Жаңалықтар

Әдебиеттану

Соңғы редакциялау: 15 қазан 2012 Әдебиеттану — көркем әдебиет мәселелерін зерттейтін ғылым. Сөз өнерінің түп төркінін, тегін, туу, қалыптасу тарихын, даму заңдылықтарын, көркемдік және эстетик. ерекшеліктерін зерттейді. Негізгі салалары үшеу: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сыны. Жанама тараулары — текстол., тарихнама, библиогр. Әдебиет теориясы әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Сөз өнерінің ерекшеліктерін, қоғамдық рөлін, көркем шығарманы танудың принциптерін, талдауын, әдістері мен методологиясын, әдеби жанрлар мен оның түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен ағыс мәселелерін тексереді, талдайды. Сонда әдебиет теориясының зерттеу объектісі де үшеу болғаны — әдебиет, әдеби шығарма, әдеби процесс. Әдебиет дегенде, оның тағы да үш түрлі яки, таным тарапындағы, тәрбие саласындағы және эстетик. мәні мен мәнісі дара-дара сараланады. Әсіресе эстетик. табиғатына ерекше назар аударылады. Әдеби шығарма дегенде, мәселен, роман яки поэма талдана қалған жағдайда оның мазмұны мен пішініне айналған шындық оқиғадан туатын кем дегенде бес түрлі сауалға жауап беру шарт: Қандай оқиға болды? Оқиға қалайша болды? Оқиға кімдердің басында болды? Оқиға қалай баяндалған? Болған оқиғаға автордың көзқарасы қандай? Осы сұрақтарға жауап беру барысында шығарманың тақырыбы мен идеясын, сюжет пен композициясын, типі мен характерін, суреткердің тілі мен стилін, дүниетанымы мен көркемдік әдісін талдап-тексеру арқылы әдеби шығарманың сыры мен сипатын тұтас танып-білуге болады. Ал әдеби процеске келсек, мұндағы ең басты мәселе — жанр және жанрлық түрлер, мұны тексерудегі негізгі принцип — тарихилық. Нәтижесінде — сөз өнеріндегі тек пен түрді, бет пен бағытты айқындау. Осылардың бәрін тек әдебиет теориясын терең білген адам, сол арқылы өз дәуірінің талабы дәрежесінде өзінің эстетик. талғамын қалыптастырған адам ғана істей алады. Бұл ретте, әдебиет теориясы көркем шығармашылықтың психол-сы мен ерекшеліктеріне қатысты суреткер лабораториясынан да белгілі мөлшерде нақты мәліметтер берері даусыз. Сонымен, әдебиет теориясын білмей, қандай да болса әдеби құбылысты нәзік түсіну, шынайы сөз өнерінің шындық өмірге қарым-қатынасын білу, әдебиеттің өсіп-өрбуіндегі заңдылықты ұғу, сайып келгенде, күллі ілгерішіл адам баласының жалпы көркемдік дамуындағы сыр-сипатты тану мүмкін емес. Әдебиет теориясының ереже секілденген эстетик. қағидалары мен қисындары — әшейін ойдан туа салған нәрсе емес, әдебиет тарихы арқылы табылып, тексеріліп, жүйеленген ұшан-теңіз нақты әдеби деректерді терең және жан-жақты талдау, байыптау нәтижесіеде қорытылған толғамдар, түйін-тұжырымдар (қ. Әдебиет теориясы). Әдебиет тарихы жалпы сөз өнерінің әр халықтың тарихында қалай пайда болғанын, қайтып қалыптасқанын, қандай жолдармен дамығанын зерттейді. Әр ұлттың атамзаманғы сәбилік шағында, жазу-сызуы жоқ кезінің өзінде ауыз әдебиеті өрбігенін, одан ілгерілей келе жазба әдебиеті өніп-өрістегенін, сөйтіп оның көркемдік дамуы қай заманда қай бағытта болғанын саралайтын да, сын көзімен сұрыптап, сарапқа салатын да әдебиеттің тарихы. Сонымен қатар бұл ғылым әр дәуірдің әдеби нұсқасына тарихи тұрғыдан  қарап, оның сапасын сол тұстың сана сатысына, ой өрісіне байланыстыра тексереді. Олай етпей, ауыз әдебиетінің нұсқалары болсын, жеке жазушылар шығармашылығы болсын, әділ бағаланып, әдеби дамудағы өзіне лайық орнын алуы мүмкін емес. Мұның өзі Қазақстанның жоғары оқу орындары соңғы отыз жыл бағдарында тұрақты оқулық ретінде пайдаланып келе жатқан “Сөз өнерінде” бір ғана өлең эволюциясы арқылы дәлелденеді: “Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым, тату елге жақсылық қылдым, төрт бұрыштағы халықтың бәрін бейбіт қылдым, тату қылдым” деп келетін Орхон жазуындағы жырлардың қазақша аудармасын бүгінгі биік талғаммен өлшесек, эстетик. құны онша мықты емес. Ал тарихтық тұрғыдан тексеріп, танымдық мәнін, ғылымдық маңызын бағалап, қазақтың халық ретінде қалыптаса бастаған тұсындағы әдеби, мәдени мүлкінің ажарын аңғарып, енді дәл осы іспеттес өлең сөздің 15 ғ-дағы белгілі Доспамбет жыраудың: “Ағарып атқан таңдай деп, шолпанды шыққан күндей деп, май қабақта ағалардың аты жусап жатыр деп, ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп, жазыда көп-ақ жортқан екенбіз” деген толғауындағы жыр тілінің төгіле жөнелетін шалқыма шешендікке ғана емес, әдемі айшыққа дейін қалай жеткенін байқаймыз да, қазақ өлеңінің ғасырлар бойы қандай жолмен сатылап дамығанын топшылаймыз. Осының бәрін тек әдебиеттің тарихы арқылы ғана танып-білуге болады. Бірақ бұл қазақ поэзиясының есею, жетілу барысындағы мың белгінің тек біреуі ғана. Ал бүкіл әдебиеттің қалыптасу, даму тарихын жан-жақты талдап-түсінуде Ә-дың әлгі саласының атқарар қызметі орасан зор (қ. Әдебиет тарихы). Әдебиет сыны әрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып, нақты әдеби туындыны жан-жақты талдау, оның идеялық-көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның шығармашылық өсуіне тікелей қолқабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығандарының байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Бұл ретте, сыншыны жазушы мен оқырманның екеуіне ортақ ара дәнекер десе де болар еді. Бірақ бұл аз. Сыншы — қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемл. мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой-пікірдің озғын өкілі. Олай болса, жалпы әдебиетті дамытудағы сыншының күші, жазушыға деген сынның ықпалы оның оқырманға тигізер әсеріне, қалың көпшіліктің көркемдік талғамын қалыптастыруына тығыз байланысты. Сын тек жазушы үшін ғана емес, оқырман үшін де жазылады. Оның көркем шығармаға қосалқы комментарий емес, өз алдына жеке шығарма болып табылатыны да сондықтан. Әдеби сында көркем шығарманы бағалаудың жолдары, тәсілдері, шарттары бар. Мұны білу, игеру сыншының берік принципін, зор мәдениетін, нәзік түсінігін, өрелі ойын, терең білімін, биік талғамын керек етеді. В.Белинскийдің анықтауынша “сыншы таланты-сирек талант, сыншы жолы — тайғақ һәм қатерлі жол” да, шын мәніндегі әдеби сын — қимыл, қозғалыс үстіндегі эстетика. Ал эстетика — әдемілік туралы ілім болуының үстіне қоғамдағы көркемдік даму тәжірбиесінің теор. жинақталуы. Сыншының өзіндік сыры, сынның өзгеше сипаты осы арада жатыр (қ. Әдебиет сыны). Сонымен қатар әдебиет туралы ғылымның жоғарыда аталған негізгі үш саласы (теориясы, тарихы, сыны) өзара тығыз бірлікте: әдебиеттің теориясын нәзік түсінбей тұрып тарихы жайлы әңгіме қозғау, тарихын білмей тұрып сынын өрбіту мүмкін емес. Бұл бірліктін Ә-дың жанама тараулары да сырт қалмайды; олардың да мазмұны, пішіні, атқарар қызметі осыған негізделеді. Текстология — әдеби туындылардың мәтінін зерттеп-танудың принциптері мен әдістерін анықтайтын арнаулы ғылыми пән. Текстология көркем шығарманың түпнұсқасын талдап, оның автор қолымен жасалған ақтық редакциясын анықтайды, әр алуан нұсқаларын өзара салыстырады, әр басылымын қолжазбамен салғастырады; мәтіннің автор еркінен тыс қысқарған жерлері немесе бөгде қолмен орынсыз өзгертілген тұстары болса, қалпына келтіреді; түпнұсқаны көшіріп басқандар мен әріп терушілер тарапынан кеткен, ең арғысы, емле қателері болса да ұқыппен түзеп отырады. Әдеби тарихнама — әдебиет теориясының, тарихының, сынының ғасырлар бойғы тарихи дамуы туралы дәйектемелер  мен деректер, мәліметтер мен құжаттар жинағы. Мұның өзі, көбіне, бірыңғай ғыл. мақсат үшін керек. Әдебиеттің теориясына, тарихына не сынына қатысты қандай арнаулы мәселе болмасын, оны зерттеудің көлемі мен тереңдігі, мәні мен маңызы сол мәселенің тарихнамалық материалының мөлшері мен мазмұнына қарай белгіленеді. Библиография — көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар, шолулар мен сілтемелер жиынтығы. Бұл да ғыл. мақсат үшін керек. Әдебиет пен Ә. тарапындағы қандай арнаулы зерттеулер болсын, оған қажет нақты материалдардың — мәтіндер мен мәністеулердің, сын мақалалар мен зерттеу еңбектерінің бәрін библиогр. көрсеткіштер мен анықтамалар арқылы іздеп тауып пайдалануға болады. Ә. ғылымының туу, қалыптасу, даму тарихы тым әріде жатыр. Бүкіл әлем шеңберінде алып қарасақ, сөз өнері, оның сыры мен сипаты туралы топшылаулар, көркемдік таным мен талғамның алғашқы белгілері грек өркениетінен ондаған ғасыр бұрын көне Қытайдың “Ән кітабы”, “Құбылу кітабы”, ежелгі Мысырдағы “Ағалы-інілі екеу туралы ертегі”, байырғы Вавилон жұртының “Көрмегені жоқ кісі туралы” дастаны немесе көне үнді халқының “Ригведа”, “Махабхарата”, “Рамаяна” жырлары тәрізді адам баласының жер бетінде тұңғыш туғызған әдеби ескерткіштерінде б.