Бүгінгі күні еліміздегі жастар ұйымдары тек мемлекеттік тапсырыс есебінен ғана жұмыс жасап жатыр. Бюджеттік қаржыны күтпей, өзге қаражат көздерін іздейтін уақыт жетті. Бүгін жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында ҚР білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Біз бүгінде жастар ұйымдары өз жұмыстарын қайта құрады деген үміттеміз. Жетекшілерінен тек қана әдемі сөздер ғана емес, жастар ұйымдарының жұмысын тиімді ұйымдастырып, қаражат тартып, мемлекеттік органдар мен жеке меншік құрылымдармен бірлесе әрекет етулерін күтеміз.
Қаражат нәтижесін беретін жобаларға ғана жұмсалуы тис. Жаппай шаралар, түрлі дөңгелек үстелдер, митингілер, форумдар өткізуді қою керек. Бюджеттік қаражат жастар мәселесі шеше алатын жұмыстарға ғана жұмсалуы тиіс»,- деді Мұрат Әбенов.
Вице-министр бүгінде еліміздегі жастар ұйымдарының тек мемлекеттік тапсырыс есебінен ғана жұмыс жасап жатқанын сынға алды.
«Тағы бір айта кетерлік жайт, кейбір жастар ұйымдары тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істеуде. Бұл дұрыс емес. Өзге қаражат көзін іздеу керек. Кейбір шараларды ұйымдастырушылық ресурсқа, өз шығармашылық әлеуеттеріңізге сүйеніп өткізу керек. Әдетте, желтоқсанда барлық іс-шаралар аяқталады. Сөйтіп тендер өткізгенге дейін жастар ұйымдарын естімейміз, көрмейміз. Менің ойымша, жастар көшбасшыларды тек мемлекеттік тапсырысты орындаған кезде ғана көрмеулері тиіс»,- деген пікірін білдірді Әбенов.
Осыған орай білім және ғылым министрлігі биыл жастар ұйымдары жетекшілерінің біліктілігін арттыру бойынша бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Айымгүл Әбілева
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға