Қариялар жастарға жолын берсін. Турасын айтқанда орнын берсін. Ақмола облысы Атбасар ауданының тұрғындары облыс әкіміне осындай шағым айтып отыр. Сөздеріне сенсек, аудандағы атқарушы қызметтерде отырғандардың көпшілігі зейнет жасынан асқандар екен. Ал, жастардың көпшілігі жұмыссыздықтан сандалып кеткен.
«Мәселен, Қазақ тілін оқыту орталығын басқарып отырған Ж.Пшенова мен қызметкер Д.Борумбаевалар зейнетке шығып қойған. Борумбаева – аудандық мәслихат хатшысының әйелі. Ал, мәдениет бөлімін басқарып отырған С.Сыздықова өз саласына қандай еңбегін сіңірген? Сыздықованың салғырттығынан аудан мәдени шаралардан, байқаулардан жұрдай қалып келеді. Бір қызметті он жылдан астам уақыт істеген маманның орнына білікті жастар келсе» дейді әкімге хат жазған атбасарлықтар.
Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхамбетов болса шағымда айтылған фактілерді жоққа шығармайды. Тек, барлығы заң аясында атқарылып жатыр дейді ол.
«Кәсіби біліктілігін және қызметтегі тәжірибесін ескере отырып, 2012 жылдың маусым айында «Мемлекеттік тілді оқыту орталығының» директоры қызметіне Ж.А.Пшенова келісімшарт негізінде тағайындалған. Сонымен қатар, аталмыш орталыққа 2012 жылдың 3 қыркүйегінде Д.Р.Тушембекова (Д.Р.Борумбаева) әдіскер маман ретінде қызметке алынған. Ол 2012 жылдың қаңтар айынна бері зейнетте. Алайда, аталған фактілердің ешқайсысы ҚР заңнамаларына қайшы келмейді. Ал, С.Т.Сыздықова аудандық мәдениет және тілдерді дамыту орталығының бастығы лауазымына лайықты деп танылған» дейді Қосман Қайыртайұлы.
Дегенмен, облыс әкімдігі тарапынан аудан әкімі Сағдиевке көтеріліп отырған мәселелер бойынша ұсыныс жолданыпты. Қарттардың жастарға жол беру-бермеуін енді Атбасар ауданының басшылығы шешетін болады.
BAQ.kz
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға