Бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажет – Бектенов
![Бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажет – Бектенов Бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажет – Бектенов](/storage/storage/element/2025/02/13/mainphoto/142406/1200xauto_cyuHUi8CNJ4dsso5pU23N4AXpNBf0Aw14IC2Wbem.jpg)
Олжас Бектенов СҚО кәсіпкерлерімен салық реформасын талқылап, өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Петропавлда өткен премьер-министр Олжас Бектеновтің бизнес қоғамдастықпен кездесуіне кәсіпкерліктің әртүрлі салаларының 60-қа жуық өкілі, соның ішінде ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ ШОБ, микробизнес және жеке кәсіпкерлік өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Олжас Бектенов басқосудың басты мақсаты салық-бюджет реформасына қатысты тәсілдерді жан-жақты талқылау, сондай-ақ қоғамда пікірталас тудырып отырған сұрақтарға жауап беру екенін айтты.
Үкімет басшысы салық жүйесіндегі кез келген өзгерістердің, ең алдымен бизнеске қатысы барын, алайда мемлекет тұрақты инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге мүдделі екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажет. Осыған дейін даму бюджетінің деңгейі төмен болды. Салық мөлшерлемелерін төмендету және көптеген жеңілдіктерді енгізу туралы бұрын қабылданған шешімдер мемлекеттік шығыстардың кірістерден айтарлықтай асып түсетін бюджеттің теңгерімсіздігіне әкелді, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бюджетті теңдестірудің сценарийлері шектеулі. Оның бір нұсқасы – Ұлттық қорды тапшылықты жабуға пайдалану, бірақ бұл тәсіл оның тез түгесілуіне алып келеді. Балама жол – әлеуметтік шығыстарды қысқарту, олар мемлекеттік бюджеттің 60%-ын құрайды. Дегенмен, Премьер-министр атап өткендей, Қазақстан әлеуметтік мемлекет және өз міндеттемелерін орындайтын болады.
Оңтайлы нұсқа – бюджеттің кіріс бөлігімен жұмыс істеу, яғни салық мөлшерлемелерін түзету және салық режимдерін қайта қарау, – деген Олжас Бектенов Үкімет осы тәсілді ұстанатынын атап өтті. Алдағы өзгерістер теңгерімді бюджетке қол жеткізіп, елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтады деп күтілуде.
Үкімет жетекшісі қаражаттың экономикаға қайта құйылатынын, бизнесті қолдауға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталатынын атап өтті. Олар мемлекеттік аппаратты кеңейтуге бағытталмайды.
Біздің міндетіміз – бизнес пен экономиканың тұрақты өсуі үшін жағдай жасау. Бюджеттің қосымша кірістері бизнестің өзі ұсынатын жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Заманауи инфрақұрылымсыз, энергия көздері, жылу және электр желілерінсіз бизнес дамымайды. Энергия көздерінің тапшылығы көбінесе жаңа жобаларды іске асыруға кедергі болады, — деді Олжас Бектенов.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин кездесуге қатысушыларға салық және бюджет реформасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Атап айтқанда, сараланған ҚҚС мөлшерлемесі: 16% - базалық, 10% - жекелеген салалар үшін және 0% - АӨК үшін, сондай-ақ бірқатар арнайы салық режимдерін реформалау және ҚҚС бойынша есепке алу шегін төмендету туралы хабардар етті.
Бизнес өкілдерімен кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Сөз сөйлеушілер жоспарланған реформаларды ескере отырып, салаларды одан әрі дамытуға қатысты тақырыптарды көтерді. Модератор «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов болды.
Мәселен, «Солтүстік құс фабрикасы» ЖШС бас директоры, СҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Сергей Домаев ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметін салықтық реттеу мәселелерін қозғады.
Өндіріс құралдарын негізгі жеткізушілер қосылған құн салығын төлеушілер болып табылады. Қосылған құн салығынан босату, егер бұл шара өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі бүкіл тізбек бойынша қолданылса және кәсіпкерлік субъектісіне емес, тауарлар номенклатуралық тобына қолданылса ғана оң әсер етеді. Бұл жерде бұл мәселені жан-жақты қарастыру маңызды, — деді Сергей Домаев.
Премьер-министр ҚР ҰЭМ-не аталған ұсынысты жан-жақты пысықтауды және ауыл шаруашылығы өнімін, сондай-ақ ӘМАТ тауарларын салықтық әкімшілендіру мәселелерін ескеруді тапсырды.
«С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ бас директоры Алмас Нұрмағамбетов өз сөзінде отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижелерін атап өтті. Осылайша, зауыт ҚТЖ-мен 5 жылға арналған келісімшарт жасасты, бұл сапаны одан әрі жақсартуға және өндіріс айналымдарын ұлғайтуға маңызды негіз болып табылады.
Алмас Нұрмағамбетов салық реформасына қатысты өнеркәсіп саласындағы отандық тауар өндірушілер үшін 10% мөлшерінде аралық мөлшерлемені белгілеу туралы ұсыныс айтты.
Премьер-министр өз сөзінде жаңа Салық кодексінің жобасында қосылған құны жоғары өнім өндіруді ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар бар екенін атап өтті. Қолдаудың негізгі құралдарының бірі өңдеу өндірістері, оның ішінде электрондық және өнеркәсіптік өнімдер үшін корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесін төмендету болып саналады.
Мемлекет негізгі бағыттарды белгілеп, басымдықтарды айқындайды: дайын өнімнің жаңа түрлерін терең өңдеумен және игерумен айналысатын кәсіпорындар салықтық жеңілдіктерге ие болады. Сонымен бірге шикізат экспортына және қайта өңдеуі төмен өнім шығаруға аса жоғары салық салынатын болады, — деп түсіндірді Олжас Бектенов.
Жалпы, Үкімет отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларымен белсенді жұмыс істеуде.
Біз мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар кезінде отандық өндірісті қорғау мәселесінде айтарлықтай ілгеріледік. Тек қазақстандық өндірушілерден сатып алынуға тиіс тауарлардың тізімі үш есеге ұлғайтылды, — деді премьер-министр.
Бұдан басқа, мемлекет қазақстандық кәсіпорындар үшін ұзақ мерзімді тапсырыстарды қамтамасыз ететін офтейк-келісімшарттар жүйесін енгізуде. «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және басқа да қорларға кіретін барлық ұлттық компаниялар отандық өндірушілерден сатып алу үлесін арттыруға міндетті.
Бұл ұлттық өндірісті дамытуға және қазақстандық кәсіпорындардың ұстанымын нығайтуға мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдаудың маңызды шарасы, — деп түйіндеді премьер-министр.
Шағын және орта бизнес өкілдері атынан «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсел Есжанова сөз сөйледі. Ол кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен әйелдер бизнесін, әсіресе ауылдық жерлерде көптеген бизнес субъектілерінің жабылу қаупі туралы мәселе көтерді.
Премьер-министр 4 пайыздық бөлшек сауда салығы мәселесін түсіндірді, ол әрі қарай қолданылады. Мысалы, үй маңындағы дүкендерге 16% ҚҚС салынбайды, олар бөлшек сауда салығын төлеуді жалғастырады; ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, бөлшек сауда салығы бойынша В2С базалық мөлшерлеме 4%-ды құрайды. Бөлшек сауда режимі өз атауына сәйкес болуы керек.
Бөлшек салық, бөлшек сауда түріне салынатын салық, кез келген дүкен үшін, міне, бұл сіз атаған мысалдар, олар бөлшек саудада сатылады. Ешкім сізді бұл жеңілдіктерден айыра алмайды. Нақты түсінік болуы керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Радуга» ЖШС директоры Дмитрий Шарапаев та салықты саралау шараларына қатысты ұсыныстарын айтты. Олардың қатарында қалдықтарды кәдеге жарату кәсіпорындарын салықтан босату, сондай-ақ қайта өңдеушілер үшін мөлшерлемені төмендету бар.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)