Cемейде дзюдодан жастар арасындағы ел чемпионаты аяқталды
Семейде дзюдодан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты мәресіне жетті. Ел біріншілігінің жекелей сайысында медаль саны бойынша Абай облысы (3 алтын, 1 күміс) көш бастады. Ақтөбе облысы (2 алтын, 2 күміс) құрамасы екінші орыннан көрінсе, Қостанай облысының (2 алтын) жас дзюдошылары үздік үштікті түйіндеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан чемпионатының соңғы жарыс күнінде 19 команда аралас-командалық жарыс бойынша үздікті анықтады. Нәтижесінде, Жамбыл облысының жас татами шеберлері қарсылас шақ келтірмей, аралас-командалық жарыстың жеңімпазы атанды. Финалға шыққан Қарағанды облысы күмісті місе тұтса, Қостанай облысы мен Алматы қаласының құрамалары қола жүлдені өзара бөліп алды.
4 күнге созылған Қазақстан чемпионатына Астан, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ, еліміздің 16 облысынан барлығы 517 спортшы қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев Абай облысындағы дзюдо спортының даму қарқынын тілге тиек етіп, ел біріншілігін ұйымдастырушыларға алғысын айтты және жас дзюдошыларға сәттілік тіледі.
««Абай облысы – Қазақстанға мықты дзюдошылар сыйлаған дзюдо мектебі құрылған өңір. Осы киелі жерден әлемдік аренада, Олимпиадада және әлем чемпионаттарында елдің намысын абыроймен қорғаған көптеген татами шеберлері шықты. Соңғы рет дәл осындай чемпионат Семейде 10 жыл бұрын өткізілген болатын, ал бүгінгі жарыстың нәтижесі бойынша озық шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан жастар құрамасына қосылатын болады. Біріншіліктің қорытындысы бойынша құрылған команда биылғы халықаралық жарыстарға, Азия және әлем чемпионаттарына қатысады. Кәсіби спорттың алғашқы кезеңі болып саналатын Қазақстан чемпионаты болашақ Олимпиада чемпиондарының жұлдызын жағатынына сенімдімін!», - деді Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев.