Есіл өз-не таяу жерде, Жаңғызтөбеде ағаш үй салынды. Абылай 1781 ж. қайтыс болды. Орнына ұлы Уәли хан сайланды. Бұл кезде Ресей үкіметі барынша күшейіп, қазақ даласымен шындап айналыса бастаған. Қазақ даласында патша үкіметінің отарлау саясаты үш бағытта: 1) гарнизондар мен күшейтілген бекіністі әскери шептер құрылысын салу және тұрақты казак-орыс (Орынбор, Жайық, Батыс-Сібір, кейін Жетісу) мекендерін құру жолымен; 2) саяси әкімш. реформалар енгізу; 3) қазақ даласын өзіне қосу, ал Орта Азия мемлекеттерімен сауда-саттықты кеңейту жолымен жүргізілді. Отарлық билікке қарсы қазақ халқы жиі-жиі көтерілістер жасап отырды. Алғашқы көтерілістер Ресейге алдымен бағынған Кіші жүз жерінде басталды. Сырым Датұлы бастаған көтеріліс (1783 – 97). 18 ғ-дың 30-жылдары Кіші жүз Ресейге қосылғаннан кейін патша үкіметі қазақтарға ішкі жаққа, Жайық сыртына өтуге тыйым салды. Кіші жүз ханы Нұралының да қысымы көп болды. 1783 ж. көктемде қазақтардың Орал бекінісіне шабуылы басталды; қ. Сырым Датұлы қозғалысы.

Ресей үкіметі жағдайды өзінше шешпек оймен, хандық тәртіпті жою шарасын қолға алды. Сырым мұны мақұлдады. 1786 ж. хандық жойылып, Нұралы хан Жайық бойындағы орыс бекіністерін паналады. Сырым он екі ата байұлының аға старшыны болды. Ұзақ жылдар бойы сүйеніші болып келген хандық билікті жойғаны қате болғанын Ресей үкіметі кейін түсінді. Сөйтіп, хандық билікті қалпына келтіруге кірісті. 1790 ж. Нұралы өлгеннен кейін осы оқиғаны желеу етіп, оның інісі Ерәліні хан етті. Халық тағы да Сырым төңірегіне топтасты. Сырымның Бұхара, Хиуа хандықтарымен келісім жасауынан қауіптенген патша үкіметі қазақтарға бірқатар жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды. Жайық өз-нің оң жағында мал жаюға, Жайық пен Еділ арасындағы Үлкен және Кіші өзендердің (Қара өзен, Сары өзен) бойындағы жайылымдарды пайдалануға рұқсат етті. 1794 ж. Ерәлі хан өліп, орнына Есім хан болды. Ұлт-азаттық көтеріліс қайтадан өршіді. 1797 ж. 26 – 27 наурызда Есім хан өлтірілді. Көтерілісшілерді жазалау үшін 1797 ж. күзде полковник А.Скворкин Сырымды қудалауды қолға алды. Хиуа жеріне өтіп кеткен Сырым 1802 ж. Үргеніште мерт қылды.