з.б. 3 — 2 мыңыншы жылдарда пайда болып, келе-келе тұрлаулы эстетик. ұғымға көше берген. Эллада эстет-сы да бірден мектепке айналып, қауырт қалыптаса қалған жоқ. Гректің әдемілік туралы ілімі Пифагор мен пифагоршілердің (б.з.б. 6 ғ.) өнер мәнін санға, Гераклиттің сапаға, Демокриттің мөлшерге, Сократтың өлшемге сайған аңқау аңғарымдарынан басталып, Платонның “сәбилик” филос-сы арқылы Аристотель (б.з.б. 384 — 322 ж.) “Поэтикасына” келіп ұласады. Ал “Поэтика” — күллі көркемөнер туралы тұңғыш филос.-эстетик. трактат қана емес, өз кезіндегі әжептеуір жүйеге түскен бірден-бір әдебиет теориясы. Мұнда поэзияның тегі, мәні, мазмұны, пішіні, әдеби шығарманың композициясы кең әрі келелі сөз болады. Өнер туындысының көп жайларын, әсіресе характер, әрекет, байланыс, шешім, шиеленіс, хабар, түйін, метафора, гипербола, фабула, аналогия т.б. жайларын талдап-тексеруі күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Осы арада айырықша атап айтатын бір шындық: өзіміздің қазақ топырағында — ертедегі түркі халықтарының кіндік қаласы Отырарда (Фарабта) туып-өскен ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Наср әл-Фарабидің (870 — 950) әлемдік білім мен мәдениет аспанында жарық жұлдыздай жарқ етіп, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз дәрежесіне көтерілуі — адам таң қалғандай ғажайып құбылыс. әл-Фараби — дана философ қана емес, майталман математик, үлкен дәрігер, дарынды музыкант, мықты әдебиетші болған адам. Оның “Музыканың ұлы кітабы”, “Поэзия канондары” т.б. зерттеулері — бүкіл дүн. жүз. эстет-ға қосылған айтулы үлес. әл-Фараби өзінің поэзия туралы байыптауларында Аристотельдің “Поэтикасын” талдап-түсіндіруді мақсат ете тұра оны егжей-тегжейіне дейін түгел тексеріп жатпайды; поэзияны трагедия, комедия, драма, эпос, риторика, сатира, поэма т.б. осылар тәрізді бірнеше түрге бөледі де, әрқайсысына жеке-жеке жанрлық сипаттама береді. Мәселен, “Комедия — деп түсіндіреді ол, — арнаулы өлшемі бар поэтикалық жанр. Комедияда әр алуан әрсіз әрекеттер баяндалады, келеңсіз кісілер, олардың кесірлі қылықтары мен кеспірсіз мінездері сықақ етіледі” (әл-Фараби, “Логикалық трактаттар”, А., 1975, 535 бет). Бұл кәдімгідей қалыптасқан, көп ретте дәл және тұрлаулы теор. тұжырым. Батыс Еуропадағы әдеби-эстетик. ілімнің әбден жетіліп, ғылым мен өнердің дүр сілкінген, дүрілдей дамыған тұсы — қайта өркендеу (ренессанс) дәуірі екенін Италия суретшісі Леонардо да Винчи, француз философы Рене Декарт, эстетигі Никола Буало, ағартушысы Дени Дидро еңбектерінен көріп-білуге болады. Бұлардың қай-қайсысы болсын, шын ғылым, шыншыл өнер жолында ортағасырлық схоластикаға қарсы нағыз алыптарша алысқан өнерлілер мен білімділер. Осыдан былай қарай неміс ағартушылары Готхолд Лессинг пен Иоганн Гердер әдебиет пен өнерді ақсүйектер әулетінің ат төбеліндей аз ортасынан кең алаңға — қалың бұқара арасына алып шықты. Ә-дың ендігі дамуы Иммануил Канттың эстет-сына, одан әрі дүниенің түп діңгегі — абс. идея, абс. рух деп білген Гегельдің атышулы тридасына барып тіреледі. Ресейдегі эстет. байыптаулардың басын сөз өнерін зерттеушілер сонау 10 ғ-дағы библиогр. жазбалардан іздеп, кейінгі риторикалар мен пинтикаларға көшіп жүр. Бірақ біз бұл жерде бұл мәселені мұншалық егжей-тегжейлі тексеріп жатпай-ақ, әдебиет пен өнерді шын мәніндегі сипаты тұрғысынан уағыздап, сыншыл реализмнің эстетик. принциптерін теор. жағынан айта қалғандай жарқырата ашқан орыс демократтары В.Г. Белинскийдің, А.И. Герценнің, Н.Г. Чернышевскийдің, Н.А. Добролюбовтың, Д.Н.Писаревтің есімдерін атап өтеміз. Өйткені олардың эстет. ой-пікірлері тек орыс қоғамында ғана емес, бүкіл дүн. жүз. парасат әлеміндегі бір биік болып табылады. Қазақ топырағындағы төлтума қоғамдық ой, оның ішінде эстет. пікір тарихында қазақтың асқан ғалымы Ш. Уәлихановтың, атақты ағартушысы Ы. Алтынсариннің, ұлы ақыны А. Құнанбаевтың алатын орындары айырықша. “Шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыққан” (Веселовский) Ш. Уәлихановтың сөз өнері жайлы ғылымға қатысты еңбектерін ауыз әдебиетін жинау және жинаған нұсқаларын өзінше парықтау деп екі салаға бөлуге болады. Бұл ретте, Шоқанның өзі “дала Илиадасы” деп бағалаған әйгілі қырғыз эпосы “Манастың” бір тарауын тұңғыш жазып алуы, өз халқының ұлаңғайыр өлең-жырларын ел аузынан іздеп-тауып, талдап-тексеріп, оларды араб поэзиясымен салыстыра келе қазақ поэзиясы — саф таза сұлу поэзия екенін, қазақ тілі араб тіліндей бояма, күлді-балам емес, татаусыз төгілген тұнық, мөлдір тіл екенін дәлелдеуі — соншалық байсалды, парасатты, ғылым тұрғысынан әбден піскен, кәмелетті пікір. Нәтижесінде оның поэзияны жалпы жұрттың рухани сусыны ретінде ғана емес, халықтың көркем тарихы, халық тағдырының сырлы шежіресі ретінде пайымдап, сол арқылы сөз өнерінің таным және тәрбие тарапындағы мәні мен маңызын белгілеуі, сондай-ақ қазақ өлеңін бес түрге бөліп, бұлардың  әрқайсысына өзінше мінездеме әрі сипаттама беруі — әдебиет теориясына қатысты толғамдар. Қазақтың болашақ Ә-ының алғашқы кірпішін Ш.Уәлиханов осылай қалаған еді. Ал Ы.Алтынсаринның әдебиет туралы ғылымға қосқан үлесі жұртқа мәлім ағартушылық еңбектерімен сабақтас. Осы бағытта ол қазақтың әдеби тілінің тазалығы, әдеби шығармалардың халықтығы, тәрбиелік мәнінің биіктігі үшін күресті. Ақындардың ақыны А.Құнанбаев өзінің эстетик. көзқарасын жүйелейтін ғыл. трактат жазып қалдырған зерттеуші де, сыншы да емес. Десе де нағыз реалистік поэзияның үлгісін көркеткен шыншыл ақынның, ғасырлар бойғы қазақ өлеңінің игі дәстүрін тың өріске, соны сатыға көтерген жаңашыл ақынның тамаша шығармашылық принциптері, сөз өнері хақындағы ұғым-түсініктері мен ой-пікірлері күллі көркем шығармаларының өнбойында желі тартып жатыр. Сонымен, сайып келгенде, қазақ топырағындағы әр түста әр сипатта көрініс тапқан қоғамдық-эстетик. ой-пікірлердің шын мәніндегі жүйелі әдеби ғылымға айналуы — Абайға дейін емес, Абайдан кейін болған процесс. 1905 ж. Ә. Бөкейханов жазып, жариялаған “Абай (Ибрагим) Құнанбаев” деген азанама — Абайтанудың басы. А. Байтұрсыновтың 1913 жылғы “Қазақтың бас ақыны” атты мақаласы — соның жалғасы. Осыдан былай қарай Абай туралы (дұрысы бар, бұрысы бар) пікір айтпаған, еңбек жазбаған, шығармашылық айтыс-тартысқа араласпаған әдебиетшілер кем де кем. Солардың дәл ортасында талмай еңбектеніп, жан-жақты зерттеп, ақыр-аяғында атақты монографиясы — “Абай (Ибраһим) Құнанбаев” арқылы Абайтану мектебін қалыптастырып тынған М. Әуезов болды. Осылай туып, дамыған қазақтың әдебиет туралы ғылымының бүгінде барлық саласы түгел, тұтас: А. Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқышынан” бастау алып, Қ. Жұмалиевтің “Әдебиет теориясына” жалғасқан, одан З. Қабдоловтың “Сөз өнеріне” (әдебиет теориясының негіздеріне) келіп ұласқан қисын саласы;  М. Әуезовтің “Әдебиет тарихынан” басталып, С. Сейфуллиннің “Қазақ әдебиетінен”, С. Мұқановтың “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінен” әрі қарай өрбіп, Ә. Марғұланның, Б. Кенжебаевтің, Ә. Қоңыратбаевтың, Т. Нұртазиннің, М. Ғабдуллиннің, Х. Сүйіншәлиевтің, М. Сильченконың, Р. Бердібаевтің, М. Базарбаевтың, З. Ахметовтің, С. Қирабаевтың, Х. Әдібаевтің, Ш. Сәтбаеваның, Н. Ғабдуллиннің, Р. Нұрғалиевтің т.б. оқулықтары мен монографиялары — әдебиет тарихы; Ж. Аймауытовтың “Мағжанның ақындығы” секілді үздік үлгісі бар әдеби сын Е. Ысмайыловтың, М. Қаратаевтың, А. Нұрқатовтың, Т. Кәкішевтің, Ш. Елеукеновтың, З. Серікқалиевтің т.б. сын-зерттеулеріне дейін өрістеді. Бұлардың соңынан жедел жетіліп келе жатқан жас ғалымдар мен сыншылар қазақ әдебиеттануын одан әрі дамытып, жаңа белестерге шығарары даусыз. З. Қабдолов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы. Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж.  
08.11.2012 12:05 34099

Соңғы редакциялау:
15 қазан 2012

Әдебиеттану — көркем әдебиет мәселелерін зерттейтін ғылым. Сөз өнерінің түп төркінін, тегін, туу, қалыптасу тарихын, даму заңдылықтарын, көркемдік және эстетик. ерекшеліктерін зерттейді. Негізгі салалары үшеу: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сыны. Жанама тараулары — текстол., тарихнама, библиогр.

Әдебиет теориясы әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Сөз өнерінің ерекшеліктерін, қоғамдық рөлін, көркем шығарманы танудың принциптерін, талдауын, әдістері мен методологиясын, әдеби жанрлар мен оның түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен ағыс мәселелерін тексереді, талдайды. Сонда әдебиет теориясының зерттеу объектісі де үшеу болғаны — әдебиет, әдеби шығарма, әдеби процесс. Әдебиет дегенде, оның тағы да үш түрлі яки, таным тарапындағы, тәрбие саласындағы және эстетик. мәні мен мәнісі дара-дара сараланады. Әсіресе эстетик. табиғатына ерекше назар аударылады. Әдеби шығарма дегенде, мәселен, роман яки поэма талдана қалған жағдайда оның мазмұны мен пішініне айналған шындық оқиғадан туатын кем дегенде бес түрлі сауалға жауап беру шарт: Қандай оқиға болды? Оқиға қалайша болды? Оқиға кімдердің басында болды? Оқиға қалай баяндалған? Болған оқиғаға автордың көзқарасы қандай? Осы сұрақтарға жауап беру барысында шығарманың тақырыбы мен идеясын, сюжет пен композициясын, типі мен характерін, суреткердің тілі мен стилін, дүниетанымы мен көркемдік әдісін талдап-тексеру арқылы әдеби шығарманың сыры мен сипатын тұтас танып-білуге болады. Ал әдеби процеске келсек, мұндағы ең басты мәселе — жанр және жанрлық түрлер, мұны тексерудегі негізгі принцип — тарихилық. Нәтижесінде — сөз өнеріндегі тек пен түрді, бет пен бағытты айқындау. Осылардың бәрін тек әдебиет теориясын терең білген адам, сол арқылы өз дәуірінің талабы дәрежесінде өзінің эстетик. талғамын қалыптастырған адам ғана істей алады. Бұл ретте, әдебиет теориясы көркем шығармашылықтың психол-сы мен ерекшеліктеріне қатысты суреткер лабораториясынан да белгілі мөлшерде нақты мәліметтер берері даусыз. Сонымен, әдебиет теориясын білмей, қандай да болса әдеби құбылысты нәзік түсіну, шынайы сөз өнерінің шындық өмірге қарым-қатынасын білу, әдебиеттің өсіп-өрбуіндегі заңдылықты ұғу, сайып келгенде, күллі ілгерішіл адам баласының жалпы көркемдік дамуындағы сыр-сипатты тану мүмкін емес. Әдебиет теориясының ереже секілденген эстетик. қағидалары мен қисындары — әшейін ойдан туа салған нәрсе емес, әдебиет тарихы арқылы табылып, тексеріліп, жүйеленген ұшан-теңіз нақты әдеби деректерді терең және жан-жақты талдау, байыптау нәтижесіеде қорытылған толғамдар, түйін-тұжырымдар (қ. Әдебиет теориясы).

Әдебиет тарихы жалпы сөз өнерінің әр халықтың тарихында қалай пайда болғанын, қайтып қалыптасқанын, қандай жолдармен дамығанын зерттейді. Әр ұлттың атамзаманғы сәбилік шағында, жазу-сызуы жоқ кезінің өзінде ауыз әдебиеті өрбігенін, одан ілгерілей келе жазба әдебиеті өніп-өрістегенін, сөйтіп оның көркемдік дамуы қай заманда қай бағытта болғанын саралайтын да, сын көзімен сұрыптап, сарапқа салатын да әдебиеттің тарихы. Сонымен қатар бұл ғылым әр дәуірдің әдеби нұсқасына тарихи тұрғыдан  қарап, оның сапасын сол тұстың сана сатысына, ой өрісіне байланыстыра тексереді. Олай етпей, ауыз әдебиетінің нұсқалары болсын, жеке жазушылар шығармашылығы болсын, әділ бағаланып, әдеби дамудағы өзіне лайық орнын алуы мүмкін емес. Мұның өзі Қазақстанның жоғары оқу орындары соңғы отыз жыл бағдарында тұрақты оқулық ретінде пайдаланып келе жатқан “Сөз өнерінде” бір ғана өлең эволюциясы арқылы дәлелденеді: “Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым, тату елге жақсылық қылдым, төрт бұрыштағы халықтың бәрін бейбіт қылдым, тату қылдым” деп келетін Орхон жазуындағы жырлардың қазақша аудармасын бүгінгі биік талғаммен өлшесек, эстетик. құны онша мықты емес. Ал тарихтық тұрғыдан тексеріп, танымдық мәнін, ғылымдық маңызын бағалап, қазақтың халық ретінде қалыптаса бастаған тұсындағы әдеби, мәдени мүлкінің ажарын аңғарып, енді дәл осы іспеттес өлең сөздің 15 ғ-дағы белгілі Доспамбет жыраудың: “Ағарып атқан таңдай деп, шолпанды шыққан күндей деп, май қабақта ағалардың аты жусап жатыр деп, ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп, жазыда көп-ақ жортқан екенбіз” деген толғауындағы жыр тілінің төгіле жөнелетін шалқыма шешендікке ғана емес, әдемі айшыққа дейін қалай жеткенін байқаймыз да, қазақ өлеңінің ғасырлар бойы қандай жолмен сатылап дамығанын топшылаймыз. Осының бәрін тек әдебиеттің тарихы арқылы ғана танып-білуге болады. Бірақ бұл қазақ поэзиясының есею, жетілу барысындағы мың белгінің тек біреуі ғана. Ал бүкіл әдебиеттің қалыптасу, даму тарихын жан-жақты талдап-түсінуде Ә-дың әлгі саласының атқарар қызметі орасан зор (қ. Әдебиет тарихы).

Әдебиет сыны әрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып, нақты әдеби туындыны жан-жақты талдау, оның идеялық-көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның шығармашылық өсуіне тікелей қолқабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығандарының байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Бұл ретте, сыншыны жазушы мен оқырманның екеуіне ортақ ара дәнекер десе де болар еді. Бірақ бұл аз. Сыншы — қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемл. мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой-пікірдің озғын өкілі. Олай болса, жалпы әдебиетті дамытудағы сыншының күші, жазушыға деген сынның ықпалы оның оқырманға тигізер әсеріне, қалың көпшіліктің көркемдік талғамын қалыптастыруына тығыз байланысты. Сын тек жазушы үшін ғана емес, оқырман үшін де жазылады. Оның көркем шығармаға қосалқы комментарий емес, өз алдына жеке шығарма болып табылатыны да сондықтан. Әдеби сында көркем шығарманы бағалаудың жолдары, тәсілдері, шарттары бар. Мұны білу, игеру сыншының берік принципін, зор мәдениетін, нәзік түсінігін, өрелі ойын, терең білімін, биік талғамын керек етеді. В.Белинскийдің анықтауынша “сыншы таланты-сирек талант, сыншы жолы — тайғақ һәм қатерлі жол” да, шын мәніндегі әдеби сын — қимыл, қозғалыс үстіндегі эстетика. Ал эстетика — әдемілік туралы ілім болуының үстіне қоғамдағы көркемдік даму тәжірбиесінің теор. жинақталуы. Сыншының өзіндік сыры, сынның өзгеше сипаты осы арада жатыр (қ. Әдебиет сыны). Сонымен қатар әдебиет туралы ғылымның жоғарыда аталған негізгі үш саласы (теориясы, тарихы, сыны) өзара тығыз бірлікте: әдебиеттің теориясын нәзік түсінбей тұрып тарихы жайлы әңгіме қозғау, тарихын білмей тұрып сынын өрбіту мүмкін емес. Бұл бірліктін Ә-дың жанама тараулары да сырт қалмайды; олардың да мазмұны, пішіні, атқарар қызметі осыған негізделеді.

Текстология — әдеби туындылардың мәтінін зерттеп-танудың принциптері мен әдістерін анықтайтын арнаулы ғылыми пән. Текстология көркем шығарманың түпнұсқасын талдап, оның автор қолымен жасалған ақтық редакциясын анықтайды, әр алуан нұсқаларын өзара салыстырады, әр басылымын қолжазбамен салғастырады; мәтіннің автор еркінен тыс қысқарған жерлері немесе бөгде қолмен орынсыз өзгертілген тұстары болса, қалпына келтіреді; түпнұсқаны көшіріп басқандар мен әріп терушілер тарапынан кеткен, ең арғысы, емле қателері болса да ұқыппен түзеп отырады.

Әдеби тарихнама — әдебиет теориясының, тарихының, сынының ғасырлар бойғы тарихи дамуы туралы дәйектемелер  мен деректер, мәліметтер мен құжаттар жинағы. Мұның өзі, көбіне, бірыңғай ғыл. мақсат үшін керек. Әдебиеттің теориясына, тарихына не сынына қатысты қандай арнаулы мәселе болмасын, оны зерттеудің көлемі мен тереңдігі, мәні мен маңызы сол мәселенің тарихнамалық материалының мөлшері мен мазмұнына қарай белгіленеді.

Библиография — көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар, шолулар мен сілтемелер жиынтығы. Бұл да ғыл. мақсат үшін керек. Әдебиет пен Ә. тарапындағы қандай арнаулы зерттеулер болсын, оған қажет нақты материалдардың — мәтіндер мен мәністеулердің, сын мақалалар мен зерттеу еңбектерінің бәрін библиогр. көрсеткіштер мен анықтамалар арқылы іздеп тауып пайдалануға болады.

Ә. ғылымының туу, қалыптасу, даму тарихы тым әріде жатыр. Бүкіл әлем шеңберінде алып қарасақ, сөз өнері, оның сыры мен сипаты туралы топшылаулар, көркемдік таным мен талғамның алғашқы белгілері грек өркениетінен ондаған ғасыр бұрын көне Қытайдың “Ән кітабы”, “Құбылу кітабы”, ежелгі Мысырдағы “Ағалы-інілі екеу туралы ертегі”, байырғы Вавилон жұртының “Көрмегені жоқ кісі туралы” дастаны немесе көне үнді халқының “Ригведа”, “Махабхарата”, “Рамаяна” жырлары тәрізді адам баласының жер бетінде тұңғыш туғызған әдеби ескерткіштерінде б.з.б. 3 — 2 мыңыншы жылдарда пайда болып, келе-келе тұрлаулы эстетик. ұғымға көше берген. Эллада эстет-сы да бірден мектепке айналып, қауырт қалыптаса қалған жоқ. Гректің әдемілік туралы ілімі Пифагор мен пифагоршілердің (б.з.б. 6 ғ.) өнер мәнін санға, Гераклиттің сапаға, Демокриттің мөлшерге, Сократтың өлшемге сайған аңқау аңғарымдарынан басталып, Платонның “сәбилик” филос-сы арқылы Аристотель (б.з.б. 384 — 322 ж.) “Поэтикасына” келіп ұласады. Ал “Поэтика” — күллі көркемөнер туралы тұңғыш филос.-эстетик. трактат қана емес, өз кезіндегі әжептеуір жүйеге түскен бірден-бір әдебиет теориясы. Мұнда поэзияның тегі, мәні, мазмұны, пішіні, әдеби шығарманың композициясы кең әрі келелі сөз болады. Өнер туындысының көп жайларын, әсіресе характер, әрекет, байланыс, шешім, шиеленіс, хабар, түйін, метафора, гипербола, фабула, аналогия т.б. жайларын талдап-тексеруі күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Осы арада айырықша атап айтатын бір шындық: өзіміздің қазақ топырағында — ертедегі түркі халықтарының кіндік қаласы Отырарда (Фарабта) туып-өскен ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Наср әл-Фарабидің (870 — 950) әлемдік білім мен мәдениет аспанында жарық жұлдыздай жарқ етіп, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз дәрежесіне көтерілуі — адам таң қалғандай ғажайып құбылыс. әл-Фараби — дана философ қана емес, майталман математик, үлкен дәрігер, дарынды музыкант, мықты әдебиетші болған адам. Оның “Музыканың ұлы кітабы”, “Поэзия канондары” т.б. зерттеулері — бүкіл дүн. жүз. эстет-ға қосылған айтулы үлес. әл-Фараби өзінің поэзия туралы байыптауларында Аристотельдің “Поэтикасын” талдап-түсіндіруді мақсат ете тұра оны егжей-тегжейіне дейін түгел тексеріп жатпайды; поэзияны трагедия, комедия, драма, эпос, риторика, сатира, поэма т.б. осылар тәрізді бірнеше түрге бөледі де, әрқайсысына жеке-жеке жанрлық сипаттама береді. Мәселен, “Комедия — деп түсіндіреді ол, — арнаулы өлшемі бар поэтикалық жанр. Комедияда әр алуан әрсіз әрекеттер баяндалады, келеңсіз кісілер, олардың кесірлі қылықтары мен кеспірсіз мінездері сықақ етіледі” (әл-Фараби, “Логикалық трактаттар”, А., 1975, 535 бет). Бұл кәдімгідей қалыптасқан, көп ретте дәл және тұрлаулы теор. тұжырым. Батыс Еуропадағы әдеби-эстетик. ілімнің әбден жетіліп, ғылым мен өнердің дүр сілкінген, дүрілдей дамыған тұсы — қайта өркендеу (ренессанс) дәуірі екенін Италия суретшісі Леонардо да Винчи, француз философы Рене Декарт, эстетигі Никола Буало, ағартушысы Дени Дидро еңбектерінен көріп-білуге болады. Бұлардың қай-қайсысы болсын, шын ғылым, шыншыл өнер жолында ортағасырлық схоластикаға қарсы нағыз алыптарша алысқан өнерлілер мен білімділер. Осыдан былай қарай неміс ағартушылары Готхолд Лессинг пен Иоганн Гердер әдебиет пен өнерді ақсүйектер әулетінің ат төбеліндей аз ортасынан кең алаңға — қалың бұқара арасына алып шықты. Ә-дың ендігі дамуы Иммануил Канттың эстет-сына, одан әрі дүниенің түп діңгегі — абс. идея, абс. рух деп білген Гегельдің атышулы тридасына барып тіреледі. Ресейдегі эстет. байыптаулардың басын сөз өнерін зерттеушілер сонау 10 ғ-дағы библиогр. жазбалардан іздеп, кейінгі риторикалар мен пинтикаларға көшіп жүр. Бірақ біз бұл жерде бұл мәселені мұншалық егжей-тегжейлі тексеріп жатпай-ақ, әдебиет пен өнерді шын мәніндегі сипаты тұрғысынан уағыздап, сыншыл реализмнің эстетик. принциптерін теор. жағынан айта қалғандай жарқырата ашқан орыс демократтары В.Г. Белинскийдің, А.И. Герценнің, Н.Г. Чернышевскийдің, Н.А. Добролюбовтың, Д.Н.Писаревтің есімдерін атап өтеміз. Өйткені олардың эстет. ой-пікірлері тек орыс қоғамында ғана емес, бүкіл дүн. жүз. парасат әлеміндегі бір биік болып табылады. Қазақ топырағындағы төлтума қоғамдық ой, оның ішінде эстет. пікір тарихында қазақтың асқан ғалымы Ш. Уәлихановтың, атақты ағартушысы Ы. Алтынсариннің, ұлы ақыны А. Құнанбаевтың алатын орындары айырықша. “Шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыққан” (Веселовский) Ш. Уәлихановтың сөз өнері жайлы ғылымға қатысты еңбектерін ауыз әдебиетін жинау және жинаған нұсқаларын өзінше парықтау деп екі салаға бөлуге болады. Бұл ретте, Шоқанның өзі “дала Илиадасы” деп бағалаған әйгілі қырғыз эпосы “Манастың” бір тарауын тұңғыш жазып алуы, өз халқының ұлаңғайыр өлең-жырларын ел аузынан іздеп-тауып, талдап-тексеріп, оларды араб поэзиясымен салыстыра келе қазақ поэзиясы — саф таза сұлу поэзия екенін, қазақ тілі араб тіліндей бояма, күлді-балам емес, татаусыз төгілген тұнық, мөлдір тіл екенін дәлелдеуі — соншалық байсалды, парасатты, ғылым тұрғысынан әбден піскен, кәмелетті пікір. Нәтижесінде оның поэзияны жалпы жұрттың рухани сусыны ретінде ғана емес, халықтың көркем тарихы, халық тағдырының сырлы шежіресі ретінде пайымдап, сол арқылы сөз өнерінің таным және тәрбие тарапындағы мәні мен маңызын белгілеуі, сондай-ақ қазақ өлеңін бес түрге бөліп, бұлардың  әрқайсысына өзінше мінездеме әрі сипаттама беруі — әдебиет теориясына қатысты толғамдар. Қазақтың болашақ Ә-ының алғашқы кірпішін Ш.Уәлиханов осылай қалаған еді. Ал Ы.Алтынсаринның әдебиет туралы ғылымға қосқан үлесі жұртқа мәлім ағартушылық еңбектерімен сабақтас. Осы бағытта ол қазақтың әдеби тілінің тазалығы, әдеби шығармалардың халықтығы, тәрбиелік мәнінің биіктігі үшін күресті. Ақындардың ақыны А.Құнанбаев өзінің эстетик. көзқарасын жүйелейтін ғыл. трактат жазып қалдырған зерттеуші де, сыншы да емес. Десе де нағыз реалистік поэзияның үлгісін көркеткен шыншыл ақынның, ғасырлар бойғы қазақ өлеңінің игі дәстүрін тың өріске, соны сатыға көтерген жаңашыл ақынның тамаша шығармашылық принциптері, сөз өнері хақындағы ұғым-түсініктері мен ой-пікірлері күллі көркем шығармаларының өнбойында желі тартып жатыр. Сонымен, сайып келгенде, қазақ топырағындағы әр түста әр сипатта көрініс тапқан қоғамдық-эстетик. ой-пікірлердің шын мәніндегі жүйелі әдеби ғылымға айналуы — Абайға дейін емес, Абайдан кейін болған процесс. 1905 ж. Ә. Бөкейханов жазып, жариялаған “Абай (Ибрагим) Құнанбаев” деген азанама — Абайтанудың басы. А. Байтұрсыновтың 1913 жылғы “Қазақтың бас ақыны” атты мақаласы — соның жалғасы. Осыдан былай қарай Абай туралы (дұрысы бар, бұрысы бар) пікір айтпаған, еңбек жазбаған, шығармашылық айтыс-тартысқа араласпаған әдебиетшілер кем де кем. Солардың дәл ортасында талмай еңбектеніп, жан-жақты зерттеп, ақыр-аяғында атақты монографиясы — “Абай (Ибраһим) Құнанбаев” арқылы Абайтану мектебін қалыптастырып тынған М. Әуезов болды. Осылай туып, дамыған қазақтың әдебиет туралы ғылымының бүгінде барлық саласы түгел, тұтас: А. Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқышынан” бастау алып, Қ. Жұмалиевтің “Әдебиет теориясына” жалғасқан, одан З. Қабдоловтың “Сөз өнеріне” (әдебиет теориясының негіздеріне) келіп ұласқан қисын саласы;  М. Әуезовтің “Әдебиет тарихынан” басталып, С. Сейфуллиннің “Қазақ әдебиетінен”, С. Мұқановтың “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінен” әрі қарай өрбіп, Ә. Марғұланның, Б. Кенжебаевтің, Ә. Қоңыратбаевтың, Т. Нұртазиннің, М. Ғабдуллиннің, Х. Сүйіншәлиевтің, М. Сильченконың, Р. Бердібаевтің, М. Базарбаевтың, З. Ахметовтің, С. Қирабаевтың, Х. Әдібаевтің, Ш. Сәтбаеваның, Н. Ғабдуллиннің, Р. Нұрғалиевтің т.б. оқулықтары мен монографиялары — әдебиет тарихы; Ж. Аймауытовтың “Мағжанның ақындығы” секілді үздік үлгісі бар әдеби сын Е. Ысмайыловтың, М. Қаратаевтың, А. Нұрқатовтың, Т. Кәкішевтің, Ш. Елеукеновтың, З. Серікқалиевтің т.б. сын-зерттеулеріне дейін өрістеді. Бұлардың соңынан жедел жетіліп келе жатқан жас ғалымдар мен сыншылар қазақ әдебиеттануын одан әрі дамытып, жаңа белестерге шығарары даусыз.

З. Қабдолов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы. Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға