Жаңалықтар

Чу Янгмин: Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегей институтының тәжірибесі Кореяға қажет әрі тиімді

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында өзінің қазақша таза сөйлеуімен таңғалдырған корей қызы Чу Янгминге жолығып, әңгіме-сұхбат құрған болатынбыз.
30.04.2019 00:00 1824

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында өзінің қазақша таза сөйлеуімен таңғалдырған корей қызы Чу Янгминге жолығып, әңгіме-сұхбат құрған болатынбыз. 

Ол қазақ тілін жақсы көріп, осы тілді үйрену үшін арнайы Қазақстанға оқуға түсуге келген. Сұхбатымызда Янгмин тіл үйрену, сондай-ақ Қазақстандағы қызықтары жайында сыр шертті. 

Әлқисса, Қазақстанның Тәуелсіздік алған жылдарында еліміз көркейе түсіп, тарихында елеулі оқиғалар орын алып, айтарлықтай биік тұғырлы мемлекетке айналдық.

Көпұлтты мемлекетіміздің болашағы бұлыңғыр болады деген сарапшылардың пікірі жансақ болып, қаншама ұлт бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп отыр. Мұның бәрі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің айрықша үлгісін қалыптастырған Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігінің жемісі.

Ассамблеяның ықпалы және үлесі шартарапқа тарап, шетелдік мамандардың зерттеу нысанына айналуда.

Сондай маманның бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің докторанты Чу Янгмин.     

— Янгмин, әңгімемізді сіздің қазақ тілінде сөлей білу қабілетіңізден бастасақ. Қазақ тілін қай уақыттан бері үйреніп жүрсіз?

Кореядағы Хангук шет тілдері университетінің «Орталық Азия тілдері» факультетінде қазақ және өзбек тілдері оқытылатын бөлімдер бар. Ол 2004 жылы құрылған болатын. Мен өзіңіз біліп тұрғандай, қазақ тілін таңдап, үйрене бастадым және осы факультетте оқыған екінші студентпін. Сөйтіп біздің факультетте төрт жыл бойы қазақтардың тілін, мәдениеті мен дәстүрлерін оқыдым. Сонымен қатар магистратурадан «Аймақтану» мамандығын бітіріп шығып, Орталық Азия тақырыбында диссертация жазған болатынмын.

Диссертациялық жұмысымды жалғастыру мақсатында 2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің докторантурасына түстім.

Жалпы қазақ тіліне деген қызығушылығым түріміз ұқсас, бірақ мәдениетіміз бөлек, көшпенді өмір салтын ұстанған халықты терең тануға деген ықыласымнан басталды.

— Сіз 2007 жылы Алматыға келіп, бір жыл бойы білім жетілдірген көрінесіз. Еліміздің тағы қай қалаларында болдыңыз?

— Мен Алматыда ҚазМУ университетінде студенттер алмасу бағдарламасы бойынша бір жыл оқыдым. Алматы Қазақстанның мәдениет орталығы іспеттес, маған ұнады. Сонымен қатар Қарағанды, Қостанай, Қызылорда қалаларын араладым. Ендігі Тараз, Семей, Атырау қалаларына барсам ба деймін. Докторлық диссертациямды қорғаған соң жоспарымды жүзеге асырсам деген ниетім бар.  

Менің зерттеу тақырыбым Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ол Нұр-Сұлтан қаласында орналасқандықтан, осында оқуды ұйғардым. Өйткені білімімді іс-тәжірибеде қолдану қажет болады ғой. Дегенмен саясаттану қызықты болғанымен, аймақтану мен үшін ерекше ғылым саласы екенін ұғындым. 

Ассамблеяны тақырып ретінде таңдаған себебім – Корея моноэтникалық мемлекет, оған басқа көпэтникалық қоғамды мемлекеттердің тәжірибесі қажет. Өйткені қазір бізде өзге ұлттар өмір сүріп жатыр.

Қазақстанның Ассамблея сияқты ерекше институтының тәжірибесі Кореяға қажет әрі тиімді деп санаймын.

Магистратурада оқып жүрген жылдарымда Ассамблеяның адамдардың өміріне үлкен ықпалы тиетінін байқап, жағымды нәтиже шығатынына көзім жетті. Кореяда Қазақстан, Ассамблея туралы ақпарат аз болғандықтан, Қазақстанға келіп, зерттеу жүргізуді шештім.

Қазіргі таңда Корея үкіметі мемлекетте тұрып жатқан мигранттарға, басқа этнос өкілдеріне тілдерін, дәстүрлерін сақтап қалуға жағдай жасау қажеттілігін талап етуде. Бізде көп уақыт бойы тек корей халқы тұрғандықтан, Қазақстанның осы саладағы жұмысы біз үшін жаңалық болады.

Ата-анам бұрын Қазақстан туралы білген жоқ еді, қазір мен осы жерге оқуға түскен соң олар көп қызығушылық білдіруде. Қазақстан туралы деректі фильм көргенде, маған сілтемелерін жіберіп тұрады. Ендігі оларда Қазақстан жақын, дос мемлекет деген пайым қалыптасты.

