Бүгін Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жыл толды
Еуропалық үлгідегі кәсіби музыкаың негізін қалаушылардың бірі, композитор Мұқан Төлебаевтың 100-ден астам шығармасы бар. Сондай-ақ спектакльдер мен кинофильмдерге музыкалар, кантаталар, опералар, камералық-аспаптық туындылар және хорға арналған симфониялық шығармалар жазды. Олардың ішінде «Амангелді» (Ғ.Мүсіреповтің либреттосы) операсы, «Қазақстан» симфониялық поэмасы мен «Коммунизм оты» кантатасы сияқты шығармалары шоқтығы биік туынды. Оның «Біржан-Сара» операсы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің екінші онкүндігі барысында Мұқаңның «Біржан - Сара» операсы орындалып, Роза Жаманова (Сара) мен Мұқан Төлебаевқа КСРО халық әртістері атағы берілген. Оның мол мұрасы – қазақ мәдениетінің асыл қазынасы, таусылмас байлығы болып қала бермек.
Биыл тума таланттың құрметіне Қазақстанда және Түркияның бірнеше қаласында маңызды мәдени шаралардың өткізілу жоспарланып отырғандығын, сондай-ақ, ТҮРКСОЙ ұйымдастырып өткізетін жыл сайынғы дәстүрлі опера күндері аясында түркі елдерінің белгілі өнер қайраткерлері мен әншілері Мұқан Төлебаевтың шығармаларын орындайтындығын да Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлауда.
BAQ.kz