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісі (1836 – 38). Еділ өз-нің Каспийге құятын аймағына 1801 жылдан бастап патша рұқсатымен Кіші жүздің Бөкей сұлтан басқарған 5000 қазағы коныс аударды. Ішкі Бөкей ордасы құрылды. 19 ғ-дың 30 жылдарының соңында мұнда 20 мыңдай түтін, 80 мың адам жайлады. Бөкей баласы Жәңгір 1824 ж. хан тағына отырған соң, патша үкіметінің қолдауымен ел басқаруды өзгертуге кірісті. Ол отырықшылықты, елді мекендер салуды, қырда пішен шабуды, мектеп, уч-ще, мешіт ашуды, малды асылдандыруды қолға алып, сауданы жандандырмақ болды. 1827 ж. Жәңгір хан Нарын құмындағы Жасқұс мекенінде тұрақты хан ордасын орнатып, елді орталықтан басқаратын болды. Сол жылы хан кеңесі құрылды. Оның татар бөлімі және жалпы бөлімнен тұратын өз кеңсесі болды. Кеңсе жанында арнаулы тергеуші штат жұмыс істеді. Наразылық жер дауынан басталды. Бір ғана Жәңгір хан 400 мың десятина жерді өз иелігіне қаратқан. Жәңгірдің інісі Меңдігерей Бөкейханұлы, би Балқы Құдайбергенұлы, ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлы ірі меншік иелері болды. 1831 ж. Ресеймен шекаралас жерлерде сұлтандар мен Орынбор Шекара комиссиясына бағынатын әкімшіліктер құрылды. Ондағы әкімдер мен старшындар жергілікті басқаруды өз қолдарына алды. Ал Жайық бойын иемденген Орал казак-орыстары қазақтарға Жайық өз-нен өтуге, оның жағасына көшіп-қонуға тыйым салды. Жәңгірге наразы болған бір топ сұлтан шаруаларды Жайықтың арғы жағына қайтадан өтуге шақырды. 1827 ж. жұт жылынан аман қалған аз малды сақтау үшін қазақтар Саратов губерниясына көшпек болды. Көктем шығысымен Байбақты руы бірінші болып Жайыққа бет алды. Ресми өкімет орындары бұл көшке қарсы еді. Мұның өзі Кіші жүз қазақтарының үкіметке наразылығын күшейтті. Содан, 1836 ж. ақпанда, халықтың Жәңгір ханға қарсы күресі басталды. Исатай, Махамбеттер 1837 ж. қыркүйек, қазан айларында Қарауылқожаның, Балқы бидің, Шоқы сұлтанның ауылдарын шапты. Ханға Орынбордан подполковник Геке бастаған әскер күші көмекке келді. 700 казак-орыс, екі зеңбірек, ханның 400 сарбазына Исатайдың 2000-нан астам сарбазы бетпе-бет келді. 1837 ж. 15 қарашада Тастөбе деген жерде шайқас басталды. Күші басым жазалаушылар тегеурініне шыдай алмаған көтерілісшілер топ-топқа бөлініп кетті. 1838 ж. көктемде халық қозғалысы қайта күшейді. Бұл кезде Сібір өңірінен шегінген Кенесары әскерінің бір бөлігі Орынбор өлкесіне ауысқан-ды. Олардың Исатай тобына қосылуынан қорыққан Орынбор ген.-губернаторы В.А.Перовский көтерілісшілерге қарсы қауырт күш жинады. Орск бекінісі жағынан құрамында Орал полкі казактары бар Баймағамбет сұлтанның жасағы, Орынбордан Геке әскері қарсы шықты. 1838 ж. 12 шілдеде Исатай жасағы мен подполковник Геке бастаған жазалаушы әскер Ақбұлақ деген өзеннің бойындағы шайқаста бетпе-бет кездесті. Осы шайқаста Исатай қаза тауып, көтерілісшілер талқандалды. 1846 ж. Махамбет жалдамалылардың қолынан қаза тапты; қ. Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісі.

Отарлау барысында патша үкіметі қазақ жеріндегі хандық билікті жоюға кірісті. 1815 ж. Орта жүзде Уәли ханның билігін әлсірету мақсатымен, екінші хан етіп Бөкейді қойды. 1817 ж. Бөкей, 1819 ж. Уәли хан қайтыс болған соң, патша үкіметі Орта жүзді бірнеше әкімшілікке бөлді. 1822 ж. Сібірдің генерал-губернаторы М.М.Сперанскийдің басшылығымен “Сібір қазақтары туралы жарғы”, 1824 ж. “Орынбор қазақтары жөніндегі жарғы” деген құжаттармен қазақ жерін басқару тәртібі белгіленді. Осы заңдар бойынша Орта жүз бен Кіші жүз хандықтары жойылды. Кіші жүзде (соңғы хан Шерғазы Айшуақов) хандық биліктің орнына Ресейдегі сияқты әкімш. басқару жүйесі қалыптасты. Ал Орта жүзде “аға сұлтан” деген басқарушы қызмет енгізілді. Ішкі округтер құрылды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Болысқа бөлу негізіне рулық принцип алынды.

19 ғ-дың басында Хиуа мен Қоқан хандары Оңт. Қазақстанға өз бақылауларын орнатты. Қазақтар Қоқан мен Хиуа билеушілеріне қарсы жиі-жиі бас көтеріп отырды. 1821 ж. Тентек төре басқарған Түркістан, Шымкент, Әулиеата маңы қазақтары Қоқан билеушілеріне қарсы көтеріліске шықты. Көтерілісшілер Сайрам қ-н шабуылмен алды. 1819 ж. 18 қаңтарда Сүйін Абылайханов сұлтан өзіне қараған 55462 адаммен Ресейге адал болатыны туралы ант берді. 1845 – 47 ж. Ұлы жүз рулары (оңт-те көшіп жүрген, Қоқан хандығына бағынатындарынан басқалары) Ресейге қарады. 1847 ж. Орта жүз қазақтарының басым көпшілігі Ресей боданы болып, Қазақстанның империяға қосылу процесі аяқталуға жақындады. Әскери-әкімш. отарлау 19 ғ-дың 2-жартысына дейін жалғасты. 1831 ж. Аягөз, 1847 ж. Қапал, 1854 ж. Верный әскери бекіністері салынды. 1855 ж. Лепсі, Үржар станицалары салынды. Жетісу өлкесінде 1847 – 67 ж. аралығында казак-орыстар тұратын 14 станица орын тепті. Бұл бекіністер Ресейдің Іле өз-нің арғы бетіндегі билігін нығайтуға арналған тірек пункттер болды. 20 – 40 жылдары Қарқаралы, Көкшетау, Аягөз, Ақмола, Баянауыл, Аманқарағай округтерін құру аяқталды. Ұлы жүздің Ресейге қосылған аудандарын басқару үшін 1848 ж. Бат. Сібір ген.-губернаторына бағынатын Үлкен орданың приставы лауазымы белгіленді.

Ресей 19 ғ-дың 40-жылдарында Хиуа хандығына шабуыл жасады. Хиуа хандығы бұл кезде Мервті басып алып, Маңғыстау, Үстірт пен Сыр қазақтарына билік жүргізіп тұрған болатын. Бірақ, В.А. Перовский басшылық еткен Хиуаға қарсы жорық (1839 – 40) сәтсіз аяқталды. Бұл кезде Ауғанстан, Иран, Қытайдың батысында, Бұхарада, Хиуада, Қоқанда, Қазақстанның оңт-нде ағылшындар әрекет ете бастаған. 1839 ж. ағылшындар Ауғанстанға басып кірді.

Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыс (1837 – 47). 19 ғ-дың алғашқы ширегінде патша үкіметі Қазақстанға әкімш.-саяси өзгерістер енгізуге тырысты. 1822 жылғы “Сібір қазақтары туралы жарғы” далалық аудандарды басқарудың құрылымын өзгертті. Енді басқарудың округтік жүйесі енгізілді. Қарқаралы (бұрынғы Бөкей ханның иелігіндегі) және Көкшетау (Уәли ханның иелігіндегі) округтерін құрып, Орта жүз бен Ұлы жүздің рулары мекендеген аймақтардың түйіскен жеріндегі жайылымдарды тартып ала бастады. 19 ғ-дың 30-жылдарында отаршылдық саясатқа қарсы Абылайдың кіші ұлы Қасым төре бас көтерді. Қоқан хандығына арқа сүйемек оймен, 40 мың үймен Қоқан хандығының қол астына  көшіп барды. Оның қоқандықтардан күткен үміті ақталмады. Ұлдары Саржан, Есенгелді, кейінірек өзі мерт болды. Отарлық езгінің күшеюі, шұрайлы жерлерді тартып алып, бекіністер салу Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын (1837 – 47) тудырды. 1838 жылдың көктемінен бастап Кенесары жасақтары патша әскеріне қарсы жоспарлы күрес жүргізді. Ақмола қ-н қиратты, Қоңырқұлжа ауылын шапты. 1840 ж. күзде Ырғыз бен Торғай маңында патша әскерімен қарулы қақтығыс басталды. 1841 ж. қыркүйекте үш жүз өкілдері Кенесарыны хан етіп сайлады. Кенесары ел билеу тәртібін өзгертті. Алым-салық реформасы іске асырылды. Егіншілікті дамытуға, көрші елдермен сауда-саттық жасалып, керуеннен салық алынатын болды. Хан кеңесі құрылды. Жасақтар жүздіктерге, мыңдықтарға бөлінді. Кенесары орыс үкіметімен тату көршілік қарым-қатынас орнатуға тырысты. 1841 – 42 ж. Кенесары жасақтары қоқандықтарға қарсы соғыс жүргізді. Созақ, Сауранды алды. Қоқандықтар Кенесарымен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Бұхар әмірі, Хиуа хандығы Кенесарымен түсіністік қатынасқа көшті. 1843 ж. Орынбор ген.-губернаторы Перовский орнына келген генерал В.А.Обручев Батыс Сібір губернаторы П.Д. Горчаковпен бірге Кенесарыны қуғындауға кірісті. Ырғыз өз. бойында патша әскерінің бір тобымен кездескен Кенесары патша үкіметімен келіссөз жүргізіп жатқанын айтып соғысты болдырмады. Бұл тұста екі жақ та әскери дайындығын мұқият жүргізіп жатты. 1844 – 45 ж. көтеріліс өршіді. Оған Сыр бойының, оңт-тің қазақтары қосылды. Кенесары өз әскерінің санын 20 мың адамға жеткізді. Кенесары жасақтарын құрту, халық қозғалысын басу үшін 1844 ж. жазда Ор бекінісінен, Ұлытаудан, Тобыл өз. бағытынан шыққан патша әскерінің үш тобымен кескілескен шайқастардан соң, 1845 ж. Кенесары Ұлы жүз жеріне қоныс аударып, халық күшін біріктіруді, қырғыздармен одақтасып, Қоқан хандығына шабуыл жасауды, сөйтіп олардың қол астындағы қазақтарды азат етуді мақсат етті. Қытаймен келіссөз жүргізу үшін, Құлжаға елші жіберді. 1845 ж. қазан-қараша айларында Кенесары әскері Қоқан хандығына жорыққа аттанды. Олар Қорған, Жаңа Жүлек, Созақ бекіністерін алды. Патша үкіметі қырғыз манаптарын, Кенесарыға қас бай-сұлтандардың басын қосып, көтерілісшілерге соққы беруді іске асыруға кірісті. 1847 ж. сәуірде Кенесары жасақтарымен қырғыз жеріне басып кірді. Қырғыздармен соғыс Ыстықкөлдің тау шатқалы қойнауында, Шу өз. жоғ. ағысында өтті. Кенесарыны Тоқмақтың маңында Кеклік-Сеңгір тауындағы Майтөбе деген жерде қырғыздар мен ген. Вишневский жасағы, Қоқан хандығы әскері қоршауға алып тұтқынға түсірді де, айуандықпен өлтірді.

Хиуа, Қоқан хандары Сырдың төм. ағысы бойындағы, Ырғыз, Торғай, Ембі өзендерінің бойындағы қазақтарды билеуге тырысты. Сырдың төм. ағысы бойындағы Жаңадария және Қуаңдария алқаптарын басып алып, әскери бекіністер салды. Қазақтардан зекет пен ұшыр жинады. Сыр қазақтары Хиуа, Қоқан езгісіне қарсы көтерілді. Оны әлім руынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарды. 1843 ж. Жанқожа батырдың жасақтары Қуаңдария бойындағы хиуалықтар қамалын, кейінірек Бесқала қамалын талқандады. Сыр қазақтары солт.-батыс жақтан қауіп туғыза бастаған орыстарға да қарсы шықты. 1849 ж. Райым бекінісіне Орынбор казак-орыстарының алғашқы 26 отбасы қоныстанды. Олар қазақтарды отырған жерлерінен ығыстырды. 1853 ж. орыс әскері Ақмешітті басып алды. Сөйтіп, Сырдария әскери желісі пайда болды. Оған Райым бекінісінен Ақмешітке дейінгі жерлер кірді. Бұл жерлерде отаршылар қатаң тәртіп орнатты. 1857 жылға дейін үш мың қазақ отбасы жерінен айрылды. Ресейге қарсы Сыр қазақтарының көтерілісі 1856 ж. желтоқсан айында басталды. Көтеріліс бүкіл Қазалы өңірін қамтыды. Казак-орыстардың Солдатская слободасы кентін жойып, 1856 ж. соңында Жанқожа Қазалы фортын қоршады. Бірақ, күші басым дұшпандарынан жеңіліп, Жанқожа 20 шақты қазақ ауылдарымен Сырдың оң жағалауына, Хиуа хандығының жеріне өтіп кетті.

1853 – 58 жылдарда Есет Көтібарұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі болды. Көтерілістің шығуына Арал т-нің бат. жағындағы Үлкен және Кіші Борсықты, Сам құмын, Сағыз, Жем өз-дерінің бойын мекендеген шекті руына түтін салығын салу, әскери мақсат үшін күш-көлік алу, бекініс салынуы салдарынан жайылымдықтардың тарылуы себеп болды. 1855 жылғы 8 шілдеде Есет жасақтары А.Жантөрин сұлтанның лагеріне шабуыл жасап, оны өлтірді. Бірақ қару-жарақ жетіспей, көтерілісшілер шегінуге мәжбүр болды. Есеттің қолға түскен 18 сарбазын патша үкіметі Сібірге айдап, 3 адамын атты. 1858 ж. қыркүйекте Сам құмында жеңілген Есет көтерілістен бас тартып, үкіметке адал қызмет етуге уәде берді.

1854 ж. Верный (Алматы) бекінісі салынғаннан кейін, Бат. Сібірден Жетісуға қазақ-орыс әскерлері мен орыс шаруалары қоныс аудара бастады. Жетісуда үстемдік етуден біржолата айырылу қаупінен қорыққан Қоқан ханы қазақ, қырғыздарды өз уысында ұстауға бар күшін салды. Әулиеата, Мерке, Пішпек (қазіргі Бішкек), Тоқмақ, т.б. бекіністердің гарнизондарын күшейтті. 1860 ж. күзде Қоқан ханы Верный бекінісіне шабуыл жасауға 20 мыңдай әскер жіберді. Ұзынағаш түбіндегі шайқаста (1860 ж. қазан) Г.Колпаковский бастаған шағын отряд қазақ жасақтарының көмегімен Қоқан әскерлерін жеңді. Ұзынағаштағы жеңіс Жетісуды Қоқан үстемдігінен құтқарғанымен, енді Ресей империясының езгісіне салып берді.

19 ғ-дың 60 жылдарында Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісі аяқталды. Каспий жағалауынан Алтайға дейінгі, Тобыл өз-нен Тянь-Шань тауына дейінгі ұлан-байтақ ел Ресей империясының құрамына енді. Патша үкіметі осы кең өлкені басқару мақсатымен реформалар жүргізді. 1867 ж. Түркістан ген.-губернаторлығына бағынатын Жетісу және Сырдария облыстары, ал 1868 ж. Орынбор ген.-губернаторлығына қарасты Орал мен Торғай, Бат. Сібір ген.-губернаторлығына қарайтын Ақмола және Семей облыстары құрылды. Облыстар уездерге, уездер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Әкімш. бөліктер аум. принцип бойынша ұйымдастырылды. Патша үкіметі “рулық бірлестіктің” рөлін төмендетіп, ру ақсақалдары мен билерінің ықпалын жоюды көздеді. Барлық жер мемлекет меншігі деп жарияланды. Қазақстандағы 1867 – 68 жылдардағы реформалар сот құрылысына да өзгерістер енгізді. Қазақстанда Ресей империясының құқығы мен соты қолданылды, сонымен бірге ішінара әдеттік құқық пен билер соты да қалдырылды. Бірақ билер соты тежеліп, ел басқарудың жаңа жүйесіне икемделді.

Ресейде агр. мәселенің шешілмеуі, қазақ даласына қоныс аудару саясатының жоспарлы түрде жүргізілуі өлкенің әлеум.-экон. жағдайына өзгерістер енгізді. Бұрынғы жаппай көшпелі шаруашылықтардың орнына енді отырықшылықпен қатар мал бағу және егін егу сияқты шаруашылықтың жаңа түрлері орныға бастады. Үкіметтің қауымдық жерлерді тартып алып, күнкөріс жер-судан айыруы қазақ қоғамының әлеум. бөлшектенуін туғызды. Қазақстанда өнеркәсіп өндірістері, түрлі кәсіпшілік ашылып (мыс.: а. ш. шикізаттарын өңдейтін – май шайқайтын, тері өңдейтін, ұн тартатын, т.б.), жедел дами бастады. Шымкент пен Түркістанда мақта тазалайтын з-ттар, ал Верный қ-нда темекі шығаратын екі кәсіпорын жұмыс істеді. Арал т-нде, Павлодар уезіндегі Қарабас к-нде тұз өндіру қолға алынды. Әсіресе ғасыр басында оның маңызы күшейді. Тұз жергілікті мұқтаж үшін де, сол сияқты шетке шығару үшін де өндірілді. Олардың неғұрлым ірілері Ішкі ордадағы 5 мың қазақ жұмыс істеген Басқұншақ, Павлодар уезіндегі Коряков кәсіпшіліктері еді. Жайық, Ембі, Ертіс өзендері, Арал мен Каспий т-дері айдындарында балық кәсіпшілігі жанданды. Қазақстанда 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында Спасск мыс қорыту з-ты, Успенск мыс кеніші, Қарағанды көмір кеніші, Екібастұз және Риддер кәсіпорындары шет ел өнеркәсіпшілерінің де (АҚШ, Германия, Бельгия, Швеция) назарын аударып, өлке байлығы талан-таражға түсті. 20 ғ-дың басында алтын шығару, көмір өндіру (Екібастұзда, Қарағандыда), мұнай (Бат. Қазақстанда, Орал-Ембі аймағында) шығару арта түсті. Ресейде капитализмнің кең қанат жайып, оның ұлттық шет аймақтарына таралуы нәтижесінде Қазақстанда банк бөлімдері мен несие мекемелері құрыла бастады. Мемл. банктің өлкедегі бөлімдері, сауда-өнеркәсіптік орталықтары Оралда (1876), Петропавлда (1881), Семейде (1887), Омбыда (1895), Верныйда (1912) ашылды. Сауда-саттық, алыс-беріс қүшейді. Негізінен мал сатылды. Әр жазда Ресей орталығына Ақмола, Қарқаралы және Сарысу уездерінен 60 мыңға тарта ірі қара мал, 200 мыңға тарта қой жіберіліп тұрды. Сыртқа шығарылатын астық көлемі де артты. Орал, Орынбор, Семей қ-лары астықпен сауда жасаудың ірі орталықтарына айналды. 19 ғ-дың екінші жартысы мен 20 ғ-дың басында сауда-саттықтың жаңа – жәрмеңкелік түрі пайда болды. Қарқаралы уезіндегі Қоянды, Петропавл уезіндегі Тайыншакөл, Ақмола уезіндегі Константиновск, Атбасар уезіндегі Перовск, Верный уезіндегі Қарқара жәрмеңкелері неғұрлым ірі сауда орталықтары саналды. 20 ғ-дың басында қала халқының саны өсе түсті. Орал (47,5 мың адам), Петропавл мен Верный (43,2 мыңнан), Семей (34,4 мың) ірі қалалар саналды.

Қазақстанда өнеркәсіптің дамуында т. ж. зор рөл атқарды. Өлкеде Орынбор-Ташкент, Троицк, Алтай және Жетісу т. ж-дарын салу жеделдетілді. 1917 жылға дейін Қазақстанда барлығы 2793 км жол төселді. Су жолдары да (Семей обл-нда) пайдаланылды. Ертіс өз. арқылы “Пароход шаруашылығы мен Батыс-Сібір сауда серіктестігі” компаниялары жүк тасыды. Өнәркәсіптің дамуы, т. ж., су жолдардың кеңінен пайдаланылуы Қазақстанда жұмысшы кадрларының қалыптасуына алғышарт жасады. 1913 ж. өлкедегі жұмысшылар саны 75 мың адамға жетті. Ал Қазан төңкерісі мен өзгерістер жүріп жатқан кезеңде Қазақстан жұмысшыларының саны 90 мыңға жетті. Фабрика-зауыттарда жұмыс істеген қазақ жұмысшыларының тұрмыс жағдайы төмен (жұмыстың ең ауырына жіберілді, мардымсыз жалақы тағайындалды, көптеген айыппұл салынды, басқа ұлт жұмысшыларынан кемсітіп, алалаушылық орын алды) болды. 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында қазақ өлкесі Ресейге толығымен кіріптар күй кешті.

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға