Астана - 1952-1961 жылдар аралығы
1952
16 ақпан — құрылысшылар 235 километрде Босшыкөл бекеті маңында Ақмола-Павлодар темір жол құрылысын аяктап, пайдалануға берді. Ақмола ірі темір жол торабына айналды.
1954
2 наурыз - КОКП ОК Пленумы «Елде астық өндіруді әрі қарай ұлғайту, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» Қаулы шығарды.
2 наурыз — Ақмола бекетіне Алматыдан алғаш ерікті эшелон келіп жетті.
5 наурыз — Ақмола бекетіне тың жерлерді игеруге келген мәскеулік алғашқы ерікті эшелон келіп жетті.
Мамыр — Тың жерлерді жырту басталды. Далалық жерлерде «Любимовский», «Красивинский», «Изобильный» және т.б. кеңшарлардың орталық мекендері салына бастады. Целиноград қаласында Теміржолшылардың мәдениет сарайы салынды.
Қазан — Ауыл шаруашылық институтын ұйымдастыру туралы КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысы шықты.
1957
Алматылық «Горсельстройпроект» қаланың алғашқы Бас жоспарын әзірледі. Сол кездердің құрылыс принциптерін бейнелей отырып, жоспар көлемі 6-10 га кварталдан тұратын қаланың тұрғын аймағын қамтыды. Бұл ретте құрылысты көп кабаттылығы бойынша тиісті аймаққа бөлу арқылы бір қабаттан 5 қабатқа дейінгі құрылыс салу түрі басым болды. Жекеше тұрғын үйлер салу аймағы да қарастырылды. Аталған Бас жоспар бойынша құрылыс 1961-1962 жылдарға дейін жүзеге асырылды. Осы жылдары Монин көшесінде, Бейбітшілік көшесінде басым, сондай-ақ қаланың шығыс бөлігінің бір-қатар кварталдарында 2-3-4 кабатты үйлер салынды. Қазак темір жол басқармасының тапсырысы бойынша Сталин-Магнитогорск магистралі баскармасының мердігерлері Монин көшесінде архитектуралық сәулет ансамблін және Бейбітшілік көшесі бойынша ірі панельді кешендер салды.
1960
26 желтоқсан — ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Тың өлкесін құру туралы Қаулы қабылдады. Өлке құрамына Солтүстік Қазақстанның 5 облысы: Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан кірді. Өлкенің әкімшілік орталығы Ақмола болды. Тың өлкесі көлемі 600 мың шаршы км болатын орасан зор аймақты алып жатты, онда 508 кеңшар мен 107 ұжымшар қызмет жасады. Жыртылатын жердің аумағы 18 млн гектарға жетті. Тың өлкесінің халқы 3,6 млн адам, яғни республика халқының үштен бір бөлігін кұрады. Өлке құрамына аталған облыстардан бөлек өлкеге бағынатын 14 аудан және 5000-нан астам елді мекен кірді.
1961
20 наурыз — ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Акмола қаласын Целиноград қаласы деп атау туралы Жарлық шығарды.
24 сәуір — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Целиноград облысын құру туралы Жарлық шығарды, оған Атбасар, Балкашин, Баранкөл, Вишневка, Есіл, Калинин, Қима, Қорғалжын, Макинский, Новочеркасский, Ленинский, Целиноград, Шортанды және Еркіншілік аудандары кірді.
Казан — Тың игерушілер сарайы салына бастады.
16 желтоқсан — КСРО Министрлер Кеңесі «Целиноград қаласын дамыту туралы» № 1112 Қаулы қабылдады. Осы Қаулы арқылы КСРО Министрлер Кеңесі ҚазКСР Министрлер Кеңесін, КСРО Мемқұрылысты және Тың өлкесі атқару комитетін Целиноград қаласын дамытудың Бас жоспарын әзірлеуді жүктеді. Қаланы дамытудың Бас жоспары жобасын әзірлеу еліміздің жетекші жобалау және ғылыми-зерттеу институттарына: Комитет басқармасына, Құрылыс және сәулет академиясына, Бас құрылыс жобасына және КСРО Мемқұрылыстың басқа да ведомствоаралық мекемелері мен ұйымдарына тапсырылды. Қаланың Бас жоспарын әзірлеу бойынша негізгі жұмысты атқаруды Қалалық құрылыс жобасының Ленинград бөлімі өз міндетіне алды.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы