Қазақстанның қызыл кітабы
Қазақстанның Қызыл кітабы – Қазақстан Республикасы аумағында жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің сипаттамасы берілген арнайы басылым. 1978 жылдан шығарыла бастады. Оның омыртқалы жануарларға арналған бірінші бөлімі жеке кітап болып 1978 ж. жарық көрді. “Қазақстанның қызыл кітабының” екінші бөлімі 1981 ж. өсімдіктерге арналып шығарылды. “Қазақстанның қызыл кітабының” бірінші басылымына тіркелген өсімдіктер мен жануарлар түрлері екі категория бойынша: А категориясы – жойылып кету қаупі төнген түрлер; Б категориясы – сирек кездесетін түрлер деп берілді. “Қазақстанның қызыл кітабының” жануарларға арналған бірінші басылымында омыртқалы жануарлардың 87 түрі: балықтың 4, қосмекенділердің 1, бауырымен жорғалаушылардың 8, құстардың 43, сүтқоректілердің 31 түрі тіркелді. 1991 ж. “Қазақстанның қызыл кітабының” толықтырылған екінші басылымы шықты. Кітаптың екінші басылымына омыртқалы жануарлардың 129 түрі мен түр тармақтары тіркелді. Онда балықтардың 16, қосмекенділердің 3, бауырымен жорғалаушылардың 10, құстардың 58, сүтқоректілердің 42 түрі мен түр тармақтары туралы мәліметтер берілген. “Қазақстанның қызыл кітабының” екінші басылымында алғаш рет омыртқасыз жануарлардың 105 түрі берілді, онда жәндіктердің 96, шаянтәрізділердің 1, ұлулардың 6, құрттардың 2 түрі туралы деректер тіркелген. 1996 ж. “Қазақстанның қызыл кітабының” үшінші басылымы қайта өңделіп, әрі толықтырылып, қазақ тілінде шықты. Бұл үшінші басылымның бірінші томы “Жануарлар”, оның бірінші бөлімі “Омыртқалылар” деп аталды. Онда омыртқалы жануарлардың 125 түрі мен түр тармағы туралы деректер берілген.
“Қазақстанның қызыл кітабының” үшінші басылымында тіркелген жануарлар түрлері 5 категория бойынша: 1-категория – жойылып бара жатқан; 2-категория – саны жылдан-жылға күрт азайып бара жатқан; 3-категория – сирек кездесетін; 4- категория – ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген; 5-категория – қалпына келтірілген түрлер деп берілген. “Қазақстанның қызыл кітабының” үшінші басылымында тіркелген омыртқалы жануарлар түрінің қандай отрядқа, қандай тұқымдасқа жататыны және әрбір жеке түрге қысқаша қазақша, ағылшынша деректер берілген. Сонымен бірге әрбір тіркелген түрдің суреті, Қазақстан аумағында таралуын көрсететін карта және сол жануардың түріне қатысты ақпарат көздері (кітаптар, мақалалар) көрсетілген. “Қазақстанның қызыл кітабының” өсімдіктерге арналған бірінші басылымында өсімдіктердің 307 түрі тіркелген. Онда жабықтұқымдылардың 288, ашықтұқымдылардың 2, қырыққұлақ тәрізділердің 3, мүктердің 3, саңырауқұлақтардың 10, қыналардың – 1 түрі берілген.
“Қазақстанның қызыл кітабының” әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні зор. Ол жастарды табиғатты аялай білуге, оның қамқоршысы болуға тәрбиелейді.