Жаңалықтар

Чех тарапы Қазақстанмен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі

Чех тарапы Қазақстанмен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі
Фото: СІМ-нің баспасөз қызметі 02.12.2023 00:28 981

Прагада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева мен Чех Республикасы Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Петр Тржешняктың қатысуымен қазақстан-чех бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі СІМ-ге сілтеме жасап. 

Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ және Чехия Сауда палатасы бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік органдардың, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, салалық және өңірлік іскер-қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты», «Talas Investment Company», «BioProm Technologies» «Škoda Transportation», «Sigma Pumpy», «Czechoslovak Group», «Omnipol», «Primoco», «Tatra», «Zetor», «Transco Bohemia», «Ferrit» және т.б. жетекші қазақстандық және чех компанияларының басшылары келді. Форум жұмысына барлығы 100-ден астам делегат қатысты.

Іс-шараның ашылуында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Н. Нұрбаева, ЧР Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары П. Тржешняк, Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Б.Дүйсенбаев және Чехия Сауда палатасының Вице-президенті Р. Якубский сөз сөйледі.

Н. Нұрбаева өз сөзінде Қазақстан Орталық Азияда инвестиция тарту бойынша көшбасшы екенін атап өтті. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында Республика 420 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартуға қол жеткізді.

Чех бизнесінің Қазақстанда бірлескен жобаларды іске қосуға деген қызығушылығының артуы еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға көп көңіл бөлінетіндігінің дәлелі болып табылады. Серпінді инвестициялық жобаларды іске асыру үшін бізде барлық қажетті алғышарттар бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға