Моңғолияда қазақ тілді жаңа басылым жарық көрді
«Қазіргі демократиялық қоғам аз ұлттың мүддесін қорғап, өз тілін, дінін, салт-дәстүрін сақтап қалуына үлкен мүмкіндіктер туғызып отыр. Соның арқасында біз тілдің шұбарланып, діннің әлсіреп, дәстүрдің солғындамауы үшін ұлт алдындағы парызымызды орындауға тырысып жатырмыз. «Тарлан тағзым» журналы да осындай ұлы мұраттың жетегінде дүниеге келді. Алайда, Моңғолиядағы орны өгейсіген қазақ басылымының орнын толықтау оңайға түскен жоқ. Журналымыздың алғашқы санының шығуына «Көшелік» компаниясы тікелей демеушілік жасап отыр»,-дейді Аманкелді Шалабай.
Жаңа журналдың ондағы қазақ оқырмандарына берген әсері де өзгеше көрінеді. «Көкбөрі» блогының иесі Жанарбек Ақыбиұлының айтуынша «Тарлан тағзым» тұңғыш санынан-ақ тағлымы терең тың дүниелерді оқырманға ұсына білді. «Жұрт ғаламтордың ғаламатын сезініп, бір сарынды болған баспасөздің заманы артта қалды десек те Баян-Өлгийде газет, журнал атаулы тұралап, жандана алмай қойғаны. Осы қарсаңда бұрынғыны бұрмаламай жеткізіп, бүгінгі мен болашақты сөз етер түрлі-түсті журналдың алғашқы нөмірі қолымызға тиісімен-ақ балаша мәз болып қуандым. «Тарлан тағзымның» ішін ашып қарап жіберіп-ақ атына заты сай еңбек істелгенін бірден байқайсың. Журнал «Өзге емес өзімді айтам, өз жайымды» деп аңқылдап тұр. Моңғолия қазақтарына кітап оқу ертегі болған мына заманда «Тарлан тағзым» журналының елге берері көп деп білемін. Алдағы уақытта үлкен үміт артқан басылымымыз өзіңді менсінбей, өзгенің «өсегін» ғаламтордан жұлып алып іле салар материалдан аулақ болып, еш авторсыз біреудің әр түрлі тақырыпта түсірілген суретін ұрлап шығара салатын жаман әдеттен аулақ болса екен деген тілегім бар»,-дейді ол.
Басылым басшылары «Тарлан тағзым» әмбебап журналының екінші саны Наурыз мерекесіне арналып дайындалып жатқанын қуана жеткізді.
Майгүл СҰЛТАН, Baq.kz