Бюджетке түсетін кірістер табыстылығын 1 трлн теңге арттыру мәселесі талқыланды
Премьер-министрдің бюджеттік-салықтық саясатты реформалаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес, вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҰЭМ жанындағы Сараптамалық кеңестің бірінші отырысын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кеңес отырысына қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов, ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, 20-дан астам сарапшы, оның ішінде, ірі қаржылық, инвестициялық, талдау және консалтингтік ұйымдардың, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің, «Атамекен» ҰКП басшылары қатысты.
Жиынға қатысушылар бюджет табыстылығын арттыру шараларын, атап айтқанда, жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде ұсынылған жаңа және қазірдің өзінде ұсынылған шаралар кешенін талқылады. Қатысушылардың көпшілігі кодекстің жаңа редакциясында ұсынылып отырған бірқатар қолданыстағы салық жеңілдігін алып тастау, банктер мен қаржы ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесін арттыру, мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақыларға салық салуды енгізу мерзімдерін 2030 жылдан 2026 жылға ауыстыру, ойын бизнесіне салық салуды қайта қарау жөніндегі шаралармен келісті. Аталған шаралар жиынтығында бюджетке түсетін кірістер табыстылығын 1 трлн теңгеден астамға арттыруға арналған.
Алайда бұл шаралар шығындар мен бюджет кірістері арасындағы қалыптасқан алшақтықты жабу үшін жеткіліксіз. Кеңесте атап өтілгендей, жыл сайын бюджетке түсетін салмақ артып келеді, әлеуметтік шығындар өсуде, ал экономиканың нақты секторын дамыту бюджет шығыстарының 10%-ынан азын құрап отыр. Салықтық-бюджеттік салаларда реформаларсыз жағдайды түзеу мүмкін емес.
Кездесуге қатысушылар ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздікті теңестіру әрі салық салу жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Бүгін біз ҚР Ұлттық экономика министрлігімен дайындалып жатқан жаңа Салық кодексі туралы әңгіме қозғадық. Сөз ұсынылып жатқан көптеген өзгерістер турасында болды. Сол себепті қазір қарастырылып жатқан Салық кодексі ең алдымен еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Әрине, салықтық әкімшілендіруді жақсарту, салық мөлшерлемесін көтеру немесе азайту сынды көптеген ұсыныстар бар. Осы орайда бізге халқымыздың болашағын жақсартуға үлес қосатын шешімдер қажет. Бүгінгідей кездесулердің маңыздылығы да осында жатыр, — деп атап өтті экономист Ғалымжан Айтқазин.