Достарым мен екі сіңілім мен арқылы Қазақстанға саяхаттауға қызығушылық білдіріп, осында келген еді. Әсем Нұр-Сұлтанның шырайын көріп қайтты. Ата-анам диссертация қорғайтын кезімде Елордаға келмекші.

Жалпы Корея халқы Қазақстанды аты әйгілі тұлғалар арқылы танитынын, Қазақстанның имиджіне Сабина Алтынбекова, Геннадий Головкин жағымды үлесін қосып жүргенін айтқым келеді. Денис Тенді де құрметтейтін...

— Қазақстанға алғаш келгендегі қызық болған тұстары қандай?

— 2005 жылы ең бірінші рет Қазақстанға келгенде, Алматының бір ауылына бардық. Біздің көзімізше мал сойылып, артынша ет жеуге шақырды да, алдымызға қойдың басын әкеліп, оның көзін, миын, құлағын жегізді. Бұл мен үшін мәдени шок болды.

Қазақтар өте ашық және қонақжай халық. Астанаға бірінші рет екі аптаға келгенде, достарым қарсы алып, керек жерлерге көлікпен апарып жүрді. Күнде қалымды сұрап, қонаққа шақыратын.

Астанада Қазақстандағы корей ұлтының өкілдерімен жиі кездесемін. Олар көбінесе орысша сөйлейді, мен қазақша сөйлеймін. Бір-бірімізді аса түсінбесек те, арамызда достық жылы қарым-қатынас орнады.

Маған қазақтардың шай ішу рәсімі таңғалдырды әрі ұнады. Кореяда бізде көбінесе «кофешоп» кең таралған, шайды өте сирек ішеді. Қазақстанда тұрғалы өзім де қазақтар сияқты шайшыл болдым.

Сіздерде шай құйғанда кесені толтырмай, жиі-жиі құяды екен. Бұл шай суып қалмас үшін деп түсіндірді.  

Сонымен қатар қазақтардың ет жеуі таңдандырады. Мені ет жеуге шақырса, міндетті түрде табақтағы етті суретке түсіріп, әлеуметтік желіге саламын. Осы жылы мен етті он үш рет жедім. Бұл мен үшін өте көп деп санаймын. Жалпы кореялықтарға бұл тағам ұнайды, себебі, біздің халқымыз да ет, сорпаны жақсы көреді. Бірақ қазақтар бізден гөрі ет тағамдарын көп жейді екен.

Біздің мемлекетіміздің өз тамақтану ерекшеліктері бар, мысалы, Кореяда адамдар кейде бір-бірімен кездескенде, қал сұрасудың орнына ең әуелі «Тамақ іштің бе?» деп сұрайды. Оның мағынасы «Қалыңыз қалай?» дегенмен бірдей.    

— Қазақ тілінде кітап оқисыз ба?

— Ассамблеяға қатысты мақалаларды оқимын. Әдеби кітаптарға келетін болсақ, «Абай жолын» оқуды бастадым, бірақ ол маған қиындау. Мен оны түсіну үшін қазақ тілін тереңдетіп оқуым қажет.

— Қазақстанда бастан кешкен қызықты оқиғаларыңыз бар ма?

— Бірде дүкенге барып, сатушы ер кісіден қазақша доңыз етін көрсетуін сұрадым. Ол мені доңыз етін жейтін қазақ қызы деп ойлағандықтан, «Қызым, неге оның етін жейсің» деп ренжіді. Мен Кореядан келген кәріс қызы екенімді айтқанда, өте таңғалды.

Бірде Кореядан келген делегацияға Нұр-Сұлтан қаласын аралаттым. Олар мені кәріс тілін жақсы білетін осы Қазақстанның тұрғыны деп қабылдады.

— Қазақстан халқы Ассамблеясын зерттеп жүрген маман ретінде қандай ой қалыптастырдыңыз?

— Ассамблея орталық пен аймақтарды қосатын, адамдар мен үкіметті біріктіретін медиатор деп ойлаймын. Ассамблея Қазақстандағы халықтардың өз тілін, мәдениетін, дәстүрлерін сақтап қалу үшін барлық жағдайды жасап отыр. Әр мемлекеттің өзінің мәдени-гуманитарлық күші бар. Мысалы, Кореяның ықпалы К-поп, дорамаларда (кәріс телехикаялары) болса, Қазақстанның ықпалы Ассамблеяда. Ассамблея Қазақстан халықтарының бірлігін асқақтатып отырған әлемге ықпалы бар институт.

— Нұр-Сұлтандағы сүйікті жерлеріңіз?

— Мен «Бәйтеректің» маңайында тұрғанда, таңмен Ақордаға апаратын жолмен жүгіруді ұнататынмын. Осындай көріністі тамашалап жүрген әр адам патриотқа айналады деп ойлаймын.

Нұр-Сұлтан тұрғындары өте ұнайды, олар маған өте көп көмек жасады. Маған жергілікті тұрғындардың көмегінсіз осы жерде жүріп-тұру қиынға соғушы еді. Оларға алғысымды білдіргім келеді.  

— Янгмин, сұхбатыңызға рақмет.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға