Жаңалықтар

Қазақ балалар әдебиеті

Қазақ балалар әдебиеті – қазақ әдебиетінің мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған саласы.
21.11.2014 03:42 82750

Қазақ балалар әдебиеті – қазақ әдебиетінің мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған саласы. Оның қайнар көзі қазақ фольклорынан бастау алады (қ. Қазақ балалар фольклоры). Қ. б. ә-нің алғашқы жазба үлгілерін 19 ғ-да Ы.Алтынсарин жасады. Ол балаларды өнер-білімге тәрбиелейтін, еңбекке баулитын, этик., эстет. тәрбие беретін өлеңдер мен әңгімелер жазды. Сондай-ақ, қазақ фольклорынан балалардың тіліне, ұғымына жеңіл шығармаларды іріктеп, орыс балалар әдебиетінен қысқа да қызықты әңгімелер аударып, құрастырды, ана тілінде алғашқы оқулық (“Киргизская хрестоматия”, 1879) бастырып шығарды. Сөйтіп, бала тіліне лайықты, ойына қонымды ойнақы өлеңдері мен қызықты әңгімелері арқылы педагог-жазушы Қ. б. ә-нің негізін қалады. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев “Ғы-лым таппай мақтанба”, “Интернатта оқып жүр”, “Әсемпаз болма әрнеге” деген өлеңдерінде қазақ балаларын оқуға, өнерге үндеді. Қазақ балаларына арналған оқулықтар мен өлеңдер жинақтары 20 ғ-дың басында көбейе бастады. 1912 ж. орыс ақын-жазушыларының мысалдарын қазақ тіліне аударып, оған өзінің төл шығармаларын қосып, “Үлгілі тәржіма” атты кітап және “Үлгілі бала” оқулығын шығарған педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің де Қ. б. ә-н дамытуға сіңірген еңбегі мол. Қ. б. ә-нің Қазан төңкерісіне дейінгі белгілі үлгілері қатарында М.Кәшімовтің “Әдеп” (1907), “Ақыл” (1908) атты жинақтарын, М.Нұрбаевтың “Көргенді бала – үлгілі ана” (1908), Ғ.Мәжитовтың “Қазақ шәкірттеріне ақыл” (1910), М.Дибердиевтің “Қазақ балаларына қирағат кітабы” (1910) кітаптарын, сондай-ақ, Т.Жомартбаевтың “Балаларға жеміс” (1912) атты өлеңдер жинағын атауға болады. Ақын С.Торайғыров балаларға арнап өз кезіндегі өзекті мәселелерді өрнектеген өлеңдер жазды (“Шәкірт ойы”, “Оқып жүрген жастарға”, “Бір балуанға”, т.б.).

