Жаңалықтар

Бұқар жырау

Соңғы редакциялау: 12 қазан  2012 Бұқар жырау, Бұқар жырау Қалқаманұлы – әйгілі жырау. Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Бұқар жырау Баянауылдағы Далба тауы бойында 1693 ж. өміргі келіп, кіндік қаны тамған жерінде 1787 ж. тоқсан төрт жасында дүние салған. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Бұқар жырау қазақ халқының Жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Жырау азаттық жолында ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасады. Жыраудың «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталады. Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде, Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі екі алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасайды. Бұқар жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленеді. Бұқар жырау дәуір, өмір, тұрмыс-тіршілік құбылыстарын және олардың себеп-салдарын түп-тамырынан қозғап қана қоймаған, білгір дана қиял қанатында самғап, келешек заманның кереметін де көре білген, көрегендікпен болжай таныған: «Әлемді түгел көрсе де, Алтын үйге кірсе де, Аспанда жұлдыз аралап, Ай нұрын ұстап мінсе де, – Қызыққа тоймас адамзат!» Бұқар жырау шығармаларының текстологиясы әлі күнге ретке келтірілмеген. Оның мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Григорий Потанин, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Қайым Мұқаметқанов, Мұхтар Мағауин, Рәбиға Сыздық, т. б. секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірді.    
08.11.2012 11:39 15038

Соңғы редакциялау:

12 қазан  2012

Бұқар жырау, Бұқар жырау Қалқаманұлы – әйгілі жырау. Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Бұқар жырау Баянауылдағы Далба тауы бойында 1693 ж. өміргі келіп, кіндік қаны тамған жерінде 1787 ж. тоқсан төрт жасында дүние салған. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Бұқар жырау қазақ халқының Жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Жырау азаттық жолында ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасады. Жыраудың «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталады.

Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде, Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі екі алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасайды. Бұқар жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленеді.

Бұқар жырау дәуір, өмір, тұрмыс-тіршілік құбылыстарын және олардың себеп-салдарын түп-тамырынан қозғап қана қоймаған, білгір дана қиял қанатында самғап, келешек заманның кереметін де көре білген, көрегендікпен болжай таныған: «Әлемді түгел көрсе де, Алтын үйге кірсе де, Аспанда жұлдыз аралап, Ай нұрын ұстап мінсе де, – Қызыққа тоймас адамзат!»

Бұқар жырау шығармаларының текстологиясы әлі күнге ретке келтірілмеген. Оның мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Григорий Потанин, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Қайым Мұқаметқанов, Мұхтар Мағауин, Рәбиға Сыздық, т. б. секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірді.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға