Бюджетке 498 млрд теңгеден астам қаражат түсті
Бұл туралы ОКҚ-да қаржы министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бойынша цифрландыру шеңберінде қаржы министрлігінде бірқатар шаралар іске асып жатыр. Бүгінде мемлекеттік сатып алулар толығымен электронды түрде өтуде.
Мемлекеттік сатып алу порталында 100 мыңнан астам өнім беруші мен 24 мың тапсырыс беруші тіркелген. Күн сайын жүйеде 15,3 млрд теңге сомасына 4,5 мың шарт жасалады. 1700 сатып алу жүргізіледі.
Жаңа бастамалардың ішінен қаржы министрлігі 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлардың техникалық ерекшеліктерін біріздендіру үшін тауарлардың электрондық каталогын іске қосты.
Басқару жүйесі енгізілгеннен бері бюджетке қосымша 498 млрд теңгеден астам қаражат түскен.
«Каталогты пайдалану мемлекеттік сатып алуларда ғана емес, бюджеттік жоспарлау, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру жүйелерінде де жоспарланады. Жоба бюджеттік және қаржылық есептілікті оңтайландыруға, сондай-ақ бухгалтерлік есеп саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік аудит саласында Министрлік электрондық мемлекеттік аудит жүйесін іске асырды. Аудит объектісіне, электрондық форматқа шыға отырып, аудит жүргізудің дәстүрлі процесін қайта құрудың негізгі артықшылықтары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, бірнеше аудит объектілерінде бір мезгілде тексерулер жүргізу, еңбек, уақыт және іссапар шығындарын қысқарту болып табылады», - деді ҚР Қаржы вице-министрі Эльдар Қазғанбаев.