Кеңес дәуірінде идеологияның өзекті бір саласы ретінде балалар әдебиетінің де дамуына арнайы көңіл бөлінді. Алғаш шыға бастаған “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газеті мен “Пионер” (қазіргі “Ақ желкен”) журналында, “Пионер” (“Октябрь балалары”, “Қазақстан пионері”, қазіргі “Ұлан”) газетінде балаларға арналған өлең-жырлар, әңгімелер жарияланды. С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ш.Иманбаева жеке өлеңдерін, І.Жансүгіров “Малта”, “Шәркей” (1929), “Жұмбақ” (1930) сурет-кітапшаларын, Ө.Тұрманжанов “Қошан кедей” (1927) әңгімелер жинағын шығарып, Қ. б. ә-нің дамуына елеулі үлес қосты. 30-жылдары Қ.Әбдіқадыров, А.Тоқмағамбетов, Т.Жароков, Ж.Саин, Ж.Сыздықов балаларға арнап өлеңдер жазды. 40-жылдардағы Қ. б. ә-нде Қ.Аманжоловтың, М.Хакімжанованың, Ә.Тәжібаевтың, Ғ.Ормановтың балаларға арналған өлең-тақпақтары жиі жарияланып тұрды. 50-жылдардан бастап қазақ балалар поэзиясында бала психологиясына терең бойлаған балалар ақындары бой көрсетті. Ақын-жазушылар Ө.Тұрманжанов, С.Бегалин, М.Әлімбаев, Ә.Дүйсенбиев, Қ.Мырзалиев, Қ.Ыдырысов, Ж.Смақов, Қ.Баянбаев, С. Қалиев, Е.Егеубаев, т.б. балаларға арнап, көптеген кітаптар жазды. Оларда балаларды Отанды сүюге, ғы-лым, білімге жетелейтін тартымды тақпақтар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, ертегілер мол. Қ. б. ә., сондай-ақ, сатиралық шығармалармен (О.Әубәкіров, Ш.Смаханұлы), жаңа поэмалармен (Х.Ерғалиев, Ә.Сәрсенбаев), жаңаша ертегілермен (Ө.Тұрманжанов, Қ.Мырзалиев, Ә.Ахметов, Ыдырысов), ақындар Ж.Өмірбековтің, І.Мәмбетовтің, Қ.Мүсіреповтің, Т.Молдағалиевтың жинақтарымен, суретше-кітаптарымен толысты. Қ. б. ә-нің проза саласын дамытуға Тұрманжанов, Бегалинмен қатар М.Иманжанов, С.Омаров, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, т.б. жазушылар айтарлықтай үлес қосты. Қ. б. ә-нде ерлікті (С.Бақбергенов, “Талғат”, Қ.Қайсенов, “Жас партизандар”, еңбекті (М.Сүндетов, “Балық аулай барғанда” т.б.), спортты (С.Бердіқұлов, “Жұмыр жерде теңбіл доп”), оқу мен тәрбиені, ар-намысты, адамгершілікті, тарихи дәстүрді (Иманжанов, Н.Сералиев, М.Гумеров) дәріптейтін көркем повестер, романдар жазылды. Ғылым жетістіктерін бейнелейтін шығармалар туды. Қ. б. ә-нің өрісі одан әрі кеңейіп, “Бөбектерге тарту” (1961), “Алтын күн аясында” (1963), “Балдырғанның базарлығы” (1965), “Жыл он екі ай” (1965 жылдан бері жыл сайын шығып тұрды). “Біздің кітап” (1967, 1974), “Кел шырқайық, балалар” (1973) сияқты жинақтар басылып шықты. 30-жылдардан бастау алған драматургия саласы да Қ. б. ә-нде қызу қолға алынып, лайықты жалғасты. Жазушылар І.Жансүгіров, Ш.Хұсайынов, С.Омаров, Т.Ахтанов, Ш.Ахметов, т.б. – балаларға арналған алғашқы пьесаларын жазды. 50-жылдары Хұсайыновтың “Есірткен ерке”, М.Ақынжановтың “Ыбырай Алтынсарин“ пьесалары Респ. жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасында қойылды. 1960 – 70 жылдарда Б.Ысқақовтың, Б.Тәжібаевтың, Қ.Ыдырысовтың пьеса, инсценировка жинақтары шықты. Қ. б. ә-нің ең қаулап дамыған кезеңі – 70 – 80 жылдарда балаларға және жастарға арналған шығармаларды жариялайтын “Жалын” баспасы ашылып, баспаның жанынан респ. жабық әдеби байқау өткізіліп, балалар әдебиетінің одан әрі өркендеуіне айрықша игі әсер етті. Т.Нұрмағамбетов, О.Бөкеев, К.Ахметова, М.Қабанбаев, Н.Дәутаев, Қ.Омаров, М.Айымбетов, А.Асылбеков, Т.Сәукетаев, Ө.Ақыпбеков, т.б. ақын-жазушылар Қ. б. ә-н жанрлық-көркемдік тұрғыдан байытуға айтарлықтай үлес қосты. Бұған дейінгі кезеңдермен салыстырғанда, 70 – 90 жылдардағы балалар әдебиеті өмір шындығын қамту өрісінің кеңдігімен, шеберлік деңгейінің биіктігімен ерекшеленеді. Мыс., шытырман оқиғалы шығармалардың төм. сынып оқушыларына арналған үлгілері (С.Жұбатыров, “Отты өткел”, Н.Мұраталиев, “Жасылкөлдің құпия тұрғыны”), таңғажайып оқиғалы повестер (Жұбатыров, “Алыстағы аралдар”, Н.Мұраталиев, “Ғажайып мекенге саяхат”) балалардың қызыға оқитын шығармаларына айналды. Мұндай шығармалар өз кезінің өзекті әлеум.-моральдық мәселелерін балалардың ой өрісіне, талғамына лайықтап, өрнектей білді. Әлімбаев, Мырзалиев, Молдағалиев, Е.Өтетілеуов, т.б. өлеңдері нақтылығымен, әрі қысқа, әрі нұсқалығымен, оқиғалығымен, танымдық мәліметтерінің молдығымен балалар үшін бағалы базарлық болды. Бұл жылдардағы балалар әдебиетінің мәселе қою сипаты да айрықша. Қ.Омаровтың, Р.Әбілқадырованың, Дәутаевтың, Н.Ақышевтың, С.Дүйсенбиевтің, Қ.Түменбаевтың, Ж.Қорғасбектің, т.б. балаларға арнаған туындыларында кейіпкерлер өздеріне етене табиғи ортада танылумен бірге, заманымыздың көкейкесті мәселелеріне араласады, оны шешудің жолдарын іздейді. Қ. б. ә-нің әр кезеңде әрқилы дамуына қоғамдық-әлеум. жағдай, тарихи-саяси талаптар шет ел әдебиеті әсер етті.

Б. Ыбырайым

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға